Алматыдағы Алмалы аудандық соты 26 тамыз күні өткен отырыста бес азаматқа – Нұрлан Жауылбаев, Айдар Мұбараков, Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай және Фазылжан Сыдықовқа – төрт жылдан бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Одан бөлек, бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға, партия құруға немесе саяси ұйымдарға кіруге тыйым салынды.
Сот үкіміне негіз болған айып – «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға әрекеттену». Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушылар 2024 жылдың 6 қазанына белгіленген АЭС жөніндегі референдум қарсаңында халықты толқуға шақырып, атом электр станциясына қарсы үнпарақтар таратқан. Алайда сотталушылар да, олардың қорғаушылары да бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр. «Бұл – саяси процесс. Біз тек АЭС құрылысына қарсылығымызды білдіріп, референдум күні сайлау учаскелерінде бақылаушы болуды жоспарлағанбыз. Қоғамдық тәртіпті бұзу ойымызда да болған жоқ», – деді сотталушылар өз сөздерінде.
Соттағы шикіліктер
Сот барысында айыптаудың басты дәлелі ретінде ұсынылған стенограммадан көптеген сәйкессіздіктер анықталды. Айыпталушылар: «Стенограммадағы сөздер мүлде менікі емес. Ол күні мен басқа жерде жүргенмін. Бұл жалған құжат», – деп мәлімдеді.
Сондай-ақ сот ашық жарияланғанымен, процеске қатысуға келген бірқатар журналистерге шектеу қойылды. Абзал Достияров пен Қойшыбек Мұбараков сияқты тәуелсіз тілшілер сот залына кіргізілмеді. Қорғаушылардың айтуынша, сот шешімі заң нормаларын өрескел бұзып отыр: қылмыс құрамы дәлелденбеген, нақты айғақ жоқ. Адвокат Төлеген Берліқожа: «Никаких доказательств их вины нет… Біз міндетті түрде апелляцияға береміз», – деп мәлімдеді.
Азаматтық қоғамға қысым
Бұл іс – Қазақстанда тәуелсіз соттың жоқтығы мен авторитарлы басқарудың салдарын айқын көрсеткен мысалдардың бірі. Заң үстемдігі орнықпаған елде азаматтық қоғам еркін пікір білдіре алмай отыр.
Саяси белсенділерге қысым көрсету – бүгінгі Қазақстанды Ресей мен Беларусьпен жақындастыратын қауіпті үрдіс. Бұл мемлекеттерде де сот жүйесі билікке бағынып, кез келген оппозициялық әрекет «қылмыс» деп танылып келеді. Енді осы тәжірибе біздің қоғамда да қайталанып отыр.
Халықтың еркі мен биліктің шешімі
Қоғамдық пікірге қарасақ, Қазақстан халқының басым бөлігі АЭС салуға қарсы екенін білдіріп келеді. Соған қарамастан, өткен жылғы референдумға ресми дерек бойынша «70 пайыз қолдау білдірді» деп жарияланды. Енді билік елде үш АЭС салынатынын ашық айта бастады. Халықтың алаңдаушылығын білдірген азаматтар қудаланып, саяси тұтқындар қатары көбейіп отыр.
Бұл мәселеге Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи да назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанда бүгінгі таңда 31 адам саяси тұтқын ретінде тіркелген. «Саяси көзқарасы үшін азаматтарды қамау – заңсыздық пен әділетсіздіктің белгісі. Бұл – билік пен қоғам арасындағы сенім дағдарысын одан әрі тереңдетеді», – деді ол.
Сот шешіміне туыстары қуанғанымен, қоғам бұл істі әділетсіздік деп қабылдады. Өйткені айыпталушылардың әрекетінде қылмыс құрамы жоқ, ал басты айғақ саналатын стенограммада қайшылық көп.
Авторитарлы жүйеде тәуелсіз сот болмайды. Ал тәуелсіз сотсыз азаматтық қоғам да басын көтере алмайды. Бұл үкім – тек бес адамның тағдырына қатысты ғана емес, бүкіл қазақстандық қоғамның бүгінгі келбетіне үлкен сын.
Азамат МОЛДАСАНОВ, «D»