Кеңестік Қазақстанда ұлттық санаға орын аз еді. Бірақ дәл сол тар кеңістікте үш ірі тұлға – саясаткер Дінмұхамед Қонаев, жазушы Ілияс Есенберлин және ақын-зерттеуші Олжас Сүлейменов – ұлт рухын сақтап қалудың ерекше үлгісін көрсетті.
Қонаевтың саяси ерік-жігері жай ғана шаруашылық жетістіктерімен өлшенбейді. Ол қазақ жастары мен зиялыларына жол ашып, ғылым мен өнерге қолдау көрсетті. Сол қолдау болмаса, 1937–1939 жылдары «Халық жауы» деген айыппен Қарлагта жазасын өтеген Есенберлин Қонаевтың тұсында «Қазақфильм» киностудиясына (1962−67) директор бола алмас еді, 1967–1971 жылдары Қазақстанның басты баспасы «Жазушы» баспасына басшы бола алмас еді. Қонаевтың қолдауы болмаса, Есенберлиннің тарихи эпопеяларының жарық көруі екіталай еді. «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» – тек романдар емес, бодандық кезеңінде ұлт тарихын еске салған үндеу болды.
Ал 1975 жылы жарық көрген «АЗиЯ» кітабы – Олжас Сүлейменовтің тек ақындық қуатын ғана емес, ұлттық тарихи жадты қайта оятуға деген еркін де көрсетті. Олжас түркілік, қазақтық тамырларды славяндық мәдени қабаттармен салыстырып, «Игорь жорығы туралы жырдың» астарын жаңа қырынан танытты. Бұл – кеңестік идеологияға сыймайтын тың көзқарас болатын.
Кітап шыққан сәтте мәскеулік ғалымдар 10 сағат бойы үтір-нүктесіне дейін талқылап, Олжасқа «Халық жауы» деген айып тағады. Кейбірі тіпті «ату керек» дейді. Әңгіме КСРО-ның идеологтары – Михаил Суслов пен Михаил Соломенцевке жетеді. Оны «ұлтшылдық», «марксизм-ленинизмді бұрмалау» деп айыптап, авторын партиядан шығаруға дейін барған. «АЗиЯ» кітапханалардан алынып, таралымы тоқтатылды. Егер осы қысым толық жүзеге асса, Сүлейменов те, оның ғылыми ізденісі де тарих сахнасынан кетуі мүмкін еді.
Бірақ дәл осы тұста республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың ұстанымы шешуші рөл атқарды. Ол Брежневпен көңіл жақындығын пайдаланып, кітапты көрсетіп, зиянсыз екенін дәлелдеп, Сүлейменовті қорғап қалды. Осы қолдаудан кейін Олжастың шабытына шабыт қосылып, шығармашылығы жандана түсті.
Қонаев үшін бұл – тек бір ақынды қорғау ғана емес, қазақ интеллигенциясын орталықтың шектен тыс идеологиялық қыспағынан арашалау болатын. Бұл оқиға – кеңес дәуірінде ұлт зиялыларының шығармашылық еркіндігін сақтау жолындағы көрінбейтін күрестің бір көрінісі. «АЗиЯ» кітабының төңірегіндегі дау Қазақстанның мәдени тарихында ерекше орын алды. Бір жағынан цензура мен идеологияның қатаңдығын көрсетсе, екінші жағынан Қонаев секілді тұлғалардың сабырлы саясаты арқылы ұлттық мүддені қорғауға да болатынын дәлелдеді.
Бүгін біз Олжас Сүлейменовтің сол кезеңдегі батыл қадамын да, Қонаевтың жасырын болса да қорғау әрекетін де бағалай отырып, ұлттық руханияттың аман қалуына осындай көрінбейтін тіректердің де ықпалы зор болғанын түсінеміз. Кейін ол «Невада – Семей» қозғалысы арқылы халықты экологиялық және азаматтық жауапкершілікке шақырды.
Осы үш тұлғаның іс-әрекеті бір арнада тоғысады. Олар әртүрлі салада жүріп, бір мақсатқа – ұлттық рухты сақтау мен жаңғыртуға қызмет етті. Бірі – саясатта, бірі – әдебиетте, бірі – ғылым мен қоғамда.
Бүгін біз олардың атқарған ісін жай ғана өмірбаяндық дерек ретінде ғана емес, сабақ ретінде де көруіміз қажет. Ұлттың өткенін сақтағандар ғана болашағына бағдар бере алады.
Қонаевтың парасатты басқаруы, Есенберлиннің тарихи батылдығы, Сүлейменовтің азаматтық ұстанымы – бүгінгі жасқа да үлгі. Бұлар – біздің жадымызды оятқан үш тұлға. Олардың еңбегін бағалау – өз тарихымызды бағалау.
P.S. Қонаевты «рушыл» деп айыптайтындар Есенберлин мен Сүлейменовтің арғын екенін білмеуі мүмкін емес…
«Мені министр еткен Қонаев» деген атақты академик Төрегелді Шармановтың руын білмеймін. Туған жері Ұлытау екен… Сірә, Балталы немесе Бағаналы найман болса керек.
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ