«Отан үшін отқа түс, күймейсің!».
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ
«Алла береді екі жол,
Бірі оң да, бірі сол.
Ойланыңдар, бауырлар,
Дүние қысқа, ақырет мол».
МАЙЛЫҚОЖА БИ
Ассалаумағалейкүм, Рысбек аға, Маржан апай!
Хаттарыңызды алдым. Ойландым. Бірақ райымнан қайта алмайды екенмін. Неге? Оны, Рысбек аға, басқалардан бұрын сіз жақсы түсінесіз. Беделхан досыңыз туралы тамаша мысал келтірген екенсіз. Беделхан аға жазуын көрмей, көрсе де, «су жаңа» деп ана футболканы кие салған екен. Артынан сіз айтқан соң, жап-жаңа жейдені шешіп, еш өкінішсіз жерге тастай салған екен. Дұрыс істеді. «Әй құрдас, саған не болды шүберекке шүйлігіп? Осыған бола асымнан аттап кетсең, өзің біл!» – деп қатып қалған жоқ. Өз қателігін түсінді. Ойламаған жерден «ұрылар партиясының» қолдаушысы бола қалғанына қысылды. Сосын шешіп тастады.
Есік-терезесі картон жәшікпен жабылған автозакқа тиеп, ішіне «калашниковпен» қаруланған қызметкерлерді толтырып, Талдықорғаннан тал түсте ұрлап алып шықты. Мені шатастырмақ болды ма, әйтеуір бірнеше жерге аялдап, ақыры түннің ортасында вокзалға келіп тоқтады. Вагонның дәл алдына. Далада қаптаған солдаттар, мойындарында калаштар, арсылдаған неміс овчаркалары. Сол жерде білдім, мені Қызылордаға № 60 мекемеге апарады екен. Алдындағы маған көрсеткен екі құжат ше? Мұның алдында мөрі бар, қолы бар екі құжат көрдім емес пе? Біреуінде Заречный, екіншісінде Алматыдағы № 72 (ТИ-18) еді десем, автозак ішіне кірген әскери «оны білмедім» дегендей екі иығын көтерді.
Терезесі жоқ вагонда мені жеке купеге қамады. Ішінде әжетханасы бар екен. «Дүке, сізге вип-купе» деп қалды бір сарбаз. Мазақ қылғаны ма, әлде шын айтты ма, білмедім. Сол «вип-купеде» бір тәуліктей отырдым. Алдыңғы екі өтіріктерінен кейін үшіншісіне сену қиын. «Осылар мені бірден Магаданға апарып тастамаса керім» деп ішімнен ойлап қоямын. Пойыз тоқтаған сайын құлақ түремін. Стансада саудаласып тәтелерім жүр, «Мәнті аласың ба? Тандыр нан бар», – деп қояды. Яғни, мен әлі ел ішіндемін. Сосын алақандай 7–8 параққа «Мен Думан Мұхаммедкәрім. Саяси тұтқынмын. Мені пойызбен ұрлап барады. Адвокатыма, ата-анама хабар берулеріңізді өтінемін», – деп жазып, пойыз тоқтаған сайын бір-бірден жерге тастап отырдым. Сөйтіп, бір тәулікке жақын уақыт өтті.
Вагонда менен басқа тағы 10–15 адам бар еді. Жолда Шымкент пен Таразда біраз адамнан түсірді, біраз адам тиеді. «Қызылордаға келдік» – деген сыбыс естідім. Мені шынымен түсіріп алып қала ма, әлде әрі қарай алып кете ме? Пойыз тоқтады. Тағы да арсылдаған иттердің даусы естілді. Мені тамбурға шығарып, есікті ашқанда, беттері әппақ қудай боп, екі көздері бақырайып маған қарап тұрған қызметкерлерді көрдім. Вагонның есігі, оның арғы жағында автозак есігі ашық тұр. Автозак артынан жылт-жылт етіп көк шам ойнақтап тұр.
Осы жерде, Рысбек аға, Маржан апай, – сіздерге өтірік, маған шын, мен қас қағымдай сәтке фантастикалық портал арқылы басқа бір әлемге өтіп кеткендей болдым. Әлгі жарқыраған көгала шамдар айқұш-ұйқыш аспанға түсіп тұр екен. Аспан толған ұшақтар. Ұшақ болғанда да, қазіргі заманның емес. Алдында пропеллері бар. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ лизингпен Кеңес Одағына берген шабуылдағыш ұшақтар. Б‑ррр, б‑ррр етіп ұшып өтеді. Олардың ар жағында бір-екі дирижабль тұр дөңкиіп. Бомба сүзіп қалатын торлары салақтап тұр. Жалт-жұлт етіп ойнақтап жүрген шам енді көгілдір емес, сарғыш түс беріп тұр екен. Ойнақтаған шам менің үстіме түсті. Үстімде мен Талдықорғаннан шыққанда болған өз киімім емес, пижамаға ұқсас сүт түсті кебенек, қолымда құлыпқа ұқсас кісен. Оның ұзын шынжыры аяғымның басына дейін салақтап тұр. Аяқта да кісен. Екі кісен әлгі ұзын қара шынжырмен жалғаулы. Мен аттаған сайын, әлгі сылдыр-сылдыр етеді. Алдымда автозак емес, кабинасы фанер машина. Артында үсті ашық арба. Көлік пен мен шығып келе жатқан вагон ортасында бір тақтай жатыр. Сылдыр-сылдыр сол көпірдің үстімен өтіп бара жатсам, ауыздарынан сілекейлері ағып овчаркалар арсылдап тұр. Қасында бастарына буденовка қалпақ киген солдаттар мен фуражкаларында орақ пен балғасы бар офицерлер. Бәрі қазақтар. Бәрінің көзі тесіліп маған қарап тұр. Мен олардан емес, олар менен қорқып тұрғандай. Тақтай көпірден өтіп болып аттағанымда, автозак ішіне кірдім. Жаңағы елестің бәрі сол сәтте жоқ болды. Қолына калаш ұстаған ХХІ ғасырдың, «Жаңа Қазақстанның» полицейлері мен әскерлері шыға келді. Бағанағының бәрі елес болды дейін десем, екі аяғым тастай суық темірді сезеді. Кісендер жоқ. Алайда екі тобығым темірге қажалғандай ауырып тұр.
Бір автозакқа мені жалғыз отырғызды. Вагонда қалған 5–6 жігітті басқа автозакқа тиеп жатқанын естідім. Менің қасымда Талдықорғаннан бірге келе жатқан екі түрме қызметкері және қолына СВД винтовкасына ұқсайтын ұзын калашников автоматын ұстаған бір әскери шамдарын жарқыратып, анда-санда «иу-қиу» деп бажылдап, бір полиция көлігі келеді. «Әй, мынау мен үшін мазақ қой. Біздің алдымызға бір-ақ көлік салғаны несі?» – деп мен әзілдедім.
Сөйтсем, Талдықорғаннан бірге келе жатқанның біреуі: «Саспаңыз, Дүке, екі автозакты төрт көлікпен күзетіп келе жатыр», – дейді. – Е, бәсе, өйтпесе бола ма? – дедім.
Түрмеге жеткенімде тастай қараңғы түн. Есіктің алды мен ғимарат іші толған қызметкерлер. Көбісі қаруланған. Міне, сол кезде мен «түрмеде робо кимеймін» – деген сөзімді ұмытып кетіппін. Ішімнен ойлап қоямын «пішіні келмес немесе ескі киілген робо берсе ауыстырыңдар» деуім керек деп. Үсті-басымды, сөмкелерімді тінтіп болған соң, басқа бөлмеге кіргізді. Басты тақырлап қыратын шаштараз-сымақ бірдеңе екен. Сол жерде айнадан өзімді көрдім. Өзімді көрдім де, бірден есіме түсті. Міне, осы кезде Абдулла Убайдаев дегенмен бірінші рет сөзге келіп қалдым. «Тыр жалаңаш жүрейін, роболарыңды кимеймін», – деп қаттым да қалдым. Артынан мекеме басшылары, облыс прокурорының орынбасары және мені әбден қажытқан ҚАЖД басшыларымен әңгіме-дүкен өтті. Бір түсінгенім, бұлардың қайсысы болсын, маған жала жабылғанын, заңсыз, әділетсіз сотталғанымды, бір сөзбен айтқанда, саяси екенімді біледі. Мойындайды. Қысым болатынын астарлап жеткізіп, алдын ала кешірім сұрайды. Ондай әңгімелер Қапшағайда, Талдықорғанда және Өтеген батыр кентінде бірнеше рет болған. Әттең, осы әңгімені бір жанашырым естісе ғой деп ойлаушы едім. Сізге де айтқан екен.
Сізбен кездескен шенділердің мені Нельсон Манделадай нар тұлғамен салыстырғанынан бұрын менің саяси көзқарасыма бола қудалауда жүргенімді мойындағандары қуантты. Соны сізге айтып қалғандары тіптен жақсы болды. Бұған дейін де талай мойындалды, әрине. Тіпті бұрынғы ақпарат министрі де бүкіл журналистерге «Думанның ісі саяси» деп айтып қалған еді. Енді осыған ұқсас бірдеңкені 02, яғни тәбәріш Такаев айтса ғой шіркін…
Әңгіме Беделхан досыңыздан басталды ғой. Мен де сол құрдасыңыз сияқты аңғармай, ұмытып кетіп, робоны киіп қоя жаздап едім. Егер айнадан өзімді көрмегенде, киіп алуым да мүмкін еді. Киіп қойсам кеш болар ма еді. Олай бола қалған жағдайда бірінші болып Ақорданың өзі бетіме басатын еді. «Әне, айыбыңды да, үкіміңді де мойындамаймын деген Думандарың робо киіп, әжетхана жуып жүр. Бостандықтағы активист түрмеде де «активист». Жақында жақсы мінез-құлқы, момындығы үшін бір-екі мақтау алады. Сосын колонка, артынан «шын өкінгені үшін бостандыққа жіберуіміз мүмкін» десе – не болды? Түрмеде «активист» деп ешкілерді, яғни қызметкерлерге қызмет ететіндерді айтатынын бәрі біледі. Мұндай әңгіме тараса, басқасынан бұрын мен өзім айтатын едім – «Думан, түрмеде сүмірейетініңді білсең, бостандықта несіне күшейіп жүрдің? Сен де екіжүзді екенсің ғой. Робо киген күні сен өзіңнің кім екеніңді, барып тұрған Ақордашыл ТЖ-да КЖ-да өзің екенсің. Арын шүберекке айырбастаған тряпкі, ер емес, ез екенсің» – деп мен өзім айнадағы өзіме түкіретін едім.
Билікте отырған ұрылардың маған неге робо кигізгісі келетінін түсінген боларсыздар. Шындығына келгенде, мен оны кимегенім үшін жазамды алып, карцерден шықпай жатқаныма сегізінші айға кетті. «Робо кимесе кимеді. Сол үшін карцерде отыр» деп қоя салса болатын еді ғой. Жоқ, олар қоймайды. Робо кимегеннен бөлек аты-жөнін атамады, жатпайтын кезде жатты, отырмайтын кезде отырды, – деген сияқты ондаған жазалар мен ескертпелер берді.
Рысбек аға, Маржан апай, бұларға Думанның робо кигені керек емес. Оларға менің кішірейіп, істемегенді істедім деп, заңсыздықтың бәрін заңды дегенім, Мұхтар Әбілязовтан бастап, бүкіл оппозицияны қаралап, Ақорданы мақтағаным керек. Осы мақсаттарына жету үшін олар робо, әжетхана жуу сияқтының бәрін іледі. Оларға көнсем, яғни робо кисем, басқасын табады.
Сіздің хатпен бірге алматылық белсенділерден 20 жолдау келіпті. Сол жерде бүкпесіз бүкіл ойымды ашық айтуға тырыстым. Оқып көріңіздер. Түсінесіздер деп үміттенемін. Егер компьютермен теріп, әлеуметтік желіге жариялаймын, газет-жорналға шығарамын дегендер болса, қуана-қуана келісімімді бердім. Бір өтінішім – жұмсартпай, қаз-қалпында шығарсаңыздар екен.
Отан үшін отқа түсуге дайынмын, егер соғыста (Алла бетін әрі қылсын) болсам. Алайда мен түрмедемін. Түрмедемін, бірақ қылмыскер емеспін. Қылмысым біреу. Ол – Ақиқат. Ақиқат үшін бәріне дайынмын.
Мақтанды деп сөге көрмеңіздер. Бірақ мен шынымен бұлардың түрмесінен, «ұрғызамыз, тестіреміз» деген қорқытуларынан да қорықпаймын. Жапқан жалаларынан да, заңсыз соттарынан да қорықпаймын. Мен қорқамын Алладан ғана. Ақыретке ақ болып барсам болды. Бұл – менің өзім таңдаған жол!
Ініңіз Думан МҰХАММЕДКӘРІМ,
Қызылорда, № 60 мекеме, № 2 карцерден 27.06.2025 ж.