АДАСҚАНДАР немесе Желтоқсанға қатысты ЕКІЖҮЗДІЛІК

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 45 (269) от 11 декабря 2014 г.

 

Билік бұны біле ме?

 

АДАСҚАНДАР

немесе Желтоқсанға қатысты

ЕКІЖҮЗДІЛІК

 

Қазақтың тарихындағы ақтаңдақтар жетіп-артылады. Бірақ біздің бүгінгі қоғамға ең таяу тұрған ақтаңдақ – Желтоқсан көтерілісі. Мәмбет Қойгелді ағамыз бастаған бір топ ғалымдар адам қаны төгілгендіктен, 1986 жылғы Желтоқсанның көтеріліс екенін ғылыми түрде дәлелдеген болатын. Бірақ мұның көтеріліс екенін билік әлі мойындамай отыр. Көтерілістің кейбір тұстары әлі де ақтаңдақ болып тұрғаны да сондықтан…

 

Себебі сол кезде Алматыдағы алаң ғана емес, ірі қала орталықтарында, аймақтарда орын алған көтерілістерде қанша адамның қаза болғаны, қаншасы қамалып, жарақаттанғаны қанша болғаны – бүгінгі күнге дейін үлкен жұмбақ. Сондықтан Желтоқсанға қатысты көрсеткіштер қазірге дейін әр кезде әртүрлі айтылады.

Бүгінде сол алаңға не үшін барғанын жете түсіне алмағандар болуы да әбден мүмкін. Бірақ одан да өкініштісі – елге тәуелсіздік әкелуде үлесі бола тұра, өзінің кім екенін дәлелдей алмай, адасып жүргендер де аз емес. Дұрысы, оларды адастыратындар бар…

Бүгінде ең өкініштісі – сол 1986 жылы қазақ жастарына жасалған қудалау мен қуғын-сүргіннің қазірге дейін жалғасып отырғаны. Мәселен, әлі тіркелмеген «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жақсылық Тұсайұлының айтуы бойынша, сол тұста қамауға алынды деген 8 мыңдай адамның арасынан ақталғандар 2%-ға жетпейтін көрінеді…

Ақталу демекші, олар жаппай репрессияға ұшырағандар ретінде, ақталуға тиіс болып тұр. Бірақ алаңға нан үшін, атақ-мансап үшін емес, шын мәнінде қазақ үшін барған болса, ол адам бүгінде ел алдында не үшін ақталуы тиіс? Бізге тәуелсіздікті жақындатқаны үшін бе? Бұл да бүгін күрмеуі әлі шешілмеген мәселе…

Сонда 2 пайыздан өзгелері – ұлты мен тілі, қазағының қамы үшін «бізге қазақ басшы керек» деп қасқайып алаңға шыққанда, бүгінгі тәуелсіздігімізде басын тік ұстап, кеуделерін көтеріп, арамызда жүрмей, олар қайда жүр?! Біз неге оларды білмейміз? Бүкіл республика бойынша жүздеген мың адам лықсып, алаңға шыққанда, бүгінгі желтоқсандықтардың қатары неге аз? Неге ширек ғасырдан астам уақыттан бері олардың есімдерін тегіс атап, түгендеп-түстей алмай отырмыз?! Әлде біз жастарымызды қырғын еткен Ресейдің империяшыл пиғылын әлі күнге дейін мойындап келеміз бе?!

Бүгінгі билік осы Желтоқсан көтерілісінің нәтижесінде таққа отырғаны ешкімге құпия емес. Бірақ соған қарамастан, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдері мойындаған, баға берген Желтоқсан көтерілісін «көтеріліс» деп айтуға биліктің ауызы бармай, оны әлі күнге «оқиға» деп келеді. Кейде: «Егер Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға «көтерілісші» немесе Балтық жағалауы елдеріндегі сияқты «күрескер» деген статус дер кезінде беріліп кеткенде, бүгінгі қоғам қазіргіден мүлде өзгеше болар ма еді, қайтер еді?!» деген арманның көкейде туындайтыны да рас.

Бірақ билік желтоқсандықтарды ресми түрде жылына бір-ақ рет еске алуды дәстүрге айналдырса да, қоғам, халық өзінің ұл-қыздарын ұмытқан емес. Желтоқсан идеологиясын билік ресми түрде жасауды қолға алмаса да, ол – халықтың қолдауымен өлмей қалған, исі қазақ әр адамның жүрегінде жылдар бойы жатталып келе жатқан идеология. Нәтижесінде бүгінгі күні Желтоқсанды білетін, алды отыздан асқан тұтас бір буын өсіп, қалыптасқанын жоққа шығара алмайсыз.

Бірақ сол ұрпақтың алдында бүгінгі биліктің жылына бір рет екіжүзділік танытатыны да өтірік емес. Айталық, әкесі не шешесі сол Желтоқсан көтерілісі кезінде алған жарақаттан әлі күнге зардап шегіп келе жатса да, ол әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қорғалмаған болып жатады. Ал сондай отбасында тәрбиеленген бала біздің жылына бір рет, үш күн қатарынан: «Тәуелсіздік бізге алаңға шыққан жастардың қанымен келді» деп жар салатынымызды да естіп өсіп келеді. Мәселенің ең ауыр тұсы да осы болса керек…

Мысалы, әлгі қамауға алынды деген мыңдаған адамдар әлі күнге дейін Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар қатарын неге ресми түрде толықтыра алмай отыр? Неге Желтоқсанға қатысты бір емес, жеті бірдей ұйым бар? Олар осы уақытқа дейін бұл мәселеге көңіл аудармай, қайда қарап отыр? Егер біз шын мәнінде құқықтық мемлекет құруды мақсат еткен болсақ, оның іргетасы дәл осы желтоқсандықтардың құқын қорғаудан басталса керек еді ғой?!

Дүниені дүр сілкіндірген осы бір тарихи кезеңнің жастары бүгінде алды алпыстан асып, соңы қырықтың қырқасына шыққан. Бірақ «Кезінде тұтас бір саяси жүйенің өзгеруі үшін шешуші рөл атқарған, соған ықпал еткен желтоқсандықтардың бүгінгі қоғамда алатын орны мен рөлі қандай? Қоғам оларды кез келген жерде құрметтейтіндей танымал адамдар ма?» деген сұрақтарға келсек, бұған толыққанды жауап табу қиын. Себебі олар әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қорғалмай, ескерілмей отыр.

Рас, кітаптар жазылып, жылына бір рет болса да, әкімдіктер мен журналистер олардың бар екенін еске алып, қоғамға жар салады. Сөйтіп, тағы бір жыл айналып келгенше Желтоқсан көтерілісі мен көтерілісшілері туралы тіпті ақпарат айдынында да тыныштық орнайды. Бірақ желтоқсандықтар үшін бұл аралықтағы тыныштық тағы да өз жарасын өзі қасып, өз қиындығымен өзі күрескен тірлікке толы екенін айтқанымыз жөн.

Бүгінгі күні Желтоқсан көтерілісіне қатысты жеті ұйым бар дедік. Солардың арасынан әлі тіркелмеген «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігі бірінші болып, желтоқсандықтардың құқын қорғау мәселесін мақсат етіп қойған болатын. О баста қойылған осы мақсаттан ауытқып кетпеу үшін, бұл ұйым алдымен өзін-өзі қорғап қалуға мәжбүр болып тұрғаны да көпшілікке аян. Бірақ ұйымның өз ішінде орын алған талас-тартысқа қарамастан, осы ұйым көтерген бастама бойынша, өздерінің желтоқсандық екенін сот арқылы дәлелдеп, ақталғандар саны қазір отыздан асып, күннен-күнге өсіп отыр. Тек «Желтоқсан ақиқаты» ғана емес, өзге ұйым мүшелері де бұл мәселені күн тәртібіне қоя бастағаны байқалады. Түсінікті тілмен айтсақ, олар өздерінің желтоқсандық екенін қоғам алдында дәлелдеуді қолға ала бастады.

Десек те, бүгінде желтоқсандықтар «сұраншақ», «тіленші» деген әлеуметтік топты құрайтыны да рас. Бірақ оның түпкі себебіне үңіліп, бұл мәселенің бетін ашып жатқан тағы ешкім жоқ. Енді аз уақытта осы көтерілістің орын алғанына 30 жыл толады. Осы 30 жыл уақыт ішінде желтоқсандықтардың әлеуметтік-құқықтық қиындықтары, саяси жағдайы мемлекеттік деңгейде шешілген емес. Құқықтық мәселе дегенде, олардың жан-жарасын қозғайтын жағдай – ақталу мәселесі.

Біз сонау 90-жылдары «Жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы» заң қабылдадық. Сөйтіп, сталиндік репрессия құрбандарының үрім-бұтағын түгендеп, бір мәрте болса да қомақты жәрдемақы бөлгіздік. Оларға тіпті куәлік беру тәртібін бекітіп, арыз жазудың үлгісі де жасалды. Біз мұның бәрін тізіп айтқанда, сталиндік репрессия құрбандарына қатысты осындай әділдіктің орын алғанын айтқымыз келеді.

Бірақ осындай әділдікті Желтоқсан көтерілісінің құрбандары көріп отыр ма? Біздің қолымыздағы кейбір құжаттар бойынша, олар да репрессияға ұшырағандар ретінде осы «Жаппай қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы» заң бойынша ақтала бастаған. Бұл, әине, қуанарлық та, құптарлық іс. Болмаса жылдар бойы журналистер дабыл қағып, жазушыларымыз кітап шығарып, ғалымдарымыздың алды Желтоқсанға қатысты ғылыми еңбек жазып үлгерсе де, көтеріліске қатысы болғандардың дені үнсіз, қимылсыз, әрекетсіз отырған болатын! Оның себептерін талдау – өте ұзақ әңгіме…

Енді нақты ақталғандар жайына оралар болсақ, олардың қатарының көбеюі шын мәнінде әділдік болар еді. Болмаса, Алматы алаңы ғана емес, аймақтардағы көтерілістерге қатысқандарды қосқанда, бұл көтеріліске қатысы бар адамдардың санын жүз мыңдап санауға болады. Ал алаңға бармаса да, жастарды мүмкіндігінше қорғап қалғысы келген немесе қолдау танытқан зиялы қауым өкілдерінің (партиядан шығарылып, жұмыстан қуылған ЖОО басшылары, қызметкерлер, ғылыми еңбектерін қорғай алмай, қудаланып кеткен ғалымдар, т.с.с) кімдер екенін де біз әлі түгендей алмай келеміз. Сонда жүз мыңдаған адам көтерілген көтерілістен жүзшақты адамды ғана бөліп алып, тек соларды ғана «желтоқсандықтар» деу еш әділдікке жатпасы анық. Қалай болғанда да, тарихи шындықты ұзақ уақыт бұрмалай алмаймыз…

Жоғарыда айтқанымыздай, қолда бар заң бойынша, желтоқсандықтар өздері ақталу ісіне кіріскенімен, 30-дан астам адамның әрқайсысы оп-оңай ақтала салды деуге тағы да болмайды. Ең алғашқылардың бірі болып, өзінің желтоқсандық екенін дәлелдеу мақсатында ақталу қағазына қол жеткізбек болғандардың бірі – Бейсембай Құспеков. Оның айтуы бойынша, бұл іске ең басты кедергі болатын нәрсе – мұрағаттан өзіңе қатысты құжатты сұратып алу. Құжатын қудалаған екінші адамның айтуы бойынша, өзіңе қатысты құжатты табу қиын емес. Себебі сол кездегі комсомол, партия ұйымдары құзырлы орынға жатпаған, олар тек саяси ұйым болғандықтан, қолда бар құжаттарды мұрағатқа өткізуге міндетті болған.

Бұл ретте президенттік мұрағаттан өзіне қатысты құжатты сұратып алған Жұлдызай Бейсембаеваны мысалға келтіруге болады. Сол 1986 жылы жоғарғы қызметте бола жүріп, қазақ жастарын қолдау үшін алаңға саналы түрде барған апайдың одан кейін көрген қудалауы мен азабы бір кітапқа жүк боларлық тақырып. Ал желтоқсандықтардың құрметіне Алатау ауданы ұйымдастырған бір кездесуде, өзін партиядан шығаруға қол көтерген қызметтесі, бүгінде аудандық ақсақалдар кеңесін басқарып отырған адамды бетпе-бет кездестіргендегі апайдың мызғымас беріктік танытқанына қайран қалғанымыз бар. «Ең бастысы – оның сол кездегі өз әрекетін бүгін ашық мойындағаны да жеткілікті», – дейді апай. Ақталуға әрекет етіп, қол жеткізгендердің дені судьялар тарапынан Желтоқсанға қатысты сауатсыздық танытатындарын айтады. Ал прокуратура кей кездері тіпті кедергі болуға тырысып баққан…

Сөйтіп, өздерінің Желтоқсан көтерілісіне қатысы бар екенін дәлелдегісі келген 30 адамның ақталу жолы 30 түрлі болып шыққан… Мәселен, Қалелхан Әділхановтың алаңда «Менің Қазақстаным» әнін айтып, жастардың алғы шебінде жүргенін білмейтін адам жоқ. Атақты «Аллажар» фильміндегі деректі бейнелерде де оны тануға болады. Бірақ соған қарамастан, ол әлі ақталған жоқ! Себебі ол – қамалмаған, сотталмаған… Өкінішке орай, қазір қолда бар Жарғы мен заң бойынша, ол не қамалуы, не сотталуы тиіс көрінеді. Демек, бұл бапқа (Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заңының 2-бабы) кірмейтіндер, қанша жерден жер тепкілесе де, алаңда алған жарақаттың зардабын әлі күнге дейін көріп келе жатса да, желтоқсандық бола алмайды.

Өзіміз білетін желтоқсандықтардың арасында биліктен үй де сұрамай, жәрдем де сұрамай келе жатқан бір адам – итжеккенге айдалған Әркен Уақтың жесірі Тоқтар Рахметова, ғылыми еңбегін арада 25 жылда өткенде қорғап, қайыспай келе жатқан, бірақ желтоқсандықтар тізіміне енбеген Мағжан Исаев ағамыз… Оларға қарап, билікке қол жаймай-ақ, намысыңды ту етіп өмір сүруге болатынын да түсінгендей боласың…

Бір сөзбен айтқанда, өмір болған соң, желтоқсандықпыз дегендердің деңгейлері де ала-құла. Бірі – тұрмыстық деңгейден аса алмай қалса, енді бірі Желтоқсанның қадір-қасиетін әлі күнге жанына жалау етіп келеді. Мұның бәрін бір ізге түсіретін, тартқан азабының деңгейіне қарай мәртебе беретін заң жасаудың уақыты әлдеқашан жеткен.

Яғни, сонау сталиндік дәуірдегі саяси құрылым кезінде репрессияға ұшырағандар мен Желтоқсан көтерілісі кезінде репрессияға ұшырағандар арасында өзара ұқсастық қана емес, айырмашылық та бар: сталиндік репрессия құрбандарын дәл сол кезеңде қорғап қалу мүмкін болмады. Ал 1986 жылғы көтерілістің көтерген жүгі де, тарихта алатын орны да өзгеше, ол – тұтас бір жүйені өзгертуге түрткі болды. Сөйткен адамдарды құқықтық қорғау қолымызда тұрған нәрсе еді ғой?!

Бұл жерде шығатын қорытынды – тағдырлары ұқсас болса да, Желтоқсан көтерілісі кезінде репрессияға ұшырағандарға қатысты өз алдына заң қажет екендігі. Себебі өзге саяси құрылымға қатысты шығарылған заңның екінші бір саяси құрылымға сәйкес келе бермеуі – заңдылық болса керек. Мәселен, сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы заң бойынша, қаза болғандардың мұрагерлеріне бір реткі төлемақы беріледі. Ал Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар осы заң бойынша ақтала тұра, көмекке қол жеткізе алмайды. Моральдық шығынын талап ету үшін, ол тағы құжат жинап, адвокат жалдап, сотқа шағымдануы керек. Ал қамалмаса да, алаңда алған соққыдан өмірге ұрпақ әкеле алмай қалған қыздарымыздың моральдық шығынын қандай заңдық негізде талап етуге болады?! Сұрақ көп…

Айталық, ақталып, желтоқсандық аталған күнде ол адамның мемлекет тарапынан көмек көріп, қағанағы қарық болып жатқаны да шамалы – оған айына бір рет берілетін жәрдемақының көлемі – 1 800 теңге! Салыстыру үшін айтар болсақ, Ауған соғысы ардагерлерінің ай сайын алатын жәрдемақысы 14 мың теңгенің айналасында! Сталиндік репрессияға ұшырағандарға ресми түрде арнайы куәлік берілген болса, желтоқсандықтарға бұл да жоқ. Соның салдарынан «желтоқсандықпыз» деген ұйымдар куәлікті өздері жасап, тіпті марапаттық төсбелгіні де өздері жасап алуға мәжбүр! Тіпті кей ұйым басшысы: «Куәлігіңе мөр бастым, сен енді ақталғансың, желтоқсандық», – дейтін болған. Бұл аз десеңіз, өзге біреудің құжатын пайдаланып, желтоқсандық аталып жүргендер де жоқ емес.

Ал Желтоқсанға қатысты оқудан қуылған бір азамат құжат жинау барысында өзінің училищені «бітіріп, диплом алып кеткенін» арада неше жыл өткенде бір-ақ біліп, жағасын ұстап отыр. Мұның бәрі желтоқсандықтарға қатысты әлеуметтік-құқықтық, саяси статус мәселесі шешілмегендіктен орын алуда. Елде билік тарапынан жасалып отырған желтоқсандық идеологияның бар қарама-қайшылығы – бір жағынан, Желтоқсан көтерілісін жоққа да шығармай, екінші жағынан, оларға тиесілі саяси статусқа қолдарын жеткізбей, әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қорғаусыз қалдырып отырғандығында…

Дайындаған –

Гүлмира ТОЙБОЛДИНА,

«D»

 

 

Республиканский еженедельник онлайн