Енді Қазақстанда барлығы жақсы бола ма?
Бәрімізге қатысты, біздің өмірімізді басқа арнаға түсіре алатын бір сұрақ бар. Ол – Қазақстанда қымбатшылық тоқтай ма, бәрімізге жұмыс бола ма, біз қиналмай өмір сүреміз бе деген сұрақ. Осы мәселені шешу үшін, өткен аптада Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үш жақтан бірлесіп, ортақ жұмыс жоспарын жариялады. Енді әр орган өз жеке мақсатын орындау үшін жан-жаққа тартпай, ортақ экономикалық мақсатты – инфляцияны түсіру, экономиканы сапалы өсіру мен халықтың жағдайын жақсарту үшін жұмыс істейтін болады. Және осы үш тапсырма бір мезгілде орындалуы тиіс.
Қазақстанда экономиканың өсуі мен инфляцияны ауыздықтау – бір-біріне қарама-қайшы бағытталған процестер болып келді. Біз бәленбай жылдан бері осы экономикалық парадоксты шеше алмай отырмыз. Егер инфляцияны тұншықтырғымыз келсе, онда экономикалық өсімнің де тамырына балта шауып тастаймыз. Егер экономика өссін десек, онда инфляция да қатар өсе бастайды. Негізі Үкімет пен биліктің асыл арманы – экономиканы өсіріп, дәл сол кезде инфляцияны төмен түсіру. Неге бізде ол мүмкін болмай келді? Және ендігі бірлескен жұмыс жоспары осы парадоксты өзгерте ала ма?
Алдымен неге экономиканы өсіріп, дәл сол кезде инфляцияны түсіру мүмкін болмады деген сұраққа жауап іздейік.
Қазақстандағы экономиканың өсу себебі интенсивті фактордан құралған. Басты себеп осы. Біздегі экономика мемлекет ақша бөлсе ғана өсе бастайды. Яғни, мемлекеттік шығындардың есебінен. Мысалы, мемлекет қыруар ақша бөліп, үлкен жоба бастайды. Жол, көпір, зауыт салып жатыр дейік. Адамдарға жұмыс болады, түрлі фирмалар заказ алады, айналыста ақша пайда болады, сол арқылы белсенділік артып, ішкі жалпы өнімнің, яғни экономиканың өсуі тіркеледі. Бірақ ақша сырттан келмегендіктен, жасалған жұмыс пен сырттан келетін валютаның балансы болмағандықтан, бұл ішкі ақша массасының өзімен-өзі өсуіне алып келеді. Және ол міндетті түрде импорттың артуын тудырады. Осылайша ақша көп, ал өзіміз өндіретін тауар аз болғандықтан, ақша массасы импортқа жұмсала бастайды және ішкі сұраныс ұсыныстан бірнеше пунктке артып, ақша құнсыздана береді. Ақша құнсызданды деген – тауарлар мен қызметтер қымбаттады, яғни инфляция өсті деген сөз.
Осы кезде Ұлттық банк қиналады. Себебі оның басты міндеті – инфляцияны белгілі бір дәліз аясында ұстау. Демек, экономиканың өсе отырып, осы кезде инфляцияның төмен болуы үшін, Үкімет пен Ұлттық банк етене жұмыс істеп, әрқайсысы өз шешімдерін бірлесе қабылдауы тиіс.
Ендігі бірлескен жұмыс стратегиясы осы жағдайды өзгертеді деген үміт бар. Бастысы – біз осы олқылықты кеш те болса түсіндік. Түсініп қабылдағаннан кейін, онымен жұмыс істесек, түбі нәтиже шығары сөзсіз.
Айбар ОЛЖАЕВ