Четверг , 3 июля 2025

ТОЛЫП ТАСЫҒАН ТУРЛОВ ҚАЗАҚ БИЗНЕСІНЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ

2022 жылы Қаза­қстан аза­мат­ты­ғын алған жас оли­гар­хқа бұл не үшін қажет екені түсініксіз­деу. Актив­терінің саны­нан жаңы­ла­тын Тур­лов мұн­ша­ма биз­не­сті қайт­пек? Сон­дай-ақ елі­міздің жаңа аза­ма­ты кәсіп­кер­лік қыз­мет­тің шыңы­на қалай шыққа­ны да жұм­бақ, себебі мұн­дай дәре­же­ге Forbes тізі­мін­де­гі өзге қаза­қстан­ды­қтар­дың көбі жете қой­ған жоқ. Осы сұрақтарға Ulysmedia.kz тіл­шісі жау­ап іздеп көрді.

ӨЗІ БОЛҒАН ЖІГІТТІҢ ЖЕТІ АТАСЫН СҰРАМАС

Егер Тимур Рус­ланұ­лы мұхит­тың арғы бетін­де өмір сүр­се, жер­гілік­ті БАҚ оның өмір­ба­я­нын «аме­ри­ка­лық арман­ның» жарқын үлгісі ретін­де жары­са жазар еді.

Бола­шақ оли­гарх 1987 жылы Мәс­ке­уде дүни­е­ге кел­ген, бай-бағлан­ның емес, қара­пай­ым отба­сын­да өскен. Өз естелік­теріне сен­сек, ана­сы еке­уі Мәс­кеу түбін­де­гі Лоб­ня қала­сын­да тұрған, ал өзі жасөс­пірім кезін­де бай болу­ды арман­даған. Алға­шқы инве­сти­ци­я­сын Мәс­ке­удің бан­ка­ра­лық валю­та бир­жа­сы­на салған, бірақ Тур­ло­втың бір сұх­ба­тын­да айтқа­ны­на қараған­да, бұл инве­сти­ци­я­лар сәт­сіз болған.

Кей­ін­гі инве­сти­ци­я­ларға қара­жат­ты қай­дан тапқа­ны жөнін­де кәсіп­кер тіс жар­май­ды. Алай­да «Вики­пе­ди­яда»: «Жоға­ры сынып оқу­шы­сы кезін­де әртүр­лі табыстылық/тәуекел про­фи­лі бар баға­лы қағаз­дар порт­фелін жасап, инве­сти­ци­я­лық стра­те­ги­я­лар әзір­ле­ген» деп жазы­лған. Демек, жас инве­стор­дың баста­пқы капи­та­лы болған.

Тур­ло­втың қар­жы сала­сын­да күрт көтерілуі де құпи­яға толы. Ресми өмір­ба­я­ны бой­ын­ша, ол 2003 жылы аме­ри­ка­лық World Capital Investments инве­сти­ци­я­лық ком­па­ни­я­сы­ның Мәс­ке­уде­гі фили­а­лын­да трей­дер қыз­метіне орна­ласқан. Кей­ін ол аме­ри­ка­лық қор нары­ғын­да опе­ра­ци­я­лар жүр­гі­зетін «Юни­аструм» бан­кінің еншілес ком­па­ни­я­сы – «Ютрейд.ру»-да жұмыс істе­ген. Forbes тізі­міне енген бола­шақ кәсіп­кер­ді кәме­лет­ке тол­маған шағын­да қалай тұрақты жұмысқа алға­ны және қан­дай шар­ттар­мен қабыл­даға­ны бей­мәлім. Бірақ 2003 жылы бұл жас дарын небәрі 16 жаста болған.

Сол «Вики­пе­ди­яда» тағы мына­дай дерек бар: 2008 жылы 21 жасын­да Тимур Тур­лов «Фри­дом Финанс» инве­сти­ци­я­лық ком­па­ни­я­сын құрған. Ал 2009 жылы (22 жасын­да) Циол­ков­ский атын­дағы Ресей мем­ле­кет­тік тех­но­ло­ги­я­лық уни­вер­си­тетін «эко­но­мист-мене­джер» маман­ды­ғы бой­ын­ша тәмамдаған.

2018 жылы оның ком­па­ни­я­сы «Ресей­дің қар­жы эли­та­сы» сый­лы­ғын «ең жыл­дам даму­шы бро­кер» ретін­де иеленген.

СӘТТІ БИЛЕТ

Ол Алма­ты­ға 2011 жылы отба­сы­мен бір­ге көшіп кел­ді. Қала өзінің табиға­ты­мен, ерекше дәм­ді ұлт­тық тағам­да­ры­мен және үлкен пер­спек­ти­ва­сы­мен Тур­ло­втар отба­сын бір­ден бау­рап алды. Осы­лай­ша, елі­міз Freedom Holding Corp. хол­дин­гі үшін трам­плин­ге айналды.

Бар­лық сұх­бат­та­рын­да Тимур Тур­лов өз жетісті­гін «дәл уақы­тын­да, дұрыс жер­де бола білуі­мен» байланыстырады:

– 2010 жыл­дар­дың басы Қаза­қстан­да банк­тік сек­тор­дың күрт өсуі­нен кей­ін­гі тәжіри­бені зер­де­леу кезеңі бол­ды. Ол кез­де Қаза­қстан­да қор нары­ғы аты­мен жоқ деу­ге болар еді, бірақ елі­міздің тұңғыш пре­зи­ден­ті оның болға­нын қат­ты қала­ды. Сон­ды­қтан бұл бағыт­та қадам­дар жасал­ды: салы­қтық жеңіл­дік­тер, «халы­қтық» IPO, «Аста­на» халы­қа­ра­лық қар­жы орта­лы­ғы­ның (АХҚО) құры­луы. Мүм­кін, бұл қадам­дар әрдай­ым нық бол­маған шығар, бірақ Қаза­қстан осы бағыт­та жүй­елі түр­де алға жыл­жы­ды, – деп еске ала­ды Тур­лов жаңа орта­дағы алға­шқы қадамдарын.

2015 жылға қарай «Фри­дом Финанс», «Freedom24» және «Фри­дом Финанс Бан­кі» бір бренд­ке бірі­гіп, Freedom Holding Corp. құра­мы­на енді. Ал 2019 жыл­дың қазан айын­да кәсіп­кер Тур­лов көп­тен күт­кен арма­ны­на жет­ті – Freedom Holding Corp. хол­дин­гі АҚШ-тың NASDAQ бир­жа­сы­на тір­келіп, FRHC тикері­мен сауда жасай бастады.

2021 жылы Тимур Тур­лов алғаш рет Forbes-тың жаһан­дық тізі­міне еніп, 2,1 млрд дол­лар­лық бай­лы­ғы­мен 1517-оры­нға тұрақтады.

2022 жылы Ресей­дің Укра­и­наға басып кіруі­нен кей­ін Тур­лов өзінің хол­дин­гінің ресей­лік нары­қтан кететінін жари­я­ла­ды. Айт­ты – біт­ті: сол жыл­дың қаза­нын­да Freedom Holding Corp. ресей­лік биз­не­стен толы­қтай шықты. Ал оның негізін қала­у­шы Тур­лов аза­мат­ты­ғын өзгер­тіп, көк түсті қаза­қстан­дық төлқұ­жат алды. Дәл сол жылы Тимур Тур­лов Forbes-тың Қаза­қстан­дағы тізі­міне енді – 2,2 млрд дол­лар­лық бай­лы­қ­пен 7‑орыннан көрінді.

ШАХМАТТАН БАСЫЛЫМҒА ДЕЙІН

Дар­хан қазақ дала­сы дарын­ды жігіт­тің бой­ын­дағы қабілет­ті толы­қтай ашқан сыңай­лы. Негіз­гі қыз­меті­нен бөлек, Тур­лов өзін түр­лі сала­да сынап көру­ге шешім қабыл­да­ды. Мәсе­лен, 2023 жыл­дың қаңта­рын­да ол Қаза­қстан шах­мат феде­ра­ци­я­сы­ның пре­зи­ден­ті бол­ды. Сол жылы Қаза­қстан­да жасөс­пірім­дер­ге арналған QJ League фут­бол лига­сын құруға мұрын­дық болып, оның Қамқор­шы­лық кеңесінің төраға­сы атан­ды. Жыл соңын­да Тур­ло­втың баста­ма­сы­мен Qalam атты ақпа­рат­тық ресурс іске қосыл­ды, ол «Қаза­қстан мен Орта­лық Азия көзқа­ра­сы тұрғы­сы­нан әлем тарихы мен мәде­ни­етіне арналған жаңа муль­ти­ме­ди­я­лық жоба» бола­тын. Бұл иде­я­ны ұсы­нған да, оны жүзе­ге асы­ру үшін коман­да­ны жинаған да Тур­ло­втың өзі болды.

2024 жыл­дың мамы­рын­да Тимур Рус­ланұ­лы БҰҰ-ның Орта­лық Ази­ядағы Ғалам­дық келісім­шарт жөнін­де­гі Кон­суль­та­тив­тік коми­тетінің төраға­сы болып тағай­ын­дал­ды. Ал 2024 жыл­дың тамы­зын­да Ази­ядағы жетек­ші медиа­плат­фор­ма­лар­дың бірі – Гон­конг­тағы Tatler Asia ком­па­ни­я­сы Тимур Тур­лов­пен лицен­зи­я­лық әріп­те­стік­ке қол жет­кіз­генін жари­я­ла­ды. Бұл серік­те­стік аясын­да Tatler Kazakhstan, Tatler Türkiye, Tatler Azerbaijan және Tatler Uzbekistan жур­нал­да­ры жарық көреді.

Осы уақыт­та қар­жы маг­на­ты Ресей мен Қаза­қстан­да лицен­зи­я­сы бар банк­тер мен бро­кер­лік ком­па­ни­я­лар­ды сатып алу­ды да жалға­стыр­ды. Бар­лық мәміле­ге Алма­ты­дағы бас кең­се­ден өзі жетек­шілік етті. Дәл осы кең­се­ден Қаза­қстан, Ресей, Гер­ма­ния, Укра­и­на, Қырғыз­стан, Өзбек­стан және Кипр елдерін­де­гі еншілес ком­па­ни­я­лар мен фили­ал­дарға күн­делік­ті бұй­ры­қтар мен маңы­зды нұсқа­у­лар беріп отырды.

ҚАРЖЫ ЖӘНЕ «МИКРОНЕСИЕЛЕР»

Қазір­гі таң­да Тимур Тур­ло­втың импе­ри­я­сы ауқым­ды биз­нес-порт­фель­ге ие. 2017 жыл­дан бастап ол Chocofamily Holding Ltd. ком­па­ни­я­сы­ның үлесіне иелік ете­ді. 2019 жылы Arbuz Group ком­па­ни­я­сы­на 200 мил­ли­он тең­ге инве­сти­ция салып, екі жыл­дан соң оның құры­л­тай­шы­сы атанды.

Тур­ло­втың актив­тері ара­сын­да мына­лар да бар:

RIFOR Group – Hommes деген ата­у­мен пре­ми­ум және люкс бренд­тер­ге арналған онлайн-бутик;

«Freedom Drive» қоғам­дық бір­ле­сті­гі – авто­көлік­ке арналған шина­лар мен дис­кілер сата­тын интернет-дүкен;

«Мобиль­ные циф­ро­вые тех­но­ло­гии» ЖШС – «Смар­то­лет» атты онлайн-дүкен (үш минут­та неси­е­ге смарт­фон алу мүмкіндігі);

«Смар­то­лет Финанс» мик­роқар­жы­лық ұйы­мы – жоға­ры­да аталған онлайн-дүкен кли­ент­теріне несие береді;

«Мобайл Ворлд Диджи­тал» ЖШС – смарт­фон­дар, ноут­бук­тер, план­шет­тер мен аксес­су­ар­лар сата­тын Freedom Mobile интернет-дүкені;

«Мобиль­ный мир» ЖШС — Freedom Mobile брен­ді­мен жұмыс істей­тін ком­па­ния. Рес­пуб­ли­ка бой­ын­ша 30 қала­да 107 дүкені бар.

Соны­мен қатар Foundation for the Support and Development of the International Financial Center атты ком­мер­ци­я­лық емес ұйым инве­сти­ци­я­лық қор ретін­де жұмыс істей­ді. Ол Аста­на халы­қа­ра­лық қар­жы орта­лы­ғын­да (АХҚО) орна­ласқан ITS көп­жақты сауда алаңы­ның негіз­гі акци­о­нері (80% және бір акция) сана­ла­ды. Бұл плат­фор­ма­да баға­лы қағаз­дар­ды екін­ші рет орна­ла­сты­ру жүргізіледі.

ЗАУЫТТАР МЕН КЕН ОРЫНДАРЫ

Сон­дай-ақ Тур­ло­вқа тиесілі:

Capital Leasing Group ЖШС-дегі үлес – бұл ком­па­ния қар­жы­лық лизинг бой­ын­ша қыз­мет көр­се­те­ді (авто­көлік­тер, ауыл шару­а­шы­лық, жол-құры­лыс және өндірістік тех­ни­ка, автобустар);

«Семей цемент зауы­ты» – өндірістік компания;

Semey Minerals ЖШС – Күл­тө­бе кен орнын­да құры­лыс құмын өндіру­мен айналысады;

«21 ғасыр тех­но­ло­ги­я­ла­ры» ЖШС – түр­лі бұй­ым­дар шыға­руға маманданған;

Semey Mall ЖШС – сол ата­у­мен сауда-ойын-сауық орта­лы­ғын салып жатыр;

«Семей Транс Сер­вис» ЖШС – темір жол­дар­ды пай­да­ла­ну, жүк тасы­ма­лы, жыл­жы­май­тын мүлік­пен жұмыс және сана­то­рий-курорт қыз­меті­мен айналысады;

«Ертіс» үй құры­лы­сы ком­би­на­ты – бетон, темір­бе­тон құры­лым­да­рын шыға­ра­ды, сон­дай-ақ көтер­ме сауда­мен шұғылданады;

Бұл ком­би­нат­тың құра­мы­на тағы екі ком­па­ния кіреді:

ERTIS Construction Ltd ЖШС – Пав­ло­дар­да тұрғын үй салу­мен айналысады;

PVL Development ЖШС – жыл­жы­май­тын мүлік­ті сатып алу-сату­мен айналысады;

Turlov Timur Property Management ЖШС – көп­пә­тер­лі және жеке үйлер­ді сатып алу, сату, жалға беру және жалға алы­нған мүлік­ті басқа­ру, соны­мен қатар жеңіл авто­көлік­тер­ді жалға беру қыз­метін атқарады.

2024 жыл­дың мамы­рын­да Turlov Private Holding ком­па­ни­я­сы Қарағанды­дағы «Сары­арқа» әуе­жай­ын басқа­ра­тын Sky Service ком­па­ни­я­сы­ның 60% акци­я­сын сатып алды. Сол Turlov Private Holding арқы­лы Тимур Тур­лов мыс, сирек және қым­бат метал­дар­ды өндіретін ком­па­ни­я­лар­ды бақы­лай­ды. Атап айтқан­да, оған Central Asia Gold Corp. ЖШС және Central Asia Gold Production ЖШС тиесілі. Бұл ком­па­ни­я­лар Жам­был облы­сын­дағы Қоға­дыр кен орнын­да жұмыс істейді.

ХЕЙТ ОҒАН ҚАУІП ЕМЕС ПЕ?

Тимур Тур­лов қан­ша жер­ден табысты кәсіп­кер болға­ны­мен, хей­тер­лер шабуы­лы­на жиі ұшы­рай­ды. Сон­ды­қтан соңғы уақыт­та ол қорға­нуға көш­кен сыңай­лы. Мыса­лы, батыс жур­на­ли­стері Тур­лов ком­па­ни­я­сы­на қаты­сты бір­не­ше жағым­сыз мате­ри­ал жари­я­ла­ды. Bloomberg пен The Foundation for Financial Journalism тіл­шілері оны жана­ма түр­де ала­яқтық жаса­ды деп айып­тап, тіп­ті оның хол­дин­гін «Борат­тан кей­ін­гі Қаза­қстан­ның ең ақы­мақ импор­ты» деп ата­ды. Тур­лов бұл шабуыл­дар­ды «ақпа­рат­тық соққы» деп баға­лап, қар­сы әре­кет­ке дай­ын­да­ла баста­ды, сөй­тіп өз меди­ақорға­ны­сын қалып­та­стыр­ды. Көп­тің аузын­да жүр­ген әңгі­ме­лер­ге сен­сек, қар­жы маг­на­ты «Седь­мой канал» мен «Кур­сив» газетіне иелік етеді.

Бұдан бөлек, Hindenburg Research ком­па­ни­я­сы Freedom Holding-ті «санк­ци­я­лар­ды өрес­кел айна­лып өту­де» және оның бас­шы­сы Тимур Тур­ло­вты Ресей­де­гі ком­па­ни­я­ны жасы­рын басқар­ды деп айып­та­ды. Алай­да кәсіп­кер бұл айып­та­у­лар­дың бар­лы­ғын жоққа шыға­рып, «аме­ри­ка­лық зерт­те­ушілер» көз­де­ген мақ­са­ты­на жете алмаға­нын, әрі олар ешқан­дай жаңа дерек ұсын­баға­нын мәлімдеді.

Сон­дай-ақ Тур­ло­втың бан­кін Ресей аза­мат­та­ры­на санк­ци­я­лар­ды айна­лып өту­ге көмек­те­сті деп айып­таған. Яғни, ресей­лік­тер қаза­қстан­дық банк кар­та­ла­ры арқы­лы шетел­ден емін-еркін сауда жасай ала­тын болған. Бұл – Еуро­па елдері Ресей­ге салған санк­ци­я­ларға қай­шы. Бірақ бұл тұста да Тур­лов өзіне тағы­лған кінәні үзіл­ді-кесіл­ді мойындамады.

Жақын­да әле­умет­тік желілер­де Citix ком­па­ни­я­сы (Алма­ты мен Аста­на­дағы тік жар­на­ма құры­лғы­ла­ры­ның опе­ра­то­ры ретін­де таны­мал) қыз­мет­кер­лерінің туы­ста­ры Freedom хол­дин­гі мен оның бас­шы­сы Тимур Тур­ло­вқа үндеу жол­да­ды. Бұған себеп – ком­па­ни­я­ның жап­пай қысқар­туға баруы.

2022 жылы Тур­лов Citix ком­па­ни­я­сы­ның 30% акци­я­сын сатып алып, оның ең ірі акци­о­нер­лерінің біріне айналған. Қыз­мет­кер­лер­дің туы­ста­ры қысқар­туға ұшы­раған­дар үшін жағ­дай­ды шешу­ге ықпал етуін сұрады.

Алай­да Тимур Тур­лов ешқан­дай жау­ап бер­меді. Ал Citix-тің ресми акка­ун­ты қысқар­ту­лар Қаза­қстан­ның еңбек заң­на­ма­сы аясын­да жүр­гізіл­генін және жұмыстан боса­ты­лған қыз­мет­кер­лер­ге өте­мақы төлен­генін мәлім­деді. Ком­па­ния шағым­дар мен ұсы­ны­стар­ды қарау үшін ресми пошта мен бай­ла­ныс нөмір­леріне жүгі­нуді ұсынды.

МЕМЛЕКЕТТІК ОБЛИГАЦИЯЛАРДАҒЫ АЛАЯҚТЫҚ

Мем­ле­кет­тік обли­га­ци­я­лар­мен жасалған ала­яқтық айып­та­ры да бар­лық жер­де бой көр­сетіп жүр­ген Тур­ло­вты «тақтан түсі­ре» алмады.

Жуыр­да Facebook парақ­ша­сын­да Transparency International Deutschland ұйы­мы­ның өкілі Әсел Теміро­ва (Acel Temirova Maken) 2023 жылы Hindenburg Research ком­па­ни­я­сы Freedom Holding-ті ала­яқтық пен нары­қты мани­пу­ля­ци­я­ла­ды деп айып­таға­нын жазды.

– Hindenburg Research – бұл қар­жы­лық «әшке­ре­ле­уші» ком­па­ния. Олар әртүр­лі биз­не­стер­де­гі ала­яқтық, қар­жы­лық айла-шарғы, жалған есеп беру және басқа да күмән­ді бел­гілер­ді зерт­тей­ді, – деп жаза­ды Әсел Темірова.

– Тер­ге­улер­ден кей­ін олар егжей-тег­жей­лі есеп­тер жари­я­лап, сол ком­па­ни­я­лар­дың акци­я­ла­ры құл­ды­рай­ды деп бәс тігеді (short selling). Бұл есеп­тер нары­ққа қат­ты әсер етіп, ныса­наға алы­нған ком­па­ни­я­ларға еле­улі зиян кел­тіруі мүмкін.

Пост авто­ры­ның айтуын­ша, Hindenburg есебі­нен кей­ін Freedom Holding акци­я­ла­ры құл­ды­раған. Ал кей­ін Bloomberg жүр­гіз­ген зерт­теу бой­ын­ша, Қаза­қстан­ның қар­жы­лық рет­те­ушілері де Freedom-ның әре­кет­тері­нен күмән­ді схе­ма­лар­ды аны­қтаған. Ком­па­ния 2023 жылы мем­ле­кет­тік обли­га­ци­я­лар­мен жасалған мани­пу­ля­ци­я­лар үшін айып­пұлға тартылған.

– Яғни, Қаза­қстан билі­гі де, Bloomberg те, Hindenburg Research те ала­яқтық әре­кет­тер­дің болға­нын рас­та­ды, – деп атап өте­ді Темірова.

Қара­пай­ым тіл­мен айтқан­да: Freedom Holding Қаза­қстан­ның мем­ле­кет­тік обли­га­ци­я­ла­ры­ның баға­сын жасан­ды түр­де көтер­ді деп айып­тал­ды. Мұн­да тең­ге­мен (₸) номи­на­ци­я­ланған, Қар­жы мини­стр­лі­гі шыға­ра­тын обли­га­ци­я­лар тура­лы айты­лып отыр. Пост­та мұн­дай айла-шарғы­лар­дың Қаза­қстан үшін қан­ша­лы­қты қауіп­ті екені егжей-тег­жей­лі түсін­діріледі. Егер мем­ле­кет­тік обли­га­ци­я­лар­дың баға­сы жасан­ды түр­де көтеріл­се, олар кей­ін күрт құлап, басқа инве­стор­ларға залал кел­тіруі мүм­кін. Бұл жағ­дай Қаза­қстан­ның қар­жы нары­ғы­на деген сенім­ді әлсіретіп, эко­но­ми­ка үшін еле­улі қауіп тудырады.

– «Олар мұны не үшін жаса­ды?» – деп сұра­саңыз, жау­ап айқын: жоға­ры өтім­ділік әсерін жасап, басқа инве­стор­лар­ды тар­ту және бұл актив­тер­ге деген сенім­ді арт­ты­ру. Обли­га­ци­я­лар­ды нақты құны­нан қым­батқа сатып, кірісін арт­ты­ру. Осы обли­га­ци­я­лар­ды кепіл ретін­де пай­да­ла­ну – құны жоға­ры болған сай­ын, сол арқы­лы қары­зға көбірек ақша алуға бола­ды, – деп жаза­ды Әсел.

– Айт­пақ­шы, Қаза­қстанға деген «махаб­бат» тура­лы. Тур­лов Bloomberg-ке бер­ген сұх­ба­тын­да қаза­қстан­дық рет­те­ушінің әре­кетін «extremely exotic way» («ерекше экзо­ти­ка­лық тәсіл») деп ата­ды. Иә, АҚШ-та біз­ге экзо­ти­ка көр­ген­дей сау­сақ шошай­туға бола­ды, ал Қаза­қстан­да Ақор­да алдын­да тұрып елі­міздің әнұра­нын айтуға болады…

Шыны­мен де, сәт­тілік­ті тап басып тани ала­тын қабілеті­мен биз­нес мақ­са­ты­на жету жолын­да әдіс таң­да­уға көп бас ауырт­пай­тын бұл жас оли­гарх 2024 жылы Қаза­қстан­дағы ең бай адам­дар тізі­мін­де 3,3 млрд дол­лар­лық бай­лы­қ­пен бесін­ші оры­нға табан тіреді. Оның жаңа биз­нес-сала­лар­ды бағын­ды­рып жатқа­ны­на қарап, Forbes-тің биы­лғы рей­тин­гін­де одан да жоға­ры көтерілуі әбден мүмкін.

 Сырым ҚАРЖАС

Республиканский еженедельник онлайн