Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. Тоқаевқа
Ашық хат
Құрметті Қасым-Жомарт КЕМЕЛҰЛЫ!
Мемлекет басшысы ретінде Сіз алдыңызға асқақ мұрат-мақсаттар қойдыңыз. Халқымыздың Табиғат-Ана пен қоршаған ортаны таза сақтайтын, заң мен тәртіп қағидаттарын бұлжытпай орындайтын, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерімізді, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қасиеттерімізді қайта жаңғыртып, көп оқитын озық ойлы ұлт болып қалыптасуы үшін бар біліміңізді, тәжірибеңізді, қажыр-қайратыңызды аянбай жұмсап келесіз. Осы мұрат жолында дүркін-дүркін реформаларды бастадыңыз. Бір палаталы парламентке өту бойынша басталған реформа мәселенің ауқымдылығына байланысты конституциялық реформаға ұласып, Сіздің Жарлығыңызбен құрылған арнайы комиссия, бүкіл қоғам ашық та жариялы түрде жаңа Конституцияның жобасын белсенді түрде талқылап жатыр. Ең қуаныштысы – ел азаматтарының саяси белсенділігі артқаны байқалады. Бұл заңды да. Өйткені елінің ертеңіне, ұрпағының, ұлтының болашағына бей-жай қарамайтын кез келген саналы тұлға мемлекет үшін аса маңызды мұндай саяси науқаннан сырт қалуына болмайды. Себебі қай қоғамда болмасын, Ата заңның жаңа жобасында жазылғандай, халық – мемлекеттің, биліктің бірден-бір бастауы.
Бірақ, үлкен өкінішке қарай, осы күнге дейін өзінің осы құзіретін сайлау арқылы нақты іс жүзіне асыруы тиіс, тіпті міндетті болған біздің халқымыз сайлауға толық қатысқан жоқ, сенімін де әбден жоғалтты. Оның себептері көп. Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында бірде-бір президент сайлауы немесе Парламент Мәжілісіне сайлау өз мерзімінде өткен жоқ. Оның үстіне сайлау қорытындысы әділ болмады. Дауыс беру 100 жылдан бері өзгермей келе жатқан тәсілмен бір форматта, көп жағдайда бұрмалаушылықпен өтті. Мұның бәрі фальсификация!
Мысалы, 1991 жылғы президент сайлауында президенттікке үміткер кандидаттардың ішінде Назарбаевқа дауыс бермейтін электораттың көпшілігі оппозиция жағында болғанына қарамастан, Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің қорытындысын шығарғанда, Н.Назарбаевтың 93,75% дауыспен жеңіп шыққанын жария етті. Бұған көпшілік зор наразылық көрсетіп, бірнеше толқулар болды. Одан кейінгі сайлауларда да дәл осындай жағдай қайталанды. Мәжіліс депутаттарын сайлауда да осындай өрескел заңбұзушылықтар болып жатқанын көзі ашық, көкірегі ояу жұрт түгел біліп отыр.
Қысқаша айтқанда, біздің сайлау әдісіміз әбден тығырыққа тірелді. Ол бір ғасырдан бері өзгерген жоқ. КСРО-ны 30 жыл басқарған Сталиннің өзі: «Мәселе сайлауда кімдердің кімге қанша дауыс бергенінде емес, мәселе сол дауысты қалай санауда», – дегенін жақсы білесіз. Қазір елімізде сайлауға қатысатын адамдардың саны 23–25 пайыздан аспайды, оның да көбі – мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері мен студенттер. Сондықтан сайлауда дауыс беру әдісін түбегейлі өзгертіп, оның нәтижесін бұрмалауды, өзімізді-өзіміз алдайтын өтірікті тоқтату қажет! 100 жылдан бері өзгермейтін не қылған бюллетень?! Құжаттардың қаншама түрі өзгерді, төлқұжат, жеке куәлік, мемлекеттік әнұранға дейін өзгерді. Ал өтірікке бастайтын, әділеттіліктің жолында көзкөрекі кедергі болып тұрған сайлау бюллетені неге өзгермейді?!
Бауырлас Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров тамаша бастама көтеріпті. Келешекте бұл ел сайлауға үш рет қатыспаған адамның мемлекеттік қызметте болу-болмау мәселесін заңмен бекітуді жоспарлап отыр. Бір рет қатыспаса – ескерту жасалып, екіншіде – айыппұл салып, үшіншіде – азаматтығынан айыруы мүмкін. Әрине, азаматтығынан айырылған адам бұл елдегі барлық саяси құқықтарымен бірге заңда көрсетілген әлеуметтік жеңілдіктерден, мемлекеттің қорғауынан да айырылады деген сөз.
Меніңше, дұрыс бастама. Өйткені сайлауға қатысу тек саяси құқық қана емес, сонымен бірге халық пен мемлекет, болашақ ұрпақ алдындағы ұлы міндет деп түсінуіміз керек.
Біздің еліміздегі барлық былық пен әділетсіздіктің түп негізі осы – халықтың сайлауға бармайтындығында, елінің, ұлтының келешегі үшін жауапсыз қарайтындығында жатыр деп өз басым ойлаймын. Ондай қоғамда демократиялық даму, әлеуметтік ілгерілеу, рухани кемелдену, отансүйгіштік қасиет дегеннің болуы екіталай. Сондықтан біз бұны заңмен реттеп, халық сайлауға саналы түрде және мейлінше толық қатысатындай тетіктер ойлап тауып, оны жүзеге асыруымыз қажет. Соның ең бастыларының бірі – әділ сайлауға бастайтын сайлау бюллетенін өзгерту. Мен оны бұдан 28 жыл бұрын ойлап таптым. Бұл әдіс өте сенімді және нәтижені бұрмалауды толық жояды, көп шығынды да қажет етпейді. Оның бірқатар ерекшеліктері бар.
Біріншіден, әр облыстың, әр ауданның, әр сайлау округінің, әр сайлау учаскесінің өз бюллетені болуы керек. Онда бір-екі бас әріптермен – облыс, қала, аудан атаулары, рим цифрымен – сайлау округі, араб цифрымен – сайлау учаскесі белгіленеді. Мысалы, АТК деген — Алматы қаласы, ІХ СО дегеніміз – ІХ сайлау округі, №000001 деген – бюллетень нөмірі. Бір сайлау учаскесінде 10 мыңнан артық сайлаушы, сірә, жоқ, МД дегеніміз – Медеу ауданы, 17 СУ дегеніміз – сайлау учаскесінің нөмірі. Демек, бір бюллетеньді екінші ауданға апарып сала алмайсың.
Екіншіден, сайлаушы жәшіктерден бюллетеньнің біреуін алып, шымылдық ішіне кірген соң, өзінің таңдауын жасайды да, бюллетень нөмірін, сериясын жазып алады. Содан кейін дауыс беру жәшігіне апарып салады. Осылайша сайлаушы өз бюллетенінің ізін жоғалтпайды. Сол арқылы берген даусын бұрмалауға жол бермейді. Дауыс беру нәтижесін лоторея ұтысы сияқты газеттерге шығару керек. Бұрын «Алматы ақшамы» газеті шығарып жүрді. Сіз лотореядан ұтып алғаныңызда, ешқандай құпиялық ашылмайды ғой. Сол сияқты берген дауыс ауысып кетсе, басқаға дауыс бергеніңізді дәлелдеуге болады.
Үшіншіден, сайлау уақыты біткеннен кейін, сайлау комиссиясы әр партияның өкілетті бақылаушыларының қатысуымен дауыс беруге қатыспаған бюллетеньдердің нөмірлері мен жалпы есеп санын көрсетіп, хаттамаға түсіреді және сол жерде жойып жібереді. Бұдан кейін дауыс берген жәшікті сол бақылаушылар алдында ашып, дауысқа қатысқан бюллетеньдердің әрбір кандидаттың үлесіне түскен нөмірлерін көрсетіп, кімдердің қанша дауысқа ие болғандығын хаттамаға түсіреді. Одан әрі округтік комиссияға, олар Орталық сайлау комиссиясына арнайы почтамен және ертеңіне шығатын жергілікті газеттерге, электронды ақпарат құралдарына жариялау үшін хаттаманың бір данасын жібереді. БАҚ-та жарияланған мағлұматтан сайлаушы өзінің кешегі дауыс берген бюллетеньдегі нөмірін көріп, өзі таңдаған кандидаттың үлесіне жазылғанына көз жеткізеді. Егер өзі дауыс берген бюллетень нөмірі басқа кандидатқа жазылып кеткен болса, сотқа шағымдануына әбден болады. Және сот алдында өзі дауыс берген бюллетень нөмірін айтып қана қоймай, бюллетеньнің екінші бетіне салып жіберген белгісін көрсетсе (таңба ретінде немесе алты, жеті цифр ретінде), толық дәлелдей алады
Төртіншіден, бұл әдіс сайлауға қатысуы тиіс сайлаушылардың қанша пайызы қатысқанын дәлелдеу үшін де қажет. Егер оған қатысқандардың саны 50 пайыздан аз болса, сайлау өтпеді деп танылуы керек. Ал біз 30 жылдан аса 23–25 пайыз сайлаушының дауыс беруімен оны өтті деп жариялап келдік. Мұндай жағдайда сайланған Президентті немесе Парламентті легитимді деуге бола ма? Міне, сұрақтың сұрағы!..
Мен осыны 28 жылдан бері билік органдарына жалықпай айтып та, жазып та келемін. Үлкен өкінішке қарай, бұған әлі күнге құлақ асқан ешкім болмады. Мемлекет тарапынан еш әрекет болмаған соң, 2000 жылы Авторлар қоғамына өтініш жазып, жаңа дауыс беру әдісін өз атыма ресми түрде тіркедім.
Енді «Жақсы ниет – жарым ырыс» дегендей, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Әділетті Қазақстан» құрамыз деген ниетін дұрыс деп бағалап, бүкіл халқымыз аңсап отырған осындай қоғамды нақты қалыптастыру үшін, ең алдымен еліміздегі әрқандай сайлау әділ өтуі керек деген оймен осы Ашық хатты жазып отырмын.
Қазір қоғам мүлде өзгерді, тәуелсіздік жылдарында туып өскен жастар жан-жақты білімді, ойлары еркін, арман-мұраттары асқақ. Тек Ұлы Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігің тап та бар қалан!» – деп өсиет еткеніндей, олардың өмірден өз орындарын тауып, ҚАЗАҚ қоғамының қажетті кірпіші болып қалануына жағдай жасап, қамқор болуымыз керек. Ел тағдыры, ұлт тағдыры, мемлекет тағдырына әрбір азамат жауапты екенін бар ақыл-санасымен түсініп, адал да әділ қызмет ету – перзенттік парызы екенін ешқашан ұмытпайтындай идеологиялық жұмыс жүргізілуі тиіс. Ал олардың пікірімен санасу, соның ішінде сайлау науқандарындағы даусын әділ бағалау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі де бірегейі екені сөзсіз.
ХХІ ғасырдағы демократия, ұлттық жаңару мен жаңғыру ескі әдістерді қажет етпейді. Бізге бүгін халық мүддесіне сай тәсілдер мен ашық та әділ тетіктер қажет. Әрбір Қазақстан азаматы қоғамды жақсартуға, соның ішінде саяси тұрғыда жаңғыртуға өз үлесін қосуы ләзім. Әйтпесе 90-ға келген жасымда менің редакцияға келіп, осының бәрін айтуым жеке өзіме не пайда береді дейсіз. Жұмыла жұмыс істеп, әділ жолдармен жүрсек қана еліміздің бүгіні жақсарып, болашағы көркейе түседі.
Құрметті Қасым-Жомарт КЕМЕЛҰЛЫ!
Бұрынғылар «Алпыстан асқаннан ақыл сұра» деуші еді. Сізді асқан білім иесі, пайым-парасаты мол, адамгершілігі жоғары Мемлекет басшысы ретінде бұл өмірде талай әділетсіздікті көрген тоқсан жастағы ағасының ел мүддесі тұрғысынан айтқан ұсынысын қабыл алады, сөйтіп сайлау жүйесін өзгертуге бар күшін салады деп сенемін!
Мақсұт ҚАЛЫБАЕВ,қоғам зерттеушісі,Алматы қаласы