Қазақ халқының тарихы – терең әрі тағылымды, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ұлы шежіре. Бұл тарих – сақ пен ғұн дәуірінен басталып, түркі мемлекеттері, Алтын Орда, Қазақ хандығы, патша отарлығы, кеңестік кезең және Тәуелсіздікке дейінгі ұзақ жолды қамтиды.
Сақтар мен ғұндар – көшпенді өркениеттің негізін қалаған, ерлік пен тәуелсіздіктің символына айналған бабаларымыз. Олардың жауынгерлік рухы мен елін қорғауға деген сүйіспеншілігі кейінгі ұрпаққа мұра болып қалды. Түркі қағанаты тұсында қазақ даласы өркениет пен мәдениеттің ордасына айналды. Алтын Орда дәуірінде де қазақ жері саяси, мәдени, экономикалық жағынан күшті мемлекеттер қатарына енді.
XV ғасырда Қазақ хандығы құрылып, халықтың ұлттық бірегейлігі мен тұтастығы айқындала түсті. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – құқықтық мемлекет құру жолындағы алғашқы қадамдар еді. Бұл заңдар әділет пен парасатқа негізделіп, ел басқарудың үлгісіне айналды.
XIX ғасырда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының отарлық езгіге қарсы күресінің шырқау шегі болды. ХХ ғасырда Алаш қозғалысы ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртуды мақсат етті. Алаш арыстары – ұлттың шын жанашырлары, еркіндік пен білімнің жаршылары болды.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – еркіндік үшін күрестің жарқын көрінісі. Бұл оқиға қазақ жастарының рухын, тәуелсіздікке деген ұмтылысын көрсетті. Ақыры, 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекетке айналды.
Қазақ халқының тарихы – тек соғыстар мен жеңістер ғана емес, бұл – ел болуға, тұтастық пен бейбіт өмірге ұмтылудың үлгісі. Тарихты білу – өткенге тағзым, болашаққа бағдар.
Сабыржанқызы Нұрбибі