Еліміз егемендік алып, аяғына тұрып, өз тағдырын өзі шеше бастағанына 34 жыл толғалы тұр. Осы уақыт ішінде қандай жетістікке жеттік, халқымыздың болашағына, қоғамымыздың дамуына ерекше әсер ететін қандай мәселелерді шеше алдық деген сұрақ ұлтына шын жаны ашитын әрбір отаншыл азаматты ойландыратыны сөзсіз. Әрине, экономика, әлеуметтік мәселелер бойынша көп іс атқарылғаны сөзсіз. Ол жөнінде билік өкілдері де, тиісті салалардың мамандары да күнделікті айтып жүр. Бұл мақалада олардың бәрін айтып, қайталап жату артық. Оның орнына біз бүгінгі күні қоғамымызды, оның әрбір мүшесін толғандыратын және осы жылдар ішінде айтарлықтай жетістіктерге жете алмаған, керісінше, егемендікке дейінгі деңгейімізден төмендеп кеткен проблемалық мәселенің бірін көтеруді жөн көріп отырмыз. Ол – бүгінгі күнгі мектептің, жалпы елдегі білім беру саласының жағдайы мен сапасы.
Қоғамда білім берудің сапасы жөнінде әңгіме көтерілгенде, көбінесе бүгінгі жағдайды өткен кеңес үкіметі кезіндегі жағдаймен салыстыруға тырысамыз. Көпшілігіміз сол баяғы кеңес үкіметі кезіндегі білім беру саясатының дұрыстығын, білім сапасының жоғары болғандығын айтып жатамыз. Тіпті кейбіреуіміз біздегі білім беру деңгейі әлемде алдыңғы қатарда болды деп мақтанышпен де, сағынышпен де еске аламыз. Мүмкін, ол сөздің де жаны бар шығар. Сол 70-жылдардың мектеп бітірушісі ретінде мен өзім де ол пікірге ішінара қосыламын.
Бірақ сол жылдары ғылым жетістіктері, техникалық прогресс бойынша кеңес үкіметі батыс елдерімен салыстырғанда 40–50 жылдай артта қалғанын ескерсек, біз өзіміздің білім беру сапасын бағалауда артықтау кеткенімізді мойындауымыз керек. Десек те, ол кездегі білім берудің белгілі бір тұрақты да нәтижелі жүйесі болғаны сөзсіз. Ол – көп жылдар бойы сынақтан өткен, біздің қоғам жағдайында өзінің өміршеңдігін дәлелдеген жүйе болатын. Сол жүйеге сәйкес, елімізде мұғалім кадрларын дайындайтын жоғары оқу орындары болды. Солар республикадағы мұғалім кадрларына деген сұранысты толығымен қамтамасыз етті, әрі елде басы артық, жұмыссыз жүрген мұғалімдерді де байқаған емеспіз. Өйткені ол кезде жоспарлау органдары оның бәрін реттеп отыратын. Мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай жоғары болды деп айта алмаймыз, бірақ лайықты деңгейде болатын. Ең бастысы – ол кезеңде қоғамда мұғалімдердің беделі жоғары болатын. Мұғалімнің айтқаны шәкірт үшін де, ата-аналар үшін де заң еді.
Өткенді еске ала отырып, біз сол кездегі ұстаздардың тек қана пән маманы ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан тәрбиеші де болғанын атап айтқымыз келеді. Жетістіктерімізді мақтайтын, ал тәртіп бұзғанда, шектен шыққан кезде сазайымызды да тарттыратын. Біз өз кезегімізде үйге келгенде ата-анамызға ұстаздарымыздың үстінен арыз айтпайтынбыз. Өйткені арыз айта қалсақ, ата-анамыздан екінші қайтара таяқ жейтінбіз. Ата-аналарымыз да ешқашан мектепке барып мұғалімдермен «разборка» жасамайтын. Мүмкін, мен біздің кезіміздегі ұстаздар мен шәкірттер арасындағы қарым-қатынасты тым әсірелеп жіберген болармын, жоғарыда айтылғандарға сәйкес келмейтін бірлі-жарым жағдайлар да орын алған шығар. Бірақ ондай ахуалдар өте сирек кездесетін.
Тағы бір айта кететін жайт – ол кездері мектептің озат бітірушілері мұғалім мамандығын алуға тырысатын. Шамасы келгендер жоғары оқу орындарына, өз деңгейімен санасатындар педагогика училищелеріне баратын. Бірақ ол уақытта аталған оқу орындарына қабылдау талаптары да өте жоғары болатын. Бір сыныптағы 25–30 бітірушінің бес-алтауы жоғары оқу орнына түссе, ол өте жоғары нәтиже деп есептелетін. Нәтижесінде мектепке жоғары біліммен жоғары сапалы маман оралатын. Мектепке жұмысқа келген жас маманға сол кездегі тәртіп бойынша мектепте көптен істейтін тәжірибелі ұстаздардың бірі тәлімгер ретінде бекітілетін. Тәлімгер ұстаз жас маманды көп жылдар бойы өзі жинақтаған жұмыс тәжірибесімен, ұстаз мамандығының қыр-сырымен таныстыратын. Ұстаздың сыныптағы оқушылар алдында өзін қалай ұстау керектігін, қандай жағдайларда шәкірттерді қолпаштап, ал қандай жағдайларда оларға ұрысып алу қажеттігін, шәкірттердің ата-аналарымен қандай қарым-қатынаста болу керектігін нақты үлгілермен түсіндіріп отыратын. Соның арқасында ол кездегі мұғалімдер бүгінгі жас мұғалімдер жіберіп жүрген қателіктерден аулақ болатын.
Ал енді білім беру саласының бүгінгі ахуалына келетін болсақ, ол көңіл көншітерліктей емес. Ондай жағдай бір күнде немесе бір жылда қалыптасқан жоқ. Бұл ахуал көп жылдар бойы үкімет тарапынан, мемлекеттік өкілетті орган – ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жіберілген жүйелі қателіктердің нәтижесі десек, артық айтқандық емес. Білім беру саласының осындай жағдайға келуінің себептері өте көп. Олардың негізгілерін ғана атап көрсетейік.
Бірінші себеп немесе қателік – ол өкілетті министрлік басшыларының жиі ауысуы және соған байланысты осы саланың дамуына бағытталған, әр министрдің кезінде қабылданған бағдарламалар мен реформалардың қарама-қайшылықтары. Жаңадан келген әр министр өзінің қызметін бұған дейінгі қалыптасқан жүйені бұзып, саланы қайта реформалаудан бастауды әдетке айналдырды. Әрине, белгілі бір мөлшерде реформа жүргізу қажет те шығар, бірақ реформа дегенді әуелі бірнеше білім беру мекемесінде немесе аймақта, пилоттық режимде, эксперимент есебінде жүргізіп, ол оң нәтиже көрсетсе ғана жалпыға тарату қажет емес пе?! Сонымен қатар ол реформаны іске асыру бағдарламасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, оны талқылауға бүкіл республика жұртшылығы, оның ішінде бірінші кезекте қарапайым мұғалімдер қатысуы тиіс емес пе?!
Қандай да бір реформаның іске асуының басты кепілі – ол реформаның атқарылуына қажетті қаржылық және материалдық ресурстармен қамтамасыз етілуі. Соңғы жылдары жүргізілген реформаларды іске асыру барысында осы айтылғандардың көбісі ескерілмеді немесе формалды түрде, жабық негізде өткізілді. Бір ғана мысал, қазіргі кезде жалпы білім беру жүйесіне енгізіліп, пайдаланылып жүрген, халық арасында «обновленка» деп аталған жаңа оқу жүйесінің іске асырылу тәжірибесін айтсақ жеткілікті. Сонау батыс елдерінде қалыптасқан оқу бағдарламаларын немесе жүйелерін әкеліп, біздің жағдайымызға икемдемей, сол күйінде қолданысқа енгізу – үлкен қателіктерге ұрындырары сөзсіз. Оның үстіне бізде кез келген жаңа нәрсені қажетті жағдайлармен қамтамасыз етпей, жарым-жартылай қолданысқа енгізу әдетке айналған. Мектепте көп жылдар бойы істеп келе жатқан практик мұғалімдердің пікірінше, «обновленка» жалпы негізі жақсы оқу жүйесі, бірақ ол жүйені қолданысқа енгізумен қатар, оның материалдық, басқа да ресурстармен қамтамасыз ету мәселелерін шешпесе, ол тиісті нәтиже бермейді, қайта ол жаңа оқу жүйесіне деген сенімсіздік туғызады. Ол жүйе республикада талантты балалар оқитын «Назарбаев зияткерлік мектептерінде», «Мирас», «Дарын», «Білім инновация лицейі» секілді оқу орындарында жақсы нәтиже беруі мүмкін. Бұл оқу орындары барлық оқуға қажетті қаржылық-материалдық ресурстармен, ең бастысы – жоғары білікті мұғалім мамандарымен жасақталған. Әр оқу класында оқушылар саны 20 баладан аспайды. Бейінді пәндер бойынша сыныптар топтарға бөлінеді және сабақ жүргізуге мұғаліммен қатар, оның көмекшісі немесе бапкер қатысып отырады.
Ал бүгінгі күнгі жалпы білім беретін мектептерде осындай жағдайлар бар ма? Кластардағы оқушылар санының шамадан тыс толықтығы (30–35 баладан), үш ауысыммен оқу режимі, қаржылық-материалдық ресурстармен жеткілікті қамтамасыз етілмеуі, мұғалімдердің біліктілігінің төмендігі – осының бәрі жинақтала келе, кез келген реформаны жоққа шығарады. Қай салада болмасын, қандай да бір жаңалық енгізілерде, бәріміз білетін «нұқсан келтірме» медициналық қағидаты негізге алынуы қажет. Сонымен қатар соңғы жылдары жалпы білім беру мектептерінде инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген. Нәтижесінде мектептерде қалыпты балалармен қатар ерекше сипаттағы балалар, нақтылап айтсақ, ақыл-ой қабілеті кенжелеп қалған балалар қатар оқиды. Бұл дегеніңіз – мұғалімге қосымша жүктеме беретін, өзі шектеулі уақытты одан әрі шектейтін жағдай. Оқу жүйесін реформалау барысында осы факторлардың бәрі жеткілікті деңгейде ескерілмегенін баса айта кеткен жөн.
Жалпы, осы оқу процессін реформалау кезіндегі Оқу-ағарту министрлігінің кейбір мағынасыз шешімдерін қарай отырып, оның авторларының жауапкершілігіне күмәндана қарайсың. Сондай шешімдердің бірі – мектеп шеңберінде үш тілділік принципті енгізуге байланысты кейбір пәндерді ағылшын тілінде жүргізу мақсатында физика, химия, тағы да басқа пәндердің мұғалімдерін үш айлық дайындық курстарынан өткізу. Ағылшын тілін тек қана тұрмыстық деңгейде үйрену үшін, оны жылдап оқу керек, ал жоғарыда аталған пәндерден ағылшын тілінде сабақ беруді үйрету үшін қанша уақыт керек?! Тек қана осы пәндер бойынша кейбір терминдерді шәкірттерге ағылшын тілінде аударып беру үшін, осыншама ауқымды оқу-семинарлар ұйымдастыру, бюджеттің қомақты қаржысын жұмсау қаншалықты дұрыс шешім?! Бұл не, министрліктің «жауапты» қызметкерлерінің кезекті «жауапсыз» іс-қарекеті ме, әлде елдегі білім беру саласын реформалау жұмыстарын жоққа шығаруға бағытталған қаскүнемдік пе? Мұғалімдерді осы секілді курстарда оқытуға және одан кейін ол мұғалімдердің жалақысына қосымша ақы төлеуге мемлекеттік бюджеттен бірнеше жүздеген миллион теңге қаражат жұмсалатынын ескерсек, бұл шешімнің негізінде тек қана жауапсыздық емес, қылмыстық ниет те жатқанын аңғару қиын емес!
Ел мектептеріндегі білім беру сапасының құлдырауының тағы бір басты себебі – мектепке жоғары оқу орындарын бітіріп келіп жатқан жас мамандардың көпшілігінің білім дәрежесінің нашарлығы. Ал оның негізгі себебінің бірі – педагогикалық жоғары оқу орындарында мұғалім мамандықтарына қабылдау талаптарының әбден төмендегені. Бүгінгі күні мұғалім мамандығын кім таңдайды – экономика, заң саласы мамандықтарына, тым болмаса инженерлік мамандықтарға өте алмағандар, Бірыңғай ұлттық тестілеуде төмен балл алғандар немесе тестілеу табалдырығынан өте алмағандар. Грант ала алмағандарға коммерциялық бөлімдердің есігі айқара ашық, ақша төлеген кез келген талапкер, білім деңгейіне қарамастан, студент мәртебесіне ие бола алады. Нәтижесінде жас мұғалімдердің басым көпшілігі біліктілігі бойынша да, психологиялық тұрғыдан да ұстаз деген жоғары мәртебеге сай келмейді. Бүгінгі күнгі жас мамандардың көбісі өздерін ұстаз есебінде сезінбейді, атқарып жүрген қызметін тек жалақы алатын, күнкөріс көзі ретінде ғана қабылдайды. Істеп жүрген жұмыстары көңілдеріне жақпағандықтан, олар ізденбейді, оқу процесін жақсартуға, қызықты өткізуге тырыспайды және ең бастысы – оқушылармен қажетті қарым-қатынас орната алмайды.
Біздің бақылауымызға және оқушылардың пікіріне сүйенсек, жас мұғалімдердің көпшілігі сабақ өткізу кезінде сыныпқа тапсырма беріп қойып, өздері ұялы телефондарына шұқшиып отырады немесе шығып кетіп, өздері сияқты әріптес мұғалімдермен әңгіме соғып тұрады. Тағы да ертеректегі, 60–70-жылдардағы ұстаздардың жұмыс тәжірибесін еске түсірсек, ол кездегі мұғалімдер 45 минут бойы сабақты аяқтарынан тік тұрып өткізетін. Парта қатарларының арасымен әрлі-берлі жүріп, оқушылардың тапсырманы қалай орындап жатқанын тексеріп, бірімізге ескерту жасап, біріміздің басымыздан сипап, әйтеуір әрқайсымызға тиесілі көңіл аударып отыратын. Осы айтқанды қорытындылай келе түйгеніміз – бүгінгі күнгі жас мұғалімдердің басым көпшілігінің біліктілік деңгейінің төмендігі, өздерінің атқарып жүрген қызметіне деген қызығушылықтың жоқтығы, олардың ұстаз атты жоғары мәртебеге сәйкес келмеуі еліміздегі білім беру саласын мүшкіл жағдайға әкеліп соғуда.
Осындай жағдайдың қалыптасуының тағы бір басты себебі – ол республикадағы білім беру саласының материалдық базасының нашарлығы, мектептердің және оқушы орындарының жетіспеушілігі. Жоғарыда айтылғандай, еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің көпшілігі оқушыларға шамадан тыс толы, мектептердің басым көпшілігі үш ауысымды режимде жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы органдар осы бағыттағы жұмыстарды алдын ала жоспарлай алмайды, ал жоспарлаған күннің өзінде бүгінгі күні еліміз басынан өткеріп жатқан «бэбби бум» мен миграция процестері ескерілмейді. Нәтижесінде елімізде мектеп жасындағы балалар саны геометриялық прогрессия бойынша өсуде, ал мектептер мен оқушы орындарының саны оған ілесе алмай, кенже қалып отыр. Қала немесе ірі елді мекендерді салудың бас жоспары бекітілерде, оның құрамында барлық әлеуметтік бағыттағы нысандар (мектептер, бала бақшалар, ауруханалар, т.б.) көрсетілуі тиіс. Қаладағы адам санының өсуіне байланысты бас жоспарға әлсін-әлсін тиісті өзгертулер енгізілуі қажет. Іс жүзінде осы талаптар орындала ма? Оған біздің үлкен күмәніміз бар.
Білім беру сапасының бүгінгі күні сын көтермейтін ауыр жағдайға келуінің тағы бір себебі – ол жергілікті тиісті департаменттер мен бөлімдер тарапынан мектептерден оқушылардың жоғары үлгерімін негізсіз талап ету болып отыр. Өз кезегінде мектеп басшылары да қарапайым мұғалімдерден тек қана жоғары көрсеткіштерді, көп жағдайларда оқушының білім деңгейіне сәйкес келмейтін, әділетсіз бағалар қоюды талап ету әдетке айналған. Бүгінгі күні көптеген мектеп басшылары оқушыларға «екілік» түгел, «үштік» баға қоюға ұстаздарға бейресми түрде тыйым салады. Ал ондай жағдайға көнгісі келмейтін, әділетті, принципті мұғалімдер көбінесе әкімшілік қысымға ұшырап жатады. Әрине, жоғары үлгерімді талап ету қажет, бірақ сондай жақсы көрсеткіштерге жетудің дұрыс, әділетті жолы қандай? Бүгінгі күні мектеп басшылары осы проблеманы шешудің ең оңай жолын таңдаған сыңайлы. Біздің ойымызша, мектептердің білім беру деңгейін анықтайтын рейтингтің басты өлшемі – ол мектеп оқушыларының әртүрлі олимпиадалар мен білім сайыстарына қатысып, оларда жеңімпаз атануы деп есептейміз.
Ұстаздардың мәртебесі туралы көп әңгімелеудің қажеті жоқ, өйткені бұл мәселе осы бағыттағы заң жобасы ұсынылғанда қоғамның жіті назарында болып, үлкен талқылаудан өтті. Оның барысында көптеген қажетті, пайдалы ұсыныстар, кеңестер айтылды. Бірақ, өкінішке қарай, олардың көбісі қабылданған заңнан өз орындарын таппады. Соған қарамастан, ұстаздар заңнамалық негізде арнайы мәртебеге ие болды. Осының өзі ұстаздар үшін үлкен жетістік деп есептейміз. Үкімет тарапынан, Оқу-ағарту министрлігі тарапынан күтілетін ендігі бір үлкен шаруа – осы заңның талаптарын іске асыру. Өйткені талай жақсы-жақсы заңнамалық құжаттардың қағаз жүзінде қалып қойғаны біздің жадымызда. Қазір уақытты босқа жібермей, сол заңға ілесіп жүретін, заңды орындауға қажетті ережелерді қабылдау қажет. Біз тек осы заңның қаншалықты ұстаздар өміріне жақсы да, жағымды өзгерістер әкелетінін үміттене күтеміз.
Бір ғана қосымша айтарымыз – ұстаз қоғамда өзінің лайықты мәртебесіне ие болмай, тек қана білім беру саласында ғана емес, бүкіл қоғамдағы жағдай жақсы жағына өзгермейді. Апатқа ұшырап жатқан ұшақтар, салынып бітпей жатып қирап жатқан тұрғын үйлер, дәрігердің қателігінен ота үстелінде өмірден кетіп жатқан қыршындар – осының бәрі елдегі білім беру саласының құлдырауының нәтижесі. Осыны әрқашан Үкімет басшылары, жергілікті әкімдер, білім беру саласының басшы қызметкерлері есте ұстаса екен дейміз!
Сәмет ЫҚЛАСҰЛЫ, Ақтау қаласы