Мемлекетшілдігіне, халықшылдығына тірісінде көзім жеткен Ержан Бабақұмаровтың сүйегін туған жерінің топырағына тапсыруға Талдықорғанға шығарып салдық. «Көзім жетті» дегенде, Қаңтар оқиғасы кезінде қаланың басқа басшылары сияқты «КНБ» мен «МВД»-шылармен бірігіп, Алматыны тастап қашпағанын білем. Кейіннен Ержанды Кәрім Масимовтың адамы деп, шетқақпай қылғандар болды. Бірақ Масимовтың адамы болса, басқалармен бірге қашып кетуі керек еді ғой?
Тағы бір білетінім – Қаңтардан кейін Ержанның жетекшілігімен түсірілген «Қаңтар шындығы» деп аталатын құжатты киноға эксперттік пікір айтқаным бар. «Аға, бар білетін шындығыңызды айтыңызшы?» деді. Айттым. Бірақ сол фильм қайда және қалай жоғалып кетті? Масимовшыл болса, шындық іздеп, Қаңтар туралы кино түсіріп несі бар еді?
Марқұмның қазасына қатысты қандай қитұрқылық барын қайдам (тергеу анықтайды дегім келеді), бірақ мемлекетке 30 жылға жуық қызмет қылған азаматтың Астанадағы «жетім» жаназасынан кейін көңілде осындай көп ой қалды. Өзі өкілі болған өкімет марқұмды жерлеу комиссиясын неге құрмады? Ержанның артында аңырап қалған анасына, алты баласы жетім қалған жесіріне Астанадағы қаптаған мемлекеттік аппараттан ресми ретпен бір пенденің көңіл айтып келмегені қалай? Мемлекеттік қызметшіліктің зердесі Ержанға келгенде неге ұмыт қалды? Осының бәрі «құпия қазаның» қырсығынан туған қысастық па?
Білмеймін! Сезетінім – Ержан «Ескі Қазақстан» үшін қор боп кетті… Елдегі мықты мемлекетшіл идеологтардың бірі еді. Өз көзіммен көргенім – Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласы басшылығынан қоғаммен байланысқа шыққан жалғыз лауазымгер болды. Біз Балташ аға, Рысбек аға, Эльмар Хусайынов төртеуіміз дүрліккен алаңда жүргенде, Ержанды келіссөзге шақырдық. Себебі қала әкімі Сағынтаевтың Балташ ағада бар телефон номері өшіп жатты. Біз бәріміз алаңнан алыс емес жердегі Еркін Рақышевтың үйінде Сағынтаевтың орынбасары Бабақұмаровтан жауап күтіп отырдық. Бірақ арада бірер сағат өткенде, Ержан маған звондап: «Келіссөзге шығуға Астана келіспей жатыр…» деп, өкініш білдірген-ді…
Жақсы азамат еді… Амал нешік?..
Алдынан жарылқасын!
Ермұрат БАПИ