ҚР вице-премьер-министрі Серік Жұманғаринге!
Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн» деп нақты бағдар берді.
Бүгінде ауылдық аудандар мен моноқалаларда 8,7 млн адам тұрады, бұл Қазақстан халқының 43 %-ын құрайды.
Ал тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда 26,9 шаршы метр болса, ауылдарда бір адамға шаққанда небәрі 20,7 шаршы метрді құрайды.
2025 жылдың басында:
– ауылдарда 9 мыңнан астам адам тұратын 1200 авариялық үй;
– моноқалаларда 2,3 мың адам тұратын 76 авариялық үй болды.
• 2022–2024 жылдары жаңа тұрғын үйдің тек 20 %-ы ауылдық жерлерде пайдалануға берілді.
Мұндай диспропорция ең алдымен ауыл тұрғындары үшін ипотекалық, «Отбасы банкі» өнімдерінің қолжетімсіздігіне және халықтың хабардар болуы деңгейінің төмен болуына байланысты.
«Отбасы банктің» консультациялық орталықтары тек 4 моноқалада және 5 шағын қалада жұмыс істейді, ауылдар мен аудандардың көп бөлігінде мүлдем жұмыс істемейді.
2024 жылы «Отбасы банкі» бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ ауылдарда жеке тұрғын үйлер салуға қолжетімді қаржыландыруды ұсынатын «Асыл мекен» пилоттық бағдарламасын іске қосты. Бұл жобаны іске асыруға «Отбасы банкі» өз қаражатынан 2 млрд теңге бөлді. «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша кезекте тұрғандар мен өтініш берушілерге қатысуға басымдық берілді. Қарыздың ең жоғары сомасы 10 млн теңгені құрайды.
Алайда бағдарлама тиімді болғанына қарамастан жалғасын таппады, оны қаржыландыру тоқтатылды. Осылайша, Президенттің «Отбасы банктің» қызметін «аудан орталықтарына, моноқалаларға, ауылға бұру» туралы тапсырмасы нақты іске асыру тетіктерінсіз қалды.
«AMANAT» партиясының фракциясы Мемлекет басшысы Тоқаевтың тапсырмасына Үкімет немқұрайлықпен қарауға жол бермеуі тиіс деп есептейді!
Үкімет мынадай шараларды қабылдауы қажет:
1. «Асыл мекен» бағдарламасын қаржыландыруды ұлғайту. Шағын қалаларды қамти отырып, бағдарламаның бүкіл ел аумағында тұрақты іске асырылуын қамтамасыз етіп, республикалық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлуді көздеу.
2. Ауылға бейімделген ипотекалық өнімдерді әзірлеу. Ауылдар, моноқалалар және шағын қалалар тұрғындары үшін төмендетілген мөлшерлемесі 5 %-ға дейін және ең төменгі бастапқы жарнасы 10 %-дан бастап жеңілдікті ипотекалық өнімдер жасау. Әлеуметтік жағынан осал санаттағы халық үшін мөлшерлемелерді субсидиялауды қамтамасыз ету.
3. Жергілікті атқарушы органдармен үйлестіруді күшейту. Шығыс Қазақстан облысындағы «Бір қабатты Шығыс» және Жетісу облысындағы «Жерұйық» жобаларының табысты тәжірибесін пайдалана отырып, бағдарламаларды бірлесіп іске асыру үшін әкімдіктермен келісімдер жасасу.
4. «Отбасы банкі» консультациялық және ақпараттық сервистерінің географиясын кеңейту. Әр ауданда қызмет көрсету орталықтарын ашу, мобильді офистер ашу, бүкіл ел бойынша ақпараттық-ағарту науқандарын бастау.
«Отбасы банктің» қызметін қайта қарау Қазақстанның әділетті, теңгерімді және қол жетімді болашағына жасалған қадам.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясы депутаттары атынан –
Ерлан САЙЫРОВ