Бүгінде патриотизм – бос ұран емес, іс жүзіндегі жауапкершілік. Ол әр азаматтың өз еліне, туған жеріне, мәдениеті мен тарихына деген құрметінен бастау алады. Нағыз отансүйгіштік – елді сөзбен емес, еңбегіңмен сүю. Адамның қай салада еңбек етсе де өз ісіне адал болып, ел дамуына кішкене болса да үлес қосуы – патриотизмнің ең биік көрінісі.
Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге сүйену – елдің рухани тәуелсіздігінің кепілі. Қазір әлемде түрлі мәдениеттер араласып, жастардың санасына сыртқы әсер күшейіп келеді. Осындай заманда өз болмысыңды жоғалтпай, ұлт ретінде дара қалу – үлкен сын. Сондықтан мемлекет деңгейінде патриоттық тәрбиеге, ұлттық сана мен мәдени кодты сақтауға ерекше мән берілуі орынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Патриотизм туған жеріңе, тілің мен мәдениетіңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Ұлттық құндылықтарды дәріптемейінше, шынайы отансүйгіштік қалыптаспайды». Бұл сөздің астарында терең мән жатыр. Елге деген сүйіспеншілік – жай сезім емес, ұлт болашағына бағытталған күнделікті әрекет.
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы – патриотизмнің айқын көрінісі. Ел қорғаған батырлар, ұлт үшін қалам тербеген зиялылар, ғылым мен мәдениетке үлес қосқан тұлғалар – өз елінің намысын қорғап, ұлт мүддесін бәрінен биік қойған жандар. Ал бүгінгі ұрпақтың міндеті – сол рухты жалғастырып, ел дамуына үлес қосу.
Иә, қазіргі жастардың елге деген сүйіспеншілігі жаңа қырынан көрініс тауып келеді. Бірі өз кәсібін ашып, отандық өнім шығарса, екіншісі ғылым мен технология саласында ел атын танытып жүр. Бұл – жаңа дәуір патриотизмі. Мысалы, ұлттық сән индустриясын дамытып жүрген дизайнерлер, ұлттық тағам мен қолөнерді брендке айналдырған кәсіпкерлер қазақтың мәдениетін әлемге паш етіп отыр. Олар үшін патриотизм – құр сән емес, өмірлік ұстаным.
Экономикалық тұрғыдан алғанда да патриотизм – елдің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Өз өнімін тұтыну, отандық бизнесті қолдау, шетелге тек шикізат емес, дайын өнім шығару… міне, экономикалық патриотизм дегеніміз – осы. Бұл тек кәсіптің дамуына емес, елдің беделіне де ықпал етеді.
Сонымен қатар патриотизм – рухани иммунитет. Қарапайым тілмен айтқанда, ол – ұлтты сыртқы ықпалдардан, бөтен идеологиядан қорғайтын қалқан. Сондықтан әр қазақстандық өз болмысын, тілін, дәстүрін қадірлеуге тиіс. Өйткені елге деген сүйіспеншілік алдымен өзіңді танудан басталады.
Қазір Қазақстанда патриоттық сезім тек мемлекеттік деңгейде емес, азаматтық қоғамда да кеңінен қолдау тауып отыр. Волонтерлік жобалар, жастар қозғалыстары, мәдени бастамалар – дәл қазіргі сәттегі елге деген қамқорлықтың жаңа формасы, заманауи патриотизмнің нақты көрінісі. Сол себепті бүгінгі ұрпақтың алдында тәуелсіздіктің рухын сақтап, оны жаңа мазмұнмен толықтыру сияқты үлкен міндет тұр деуге толық негіз бар.
Бүгінгі заман талабына сай, патриотизм тек әскери ерлікпен немесе батырлықпен шектелмейді. Ол – кәсіби шеберлік, білім мен білік, іскерлік пен бастамашылдық арқылы елдің дамуына үлес қосу. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір қазақстандықтың өз саласында адал еңбек етуі – мемлекет дамуының тірегі.
Әлемдік мәдениеттер мен құндылықтар тоғысында жастардың дүниетанымы кеңейгенмен, өз тамырынан ажырамауы қажет. Елін сүйетін азамат алдымен өз халқының тілін, мәдениетін, тарихын құрметтейді. Мұндай рухани беріктік ұлттың бірлігін нығайтып, мемлекеттің іргесін бекітеді.
Қорыта айтқанда, әр қазақстандық өз ісіне адал болып, ел мүддесін бірінші орынға қойса, Қазақстанның келешегі кемел болары сөзсіз.
Ғали ТӨЛЕК