Табыстың көзі ретінде тауық өсіру – көптеген кәсіпкерлерді қызықтыратын тақырып. Бір жағынан, бұл әсіресе ауылдық жерлерде өз ісін бастаудың салыстырмалы түрде арзан және қолжетімді тәсілі. Екінші жағынан, оны табысты жүргізу үшін де көптеген дағдыларды меңгеру және белгілі бір қиындықтарға дайын болу қажет.
«Әлима» шаруа қожалығының иесі Рашид Рысқұловты «орта деңгейдегі» кәсіпкерлер санатына жатқызуға болады, алайда бүгінгі таңда оның бизнесі анағұрлым ауқымды. Шаруашылықта 7 мыңға дейін түрлі тұқымды тауықтар мен бөденелер, сондай-ақ 80 бас ірі қара мал бар.
Рашидтің өзі – бұрынғы әскери қызметші, Конев атындағы әскери академияны бітіріп, Қапшағай гарнизонындағы № 58012 әскери бөлімде біраз жыл қызмет еткен. Бірақ әскери тәртіпке сай үнемі жауынгерлік дайындықта жүретін, айлығы оған сай емес ауыр қызметтен шаршап, «еркін нан табатын» бизнеспен айналысуды ұйғарыпты.
Өмірлік жары Әлима болса – балық өндірісінің технологы мамандығын меңгергенімен, оған сұраныс болмай, талай жерде табылған жұмысты істеп нәпақа тауыпты. Содан да болар, жолдасы «өз кәсібімізді ашайық» дегенде, бірден қолдау көрсетеді. Сөйтіп, өздері тірнектеп жинаған 85 миллион теңгеге отбасылық жұп Қайнар ауылдық округіне қарасты Жалғамыс ауылынан 42 гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жер сатып алады.
Қожайындардың айтуынша, олар сатып алған жер телімі қуатты, құнарлы алап екен. Оған дейін мұнда ел ағасы Дінмұхамед Қонаевтың фазендасы болған көрінеді. Онда қырғауылдар өсірілген, жылыту қазандығы мен электр қуатын жеткізетін қосалқы станция болған. Қазір ол көп күтімді қажет ететін жалаңаш дала. Сондықтан да оның қазіргі қожайындарының алдында жерді мақсатына қарай қалай пайдалану керектігі туралы мәселе туындайды. Бірақ бұрын бұл жерде қырғауыл өсірілгендіктен, олар бірден соған ұқсас кәсіп – тауық өсірумен айналысамыз деп шешеді. Әрине, бизнесті бастаудың алғашқы кезеңінде біраз шығын шығаруға тура келеді: құс өсірелетін қораны жабдықтау, қажетті құрал-сайман, жем-шөп, құс басын сатып алу – осының бәріне қомақты қаржы салынады.
Кәсіпкер ә дегенде 10 гектар жерге құс фермасын салып, жұмыртқа өндіретін 850 бас тауықты күтіп-баптайтын сарай орнатты. Екінші бөлігінде 700 бөдене, ал соңғысында 2 мыңнан астам бройлер тұқымды балапан өсіремін деп шешті. Шаруашылықта тек екі қосалқы жұмысшы ғана жұмыс істейді, олар тауықтарға арналған азықты өсіреді және дайындайды.
– Біздің беретін азықтарымыз көбінесе табиғи, біз тауықтарға жүгері, жоңышқа, арпа, соя шпроты, күнбағыс күнжарасын береміз, – дейді құс фермасының иесі.
Кәсіпкер өз жерінде жем-шөп дақылдарын өсіргісі келеді, бірақ, өкінішке қарай, тиісті техника мен жұмыс күші қажет. Ферма алыс орналасқандықтан, ешкім де шаруашылыққа жалданып жұмыс істеуге барғысы келмейді. Бұл жеке кәсіп иесі үшін ең үлкен, ауқымды мәселе. Жалпы барлық жұмыспен дерлік Рашид өзі айналысады. Сол себепті көп уақытын құс фермасында өткізеді, азық әкеледі, құстарды күтіп ұстау, жағдайының жайлы болуын қадағалайды. Ал өндірілген өнімдерін Алматы базарларына көтерме сауда арқылы өткізеді және бөлшек саудада сатады.
– Бизнестің бұл түрімен айналысу – қиын, бірақ кірісі мол іс. Құстардың аз санынан бастап, өндірісті біртіндеп кеңейтуге болады. Өйткені өнім ешқашан өтпей қалмайды. Жұмыртқа мен тауық еті, бөдене – нарықта әрдайым сұранысқа ие. Жалпы, өз кәсібімізді ашуға 250 миллион теңге жұмсалды, бірақ бұл салынған қаражат әрдайым өзін-өзі ақтайды. Келешекте бизнесті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер. Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ