бірақ алуы тиіс жазушының хикаясы
Кешеден бері Халықаралық «Алаш» сыйлығымен құттықтап жатқан ағайынға рақмет! Шындығында, мен бұл сыйлықты алғаным жоқ. Оны беріп жүрген Әскерхан Ақтай. Өмірі жолығыспаған бұл ағамыздың пейілі қалай ауды екен, ә? Шатасқан ғой. Лауреаттар арасына мені белгілеп, құттықтап жіберіпті. Содан құттықтаулар кетті. Әскеңнің жекесіне шығып, «Шатастыңыз. Мен сыйлық алмадым. Алып тастаңыз» дедім. Қалғандарына айтып үлгере алмадым.
Алматыда күн 30 градустан асты. Кеше шаруа да көп болды. Әркімге бір жазып отыруға уақыт жоқ. Сонымен қойшы, құттықтаулардың астында қалдым. Еш себепсіз тілек тыңдаған өзіме де ұнап кетті. Айта берсін дедім. Іске «вацап» қосылды. Қоңырау да шала бастады. Қой, мына сыйлықты жуайын дедім жұмыстан қайтып келе жатып. Содан үйдің жанындағы кафеге барып, бір бокал сыра, екі кәуапқа тапсырыс беріп, тойды бастап кеттім…
Бір кезде Өркен Жоямерген құрдасым хабарласты. «Қанеке, қайдасың?» – дейді. Сыра ішіп отырмын. «Дұрыс, ішетін күн ғой» дейді. «Иә, Алматыда күн ысып кетті» деймін. «Құтты болсын» дейді іле-шала. «Алашты» алғаным жоқ. «Қой-ей, сайтқа беріп қойдық. Қалжың деп айтшы» дейді. «Қалжың» дей салдым. (Зачем портить праздник).
Сосын Өміржан Әбдіхалықұлы – Өміш хабарласты. Құтты болсын, дейді ол да. – Адам деген «Фейсбукке» фотомды салып, арнайы құттықтамай ма?! – деп тұқырттым. Көңілі әппақ қой. «Фейсбукке» жарқыратып шығарып қойыпты. Шынын айтсам, шығартпасқа қоймадым ғой. Рахат. Адамдардың ақ тілектерін оқыған кайф қой.
Содан бәрін «құртқан» Амангелді Кеңшілікұлы ағам. Сол кісі звондап құттықтағанда, «Алашты» алмағанымды айтуға тура келді. Әзілдесетін құрдасым емес. «Жоқ, Аман аға, алмадым, алмадым. Шатасқан ғой» дедім қолымнан сыйлығым сусып бара жатқандай, көңілсіз. Содан үйге қайттым. Әйелім қарсы алды. «Құтты болсын!» деді. Бірақ құттықтауы бір түрлі шықты. Бірден «алмадым» дей алмадым. Ас үйге кірдік.
– Неге айтпағансың маған. Жұрттан естіген бір түрлі екен, – дейді. Болған оқиғаны басынан айтып бердім. Әйелім мәз. – Бәсе, алсаң, маған бірінші айтар едің ғой, – дейді. – Иә, – деймін.
Сонымен, «Арсеналға» бір гол соғып тастап, жаттық. Тұрсам Жангелді Немеребай досым «вацабқа» голосовой жіберіпті. «Қақа, кеше Одақтағы жиында өзім болдым. Сенің атыңды ешкім атамады. Әлде бармаған соң, лауреаттар арасына қоспады ма? Өзі не боп кетті? Сыйлықты алдың ба, әлде алмадың ба?» дейді. Содан жаңа ақ тілектер бар ма деп «Фейсбукке» кірмесім бар ма. Алдымнан Асылхан Мамашұлы посты шықты. «Алашты» алу үшін атылу керек дей ме, адам шошытатын сөздер. Пікір жазып, қырылып жатқан жұрт. Шетінен бөлісіп те жатыр. Әгәрәки болашақта Асекеңнің талабымен «Алашты» беретін болса, мен точно ала алмаймын ғой деп, көңіл күйімнің түсіп кеткені…
Қанат ТІЛЕУХАН