Бүгінде қазақтың ұлттық санасы уланып, өз дәстүріне үрке қарап, түрік, үнді, арабтардың ұлттық дәстүрлерін бойына сіңіруде. Ата-анасының мерейтойында аяқтарына жығылып, аяғын құшақтайтын әдет пайда болды. Бұл үнді елі үшін үлкенді сыйлаудың биік адамдық қасиеті болса, қазақ үшін қорлық.
Ертеде қазақта кісі өлтіргендер, ауыр қылмыс жасағандар құныкердің аяғына жығылып, кешірім сұраған. Бұны «Аяққа жығылу» деп атаған («аяққа жығылу» деген қазақ үшін қорлық болып саналады, бірақ адам қанын төккені үшін, өлім жазасынан құтылу үшін осылай аяққа жығылуға мәжбүр болған).
«Кешірім жасап» аяққа жығылу үшін ауылдың ақсақалдарын ертіп, сәлем беріп, үлкендер нақыл сөздермен бастап: «Алдыңа келсе, атаңның құны болса да кеш» деген, алдыңызға кешірім сұрап келіп отырмыз», – деп сөз бастап, ал кінәлі адам: «Кінә менде, басымды кессеңіз де еркіңіз», – деп аяғына жығылып, ат-шапан айыбын апарып, кешірім сұраған. Сөйтіп, «Үйіңе келгенде, үйдей дауыңды айтпа», – деп алдарына келсе, кешірім жасаған.
Қазақтар «қызды алып қашып» келін қылып түсіргенде, «аяққа жығылып келіпті» деп айтады.
Қазақтың салт-дәстүрі бойынша «аяққа жығылу» деген сөз – адамның өзін кінәлі сезініп, басқаның алдында тізерлеп келіп, басын иіп, кешірім сұрауы…
Қазақ үшін иіліп сәлем салу – әдептілік, ал аяққа жығылу –қорлық.
«Сөз қалыпты Пайғамбардай асылдан, жұмақты Ана табанына жасырған» дегенді естігендей, мына жігіт анасының аяғынан жұмақтың кілтін іздеп жатқандай…
Қазақтың батырлары мен сарбаздары үлкендерге, ер- азаматтарға құрмет көрсетсе, басын иіп, оң қолын жүрегінің тұсына қойған. Ал ақ жаулықты анасына риза болғанда, кең құшағына кіріп, сүті аңқыған шешесін құшақтап, алғысын айтады. Сол кезде алпыс екі тамыры жібіген ана мейірімін төгіп, ұлының маңдайынан иіскейді емес пе?!
Қазақ ешкімнің қолынан сүйіп, маңдайын тигізбеген. Бұл –түріктердің салты. Ал қазақ жігіті қыздардың алдында тізе бүгіп, жар болуын сұраған емес. Міне, қазақтың тектілігі осында.
Қазір қазақ жігіттері жүрелей отырып, неке жүзігін қолына ұстап қалыңдығына:
– Маған тұрмысқа шық! – дейтін болыпты.
Ал тізе бүгіп, қолындағы неке жүзігін тізерлеп отырып беретін, қалыңдығының қолына салатын – европалықтар мен орыстар…
Ертеде жау шапқанда ғана жамандықты жеткізгені үшін өзін кінәлі санап, батырлар тізесін бүгіп, кеудесіне қолын апарып: «Алдияр, тақсыр! Жаман хабар әкелдім, жау шапты!» – деп суық хабар жеткізген.
«Тізе бүгіп тірі жүргенше, тік тұрып өлген артық» дейтін елдің ұрпағымыз ғой біз. Қазақ жауының алдында да ешқашан тізе бүкпеген…
Басқа елдерге күлкі болдық, ұлттық қасиет қалмады. (Орыс болғың келсе, қазақ бол деп, көршілес мұсылман елдері күлкі етуде)…
Біз ананы қасиет тұтқан халықпыз. Әлемде анаға, қызға құрметпен қарайтын ел – тек қазақ! Себебі қазақ қызын «қонақ» деп еркін өсірген. Ананың атымен аталатын рулар да бар. Ертеде қазақ әйелге қол тигізіп ұрмаған, қызды зорламаған. Ата дәстүрін сақтаған, анаңды жақсы көрсең, ауру болса – аяғын жу, жүре алмаса – арқалап тойға апар, дені сау болса – Меккеге апар деген. Бірге тұрсаң, таң атысымен амандасып, жағдайын сұра, құшақтап жақсы көретініңді айтсаң, артық болмайды. Ал анасының аяғына жығылып, әлеуметтік желіге салып, елге мынадай мазақ болудың қажеті жоқ…
Енді аяққа еңкеюді қойып, аяқ уқалайтын жағдайға ауыстық. Мешітте отырып, «ата-анаға құрмет көрсету, сыйлауды үйрету» деген желеумен аяғын уқалатады.
Қазақ «орыс ойына келгенін істейді» немесе «еріккен сарт бір жерін уқалайды» деп бекер айтпаған. Әулие бабаларымыздың айтқанының бәрі келіп жатыр.
Қазақтың салт-дәстүрі – бабаларымыздың өмір сүруінің, әдептілік пен ұрпақ тәрбиесінің негізі болған. Қазақ – хан болсын, патша болсын, ешқашан халыққа қарап, талтайып отырмаған. Қазақ көпшілік жерде денесін басқаға қасытпаған, сипатпаған. Қазақ кісіге қарап керілмеген. Қазақ немересіне аяғын сипатып отырып, ертегі айтпаған. Қазақ шалқайып жатпаған. Қазақ малдас құрып отырған.
Қоңыр салқын үйде сұлу тоқалына тек басын уқалатқан, бірақ сырттан адам кірсе, сүйікті жары орнынан басын иіп жылыстаған. Ал талтайып отыратын пенде – суық жүрісті, сумаң қылықты имансыз нағыз кәпір!
Жаратушының үйі деп өздері айтқандай, мешітте Ораза айында тақта отырып, жас балаларға аяғын сипатып, сақалы салбырап отырған имамның мына әрекеті – әдепсіздік! «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, өзінің «30 немерем бар, жас күнімнен әкемнің аяғын уқаладым, сол әдетке айналды», – деп сақалды басымен ақталуы – тіпті ұятсыздық, масқаралық. Бұл – ар-ұяттан айырылған имансыздық!
Қазақ «Иман дегеніміз – ар-ұят» дейді. Яғни, имансыздардың көбеюі дінді қадір-қасиетінен айырды. Ал облыстық оқу бөлімінің «аяғын уқалаған өз немерелері» деп қорғауы да – нағыз қылмыс. Олар заңмен жазалануы керек (еріккен сарт үйінде қай жерін уқалатса да өзі біледі).
Дін басқармасы бұл туралы не дейді?
Салт-дәстүр – қазақтың заңы, моральдық кодексі! Қазақ қуанышта шашу шашады. Осы шашудың астарында көп мән бар. Үлкен-кіші, мейлі патша болсын, еңкейіп жерден шашуды жинайды. Осындай қуанышта қазақ басын иеді.
Үй иесінің келген қонаққа шашу шашқандағы мақсаты – «қуанышыма ортақ бол, менің табалдырығымнан аттадың, шаңырағымды сыйла, басыңды иіп, шашуды алып, құрметімді қабыл ал» дегені.
Райхан МАТАЕВА