- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи 4 қаңтар (2026) күнгі пленарлық отырыстың күн тәртібіне елде жүріп жатқан конституциялық реформаға байланысты мәселе қоюды ұсынып, мәжілісмендер бұл тақырып төңірегінде өз ой-пікірлерін жария еткен еді. Біз төменде депутат Ермұрат Бапидың сондағы сөйлеген сөзінің толық нұсқасын қаз-қалпында жариялап отырмыз.
Құрметті төраға мырза!
Ең алдымен елдегі конституциялық реформаны талқылау жөніндегі менің ұсынысымды Мәжілістің спикері ретінде күн тәртібіне енгізген шешіміңіз үшін азаматтық алғыс айтамын! Расында, осындай орасан өзгеріске қатысты мемлекеттік өкілетті органның трибунасынан сөз айтпай, ресми ретте үндемей қалуымызға болмайтын еді. Бұл ертеңгі күні сізге де, бізге де сын боларлық мәселе деп білем!
Елдегі саяси өзгерістер турасында пленарлық отырысқа мәселе енгізу жөнінде ұсыныс білдірмес бұрын біз – Бақытжан Базарбек, Еркін Әбіл, Сергей Пономарев, Абзал Құспан, Қазыбек Иса, Елнұр Бейсенбев, тағы басқа бір топ депутаттар – бірінші кезекте қазақстандық қоғам мен елдегі саяси өзгерістерге мүдделі салауатты азаматтық белсенділерге сөз арнайық, халыққа өз пікірімізді білдірейік деген оймен бас қостық.
«Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру сұраныстарына сәйкес, біздің қоғам елде өзекті өзгерістер болуы керек деген талапты талмай айтып келе жатқаны мәлім. Бірақ біз елде бұрынғы 30 жыл бойы қалыптасқан, сірескен саяси режимнің сеңі 2022 жылғы референдумның барысында сөгіле басталғанына мән бере бермейміз. Сондағы алғашқы реформаның нәтижесінде бірте-бірте қалыптасқан құндылықтарды бағалай алмай жүрген «созылмалы қарсылық дертіміздің» салдарынан өзіміз аңсап келген конституциялық өзгерістерді өгей көргеніміз тіптен түсініксіз жағдай болып тұр.
Бүгінгі қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде соңғы алты ай көлемінде сұлбасы жасалған конституциялық өзгерістерге қатысты батыл, бірақ көп ретте сыңаржақ сындар айтылуда. Әрине, азаматтық ұстаныммен және мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауы тиіс. Бірақ бүгінде сондай сын айтудың мүмкіндігі туғаны қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай алмай жүрміз. Назарбаевтың заманында демократиялық демі ішінде тұншығып, суырылып шыға алмай жүрген қоғамның тығыны сол құндылықтардың арқасында ағытылғаны анық қой!
Иә, жаңа Конституцияның жобасына қатысты айтылып жатқан біраз сындарлы сөздің төркіні тілге тіреліп жатыр. Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді үзіп тастаудың жөні жоқ. Қоғамда қызуы көтерілген бұл тақырыпты жылы жауып қоюға болмайды. Сөз жоқ, тіл төңірегінде айтылып жатқан қарсы пікірлер БАҚ беттерінде жарияланған Конституция жобасын талқылау барысында назарға алынады деген сенім бар.
Бірақ қазақта «Басқа пәле – тілден» деген тағы бір тәмсіл бар. Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде біз бұл «пәленің» қатерінен сақтана білуіміз керек. Бүгінгі буырқанып тұрған дүниеде біз бір тілдің үстемдігін орнатамыз деп, әпербақан, әумесір әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз. Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, елдің қауіпсіздігі мен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керек-ті.
Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу – дәл бүгінгі дүлей заманда әлдеқайда ұтымды айла болар еді. Тілді текетірес пен ерегістің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Сырт жақтарда өзінің тілін ғана емес, мемлекеттік сыртқы саясатын өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда есермен егесу – естінің ісі болмайды.
Осы орайда Қызылорда Құрылтайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан бір сөз санаға орала береді: «Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті терең түсіну деген сөз. Ұлт мүддесін желеу етіп, бос айқайға басатын, одан қалды, азаматтарымыздың Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ», – деген-ді мемлекет басшысы.
Иә, бүгінгі әлеуметтік желілердегі дабыраға қиқу қосып, қоғамды қажетсіз толқуға шақырып жүрген жекелеген желікпе псевдопатриоттардың қылығы өршіп тұр. Бір ғана «КТК» мұнай құбырындағы апат елдің жарты бюджетін қандай қаржылық қауіпке тап қылғанын бастан кешіре тұра, біз әлдекімге сес көрсетіндей қай к…тімізге сенеміз?
Әлемде «сауда соғысы» (президент Трамптың пошлина шоқпарын еске алыңыз) мен «санкциялар қақтығысы» басталып, дүние жүзі картасын бөліске салу жөніндегі арам пиғылды қатерлер қаулаған заманда Қазақстан мен оның сыртындағы реалды бағалай, бағамдай алмаған саяси көрсоқырлық бізді орны толмас өкініштерге тап қылуы мүмкін. Әлдебір есерсоқ «тағы бір фронт ашамыз» деп, өзінің президенті айтқан «5−10 жылдық соғыс салуымыз мүмкін» деген сөзге сілтеме жасап, төңірегіне сес көрсетіп, сыртқы дүние теңселіп тұрған кезде біз өз қолымызбен ішкі дүниемізді дүрбелеңге салуға қақымыз жоқ!
Дәл осы орайда «бұл жаңа Конституцияның жалпы сипаты бірінші кезекте сыртқы қатерлерге қарсы тұру мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат тұтады» деп, «Фейсбук» желісінде жарияланған бір жазбама байланысты қызылордалық қоғамдық белсенді ағатайым Садуақас Аңсатпен сөзге келісіп қалдым. Онлайн-кикілжің сол тіл төңірегінде болды: Сәкең қазақ тілінің үстемдігі Конституцияда көрініс табуы керек дейді, мен – сабыр, сабыр деймін. Ақыры қызуқанды екеуіміз кетісіп тындық.
Дәл осы сыртқы тәуекелдер төніп тұрған жағдайдың жай-жапсарын айтып, онлайн-жұртшылықты сабырға шақырам деп, өзімнің жеке қоғамдық абырой-имиджіме нұқсан келіп жатса да, мен еліміздің төңірегіне төнген нақты реал ситуацияны сөз қылудан жалтармаймын. Мемлекеттік мүдде мен еліміздің тәуелсіздігі алдында менің жеке бас абыройым түк те емес! Ел ішінде беделі бар Садуақас Аңсат, Айтқожа Фазыл, Рысбек Сәрсенбай ағаларым да қоғамды қопаңдатудан бұрын төңірегін сабырға шақырып, пісімілләсі енді басталған өзгерістерді ақсақалдық ақылмен қабылдай алса деген інілік тілегім бар!
Айтпақшы, Конституция жобасының 48-бабына байланысты да қоғам арасында алаңдаушылық бар. Мұнда республика Президентінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға қатысты берілетін конституциялық кепілдіктер айтылады. Ал бұл баптың 3‑тармақшасында: «Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-президентіне де қолданылады» деген тіркеске орай «бұрынғы президенттің отбасы мүшелері билікке қайтып келуі мүмкін» деп, күдік келтірушілер бар. Әлеуметтік желі қолданушылар арасындағы бұл алаңдаушылық қазақи долбар-дабыраға қиқу қосудың сыңары. Себебі экс-президент түгілі, бүгінгі «Президенттің отбасы мүшелері мен оның жақын туыстарына мемлекеттік қызмет атқаруға болмайды» деген талап 2022 жылғы 8 маусымдағы конституциялық заңмен бекіген.
Екінші кезекте мемлекеттік органдарға қатысты бірер сөз айтқым келеді. Тағы да сол Қызылорда Құрылтайында Президент Тоқаев: «Біз үлкен өзгерістер алдында тұрмыз… Реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет» деген еді. Міне, сол диалогты жүргізу үшін, әрбір облыс орталықтарында, әрбір ірі қалаларда конституциялық жобаны талқылау платформаларын ашу қажет деп санаймын. Е‑gov арқылы келетін пікірдің «мыңдаған» жалпы санымен сайлаушыны алдандыра алмаймыз. Нақты талқылау алаңдары қажет! Ертеңгі референдумның шешімі легитимді болуы үшін, мемлекеттік органдар қоғаммен мейлінше жақын және ынтымақты түрде конструктивті әңгіме жүргізуі тиіс.
Бұл диалогтық дөңгелек үстелдің бір басында биыл 40 жылдық датасы аталып өтетін желтоқсаншылар отырғаны жөн болады. Қазіргі кезде 21 бөлшекке бөлініп кетсе де, Желтоқсан бірлестіктері тіркеуден өткен және азаматтық ұстанымы әлдеқайда жоғары ұйымдар. Бүгінде желтоқсаншылар бұрынғыдай тұрмыстық тірліктерін күйттемейді, пәтер беруді немесе өздерінің ерлігі үшін өтемақы төлеуді сұрамайды. Бір әулеттің атасы мен әжесі болған, алды шөбере сүйіп отырған желтоқсаншыларға ел іргесінің тыныштығы мен Ұлттың мемлекеттілік мүддесі бәрінен де қымбат.
Сөз соңында айтарым: Қазақстанның тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету – елінің ертеңін ойлаған әрбір азаматтың міндеті болуы керек! «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен жалпыұлттық бірлік пен келісім. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек». Бұл да Президенттің аузынан шыққан сөз.
Мұндағы «дана халық екенімізді көрсетуіміз керек» деген тіркесті «қазақстандық қоғам билікпен салауатты және салиқалы мәміле жүргізу деңгейіне жеткенін көрсетуі керек» деп, президенттік сөздің өңін сәл-пәл айналдырып айтқым келеді!
Назарларыңызға рақмет!