ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновке!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерінің терең өңдеу деңгейін 70 пайызға жеткізу бойынша нақты тапсырма берген еді. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже әлі де жоқ. Көбі қарызға белшесінен батқан, талайы шикізат сатып алатын ақша таба алмай, қаңырап бос тұр.
Бүгінгі депутаттық сауалымда ет саласын тілге тиек етіп, соның терең өңдеуімен айналысу үшін құрылған, бірақ қаңырап бос тұрған бірнеше мекемелердің проблемасын жеткізгім келіп отыр.
Қазіргі таңда Ақтөбе, Алматы және Ақмола облыстарында ет өнімін толық өңдей алатын ет комбинаттары бар (жылдық қуаттылығы 2 мың тоннадан асатын заманауи кәсіпорындар). Олардың техникалық мүмкіндігі мен инфрақұрылымы қой етін де, сиыр етін де экспортқа шығаруға жарап тұр, халықаралық талаптарға сай. Өздеріне қарасты мал бордақылау алаңы да, мал азығын дайындайтын жерлері де бар.
Айта кету керек, «лентасы қиылғаннан» бастап бұл мекемелер шикізат тапшылығына душар болды. Қарызға батып, еңсесін көтере алмай қалды.
Өзіңіз білетіндей, ауылдағы мал аулада сойылады! Бұған заңмен шектеу қойылса да, бұл талап орындалып отырған жоқ. Етті көп ретте жеке тұлғалар сатып алып, базарға тасиды. Сонымен қатар ет комбинаттары қосымша құн салығын төлеуге мәжбүр болғандықтан, олардың шаруаларға ұсынатын сатып алу бағасы жеке тұлғаларға қарағанда 12 пайызға төмен. Одан бөлек шекара бекеттерінде дұрыс қадағалау болған жоқ. Малдың көбі оңды-солды Өзбекстанға кетіп жатты. Аусыл ауруы да аяқтан шалғаны белгілі.
Байқасаңыз, бірде талап орындалмайды, бірде шекарадағы олқылық, бірде қосымша құн салығы! Осы аталған себептердің барлығы кәсіпкерге де, оның мекемені басқару сапасына да қатысты емес. Мұның барлығы мемлекеттің қауқарсыздығынан болып отыр. Ендеше терең өңдеу саласының үлесін, Президентіміз тапсырғандай, 70 пайызға жеткізу мүмкін болмайтынын сіздер де, біздер де жақсы түсініп отырмыз.
Комбинаттардың қаңырап бос тұруына облыс әкімдіктерінің бейжай қарап отырғаны аса алаңдатады. Мекеме солардың территориясында, мал өсірушілер де соларда. Қарызға белшесінен батқан ет комбинаттарын қолтықтап, демеп, оларды қаңыратпай, тығырықтан шығару жолын іздеудің орнына «жаңа ет комбинаттарын саламыз» дейтіндері тіпті ашуландырады. Ашық айтайын, жаңа объектілер салынса да, олардың болашағы бұлыңғыр. Себебі жоғарыда айтылған жүйелі проблемалар шешілмей, жұмыс дұрысталмайды.
Не істемек керек?
Жауап біреу – ет саласындағы барлық ірі кәсіпорындарға, әсіресе экспорттық әлеуеті бар немесе терең өңдеуге мүмкіндігі мол комбинаттарға қаржылық сауықтандыру (финансовое оздоровление) жүргізу қажет. Бұл тапсырманы министрліктер де емес, ұлттық холдингтер де емес, бірінші ретте облыс әкімдері орындауы тиіс! Әкімдер өздеріндегі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, банктер мен қаржы ұйымдарында кепілдікте тұрған комбинаттарды қайта сатып алып, оларға айналымға қажет ақшасын беріп, құтқаруға міндетті.
Айналым қаражатына ақша табу қиын болса, шаруалармен бірге кластерлік жүйе құрып немесе кооперативтерге сенімді басқаруға беріп, экспортқа шығартып немесе сол әлеуметтік кәсіпкерлік палаталар арқылы ет өнімін сатып алудың жаңа схемасын енгізу қажет. Мұндай қадам үш тарапқа да тиімді болары хақ. Әкімдер Президент қойған тапсырманы орындайды, шаруалар төрт түлігін тұрақты түрде сатуға жол ашады, ал ет комбинаттары қайта «тіріліп», экспортқа нақты жұмыс істейді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас БАҚҚОЖАЕВ