КТК-дан «Хабарға» ауыстырған пульт. Тегеран біз үшін жаңа мұнай трассасы бола ала ма?
Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиан бізге ресми сапарымен дер кезінде келе қалды. Қазір еліміз баламалы логистикалық жолдарға өте зәру болып отыр. Ең алдымен ол, әрине, мұнай тасымалына байланысты. Иран біз үшін әлемдік мұхитқа Парсы шығанағы арқылы шығатын төте жол және орта мерзімді перспективада «Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Түркия» мұнай құбырының жобасы әзірленетін болса, оның негізгі ойыншысы болмақ.
Қазір біз Иранмен «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржолы және Оңтүстік көлік дәлізі сынды транзиттік жобалар аясында серіктес болып отырмыз. Иран бізге Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы арқылы Парсы шығанағындағы Бендер-Аббастағы Шахид Раджаи портынан орын берген болатын. Біз өз терминалымызды тұрғызып, мұхитқа шығуға мүмкіндік алдық. Басында теміржол жылына 3–5 млн тонна жүк өткізуге есептелсе, енді қосымша инфрақұрылымдық жаңғырту арқылы өткізу қабілетін 8–12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Егер жылына 10 млн тонна жүк қуатына жетсек, Қазақстанның металл, астық, мұнай өнімдері, күкірті бар тыңайтқыштар, химия, құрылыс материалдары сынды қайта өңдеудің сапалы экспорты жаңа нарықтарға шығады.
Парсы шығанағының порттары әлемдік сауда «артериясы» рөлін ойнауда. Бендер-Аббастағы Шахид Раджаи порты – Үнді мұхитына тікелей шығатын ең ірі хаб. Иран, Үндістан мен Африка арасындағы теңіз маршруттары жақсы қалыптасқан. Иран Еуразиялық экономикалық одаққа жеңілдетілген сауда режимін қолданады. Біздің жүктерге бұл өте қолайлы. Геосаяси қысымға қарамастан, Иран халықаралық көлік дәліздеріне белсенді түрде интеграциялануда. Демек, Қазақстан үшін Иран тек серіктес қана емес, үлкен нарықтарға ашылатын жаңа логистикалық шығу нүктесі екені анық.
Shahid Rajaee – қазақ табысының кілті
Шахид Раджаи – Иранның ең ірі контейнерлік және көпфункционалды порты. Өзі Бендер-Аббас маңында орналасқан. Жүк өңдеу қуаты жылына 100 млн тоннадан асады. Порт Ирандағы контейнер айналымының 80%-ын қамтамасыз етеді. Порттың қабылдау тереңдігі 24 метр. Демек, орасан зор Panamax және Post-Panamax танкерлерін, сухогруздарын қабылдай алады және 40-тан астам халықаралық бағытқа тұрақты фидерлік қатынасы бар. Енді біз осы порттан жер алдық. Өз терминалымызды саламыз. Оған жүкті Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы арқылы тасып алып келеміз. Бұл Қазақстан үшін Парсы шығанағындағы алғашқы ұлттық логистикалық алаң болады және экспорттағы мүлде жаңа перспективалар туғызбақ.
Иран бізге жаңа КТК бола ала ма?
Қазір Қазақстан мұнай экспортының 80%-ын Каспий құбыр консорциумы арқылы Еуропаға тасиды және құбырдың дені толықтай Ресей жерінде орналасқан. Мұндай тәуелділік қандай геосаяси тәуекел туғызатынын жақында сездік. Сондықтан Қазақстан үшін балама маршруттарды дамыту еріккеннің ермегі емес, болашағымыздың күйіп тұрған мәселесі. Иран арқылы мұнай экспортының техникалық мүмкіндігі жоқ емес. Бар. Оның екі сценарийін ойластыруға болады.
Біріншісі – Каспий арқылы танкермен Иран порттарына мұнай жеткізіп, ары қарай қара алтынды Иран мұнай құбырлары жүйесіне құйып, Бендер-Аббас немесе Харк аралы сияқты экспорт терминалдарына жеткізу. Бұл ретте біздің мұнай Парсы шығанағында пайда болады. Бірақ Иранның ішкі құбырларын кеңейту қажет.
Екіншісі – SWAP механизмі. Яғни, мұнай айырбастау. Қазақстан Иранның солтүстігіне мұнай жеткізеді, Ал Иран Араб теңізі арқылы өз мұнайын Қазақстан атынан экспорттайды. Бұған тек Иранға қарсы кез келген уақытта күшейіп кетуі мүмкін санкциялар ғана кедергі болып тұр. Егер Қазақстан Вашингтонның тілін таба білсе, свопты да болашақ балама ретінде ойластыруға болады. Бірақ Тегеран КТК-ны толық алмастыра алмайды. Алайда жылына 10–15 миллион тонна көлемді өзіне алуы мүмкін. Осындай күрделі уақытта Қазақстан мен Иран басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкианның келіссөзі біз үшін өте маңызды еді.
«Иран – Қазақстанның сауда-экономика саласындағы өте маңызды серіктесі. Осы орайда өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесіне баса назар аудардық. Өткен 10 айдағы сауда-саттық көлемі былтырмен салыстырғанда 40 пайызға артты. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыра түсуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Инвестиция – ұзақ мерзімге арналған серіктестік кепілі. Қазақстанда 700-ге жуық Иран компаниясы бар. Бұл компаниялар негізінен өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Қазақстанның іскерлік қауымдастығы да Иран экономикасына инвестиция салуда. Кәсіпкерлеріміз тау-кен, көлік-логистика, азық-түлік өндірісіне қатысты түрлі жобаны жүзеге асырып жатыр. Біз сенімді серіктес ретінде шетелдік инвесторларды қолдауға, оларға қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайынбыз. Осы ретте Иран компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырамын», – деді мемлекет басшысы.
Бірнеше келісімдерге қол қойылып, Пезешкианның қолын қысып, риза қылдық. Осы арқылы әлемдік мұхитқа оңтүстік арқылы шығу мәселесін тураладық десе болады.
Айбар ОЛЖАЕВ