Қазақстан Республикасының президенті Қ.-Ж.ТОҚАЕВҚА
Қазақстан Республикасының премьер-министрі О.БЕКТЕНОВКЕ
Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің төрағасы Е.ҚОШАНОВҚА
Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаттары
А.АЙМАҒАМБЕТОВКЕ, Е.БАПИҒА, Ж.СҮЛЕЙМЕНОВАҒА, Н.СӘРСЕНҒАЛИЕВКЕ, М.ТОЛЫҚБАЙҒА
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Соңғы жылдары елімізде білім беру сапасын арттыру бағытында реформалар – жаңа кезеңнің бетбұрысы болды. Әсіресе педагог мәртебесін көтеру, білім мен ғылымға нақты қолдау көрсету, жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасау – ел ертеңіне салынған аса маңызды инвестиция деп қабылдаймыз.
Осы тұста ел ішінде білім саласында ерінбей еңбек етіп, нақты нәтижесімен көзге түсіп жүрген азамат Аятжан Ахметжанұлының еңбегі ескерусіз қалып, тіпті түрлі тосқауылдарға тап болуы – қоғам тарапынан алаңдаушылық тудырып отыр.
Атап айтқанда, соңғы жылдары еліміздің әр аймағында білім беру кеңістігінде ерекше белсенділік танытып келе жатқан «QAZBILIM GROUP» мекемесіне қатысты орын алып жатқан жағдайлар бізді бейжай қалдырмайды. Бұл мекеме – он жылдан астам уақыттан бері мектеп оқушыларына қосымша сапалы білім беріп, ҰБТ, пәндік олимпиадалар, халықаралық емтихандар бағытында үлкен жетістіктерге жеткен, жекеменшік мектептер желісін қалыптастырып келе жатқан бірегей білім ұжымы.
Осы уақыт ішінде:
- 13 000 оқушы ҰБТ сынағынан жоғары балл жинап, ЖОО грантын иеленді;
- Көптеген ұстаздарды жұмыспен қамтыды;
- Оқушылары шетелдік беделді университеттердің грантына ие болды;
- Бұл оқу орнының ұстаздары 240-тан астам қазақ тілді оқу-әдістемелік құрал дайындап, олар бүгінде бүкіл ұстаздардың, талапкерлердің көмекшісіне айналды.
Біз компанияның негізін қалаған Аятжан Ахметжанұлын – білім саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан белгілі маман, өз саласының кәсіби сарапшысы, елдің болашағына алаңдайтын қоғам қайраткері ретінде танимыз.
Алайда 2023 жылдың екінші жартысынан бері осы мекемеге қатысты түрлі деңгейдегі негізсіз тексерулер, қысым сипатындағы әрекеттер, шешімі түсініксіз қаулылар жиілей түскен. Әлеуметтік желідегі негізсіз ақпараттық шабуылдар мен қысымды да көзімізбен көріп отырмыз.
Мектеп талапқа сай ашылғанымен, лицензия мәселесінде кедергілер келтіріліп, жан басына қаржыландыруға бөлінген ақша уақытында төленбей, кешіктіріліп берілуінің салдарынан компания өз қызметкерлерінің жалақысын уақтылы бере алмай отыр.
Негізсіз тексерулердің нәтижесінде үш жылдан бері сапалы білім беріп келе жатқан лицейлердің жабыла бастауы – жоба авторы Аятжан Ахметжанұлының ғана емес, тұтас осы салада қызмет етіп жүрген адал азаматтар мен ата-аналардың, ұстаздардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Одан да ауыры – қаншама баланың үкілеген үміті желге ұшты.
Бұл әрекеттер мекеменің қалыпты жұмыс істеуіне айтарлықтай кедергі келтіруде. Заң аясында өз қызметін адал әрі ашық жүргізіп келе жатқан ұйымға мұндай тосқауылдар кері әсер етіп келеді.
Біз бұл мәселені тек бір мекеменің ғана емес, жалпы елдегі жеке бастамалар мен сапалы білім беруді дамытқысы келетін азаматтардың тағдыры деп қабылдаймыз. Мұндай бастамалар мемлекет тарапынан қолдау тауып, қорғалуы керек деп санаймыз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сізден осы жағдайға назар аударып, «QAZBILIM GROUP» және оның құрамындағы мектептердің қызметіне қатысты туындап отырған негізсіз тосқауылдарды жеке бақылауыңызға алып, әділетті шешім шығаруға ықпал етуіңізді сұраймыз. Бұл тек бір мекеменің ғана тағдыры емес – ел болашағына қызмет ететін сапалы білімнің тағдыры деп білеміз!
Құрметпен:
Ел болашағына бейжай қарамайтын Қазақстан азаматтары:
Мейіржан Темірбек, ШҚО, Тарбағатай ауданы, мұғалім
Айман Сағидулла, Алматы облысы, Қарасай ауданы, мұғалім
Мейрамгүл Барқазатқызы, Алматы қаласы
***
Құрметті қоғам белсенділері! Ұстаздар! Ата-аналар!
Қол қою жалғасуда.
«QAZBILIM» Ұлттық лицейлерін сақтап қалу мақсатында, Аятжан Ахметжанға және мектеп ұстаздарына, оқушыларына қолдау көрсету мақсатында жарияланған бұл хатқа қол қойғыңыз келсе, осы хаттың астына, пікірге толық аты-жөніңізді, облысыңызды, ауданыңызды және «Қол қоямын» сөзін жазып қалдырыңыз. Сілтемеге өтсеңіз, қол қоя аласыз. https://www.facebook.com/share/p/1CgPLRGgXx/