Сонымен, биылғы жылы киелі Көкшетауда Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы жоғары деңгейде өткенін жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдады. Елдің болашағын айқындайтын стратегиялық маңызды жиында қоғамдағы ең өзекті мәселелер талқыға түсіп, елдің келешек дамуы мен өркендеуіне бағыт-бағдар беретін тың ұсыныстар ортаға салынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар қоғам белсенділері тарапынан көтерілген әлеуметтік өзекті мәселелерді қозғап, тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді. Әрі мемлекет басшысы осы жолғы Ұлттық құрылтайда дін мәселесіне ерекше тоқталды. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілсе де, жүгенсіздікке, бей-берекетсіздікке, тəртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы ұлтты ұйыстыруға тиіс десек, діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мəселені жан-жақты қарау керек, – деді мемлекет басшысы.
Құрылтайда Мəжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүргенін тілге тиек етті. Басқа да қоғам қайраткерлері жат діни ағымдардың жастар арасында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмəн жоқ.
Осы орайда соңғы кездері елімізде беті-басын бүркемелеп, тұмшаланып алғандардың көбейіп бара жатқаны, солардың қара қарғадай қаптап кеткені көпшілікті алаңдатуда. Олардың қандай мақсатпен бүркемеленіп алғаны, іштеріне не тығып жүргені де белгісіз. Жақында осы мәселе Парламентте қаралып, ондайларға елімізде тыйым салу туралы мәселе көтеріліп, арнайы заң қабылданатыны туралы жиі айтыла бастады. Бұл өте орынды мәселе.
Біле білгенге дін деген – аса сезімтал, санаға әсер ететін күрделі мәселе. Ол бүкіл әлем халқын ғасырлар бойы толғандырып келеді. Барша адамзат тарихы мен мәдениеттің ажырамас бөлігі – дін екені даусыз. Бағамдап отырсақ, жер бетіндегі барлық діндер бейбітшілік, рақымдылық, әділдік сияқты жоғары құндылықтарға негізделген.
Қазіргі жаһандану заманында, ғаламдық құндылықтардың өзі мың құбылып тұрған уақытта жасанды интеллект деген де жастар санасына, діни көзқарасына өз әсерін тигізуі әбден мүмкін. Соның салдарынан әлеуметтік желілердегі теріс пиғылды ағымдардың жетегінде кететіндер саны көбейе түсуде. Алдағы уақытта мұны да назардан тыс қалдырмау керек. Ендеше жаңадан қабылданатын «Дін туралы» заң талаптарында осы мәселе де ескерілгені жөн.
Елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң соңғы рет осыдан он төрт жыл бұрын, яғни 2011 жылы күзде қабылданыпты. Сол заңда халықтың рухани өмірі мен мәдениетінің дамуында исламның ханафилік бағыты мен христианның православие бағытындағы діннің Қазақстан халқының рухани мұрасын қамтитыны туралы құжат болған.
Бұл енді ел егемендігінің алғашқы он жылындағы мемлекет алдындағы ұлттық тұтастықты сақтап қалу мен қоғамның рухани дамуына қызмет атқаратын мәселеге байланысты «Діни сенім бостандығы» туралы екінші құжат десе болғандай.
Содан бері елдегі діни ахуал едәуір өзгеріске ұшырады. Әсіресе дін мен тіл, сондай-ақ жер мәселесіне келгенде халқымыз бей-жай отырмай, делебесі қозып кетеді. Ұлттық саясат, ұлттық мемлекетті қалыптастыру дегенде, жұрттың санасы серпіліп, патриоттық сезімі оянып, арқаланып кететіні ақиқат. Бұл ұлтымыздың қанында бар қасиет. Ұлттық мүдде үшін бұл қуанышты жағдай, әрине. Сондықтан түбінде бұл мәселе өзінің оң нәтижесін береді. Сол кезде Қазақстанда қалыптасқан шынайы ахуалды мойындаған соң, билік те халықпен санасатын жағдайға мәжбүр болады.
Соңғы кезде жыл сайын елімізде хиджап тағатындар көбейіп, көзін ғана жылтыратып, қара киім жамылғандар саны артып бара жатқаны алаңдатады. Көшеге шықсаңыз, көлікке мінсеңіз, бетін тұмшалаған, етегіне сүрініп-қабынған жастарды жиі кездестіресің. Әрі солардың дені өзге тілді пайдаланады. Бәлкім, сол тілдегі адамды баурап алатын үгіт-насихаттар пәрмені болар. Ал енді оқу жылы басталғанда, мектепке барған кей оқушы жастар мен олардың ата-аналары орамал мәселесіне келгенде үлкен дау көтеріп, әр тұста шу шығарып жатады. Осы хиджап дауын көтеретін арнайы белсенділер пайда болғанын да байқаймыз. Бұл нені білдіреді?
Жалпы, еліміздегі ушығып тұрған дін мәселесі, түрлі ағымдардың бой көтеруі мен хиджап кию төңірегінде жұртшылықты алаңдатқан мәселе халық қалаулыларын да бей-жай қалдырмаса керек.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи мырза бізбен болған әңгімесінде осындай заң жобасы депутаттардың бастамасымен дайындалып, мемлекеттік органдардың қарауына, солардың талқылауына, заңдық тұстарын сараптап, келісуге кеткені туралы айтты. Депутаттар заң жобасын дайындап, халық күткен құжатты қабылдағаннан кейін, оны орындап, жүзеге асыратын мемлекеттік органдар екені түсінікті, әрине. Заң қабылданған соң, әрине, ол орындалуы тиіс. Егер ол тиісті деңгейде жүзеге аспаса, жұмыс істемесе, ол несіне заң болады?
Демек, халық қалаулылары да қарап жатпай, ауқымды жұмыс тындырған. Ендеше көп кешікпей, бұл заң ары кеткенде күзге дейін Парламенттің кезекті сессиясында қабылдануы мүмкін.
Осы хиджап деген де, салафиттер де, сақалды терроршылар да, түрлі діни ағымдар да – «ескі Қазақстанда» қалыптасып, пайда болған дүние екені жиі айтылып жүр. Соларды кім дайындады? Олардың мақсаты қандай? Бұл жағдай қайдан шықты? Қазір ойлап, сараптап отырсақ, олардың ой-пиғылы «Жаңа Қазақстанды» теңселту, Әділетті Қазақстанның ішінен іріткі салу ма дейсің. Салафизм идеясын таратып, жаңадан өзгеріске ұмтылған Қазақстанды ыдырату сияқты әрекет жасамақ секілді көрінеді. Оның артында сол үшін қаржы бөлу шаралары жүріп жатқандай.
Айталық, біз шағын бизнес деп жүрген мәселеде көлік құралдарының түрлі автобөлшектерін сататын базарларда, сол секілді қалтафон, смартфон гаджеттерін сатып жүргендердің көбінің сақалы қауғадай жас жігіттер екенін байқаймыз. Мысалы, Алматының бұрынғы аэровокзалы болған жерге барсаңыз, соны саудалап жүргендердің бәрі осындай адамдар. Басқа қалаларда да осындай әрекет байқалады. Демек, әріден ойлап, орта және шағын бизнесті жаулап алу, соған қаржы бөлу арқылы өз әрекеттерін жүзеге асыруды көздегендей. Міне, осы жәйтке тиісті органдар дер кезінде назар аудармаса, қазіргі ахуал осындай.
Ал Қазақстандағы мешіттердің ахуалы қандай? Онда қандай уағыздар айтылады? Елді шынайы уағызымен баурап алатын сауатты имам, молдалар жеткілікті ме? Әлде дүмше молдалар көбейіп кетті ме? Түрлі діни ағым өкілдері астыртын өз үгіт-насихатын жүргізіп отырған жоқ па? Кей мешіттерге аса қымбат көліктермен топ-тобымен келетіндер кімдер? Бұл да мұқият назар аударатын мәселе.
Қысқасы, дін мәселесіне келгенде қоғамда ауызбіршілік байқалмайды. Сол салафизм мен басқа да түрлі ағымдарды қолдайтын, жұртты ұйытып, артынан ілестіруге әрекеттенген арнайы адамдар бар. Бірақ солардың кейбірі не істеп жүргендерін өздері де біле бермейді. Біз салафизмге қарсымыз дей отырып, өз әрекеттерімен соларды насихаттап отырғандарын байқамайды. Бұл енді саяси сауатсыздық па дерсің.
Байқасаңыз, соңғы жылдары араб елдерінен инвестиция салу деген желеумен түрлі қорлардан мол қаржылар келіп жатыр. Тіпті кейбір ірі кәсіпорындарды сатып алуда. Бір кезде елден ұрланып, заңсыз сыртқа шыққан активтер сол араб елдері арқылы қазір инвестициялық салымдар ретінде заңдастырылып қайта келуде дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи. Олар сол арқылы заңсыз ұрланған қаржыны елге салафизим идеяларын нығайту мақсатында қайта енгізіп жатыр дегенді айтады.
Осы мәселеге орай соны зерттеп, саяси баға беретін, терең сараптама жасайтын танымал саясаткерлер неге үнсіз қалып отыр? Ол өзі қолмен ұстайтын, көзге көрініп тұратын нәрсе емес. Оның бәрі насихатпен, үгітпен санаға әсер ететін әрекеттер. Бұлай кете берсек, өз дәстүрімізге селсоқ қарап, ұлттық мүддені жойып аламыз ба деп алаңдаймыз. Демек, ояну керек, сананы серпілту керек. Бұл істе бірінші кезекте ұлттық мүддені қорғайтын биліктің ерік-жігері қажет. Егер жаңадан қабылданатын «Дін туралы» заң тиісті дәрежесінде қабылданар болса, бұл біздің еліміздегі дін саласында көп мәселені ретке келтіретін маңызды құжат болады деген үміттеміз.
Қазір байқап отырсақ, жасөспірім балалар мектепте емес, мешітте қаптап жүргенін көресіз. Әсіресе жұма күндері мешітке қарай асыққан балалар мен жастардың әрекеті таңқалдырады. Олардың оқуға, ілім-білімге деген ынтасы дәл осылай байқалмайды. Жаңа заңда кәмелетке толмаған балаларды қасында ата-анасы болмаса, мешітке кіргізуге тыйым салынатыны, мектепке орамал тағып, тұмшаланып баруға болмайтыны туралы тармақтар қамтылған секілді.
Жалпы, Қазақстан тарапын ойландыратын жәйт – көршілес түбі бір туыстас елдерде діни ахуал қандай? деген мәселе бар. Айталық, Өзбекстан, Қырғыз республикасы, Түркіменстан, Әзірбайжан елдерінде бұл мәселе қалай шешімін табуда деген сауал да жоқ емес. Оларда да әсіредіншілдер мен сақалды, қысқа балақты, болмаса хиджап киген, түрлі діни ағымдардың жайына орай қолға алған тәжірибесі қандай деген сан сұрақ туындайды.
Демек, Қазақстан жұртшылығы көптен күткен, жедел қабылдануға тиісті «Дін туралы» аса маңызды заңда көп мәселе қамтылған болуы тиіс. Бұл заң қашан қабылданар екен деп, қоғамда соның лайықты қызмет атқаруын, ел тыныштығы мен халқымыздың өркениетке қарай дамуына қызмет атқаратын құжатты жұртшылық асыға күтіп отыр.
Саясат БЕЙІСБАЙ,Философия,саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы