Среда , 2 апреля 2025

БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫН РЕФОРМАЛАУ ҚАЖЕТ

Жасыратыны жоқ, бұл ұйымның соңғы жылдары ешқандай мәселе шешпейтінін, нақты әрекет, іс-қимылға бара алмайтынын, тек құрғақ мәлімдемелер таратумен ғана шектеліп отырғанын көріп отырмыз. Осы ұйымның «бас органы» болып саналатын Қауіпсіздік кеңесіне мүше жетекші 5 мемлекеттің арасында адам құқықтарын аяққа таптаушы, мемлекеттік жүйесі қуғын-сүргінге құрылған (геноцид) агрессор елдер – Ресей мен Қытайдың болуы оны реформалау қажеттігін анық көрсетіп отыр.

Бұл тұрғыда АҚШ-тағы қазақ диссиденті, белгілі құқықтанушы, саясаткер Серікжан Біләштің ойы дұрыс. Ол айтқандай, «БҰҰ жетекші органының құрамы неге бесеу болуы керек? Неге 7 емес, неге 10 емес, неге 15 емес?». Серікжанның пікірін толық қолдаймын.

Қазіргі уақытта екі ел – Ресей мен Қытай әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сырт түгілі, өз ішінде сақтай алмай отыр. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ұйғарымымен Ресей «Будапешт келісімін» сақтамайтын, басқыншылық соғысын жүргізіп отырған «АГРЕССОР» ел атанса, Қытай адам құқықтарын қорғамайтын, аз ұлттарға геноцид жүргізіп, елін «ХАЛЫҚТАР ТҮРМЕСІНЕ» айналдырған мемлекет деп танылуы керек. Өйткені бұл екі мемлекет те – адам құқықтарын аяққа таптайтын, басқару жүйесі қуғын-сүргінге құрылған диктаторлық мемлекеттер. Ал мемлекеттік ел басқару жүйесі диктатураға құрылған елдердің БҰҰ-да отыруға құқы бар ма? Әрине, жоқ!

Бұл қазіргі украин-орыс соғысынан да айқын көрінеді. Бүкіл әлем  соғыс мәселесі тек екі мемлекет – АҚШ пен Ресей арасында ғана өзара ымыраласу деңгейінде жүріп жатқанын көріп отыр. Күнде мың құбылып жүрген бұрынғы КГБ-шылар Трамп пен Путиннің арасындағы тым күмәнді саясат ұзаққа созылып барады. Бұған Еуроодақ елдері және БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттер неге қатыстырылмайды? – деген заңды сұрақ туындайды. Мәселені шешу неге екі жақты – тек Ресей мен АҚШ арасында жүруі керек? Неге көп жақты емес? Қазіргі уақытта БҰҰ-ның құрамына 193 мемлекет кіреді. БҰҰ әу бастан әлемдегі ірі, халықаралық деңгейде құрылған және ең қуатты мемлекетаралық ұйым емес пе еді? Ғаламдық соғысқа ұласқалы тұрған дауды шешуде неге АҚШ пен Ресейге ғана абсолютті басымдық берілуі керек?!

Айтарым – бұл ұйым соңғы жылдары шын мәнінде әскери-саяси жанжалдардың алдын алу, әлемнің бейбіт және қауіпсіз қалпын сақтаудың орнына, керісінше, өзі УШЫҚТЫРУШЫ ұйымға айналды. Бұдан былайғы жерде БҰҰ-да отырған әсіресе Ресей мен Қытайға әлем халықтарының тыныштығы мен тағдырын сеніп тапсыруға болмайды. Украин соғысына ашық араласпай, бір саусағын бүгіп, артын бағып, диктатор ел Қытай отыр. Үнсіздік – ол жанамалап болса да Ресеймен мүдделестік деген сөз.

Қордаланған, қалыптасқан бүгінгі соғыс жағдайындағы күрделі халықаралық ахуал БҰҰ-мын реформалау қажеттігін күн тәртібіне қойып отыр. Оған шын мәнінде демократиялық-саяси реформа қажет! Оның бас органы саналатын Қауіпсіздік кеңесінің құрамына бесеу емес, одан да көп мүше елдер тартылуы қажет деп санаймын. Біздіңше, әлемдік сарапшылар мен ұйымға мүше мемлекеттердің өкілетті билігі – парламенттері бұл мәселені күн тәртібіне шығаратын уақыт келді. Өз болашағына бейжай қарамайтын біздің еліміздегі барлық  қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар да осы сұрақтарға байланысты өзіндік нұсқаларын әзірлейді деп үміттенеміз. Бұл – уақыт талабы. Бұдан Қазақстан да тыс қалмауы тиіс!

 Нұрлыбай ҚОШАМАНҰЛЫ, әлеуметтанушы

Республиканский еженедельник онлайн