Құндылыққа негізделген білім – басты мақсатымыз

Біздің қазіргі өмір сүріп жатқан ортамызда педагогтердің біліктілігін арттыру, педагогтің өзін-өзі жан-жақты дамыту бағытында үнемі ізденуі өзекті мәселе. Заманауи технологиялар дамыған сайын, жасанды интеллект мүмкіндігі артқан сайын ұстаздардың рухани-адамгершілік және құндылық бағдарлы дамуына аса зор мән берілуде. Зуммер-ұрпақтар деген атаған қазіргі мектеп оқушыларының рухани-адамгершілік ұстанымдарының қалыптасуы алдыңғы ұрпақтарға қарағанда өзгеше. Бұл олардың тәрбиеленген ортасына, яғни технологиялардың адам тұрмысына дендеп енген тұсымен сәйкес келуімен түсіндіріледі. Құндылықтарды әлеуметтік қарым-қатынасты реттеуші басты категория деп танысақ, жастардың қоғамдық қарым-қатынасының рухани-адамгершілік қағидаттарына сай дамуы – ел болашағы үшін өте өзекті.
Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді.«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды. Біртұтас тәрбие жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер» — деп, қоғамдағы адалдықтың маңызына және тәрбиеге басымдылық береді [1].
Тәрбие бағдарламасы бойынша жақсы бастамалар еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жүргізілуде. Қиындықтар да жоқ емес, әсіресе жасөспірімдердің коммуникативтік дағдыларының әлсіздігі білім алушылардың әлеуметтік-эмоционалдық білімін дамытуды алға тартады. Әлеуметтік-эмоционалдық оқытудың басты құзыреттіліктері ретінде: өзін-өзі саналы қабылдау, өзін-өзі бақылау, әлеуметтік құзіреттілік, қарым-қатынас және шешім қабылдаудағы жауапкершілік дағдыларын білім беру барысында дамыту саналы ойлайтын жастардың қатарын арттырады [2].
Абай, Шәкәрім басқа да ұлы ұстаздардың ұрпақтарына мұра еткен еңбектерінде айтар негізгі ойы да ұрпақтың саналы қоғам мүшесі ретінде өзінің әрекетіне жауапкершілікті ала отырып, отбасына, еліне, мемлекетіне адал қызмет ету жоғары миссиясын алға тартады.
Қазіргі білім беру мәселелерін шешуде қазақ халқының рухани ұстаздарының ұрпаққа қалдырған өсиеттері мен заманауи құралдардың арасында терең байланыстың бар екенін байқаймыз.
Өмірлік сұрақтарды ақылдың күшіне салып, терең талдауда коучинг құралдары көмекке келеді.
Адами қарым-қатынаста, коммуникацияда адамның ішкі әлеуетін ашу, өзін-өзі тану, вербалды және бейвербалды құралдардың астарына үңіле отырып, коммуникацияны тиімді құра білу ұстаздық қызметте өте маңызды.
Осы орайда, Абай атамыздың мына өлеңі еске түседі:
«Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.

Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі»
Жүрек ілімін, яғни жан дүниенің тазалығына бағытталған, құндылықтарға толы білімге жастарды сусындатар – ұстаздар. Сондықтан ақиқаттан туындайтын рухани-адамгершілік құндылықтарға жас жеткіншектерді бағыттауда ұстаздардың өз құндылықтарын айқындауы, ішкі жан құбылыстарындағы шектейтін сенімдермен жұмыс жасауы қажет.
Адам табиғаты саналы және бейсаналы әрекеттер арқылы тұлғалық дамуға бағытталады. Адамның ішкі құндылығын қалыптастыратын оның әлеуметтік ортасы, отбасы, білім беру ұйымдары, қоғамы, қазіргі өмір сүріп жатқан заманы. Технология дамыған заманда адамның өзіндік көзқарасы, сезім әлемі, айнала болып жатқан әлемде жаындағы адамдарға эмпатия көрсете алу қабілеті құнды болуда. Адам тұлғасының шынайылығы, жан-жағына шуақ шаша білетін ішкі қуатының мейірімді, өзі өмір сүріп жатқан әлемге қамқорлық таныта алатындай биік миссияны өз бойынан таба білу қазіргі әлем үшін өте қажет.
Адам жаратылысы кемелдікке ұмтылады, сол ұмтылыста оны шектейтін сенімдер де әлеуметтік ортасы арқылы бойға сіңіріледі. Тұлға болып қалыптасуына әсер ететін шектейтін сенімдер және дамуда оны қолдайтын құндылықтар. Өзінің кім екенін жастайынан анықтай алған тұлғаның миссиясы жоғары рухани қажеттіліктерден туындайды. Өзіне мақсат қойып, дамуға бағыт алған адамға коучинг көмекке келеді.
Батыста жаңа бағыт ретінде қоғамның барлық саласында белсенді дамыған коучинг біздің елде басқаша қабылдануда. Әрине, бұл бағытта жаңа зерттеулер, сонымен қатар тәжірибенің қажеттілігі белгілі. Тренер, жаттықтырушы деп аударылатын «коуч» сөзінің шығу төркіні қазақтың көш сөзімен байланысты.
1830 жылы Оксфорд университетінің сөздігінде коуч сөзі студенттік сленг ретінде « адамдарды бір жерден екінші жерге апарып тастау» яғни «арба» метафорасы негізінде туындағаны туралы жазылған. Бұл сөз мадияр (венгр) тілінен ағылшын тіліне өткен.
Коучинг –сұрақтар арқылы адамның ішкі әлеуетіне қозғау салып, адамның өзінің мықты қасиет, қабілеттеріне сүйене отырып, алға қойған мақсаттарына жетуге көмектесетін үдеріс. Коучинг құралдары адамның миының құрылымды-жүйелі ойлай білу қабілетіне қарай өмірлік тәжірибеден туындаған әдістер жиынтығын құрайды.
Сондай құралдардың бірі – нейро-логикалық деңгейлер немесе Дильтс Пирамидасы. Бұл құрал бизнесте, өзін-өзі дамытуда тиімді қолданылатын үлгі ретінде танымал. Авторы – Роберт Дилтс, нейролингвистикалық бағдарламалау бағытынының негізін салушы, тренер.
Қоршаған әлем туралы ойларымыз санада белгілі бір құрылымдарға бағынып, сақталады. Адамның әлемді танудағы өзіндік ерекшелігі, көзқарасы арқылы адами қарым-қатынас құрылады. Адам күніне 70 мың. түрлі ой ойлайды. Ақылмен сараланған ойлары арқылы өз өмірін, өмірдегі өз орнын, басқалармен ара қатынасын, әлеммен ара қатынасын реттейді. Ақыл күші арқылы ойды реттеу, құрылымдау, оның сөзін, әрекетін дұрыс арнаға бұрады. Өзінің жан дүниесіндегі құбылыстарды жете түсінуге жол ашады. Америкалық ғалым Роберт Дилтстің нейрологикалық деңгейлер атты құрылымы бізге ойымызды реттеуге, мақсаттарды айқындауға көмекке келеді. Біздің ішкі жан дүниеміздегі құбылыстардың сыртқы әлеммен байланысын түсінуге көмектеседі.
Роберт Дилтс Пирамидасы — әмбебап құрал. Нейрологикалық деңгейлер 6 бөлімнен тұрады. Бөлімдердің деңгейлері бір-бірімен байланысты, ойды тереңдетуге көмектеседі. Әр деңгей адамның өзі және қоршаған ортадағы өзінің рөліне назар аудартады. Ойды құрылымды жеткізуге құрал бола алады. Сонымен қатар, коммуникацияда мақсатқа қол жеткізуде, өзін-өзі дамытуда бұл деңгейлер бойынша адам танымы дамиды, өрісі кеңейеді
Қоршаған орта, яғни Кім? Не? Қайда? деген сұраққа жауап береді. Менің айналамда кім бар? Менің айналамда не бар? Мен қайдамын? Барлық материалдық дүние және адамдар, отбасыңыз, ортаңыз, мемлекетіңіз, қалаңыз.
Осы деңгейге келесі деңгей әсер етеді.
Әрекет деңгейі. Не істеп жүрсіз? Қандай әрекеттерді жасайсыз?
Қабілет, дағдылар. Бұл әрекетті жасауда қандай қабілеттеріңізді қолданып жүрсіз? Қандай дағдыларыңыз, қабілеттеріңіз көмекке келеді?Өзіңіздің мықты тұстарыңызды еске түсіріңіз.
Төртінші деңгей екіге бөлінеді.
1-жағы бізді шектейтін наным-сенімдеріміз, екінші жағында құндылықтар. Шектеулі сенімдер бұлар біздің санамыздағы әрекетімізді шектейтін ойлар. Шектеулі сенімдер сана түкпірінде жеке қағида, ұстанымдар ретінде сақталады. Адам саналы даму жолында қандай ойлар оны шектейді, қандай ойлар шабыттандырады, алға жылжытады деп ойлану арқылы өз көзқарасын өзгертеді. Құндылықтар адамды мақсатты әрекетке бастайтын, шабыттандыратын сенімдері. Оны не үшін жасайсыз? Бұл әрекетті жасау неге сіз үшін маңызды?
Шектеулі сенімдер – белгілі бір тәжірибе барысында мида қалыптасқан, адамның қуатын, әрекетін жасауға, дамытуға кедергі жасайтын ұстанымдар.
Қандай да бір мақсатыңызға жетудегі әрекетіңіздегі ой кедергілері. Мысалы, мақсатқа жетуде аяғына дейін шыдамай, тастап кеттіңіз. Табандылығыңыз, шыдамдылық қабілетіңіз жетпей тұр.
Мен – кішкентай адаммын. Егер мен кішкентай адам болсам, үлкен істерді жасай алмаймын. Өзіме деген сенімділігім аз, жауапкершілік алуға қорқамын. Мен үлкен істерден қашқақтаймын, өйткені үлкен істерді жасаудан қорқамын. Астарында не жатыр, қорқыныш. Осы ойларды, қолдайтын құндылықты анықтаумен өзгертуге болады. Яғни, осы мақсат мен үшін неге маңызды? Не үшін осы мақсатқа жетуді қолға аламын?Мені не құлшындырады?
Бұл мені тежейтін ойлар, ол терең түпкі санадағы қалыптасқан ұстанымдарды біз өзгерте аламыз.
Тұлға деңгейі, Идентификация, тұлғалық өзінің рөлін анықтауы. Сіз кімсіз? Сіз тұлға ретінде кімсіз? Өзіңізді кім ретінде елестетесіз? Сізді басқалардан ерекшелейтін рөліңіз? Қандай әкесіз? Қандай анасыз? Қандай ұстазсыз? Образыңызды елестетіңіз.
Мысалы, ұстаз ретінде образымды өз құндылықтарыма сай қалыптастырамын. Егер ұстаз ретінде биік образды өзімізге үлгі деп алсақ, біз миссияға шығамыз.
Миссия. Менің ұстаздық миссиям қандай? Менің ұстаз ретінде өмірлік мәнді қайдан таба аламын?
Ұстаздардың жеке дамуында құрал ретінде Дилтс Пирамидасын курстарда тәжірибеде қолданамын. Адамның өзіне сұрақтар қою арқылы, өзін-өзі жете тани алады, өзінің даму жолын айқындайды, сондықтан да жеке тұлғаға бағытталған педагогикалық әрекеттерде сұрақтарды дұрыс қоя білу –өнер.
Пирамида бойынша сұрақ қойғанда, тәжірибеге қатысушының бейвербалды ым-ишарасына назар аудара отырып, шектейтін сенімдерді анықтап алу маңызды. Адамның алға қарай дамуын тежейтін санадағы кедергі келтіретін шектейтін сенімдерді өзгерту педагог шеберлігін дамытады. Шәкірттің құндылық бағдарлы дамуына сұрақтардың қоршаған орта, яғни физикалық әлемдегі адамның өз ортасындағы рөлінен бастап өрістейтін сұрақттар құндылық деңгейіне жеткен уақытта трансформациялайтын күшке ие болады. Мақсатқа бағытталған әрбір тұлғаның өзін кім ретінде тани алатынын, яғни Абай атамыздың «Әсемпаз болма, әрнеге, Өнерпаз болсаң арқалан.Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» деген жолдарға арқау еткен даналығын практикада коучинг құралдары арқылы нейрологикалық деңгейлерді пайдалана отырып, дамыта аламыз. .
Қорытындылар болсақ, рухани-адамгершілік даму, құндылықтарға бағдарлау, ең алдымен, адамның ішкі күйінің құбылыстарына әсер етумен, оны бағыттай білумен тікелей байланысты. Зайсанбаева Гульнар Ниғметқызы

Республиканский еженедельник онлайн