Бүгін экс-президенттің туған күні екен деп жұрттың біразы шала бүлініп жатыр екен. Біреу ризашылығын білдіріп, енді біреу ата-бабасынан тартып сыбап жатыр. Қарап отырсаңыз отыз жылдық билігінде расымен де істемегені жоқ. Қулық-сұмдықпен Жоғарғы Кеңестің екі рет таратылуы, Конституцияның қолжаулыққа айналдырылуы, халық сенімінің аяққа тапталуы, саясаткерлердің өлтірілуі, жағымпаздықтың қанат жаюы, мемлекеттік билікте коррупцияның өршуі, күш құрылымдарының қызметі профилактикалық бағыттан жазалаушылық сипатқа бейімделуі, түкке қажетсіз бутафориялық құрылымдар мен функционалдық қызметі беймәлім құрылыстарға орасан қаражаттар жұмсалуы мемлекетті тоздырды.
Н.Назарбаев активтерді жинау (баю) мен оларды басқарудың сұмдық тәсілдерін меңгерген. Әйгілі «Қазақгейт» оқиғасы оны аяғын аңдап басуды үйретті. Сөйтіп түрлі құқықтық айла-шарғылар жасай бастады. Ол тікелей өзіне бағынатын әрі тікелей өзі басқаратын «Қазақстан Республикасы бірінші президентінің Қоры», «Назарбаев Қоры», «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры», «Демеу Қоры» және «Елбасы Қоры» сияқты түрлі қорлар арқылы бүкіл активтерді жеке өзі басқарып келеді. Бір сарапшылар оның күллі активтері 300 млрд доллар десе енді бір сарапшылар 500 млрд долларға жеткізеді. Кезінде үкіметің өзі отбасының активтерін $150 млрд доллар шамасында бағалапты.
Өкінішке қарай қазба байлықтарды, сирек кездесетін металдарды игеру мен пайдаланудан тиесілі қаражаттар көбіне бюджетті айналып өтіп отбасы мен олигархтардың қалтасына кетіп жатыпты. Бүгінде Жылысталған қаражаттарды қайтарумен айналысатын құрылымдар көптеген кедергілерге тап болуда. Алдағы уақытта елден заңсыз шығарылған қаражатты Италия, Австрия, Швейцария, Кипр, Мальта, Грекия, Франция, Испания, Португалия, Бельгия, Люксембург, Нидерланды, Ұлыбритания, АҚШ, Канада елдерінен қайтару мәселесі тұр. Тек табандылық керек.
Соншама байлығы қарамастан Назарбаевтың банктері, қорлары, мектептері, университеті мемлекеттен орасан қаржы алып отыр. Басқасын қойғанда барлық азаматтар заң алдында құқықтары теңдей екендігіне қарамастан экс-президент орасан зор зейнетақы алатынына қалай таңданбассың.
Әлеуметтік желіде ҚР бюджетінде Н.Назарбаевтың зейнеткерлік кеңсесіне 2025 жылғы 4 128 000 доллар қарастырылғаны айтылады. Бұл күніне шамамен 6 000 000 теңге. Тап осы жерде Назарбаевтың зейнетақысы айына 8 300 000 теңге құрайтыны, бұл жылына 99 600 000 теңге болатыны айтылған. Экс-президенттің офисіне бөлінген қаражаттан басың айналады.
Әрине, әділдік үшін Назарбаевтың мемлекетке сіңірген еңбегін де айта кеткен жөн болар. Бірақ бұл жұмыстардың өзін ол жалақы алып істегенін ұмытпайық. Оның көрші елдермен мемлекеттік шекараны нығайтуға және ел кіндігін Сарыарқа төсіне көшіруге байланысты жұмыстары маңызды болды. Бірақ ол мемлекет игілігіне осы жұмыстарды атқаруға міндетті болатын. Сол үшін де 1991 жылы 1- желтоқсанда өткен тұңғыш жалпыхалықтық президент сайлауында халық өз тағдырын Назарбаевқа сеніп тапсырған. Бірақ ол қолындағы билікті көп ұзамай авторитаризмге қарай бұрып әкетті.
Түйіндей айтсақ, Н.Әбішұлы Қазақстан халқы аңсап сағынатындай адам емес. Оның тікелей қазақ халқына «екі сиырдан» басқа жасаған жақсылығы есімізде жоқ! Ол орнатқан, қазірге дейін билік құрып отырған авторитарлық режим Қазақстанның демократиялық бағытта дамуына орасан зор кедергі жасап келеді. Оның қанша ұрлағанын алдағы ұрпақ айта жатар. Ал менің білетінім Назарбаев қазақ халқының ұлттық мемлекеттігін ұрлады, ұлттық мемлекеттің орнына коррупциялық, орыс тілді, азаматтық мемлекет ұстынан құрып кетті. Бұл үш ғасырдан бері өзінің азаттығы жолында күресіп келген қазақ халқына қарсы қылмыс, адамзатқа қарсы қылмыс болып табылады!
Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ (Тоқашбаев) жазушы-публицист Ғ