Осыдан 10–15 жыл бұрынғы біздің рухани жағдайымыз кімнің есінде? Мойнымызға тұмар тағу, көлігімізге көз тиюден сақтайтын дүниелерді асып қою, ата-бабамыздың әруақтарына құран оқып, олардан медет сұрау деген нәрселер біз үшін күнделікті өмір салтымыздағы бар нәрселер болатын.
Қыдыр болсын жолдасың!
Ісіңді Тәңірім оңдасын!
Әруақтар жар болып,
Кәміл де пірлер қолдасын! –
деген бата-тілектерді барлығымыз ауылдағы кез келген қарттарымыздың ауыздарынан естіп жүретінбіз. Ауылдағы құрсақ көтермеген келіншектерді әжелеріміз әулиелердің басына жіберетін.
– Пәленшенің келіні Әзірет кесенесіне барып келген соң көтеріпті!
– Еее, әулиелі жер ғой… – деп ауызашарда отыратын әжелердің әңгімелері әлі күнге дейін есімде. Қалаға оқуға әр кетер уақытта атамның «Қыдыр болсын жолдасың, балам!» деп шығарып салатыны есімде. Діни сауатымның ашылуына басты себеп атам болғанымен, ол кісімен ең алғашқы конфликтім де осы діннің төңірегінде болды.
Қалада оқуға жүрген кезде біздің қаламызға алғашқы діни материалдар келе бастады. Оның ішінде әртүрлі құбылыстардың бөліктеріндегі «Алла» деп жазылған белгілерінен бастап, Құранға құрметсіздік көрсеткендердің қандай «ауыр» жағдайларға ұшырағандықтары туралы сан түрлі фильмдер мен еңбектер болды. Соның нәтижесінде біз бүкіл мектеп болып, намаз оқып, дінді «тани» бастадық. Біз үшін араб тілі деген мың сан қасиетке ие болып, біраз достарымыз интернатта жүріп, оны да оқи бастады. Сөйтіп, ондай діни материалдардың легі көбейе түсті. ИК-порт, Bluetooth, СD‑R деген заттар ол кезде негізінен діни материалдарды тасымалдаумен айналысып кетті.
Осы жерден бір шегініп өтейін. Өткен постымда бізді өлтіретін нәрсе – Лингвоцентризм мен Геоцентризм деп айтып өткен едім. Осы екеуі толық болса, кез келген халық арабты ұлықтауы оп-оңай.
Біз мұсылман дінін ұстанып жүргелі бері лингвоцентризм болды. Яғни, «Бір дін – Бір тіл» стратегиясы. Араб тілі болмаса, ислам жоқ. Сондықтан бұл онсыз да біздің танымда болды. Құранды арабша оқуымыз осының бір модулі. Лингвоцентризмге ілікпеген нәрсе біздің халықтың дұғалары мен бата-тілектері еді. Бірақ соңғы жылдары оны да қойып, дастархандағы дұғаларымызды арабша айтатын болдық. Тіпті өзіміздегі көркемдік пен құдайға барынша жақын сезіндіретін тілектерімізді ұмытып, араб тіліндегі дұғаларды жаттай бастадық. Қарапайым күнделікті ауыз ашып, бекітердегі дұғаңыз да арабша болып кетті. Сондықтан діни лингвоцентризмнен құтқарып тұрған соңғы бөлшегімізден де айырылдық.
Геоцентризм дегеніміз – өз анықтамаммен қарапайым түрде айтатын болсам, белгілі бір аймақты қасиетті етіп, сол жерге назар мен ниетті, ақшаны топтастыру. Біздің жағдайымызда бұл – Мекке қаласы. Бұл қала барша мұсылманның қасиетті орны. Парыздардың ішіндегі кез келген мұсылман келіп өтейтін, арнайы дәстүрлермен бекітілген парыз – қажылық. Әлгі араби идеология Қазақстанға келе бастаған кезде ЛЦ бойынша мәселе аз екенін көрді. Бірақ біздің елде геоцентризм бойынша үлкен мәселе бар еді.
Біз үшін белгілі деңгейде екінші Мекке деп саналатын Түркістан қаласы бар болатын.
Түркістан мен Арыстан баб кесенесіне барып қайту – біздің халық үшін қажылық жасаумен бірдей қасиетті нәрсе еді. Әлбетте, ол топтар үшін бұл нәрсе өте ыңғайсыз тұсы болды.
Әлқисса, біз сол діни материалдарды қарап жүрген кезде келесі бір сарындағы деректі фильмдер шыға бастады. Ол фильмдерде Түркістан мен Арыстан бабқа барып жүргендерден сұхбат алып, оларды ақымаққа балап, «Алла ғана береді ғой, мыналар ештеңе бере алмайды» деген сияқты аят тәпсірлерін беріп, бүкіл халықтық сананы жынды қылды. Тұмар сатушыларға барып, «Өзін қорғай алмаған қасқырдың тырнағы сені қалай қорғайды?» деген сияқты сауалдар қойып, әп-cәтте бәрін ақымақтыққа шығара салды.
Басында өзіміздің молдалар мен имамдар да қарсыласатын еді. Кейіннен олардың өздері мешіттерде жоғарыдағы нәрселердің исламда тыйым салынғанын айтып, әлгі топтардың сойылын соғып кетті. Дәл осылай жалғасқан медиа-жұмыстардың нәтижесінде айналдырған 3–4 жылдың ішінде тілдік және жерлік үстемдіктерімізден айырылған күйі біз араби топтардың тұзағына топ ете түстік.
Осылайша айналдырған 10 жылдың ішінде локалды дәстүрлі исламды ұстанған Түркістанға, басқа да қасиетті орындарға баратын, ата-бабасынан медет сұрайтын, әруақтарын құрметтейтін ұлттан, Түркістанға бармас, ата-бабалары медет бере алмас, әруақтары естімес халыққа айналдық. Сәйкесінше, өзіміздің локалды ерекшеліктеріміз діннен алшақтаған соң, біз глобал мұсылмандыққа жақындадық та, олардың барлық проблемалары біздің де проблемаға айналды. Ал соның салдарынан дәл қазір көпшілігімізге осыдан он жылдар алдыңғы аталарымыз үшін норма болған нәрселер біз үшін «харам» нәрселер сияқты әсер тудырып кетті. Қазір әруақтар жар болсын деп ойлаудың өзіне қорқамыз. Себебі ширк деген сөзбен санамыз әлдеқашан шіріп кеткен. Егер дәл осы қалыпта жалғасар болса, әлеуметтік эффект пен діни ахуал нашарлай түсері һәм қазақтардың ішінен терроризм саласының жұлдыздары шығарына еш дау жоқ.
Уахабтар асылып қалса да, айтыңыздар: Түркістан – қазақтың Меккесі! Жаратушы мен қазақтардың байланыс тілі – қазақ тілі!
«Мына қиын кезеңде Жаратқан жар болып, бабалар рухы медет бергей әр қазағыма!» – деп дұға етіп жүруді ұмытпаңыздар!
Michael Sherimbek