Aлла тағала қасиетті Құранда жерге ие болып қалатындар, түпкі жеңіске жететіндер – имандылар мен ізгі іс істеген ігі құлдарым деп жазған. Алла тағаланың ең таңдаған, ұнатқан діні – Ислам, жеңіске жететіндер – мұсылмандар деген уәдесі қасиетті Құранда жазылғандықтан, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев дін мәселесін үнемі қозғап келеді.
Совет үкіметінің 70 жылғы атеизм идеологиясы талайларды дін білімінен алшақтатты. Дінсіз ғалымдар пайда болды. Тіпті кейбіреулер қазақтар дінді ұстамаған деген сөздер айтты. Дін туралы заң сұрап жатқандардың өздері діннен толық хабарлары жоқ. «Дат» газетіне «Дін мәселелері…» тақырыбында мақала жазған ғалым Саясат Бейісбайдың өзі Құранды білмейтіндігі, мешітте қандай уағыз айтылатынын білмеуі, балалардың мешітке барғанын бір сұмдық көруі, мешітке жақсы машинамен барған кәсіпкерлерді жау ма деп күдіктенуі, хиджап кигеннің тығулы бір нәрсесі бар шығар деп қауіптенуі, салафиттерді жау деуі, сақал мен террористерді біріктіруі – қоғамнан мүлде оқшауланып қалған ба, тым құрмаса мешітке барып көрмей ме деген ой туғызады.
Ал көзден басқа жерін – аузы-мұрнын, бетін жауып, хиджап кигендер күдіктенетіндей жау емес, дінге сенушілер. Олар халықтың неше пайызы? Мысалы, Үржар мен Мақаншы аудандарында аузы-мұрнын, бетін жапқан біреу көрмедім. Басқа аудандарда да осындай шығар. Қазақтың бұрынғы салтын ұстап, басын ашық қылмай, зейнеттерін көрсетпей жүргендер бар. Олар – қасиетті Құран талабымен, ежелгі қазақ ғұрпымен жүрген дінге сенушілер.
Н.Назарбаев билігінің тұсында КНБ өз беделін көтерген үлкен бір жұмыс жасап, уағыз айтып жүрген бір топ салафиттерді талқандады. Сол топта болған біздің ауылдың иманды, қой аузынан шөп алмайтын жуас, бес уақыт намазын қаза қылмайтын, шыншыл, адал, тақуа Нұрболат атты азамат та болды. Мен одан: «Ей, сендер не бүлдіріп жүрсіңдер?» – деп күліп сұрадым. Күлгенім, ол азаматтың еш уақытта теріс қылыққа бармайтынын білемін.
– Біз үкіметке зиян келтіретіндей ешқандай іс жасағамыз жоқ. Біз қасиетті Құран талабы, имандылық, адамгершілік, Аллаға құлшылық, ақирет, тозақ, жаннат туралы уағыздар айтқанбыз, – деді ол. КГБ өз беделін көтеру үшін 37-жылы «халық жауы», 45-жылы «жапон тыңшысы» деп қазақтарды қырғаны секілді, Назарбаев тұсындағы салафит тобын талқандауы да соған ұқсас, бедел үшін бе деген күмән туады.
Ислам дінінің кітабы – қасиетті Құран талабының біздің ғұрпымызбен, ұлттық ерекшелігімізбен сәйкестігіне бірнеше мысал келтірейін.
1. Қасиетті Құранда арақ ішуге, темекі, наркотик пайдалануға тыйым салынған. Біздің ата-бабаларымыз арақ ішпеген, темекі, наркотиктерді пайдаланбаған. Құран талабын, бабалар әдебін ұмытқандар зиянын шегуде.
2. Қасиетті Құранда әйелдер бастарына бүркеншік орансын, зейнеттерін көрсетпесін деген. Біздің бұрынғы барлық әжелеріміз қыз, келіншек, әйел кездерінде басын еш уақытта ашық қалдырмаған, шыт, шәлі-салы, тақия, сәукеле, кимешек, бөрік, қасаба, орамал, жаулық, бөкебай киген, мұның барлығын арабша хиджап десе болады. Құранда бүркеншік деп жазылған, біздіңше бас киім. Осы бүркеншік талабын ұмытқандықтан, нәзік жаратылған жалаңбас әйелдер суықтан, ғарыштан келетін зиянды толқындардан зардап шегуде: ринит, синусит, гайморит, бас аурулары, жүйке ауруларына ұшырайды, жалаңбас басқа толқындар әсер еткендіктен, орталық жүйке жүйесі арқылы барлық ағзаларға зиянын тигізіп, көздің, құлақтың көру, есту қабілеттері ерте нашарлайды, әлсіз, мүгедек балалар тууына әсер етеді, басқа да ауруларды ушықтырады. Зейнеттерін ашып, албаты біреулердің нәпсісін қоздырады. Нәпсісі қозғандар қараңғыда, оңашада біреулерді зорлайды, ізін суыту үшін өлтіреді.
Бөтен елге еш жерін көрсетпеу біздің беташарда сақталған. Басын түгел жабатын бас киім желек деп аталады. Жаңа түскен келін желек жамылып тұрып, ата-ене, туған-туыстарды таныған соң, мынау енді өз елің деп бетін ашады.
3. Қасиетті Құранда кісі өлтіргендер өлтіріледі, егер зәбір көрген жақ қаласа, кінәлілер құн төлейді, әртүрлі жағдайға байланысты басқа да жолдары бар. Қазақтарда қанға қан, жанға жан қағидаты болған немесе ердің құны – 100 жылқы төлеген.
4. Құран талабындай қазақтар ораза ұстаған, айтшылаған, құрбандық шалған, қажылыққа барған, пайғамбар сүннеттерін орындаған.
5. Құран талабы – мұсылмандар білімін көтеруге міндетті десе, біздің ата-бабаларымыз балаларына жас кезінен молдалардан сабақ алғызып, оқуға берген. Ертеректе барлық қазақ намаз оқи алған.
6. Қасиетті Құранда ер адам басшы, әйел бағынушы, бой ұсынушы десе, біздің ғұрпымызда бұл да сақталған.
7. Қасиетті Құранда қартайған әке-шешеге «түһ» деме, зекіме, күт десе, біздің қазақтың салтында бұл да бар.
8. Қасиетті Құранда үйленетін қызға ер азамат махр төлесе, келісіммен не төлемесе, қазақта қыздың әке-шешесіне қалың төлеген, оны қыздың жасауына жұмсаған. Төлеу, төлемеу қазақта да келісіммен.
9. Қасиетті Құран талабы үлкенді сыйлау, құрметтеу – қазақ салтында бар.
10. Қасиетті Құранда мұсылмандар бір-біріне бауыр, басқа діндегілерді кәпір десе, қазақтар осы бұйрықты ұстанған.
11. Қасиетті Құранда дінде зорлық жоқ, кәпірлер өздері тиіспесе, сендер де тиіспеңдер деген бұйрықты қазақтар ұстанған.
12. Қасиетті Құранда шындықты жақтаңдар десе, қазақ билері шындықты, ақиқатты қолдаған.
13. Қасиетті Құранда ақиқат – Алла жолында, ел қорғау, Отан қорғауда Аллаға тәуекел ет, қорықпа десе, қазақтар Аллаға тәуекел етіп, соғыстан қорықпаған. Оған дәлел – тарихтағы соғыстардағы қазақтардың ерлігі, батырлығы. Қазақ халқының салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарының қасиетті Құранмен бірдейлігінің, сабақтастығының мысалдарын әлі де жаза беруге болады, әзірше қазақтар Ислам дінін ұстаған жоқ дегендерге осы жетер. Ең маңыздысы – Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі деген мұсылмандықты білдіретін қасиетті, қадірлі сөзді ұстанғанбыз.
Мешітте айтылатын уағыздарды білген дұрыс. Меніңше, оның негізгілері: қасиетті Құрандағы Алла сөздерінің қазіргі өмірмен, уақытпен байланыстылығы, ораза, Рамазан айт, Құрбан айт, арапа күндер, қасиетті айлар, қасиетті түндер, намаз қасиеті, пайғамбар өмірінің өнегесі, бірлікке шақыру, шындықты жақтау, басшыларға қарсы шықпай бағыну, оқу-білімді үнемі дамытып отыру, адамгершілік, имандылық, хатым қасиеті, Құран сүрелерінің қасиеттері, шипа аяттары, 54 парыз, жәннат, тозақ, ақирет, т.б.
Мешіттердегі имамдардың барлығы терең білімдар деуге келмес, өйткені барлығы бірдей жоғары білім алған жоқ. Ғалымдар, философтар, жоғары білімі барлар дінге бұрылып, Құранды зерттеп, уағыз айтса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал енді Құранды оқымай, дін туралы фәлсапа айтқандардың шикіліктері көрініп тұрады. Барлық мұсылман Құран талаптарын білгені абзал.
Ол үшін, бірінші, мектептерде дін сағаттары емес, арнайы діни сабақ – мектептерге арналған оқулық кітабын оқу бағдарламасына кіргізсе, діни білімді, тәрбиені берер еді. Ел үшін жандарын қиған Алаш азаматтарының үлгісін, тәрбиесін, адамгершілігін, имандылығын жастар діни кітап арқылы бойына сіңірер еді.
Екінші. Барлық заң қасиетті Құран заңдарымен жазылса, қоғамды алға жылжытар еді. Саясат, қорғаныс мәселелерінде Алла көрсеткен жолмен нық тұру керек.
Жасөспірім балалардың мешітке барғанынан шошымай, қуану керек. Алла сөзі олардың рухын күшейтіп, жанын тазалайды. Мешіттен намазды үйренсе, алдағы өмірінде Алламен күніне бес уақыт сырласа алады, жағдайын жақсартуына, білімін арттыруына, аурудан жазылуына, қатерден сақтануына, сапарда жолы болуына, тілегінің орындалуына намаз арқылы Алладан көмек алады. Намаз арсыздықтан, қылмыстардан, жемқорлықтан, бұзықтықтан сақтайды.
Үшінші. Мешітке барғандар білімге қарсы емес. Қасиетті Құранның ең алғашқы сүресі оқы деген сөзден басталады. Білімді тез қабылдауына көмек беретін «Рабби зидни ғилман» деген аят-дұғаны берген. Бір мысал келтірейін, осыдан бес жыл бұрын Алматыда емтихан кезінде талапкер бала уайымдап, қорқып, ешнәрсе есіне түсіре алмай қиналғанын көрген әкесі 1000 км жердегі маған телефон шалды. Қасиетті Құранның бір-екі аятын оқыдым. Қолма-қол баланың жүрегі орнығып, батылдық кіріп, өзін жақсы сезініп, емтиханды жақсы тапсыруына шарапатын тигізді. Егер бала бір-екі сүре білген болса, өзі-ақ қиындықтан құтылар еді. Біз – мұсылманбыз, имандылыққа үкіметпен, мешітпен, мектеппен, діни білімі барлармен бірлесе отырып, жаппай ұмтылғанымыз абзал. Дін туралы заңнан күтеріміз осы.
Марлэс САБЫРҰЛЫ,
Абай облысы, Мақаншы ауданы