ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке!
Қазақстанның туризм саласы бүгінде жаңа даму кезеңіне қадам басты. Елімізге деген халықаралық қызығушылық тұрақты түрде артып келеді. The New York Times, Lonely Planet, CNN Travel секілді жетекші әлемдік басылымдар Қазақстанды 2025 жылы баруға тұрарлық елдердің қатарына енгізді.
2020 жылы елге 2 млн турист келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 15 млн адамнан асты. Туризмнен түскен кіріс көлемі 1,2 трлн теңгеге жетті. Елімізге әлемдегі 195 елдің барлығынан туристер келеді. Бұл – Қазақстанның бай мәдениеті мен табиғи әлеуетінің әлемдік деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.
Алайда осы үдеріс қарқынды жүріп жатқан тұста бірқатар жүйелі мәселелер шешімін күтуде. Ең өзекті мәселе – жағалауды бекіту және толқын сындырғыш жүйелерін орнату қажеттігі.
Бұл проблеманың ауқымын Алакөл мысалында айқын көруге болады. «Рассвет» демалыс базасы аумағында 2007 жылдан бері 130 метр жағалау шайылып, 9 корпус су астына кеткен. «Qairat» базасы маңында 2017 жылдан бері 150 метр шайылып, қазіргі таңда су небәрі 5 метр қашықтықта тұр. Жағалау бойында 300-ден астам кәсіпкер ғимараттардың суға кету қаупі туралы дабыл қағуда.
Бұл – тек бір өңірдің мысалы. Тура осындай жағдай Балқаш, Қапшағай мен Бұқтырма сияқты басқа да су қоймаларында байқалады. Мемлекет басшысы туризмді дамыту мен кәсіпкерлікті қолдауды басым бағыт ретінде айқындағанымен, кәсіпкерлер инвестиция салды, бірақ жағалауды қорғау бойынша мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолдаусыз қалып отыр.
Тағы бір маңызды мәселе – жыл сайын 2 миллионнан астам турист қабылдайтын Алакөл, Балқаш, Қапшағай және Бұқтырма өңірлерін ауыз сумен қамтамасыз ету. Орталықтандырылған ауыз су жүйесі болмағандықтан, шағын және орта бизнес өкілдері өз қаражатына құдық бұрғылауға мәжбүр. Нәтижесінде олар жер қойнауын пайдаланушылармен теңестіріліп, ірі өндіруші компаниялармен бірдей салықтық және әкімшілік жүктемеге тап болуда. Сонда біреулер тек ауыз су алып отырса, басқалары мұнай өндіреді – бірақ салық салу талаптары бәріне бірдей. Бұл әділетсіз және қолданыстағы нормаларды қайта қарауды талап ететін мәселе.
Туризмді дамытудағы тағы бір маңызды фактор – сапалы интернет пен тұрақты ұялы байланысқа қолжетімділік. Туристер өздерінің қауіпсіздігіне сенімді болуы тиіс –жедел жәрдем, төтенше жағдай қызметі немесе полиция шақыру мүмкіндігі, төлем жасау сонымен қатар демалушылардың әлеуметтік желілерге контент жүктеп, аймақтың туристік тартымдылығын арттырады. Интернет болса, келген қонақ кәдесін алып, қаражатын шығындап қайтады. Ол – өңірге түскен пайда. Сондықтан 1123 ауылға арналған «Қолжетімді интернет» бағдарламасы аясында алдымен туристік әлеуеті жоғары өңірлерге интернет тартуды, сонымен қатар бағасы жағынан қолжетімді «Starlink» жүйесін де тиімді қолдануды ұсынамыз.
Келесі мәселе – сапалы әрі қауіпсіз демалыс. Шомылу аймақтарын бөлу, су көліктерінің қозғалысын реттеу, ережені бұзғандарға қатаң жауапкершілік шараларын қолдану арқылы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ катер, қайық, катамаран секілді су көліктерін сатып алуға мемлекеттік субсидия қарастыру – туризмдегі шағын бизнес үшін үлкен қолдау болар еді.
Қорытындылай келе, жағалауды қорғауға арналған кешенді шаралардың болмауы, инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, туристік аймақтардың цифрландырылмауы, орталықтандырылған ауыз су, кәріз жүйесінің, электр энергиясының тұрақсыздығы, қоқыс мәселесі туризмді дамыту қарқыны мен инвестиция тартуды едәуір тежеп отыр.
Ұсыныстар:
1. Туристік аймақтарда жағалауды қорғаудың кешенді бағдарламасын әзірлеу;
2. Су ресурстарын пайдаланатын шағын бизнес үшін салық және әкімшілік реттеуді жеңілдету;
3. Интернет және байланыс инфрақұрылымын туристік аймақтарда бірінші кезекте дамыту;
4. Су туризмі мен қауіпсіздік шараларын субсидиялау және қатаң бақылау жүйесін енгізу.
«Respublica» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Екатерина Смолякова