2026 жылдың 11 ақпан күні көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қастандықпен қаза тапқанына 20 жыл толды. Осыған орай туыстары, отбасының ұйымдастыруымен асыл азаматты еске алу рәсімі өтті, марқұмның рухына құран бағышталды. Шараға қайраткердің әріптестері, достары, туыстары мен қоғам белсенділері қатысты. Саясаткердің туыстары мен әріптестері оның өліміне сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевты айыптады. Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы істі қайта қарауды талап етіп, Президентке, Бас прокурорға және Жоғарғы сотқа арыз бергенін хабарлады.
Аса ауыр қылмыстың қалай орын алып, оның орындаушылары, тапсырыс берушілері кім болғаны, тергеу қалай жүріп, сот үдерісі қалай өткені, күрделі істің көп күткендей нәтижемен аяқталмауына кімдердің ықпал еткені тәптіштеп жазылған арыздан қоғам билік және құқық қорғау ұйымдарының шынайы бейнесін көретіні күмәнсіз. Осы оймен сол арызды қаз қалпында жариялағанды жөн көрдік.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы А. Мерғалиевқа
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Б.Асыловқа
Қазақстан Республикасының азаматы
№06196203100062 және №14001901100001 қылмыстық істер бойынша жәбірленуші болып танылған
Рысбек Сәрсенбайдан
Қазақстан Республикасының экс-президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты, Рахат Мұқтарұлы Әлиевті, Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваны және 2006 жылғы 11 ақпанда жасалған террорлық актіні ұйымдастыруға, оны жүзеге асыруға және жасыруға қатысы бар адамдар тобын қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы.
2006 жылғы 11 ақпан – Қазақстанның жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған, өзінің аса қатыгездігімен ерекшеленген саяси террор актісі жасалған күн ретінде есте қалды. Осы күні көрнекті саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның көмекшілері Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлёв қасақана өлтірілді.
Бұл қылмыс Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси қызметін тоқтату, сол қызметі үшін кек алу, сондай-ақ халықты үрейлендіру мақсатында жасалғаны сөзсіз. Сол себепті аталған қылмыс терроризм ретінде саралануға тиіс. Бұл ұстанымды бастапқыда да, бүгінгі күнге дейін де марқұм саясаткердің серіктестері мен жақындары ғана емес, тәуелсіз сарапшылар да айтып келеді.
Осыған байланысты ресми нұсқаға сәйкес анықталған нақты мән-жайларға талдау келтіреміз:
Біріншіден, қылмыс құрбаны – көрнекті мемлекеттік және қоғамдық қайраткері мен оның серіктері.
Екіншіден, қылмысты жүзеге асыруға мемлекеттік органдардың және арнайы қызметтердің қызметкерлері мен ҚР Сенат аппаратының басшысы қатысқан. Қару-жарақтың, арнайы киімнің қолданылуы және қызметтік куәліктерді пайдалану мемлекеттік ресурстың пайдаланылғанын айқын дәлелдейді.
Үшіншіден, Алтынбек Сәрсенбайұлының сұхбаттарында келтірілген тапсырыс берушіге қатысты жағымсыз сипаттағы ақпарат жеке тұлғаларға емес, жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктерге бағытталған болатын. Әңгіме мемлекеттік қызметті жүзеге асыру шеңберінде қызметтік міндеттерді орындауға байланысты жағдайлар туралы еді. Тіпті негізгі мотив ретінде кек алу қарастырылған күннің өзінде, ол мемлекеттік қызметпен тікелей байланысты.
Төртіншіден, қылмыстың арандатушылық, әдейі жасалған сипаты. Өлтірілген адамдардың денелері қала маңында, оңай табылатын жерде әдейі қалдырылған. Тапсырыс берушіге де, болжамды орындаушылар мен сыбайластарға да апаратын іздер қалдырылған. Барлығы әдейі, демонстративті түрде жасалған. Бұл жай ғана жеке өшпенділік немесе тұрмыстық кек нұсқасын түбегейлі жоққа шығарады.
Бесіншіден, нәтиже. Таза террористік мақсатқа, яғни қоғамда үрей туғызуға қол жеткізілді. Оқиға қорқыту акциясы, өзгелерге ескерту ретінде қабылданды. Ол тек оппозициялық саясаткерлер арасында ғана емес, жалпы саяси элита ішінде де сенімсіздік пен үрей туғызды. Мұндай қылмыстардан ешкім сақтандырылмағанын көрсетті. Бұл талдауды 2006 жылы белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис жасаған болатын.
Әділ, бейтарап және жан-жақты сот талқылауы осы трагедияның барлық жасырын тетіктерін, барлық тапсырыс берушілерді, орындаушыларды және сыбайластарды әшкерелейді деген үміт ақталмады. Елде бұл істің саяси кісі өлтіру, яғни ішкі мемлекеттік терроризмнің бір түрі екеніне деген сенім орнықты.
ҚР Жоғарғы сотын қоса алғанда, сот процестерінің нәтижелері Н.Назарбаевтың өзі жариялаған «ресми нұсқамен» алдын ала айқындалды. Бұл нұсқаны Қазақстан азаматтары қабылдамады және ол халықаралық қауымдастықта да күмән туғызды. Экс-президенттің саяси қарсыласының өліміне жиырма жыл өтсе де, шындық ашылған жоқ, ал тергеу мен сотта жауапсыз қалған сұрақтар бүгінге дейін өзектілігін еш жоғалтпады.
Қоғамда және жәбірленуші тарапта 2006 және 2014 жылдары Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен бұл іс бойынша ауқымды бұрмалау жүргізілгенін көрсетуге жеткілікті негіздер бар. Тергеу барысында куәгерлердің айғақтары өрескел бұрмаланғаны жөнінде сотталғандар мен олардың қорғаушылары бірнеше рет мәлімдеді. Лауазымды тұлғалар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, тергеу барысына заңсыз араласты, сол арқылы толыққанды сотқа дейінгі тергеуге кедергі келтірді.
Бұл заңсыздықтардың басында сол кездегі Бас прокурор Рашид Түсіпбеков тұрған. Тергеуді жалған жолға бағыттау үшін процеске жатпайтын әдістер мен тәсілдер қолданылған. Ал нақты орындаушылар (2006 жылғы қызметтеріне сәйкес):
– ҚР Ішкі істер министрі Бауыржан Әлімұлы Мұхамеджанов,
– оның орынбасары Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов,
– Бас прокурордың орынбасары Ерғали Серікбайұлы Мерзадинов,
– ҰҚК төрағасының орынбасары Владимир Карпович Божко,
– және құқық қорғау органдарының басқа да өкілдері.
Істі «ресімдеу», жалған хаттамаларды «тігу» жұмыстарымен ІІМ-нің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Гаши Суалиевич Машанло айналысқан. Бұл фактілер жәбірленуші тараптың өтініштерінде, арыздары мен шағымдарында қылмыстық істің нақты беттеріне сілтеме жасай отырып бірнеше рет көрсетілген.
Сол кезде-ақ біз бұл аса қатыгездікпен жасалған қылмыстың басты күдіктілері ретінде Н.Назарбаевтың отбасы мүшелері – күйеу баласы Р.Әлиев пен қызы Д.Назарбаеваны және Н.Әбіқаевті атадық. Алтынбек Сәрсенбайұлына қарсы қастандық жасауға олардың айқын әрі салмақты себептері болғаны жөнінде нақты деректер келтірілді.
1. КҮЙЕУ БАЛАСЫ Р.ӘЛИЕВКЕ ҚАТЫСТЫ МОТИВТЕР
- Р.Әлиевтің 2001 жылғы оқиғаға байланысты А.Сәрсенбаевқа деген өшпенділігі бар. Оның сол кезде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған қылмысын А.Сәрсенбайұлы жетекшілік еткен комиссия толық анықтап, дәлелдеді. Бірақ президент Н.Назарбаев қылмыстық іс қозғауға жол бермеді, күйеу баласын құтқарып қалды.
- Р.Әлиевтің ең жоғарғы билікті заңсыз иемденуіне қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А.Сәрсенбайұлы тосқауыл қойды.
Бұл екі тұжырымға және төмендегі пікірлерге Алтынбектің «Жұма-таймс» газетіне 2005 жылғы 17 қарашадағы мына сұхбаты дәлел: «ҚДТ қозғалысынан бұрын Р.Әлиевтің ісі орын алғанын білесіздер. Мен соны тексеруге қатысқандардың бірімін. Назарбаев жексенбі күні Рахат Әлиев пен оның әкесін қабылдады, ал сосын оған көмектесуге және оны белгілі жағдайда қорғауға тырысқан адамдардың барлығын өзі ұстап берді, өйткені ол мемлекеттің басшысы ғой. Ал біз тек оны (Назарбаевты) емес, конституциялық жүйені қорғадық. Біз іс жүзінде президентке елде саяси бассыздықпен айналысуға болмайтынын дәлелдеп бердік. Назарбаев Әлиевтің іс-қимылы туралы толықтай хабардар болды. Мен оған жеке өзім баяндадым және барлық құжаттар мен материалдарды көрсеттім.
Мынаны қараңыз: Назарбаев Әлиевтерді қабылдады да, өз ұстанымдарын өзгерте салды. Ал Р.Әлиев президентпен бірге телевидение эфиріне шығып, жемқорлықпен күрескенін және «мұндай кеселмен күресе» беретінін айтты. Мен президенттің дәл қазір жағдайды ушықтыруға болмайтынына, саясат тұғырнамасын дұрыс таңдауына көзін жеткізуіне тырыстым. Бірақ президент басқа жолды таңдады. Ол енді қарсыластарын қай тұрғыдан да мойындағысы келмеді. Жарияланбаған соғыс басталды…».
– ҰҚК төрағасы болуға мүдделі әрі дәмелі, оған сенімді Р. Әлиев құдіретті мекемедегі орынбасарлық лауазымнан да айырылды, президенттің күзетіне уақытша ауыстырылды, кейін одан да сырғытылып, шетелге елшілікке кетті. Мұның бәріне қылмысын ашқан, мемлекет қауіпсіздігін қорғаған А.Сәрсенбайұлын кінәлі санады.
– Саясаткер А.Сәрсенбайұлы отбасы билігін түбегейлі орнықтыруды ойлаған Н.Назарбаевтың, Р.Әлиевтің халыққа керексіздігін ашық түрде мәлім етті. Мәселен, ол «Үштаған» немесе Қазақстанда әділ сайлау неге арман» деген мақаласында 2005 жылы қараша айында былай деп жазды:
«Сайлау қарсаңында үлкен күйеу баласы Р.Әлиевті елге қайтарды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары етіп қойды. Құдды ұлттық қазынамыз секілді арнайы жарлығымен оралтты. Бизнесмендер сағынып қалды деді ме екен? Әлде оның талай тепкісінен өткен оппозиционерлер мен журналистер ұзақ күтіп қалды деп ойлады ма екен? Осы тағайындау арқылы Отбасының режимнің саяси қаңқасының маңызды құрамдас бөлігі екендігін бадырайта көрсетті. Бұған қанағаттанған Дариға Назарбаева өз әкесінің елді 35 жыл бойы басқаруы қажет екендігін дүйім жұртқа жария етті. Сіз қалай ойлайсыз: Отбасының билігі біздің халқымызға қажет пе? Осындай отбасына біздің халық өз еркімен дауыс бере ме?».
Мұндай мысқыл, ащы пікір өздерін құдірет санап жүрген Рахат пен Дариғаға ауыр соққы болып тигені анық. Лайықты жауап қайтара алмаған соң, саяси өрістері тар, құрту мен жойғанға әуестер қарсыласынан басқаша жолмен кек қайтаруды немесе үндерін өшіруді ойлайды. Әлиев те солай.
- Баспасөз министрі кезінде А.Сәрсенбайұлы Рахат пен Дариға екеуінің медиа-бизнесіне Қаржы министрлігі арқылы бюджеттен бөлгізген миллиардтаған қаржыны заңсыз деп тоқтатқызды, «Хабарды» жекешелендірулеріне қарсы тұрды, сол үшін де Әлиевтің жеккөргенін, өшіккенін, тіпті қорқытпақ болғанын біз білеміз.
- Оппозициялық күштердің басын біріктірген, құрған партиясы халық тарапынан қолдау тапқан А.Сәрсенбайұлы тұрғанда, отбасының және өзінің биліктен кетірілетінін Р.Әлиев сезді, сол үрей оны қастық жасауға итермеледі.
2. ҚЫЗЫ Д.НАЗАРБАЕВАҒА ҚАТЫСТЫ МОТИВТЕР
- Телеарналарға, газеттерге ие болған Д.Назарбаева өз ақпарат құралдарын мемлекет есебінен қаржыландырып, пайда табуға ұмтылды. Оған министр ретінде А.Сәрсенбайұлы келіспеді. Бәрін өзі қалағандай шешкізіп әдеттенген президенттің қызы мұндай қарсылыққа қатты қапаланды. Әкесіне талай рет шағымданды, ызаланды, жеккөрушілік сезімін жасырмады.
Оған дәлел: 2004 жылғы маусым айында жарияланған сұхбатында «…мен одан жиі бас тартатынмын. Біздің арамызды өте қиын-қыстау жылдар бөліп жатыр. Ол өз арнасының ұлттық мемлекеттік «Қазақстан‑1» арнасынан көбірек қаржыландыру алуға ұмтылып бақты. Ол «Еуразия-ОРТ-ны» мемлекеттің есебінен ұстау үшін басымдық жасауды көздеді. Сосын ол аяқ астынан бірінші ұлттық мемлекеттік арнаны басқаруға алуға шешім қабылдады, бірақ мен ондай мүмкіндік бермедім, бұлай, жеме-жемге келгенде, мемлекеттік арнаны жекеменшікпен шатастырып алуға да болады ғой».
Бұдан әрі Алтынбек былай дейді: «Президент мұнда тұрған не жамандық бар, егер Дариға қолына алып, ол арнаны көтеріп жатса деп сұрады. Сонда мен оған электрондық БАҚ-ына Дариға түбегейлі монополия орнатады деп түсіндірдім. Бәрін бір адамның қолына өткізіп беруге болмайды. Мені Қауіпсіздік кеңесіне ауыстыра салысымен, жаңа министр Мұхтар Құлмұхаммед оның тегеурініне шыдамай, ұлттық арна соның басқаруына көшті».
- «Қазтелерадио», «Кателко», «Алма-Медиа» сияқты компаниялар мен Д.Назарбаеваның байланысы, заңсыздықтары, ірі холдингтің акцияларын иеленген, бірақ сонда көлік айдаған, кейіннен Қазақстанның Австриядағы елшілігінің жүргізуші болып, күмәнді жағдайда қазаға ұшыраған адам туралы зерттеу жүргізу қажеттігін Алтынбек мәселе етіп көтерді. Бұл да Рахат пен Дариғаның ашу-ызасын туғызды.
- Министр А.Сәрсенбайұлы «Хабарды» иеленген Д.Назарбаеваның қаржыландыру заңдылықтары мен бюджет саясатын бұзып, үстемдігін жүргізуіне жол бермеді.
Ол былай деді: «Мен Әділет министрлігіне сұрау салып, жеке арнаны бюджеттен қаржыландыру бойынша ешқандай заңдық құжаттардың жоқ екенін анықтадым. Мысалы, «Хабарға» келесі жылы 1 миллиард 200 миллион теңге бөлу жоспарланған. Менің қарсылығымнан кейін бюджеттік комиссияда шығындардың аталған пункті алып тасталды. Бұдан бұрын «Хабарға» мемлекет тарапынан 470 миллион теңге бөлінген болатын. Бюджеттік қаражаттарды тікелей тонау болмағанда, бұл не?» Сондай қомақты қаражаттан қағылған Д.Назарбаеваның көңіл-күйі бұзылмады, адал жұмыс істеген министрге өшікпеді деп айта аласыздар ма, тергеуші, прокурор, сот мырзалар?!
- «Хабар» арқылы А.Сәрсенбайұлын сотқа бергізіп, басында 1 миллиард теңгеге айыптағысы келді. Сот мұның тым көп және ақылға сыйымсыз сома екенін ескертсе керек, моральдық айыппұл мөлшерін 50 миллион теңгеге түсірді. Қуыршақ сот «Хабар» компаниясының ар-намысы мен іскерлік беделіне келген нұқсан үшін 1 миллион теңге өтемақы төлетті. Не үшін?
А.Сәрсенбайұлының «Республика. Деловое обозрение» газетіндегі мына сөзі үшін: «Меніңше, қазір жұртшылық қай ақпарат құралының кімге тиесілі екендігін жақсы біледі. Өз басым ең бірінші кезекте Дариға Назарбаева мен оның отбасына тиесілі медиа-холдингті монополиясыздандыру қажет деп есептеймін. Бұл медиа-холдингке «Хабар», «Еларна», «КТК», «НТК», «Еуразия» бірінші арнасы» телеарналары, «CaspioNet» спутниктік арнасы, «Алма ТV» кабельді жүйесі, «Хит FМ» радиостансасы, «Еуропа плюс Казахстан» радиосы, «Руское радио Қазақстан», «Радио Ретро» және бұдан басқа да бірнеше жалпыұлтық хабар тарататын ұйымдар кіреді. Сонымен бірге бірсыпыра республикалық басылым да осы холдингке қарайды».
- Ақпараттық рынокты монополияландырып алды деп «Хабар» агенттігін емес, Дариғаның өзін, отбасын атаса да, айқасқа «жәбірленушінің» өзі шықпай, басқалардың қолымен от көседі. Осындай адам өш алу, қарсыласын тұқырту, жойып жіберу үшін қастандық жасауға тапсырыс бермейді деуге қалай иланамыз?!
3. БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТ Н.НАЗАРБАЕВҚА ҚАТЫСТЫ МОТИВТЕР
Е.Өтембаев газеттегі екі мақаладағы, оның бірінде тіптен аты-жөні аталмаса да, А.Сәрсенбайұлының сын пікірі жеккөрушілік, өштесушілік туғызып, қылмыс жасауына итермеледі дейді тергеуші, прокурор және сот. Сондықтан осындай бұлжымас қағиданы басшылыққа алып, қылмыстық істерді қарайтын шенділердің назарына Қазақстан азаматы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа – бұрынғы президентке қатысты жазылған, айтылған, тікелей оның өзін сынаған өте көп пікірлердің бірнешеуін ғана ұсынамын.
- «Бір-бірінен мүлде бөлек, тұрақсыз үш жолдау. Мұндайды бүгінде қойыртпақ дейді. Қайсысына сенеміз? Егер жолдаулары осындай әрқилы болса, онда президентке қалай сенесің? Ел үшін түйінді мәселе бойынша басы әңкі-тәңкі болған адамға елдің тағдырын табыстап, біз орынсыз тәуекелшілдік жасап отырған жоқпыз ба?».
- «Назарбаев сөз бостандығы туралы айтады. Шындығына сайғанда, ол заңның шеңберінде, яғни қысқа қарғыбауда болуы тиіс деп бірден атап көрсетеді. Іс жүзінде қалай? Журналистерді енді қорқытпайды, оларды өлтіре бастайды. Газетті жай ғана жауып тастамайды, оларды жоюға тырысады. Прокуратура оппозициялық ұйымдардың ғимараттары мен үйлерін заңсыз тінтеді және демократиялық басылымдарды заңсыз тартып алады. Президенттің саяси өзгерістің қажеттігі туралы әрбір сөзінен кейін дүние тарылып сала береді. Еліміз үшін қорқынышты».
- «Оның (Назарбаевтың) өз халқына бергенінен гөрі, алғаны әлдеқайда көбейіп кетті. Президенттің кемшілігі мен қателігі оның жетістіктерін басып озып кетті. Шын жетістіктерін де, қолдан жасалған «жетістіктерін» де. Масқаралыққа ұшырап, абыройдан біржолата айырылып қалмасы үшін мұндай жағдайда өзін-өзі сыйлайтын саясаткерлер сахнадан кетеді».
- «Президент не деп еді? Президентке сенсек, бізде шекара да болмаған. Территория да жоқ. Мемлекеттілігіміз де болмапты. Сонда біз сығандармен туыс болып шықтық қой… 1991 жылы ғайыптан тайып, «бағымызға» Құдай бір билеушіні бере салыпты. Мемлекетті де сол жасапты! Шекараны да сол анықтапты. Және біз үшін жерді де іздеп тауыпты. Жер болғанда қандай! Мұнайы да, көгілдір отыны да, хромы да, мырышы да, темірі де, алтыны да бар жер! Орманы қандай, көлі қандай! Әрі баспана, әрі ұстахана, әрі сауықтыру орны! Бақыт деген осы емес пе! Тіл-көзім тасқа, тіпә, тіпә… Осы дұрыс па, осы шындық па?».
- «Назарбаев неліктен әділ сайлау өткізе алмайды. Тым болмаса бір рет. Барлық тәуелсіздік жылдары ішінде, өзі басқарған 15 жылда неге ондай қадамға бара алмады? Неліктен ол бұл жолы да лас, тайғақ соқпаққа түсті? Үйреншікті болғанымен, қауіпті емес пе?».
- «Назарбаев қазақ менсіз күн көре алмайды, ал мен оларсыз күн көрем деген астам пиғылға бой алдырған жоқ па? Иә, ол да мүмкін. Кейбір сөздеріне қарасаң, солай да сияқты. Алайда бұған да сенгің келмейді. Неліктен? Өйткені ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Ақылсыз да емес. Айтарлықтай сұңғыла. Тарихты жақсы біледі. Тарихта қалғысы келеді. Ататүріктен кем болғысы жоқ… Тарихқа жетік адам болғандықтан, ол басқа авторитарлық билеушілердің тағдырынан хабардар. Ол Саддам Хусейннің сайлауларда осындай жолмен «жеңгенін» біледі. Ол Маркостың да осындай жолмен «жеңгенін» біледі. Милошович та осылайша «жеңген». Ақаев та осылайша «жеңген». Осылай «жеңу» қажет пе? Өйткені мұндай жалған «жеңістер» – бұл күйреудің бастамасы!».
Қылмыс әлеміне қарсы тұрады деген үштіктің – ІІМ, прокуратура, сот – ұшар басындағы басшылары! Мен А.Сәрсенбайұлының бұрынғы президент Н.Назарбаевқа, оның қызметіне қатысты өзге де сын пікірін, көзқарасын, берген бағасын тізіп шығуыма болар еді. Бірақ осы да жеткілікті болар деп тоқтадым. Мақтаудан басқаны естігісі келмейтін, атақ-даңққа құмар адамның шымбайына бататын жоғарыдағы шындық әрі ащы мысқыл, әжуамен, бірақ мемлекет пен қоғамға жанашырлықпен айтылған ақиқат сөздер Н.Назарбаевтың қанын қарайтып, ашу-ызасын келтіргенін өздеріңіз де білесіздер. Назарбаев кешегі қол астында істеген министрден, жасы кіші адамнан мұншалықты сөз естуі оны «жындандырған» да шығар. Мұндай жағдайды өздеріңіз де бұқпантайлап жүріп, байқаған боларсыздар.
Енді заңгер ретінде айтыңыздар: Нұрсұлтан Назарбаев өзіне халық алдында жоғарыдағыдай өткір сын айтқан, масқарасын шығарған, «тірідей сойып» салған адамнан кек алмай тоқтаушы ма еді? Өзін ұлттың көшбасшысы, елбасы санатып жүрген адамға оның құрған жүйесінің айықпас ауруы туралы қойған қатаң, бұлтарпас диагнозы, өтіріктерін әшкере етуі өте жайсыз тигені даусыз. Назарбаев мұндай сынға төзбейтін, қорланатын, қаһарын төгіп, шалт қимылға баратын пенденің бірі. Сондықтан мен келтірген мысалдар оның қылмыс жасауына себепке, итермелеуші факторға, мотив болуға жарап қалар. Өтембаевтың мотивімен салыстырғанда, бұл әлдеқайда нақтылы және сенімді аргумент. Өз өлшемдеріңізге салсақ, Ержанның орнына ең алдымен Нұрсұлтан, одан кейін Рахат пен Дариға және басқалары жауапқа тартылуы, тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, тым құрығанда қылмысқа итермелеуші баптары бойынша жазалануы керек қой!
Н.ӘБІҚАЕВҚА ҚАТЫСТЫ БАСТЫ МОТИВ
Ол Ержан Өтембаевтың тікелей басшысы және қызметтерде жоғарылауына көмектескен қамқоршысы. Н.Әбіқаев Назарбаевтың ең сенімді серігі, оның барлық қылмыстық жоспарларын іске асыруды ұйымдастырушысының бірі екені мәлім. Назарбаевтық-отбасылық кландық жүйенің қалыптасуына қызмет етуші ретінде танылған. Әбіқаев Өтембаевты оның (Назарбаевтың) және мемлекеттің абыройын қорғау мақсатында деген желеумен қылмысқа тапсырыс беруші ретінде шынайы тапсырыс берушілерді жасырып қалуға пайдалануы әбден мүмкін.
Алайда бұл нұсқалар толықтай жоққа шығарылды, ал тергеу мен соттың алдына қойылған негізгі міндет – осы ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмысқа қатыстылығын тіпті тұспалдап та болдырмау болды.
Р.Әлиевті, Д.Назарбаеваны, Н.Әбіқаевты, Н.Дүтбаевты, Ә.Мұсаевты, С.Терещенконы, В.Божконы, Р.Түсіпбековті, Б.Мұхамеджановты, Қ.Қасымовты және олардың сыбайластарын куә ретінде шақыру туралы өтініштер мемлекеттік айыптаушы В.Кириленконың қарсылығына тап болып, судья Л.Мерекеновтің тарапынан негізсіз түрде кері қайтарылды. Сот тергеуінің толық еместігі мен біржақтылығы негізсіз үкімнің шығарылуына әкеп соқты.
2009 жылғы наурызда (сол кезде әлі полковник) Г.Машанло «Азаттық» радиосына берген сұхбатында: «Мен Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімі бойынша қылмыстық істі жүргізген адам ретінде айта аламын: тергеу барысында Рахат Әлиевтің іске қатыстылығы туралы ешқандай объективті дерек болған жоқ. Тергеу барысында мен мұндай деректерді көрмедім. Бұл істі қайта қарауға негіз жоқ… Рахат Әлиевтің бұл іске қатысы бар екені туралы ешқандай дерек жоқ, тіпті бұл туралы айтуға да негіз жоқ», – деп мәлімдеді.
2011 жылғы маусым айында бас прокурор Асхат Дауылбаев Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты іс бойынша сот шешімін Бас прокуратура заңды әрі объективті деп танығанын мәлімдеп, бұл істің 2006 жылы АҚШ-тың ФБР қызметкерлерінің қатысуымен толық ашылғанын және тергеу сапасына күмән келтіруге негіз жоқ екенін атап өтті.
2013 жылғы желтоқсан айында ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалау сот алқасы Е.Өтембаевқа қатысты үкімді жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты жою туралы бас прокурордың қорытындысын қарады. Алматы облыстық сотының үкімі ішінара күшін жойды. Сотта ішінара жою бірінші сатыдағы сот үкімі тек Е.Өтембаевқа қатысты ғана жойылғанын білдіретіні түсіндірілді. Қылмыстық істің басқа фигуранттарына қатысты бұл сот актісі қайта қаралған жоқ. Қылмыстық іс жаңа сот талқылауына жіберілді.
«…Енді ең бастысы да белгілі болды – Рахат Әлиевке А.Сәрсенбайұлының өлімі не үшін қажет болғаны. Мотив біреу – кісі өлтіруді саяси сипатта көрсету және Қазақстан басшылығын қоғамның, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың көз алдында беделін түсіру. Сәрсенбаевтың өлімі – Рахат Әлиев жүзеге асырмақ болған мемлекеттік төңкеріс жоспарының бір бөлігі. ФБР қызметкерлері Ибрагимовтың шындықты айтып отырғанын растады – Сәрсенбаевтың өлімі Әлиевтің артында тұр».
Бұл сөздер Л.Мерекеновке тиесілі. Арада жеті жыл өткен соң, өзі қылмыскерлерді жазадан құтқарған топтың қатысушысына айналған, әділетсіз үкім шығарған судья 2006 жылғы ақпанда саяси террор актісі жасалғанын іс жүзінде мойындады.
Заңсыздық эстафетасы 2014 жылғы қаңтарда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында жалғасты – судья А.Бейімбетов, мемлекеттік айыптаушы Г.Тлеубаев.
Сол жылдың ақпан айында ҚР Бас прокуратурасы Ә.Мұсаев пен Р.Әлиевке қатысты қылмыстық іс қозғау туралы қаулы қабылдады. Кейін Австрия Республикасының құзырлы органдарына Р.Әлиев пен Ә.Мұсаевтан жауап алу жөнінде халықаралық тергеу тапсырмасы жолданды. Мақсат – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Б.Байбосын және В.Журавлевтің ұрлануы мен өлтірілуін ұйымдастыруға қатысуын анықтау. Осы іс бойынша жиырма жыл ішінде көптеген оқиғалар орын алды:
Е.Өтембаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы және қайтыс болуы, Р.Әлиевтің жұмбақ «өзін-өзі өлтіруі», куә А.Макашовтың қазасы, ТЖ экс-министрі В.Храпунов пен канадалық бизнесмен А.Дербастың БАҚ-тағы жасаған мәлімдемелері. Олардың айтуынша, Д.Назарбаева А.Сәрсенбайұлының аузын жабу керектігі туралы көпшілік алдында айтқанын өз көздерімен көрген. Ақырында Назарбаевтың өзінің саяси қарсыласын жою керектігін ашық айтқан «дауыс жазбаларының» жариялануы.
Қоғам жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша Қаскелең қаласында өткен сот процесі барысында белгілі болған фактілердің растығын немесе жалғандығын анықтайтын дәлелдерді әлі күнге дейін ала алмай келеді.
Араға 10 жыл салып, 2024 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында Қостанай облысы Жетіқара ауданының №39 мекемесінде жазасын өтеп жатқан, өлім жазасына кесілген Р.Ибрагимовтің ҚР Президентіне жолдаған өтініші кеңінен жарияланды. Ол былай деп айтқан:
«А.Сәрсенбаевты, В.Журавлевті, Б.Байбосыновты өлтіруді Заңнан жоғары тұрған адамдар ұйымдастырып, жүзеге асырды (орфографиясы сақталған), атап айтқанда: ҚР Президентінің бұрынғы күйеу баласы Р.Әлиев, ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Ә.Мұсаев, прокуратураның бұрынғы қызметкері А.Макашов. Оларға қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға ҚР Бас прокуроры Р.Түсіпбеков, ҚР ІІМ басшысы Б.Мұхамеджанов және оның орынбасары К.Қасымов, сондай-ақ оларға бағынышты өзге де тұлғалар көмектесті…».
Олар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін, ресурстарын, ең бастысы Назарбаев пен оның қызы Дариғаға жақындығын пайдаланып, уақытты созу, қылмыстық істі қайта қарауға жол бермеу, Мұсаев пен Әлиевті Австриядан экстрадициялауға және бейнебайланыс арқылы соттауға кедергі жасау үшін барын салды.
Өтініште тергеуші Г.Машанлоның қылмыстық істі қолдан жасағаны және Қостанай облысы ҰҚК департаментінің бастығы С.Климчуктың, К.Мәсімовтің, сондай-ақ ҰҚК қызметкері М.Осиповтың рөлдері туралы хабарланған. Оның айтуынша, ол 2020 жылғы қарашада ҚР Президенті Қ.-Ж.Тоқаевқа қарсы қылмыс дайындалып, билікті басып алу әрекеті дайындалып жатқаны туралы ақпаратты президенттің атына жолдаған.
Осыған ұқсас ақпарат 2024 жылғы 12 ақпанда тек осы жарияланым үшін тіркелген «Злобная татешка» Youtube-арнасында таратылды (тіркелу күні 08.02.2024). Бұл ақпаратқа ресми органдар тарапынан ешқандай реакция болған жоқ, ол аты аталған тұлғалардың ешқайсысы тарапынан расталған да, теріске шығарылған да жоқ.
2025 жылғы қазанда біз ҚР Бас прокуроры Б.Асыловтың атына №06196203100062 және №14001901100001 қылмыстық істер бойынша ақпарат беру туралы Өтініш хат жолдап, төменде келтірілген талаптар мен сұрақтарымызды жолдадық:
1) Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өлтірілуі жөніндегі іс бойынша қазақстандық тараптың тапсырмасы аясында Австрия Республикасының құқық қорғау органдары Ә.Мұсаевқа қатысты қандай да бір тергеу әрекеттерін жүргізді ме?
2) Ә.Мұсаевқа ресми айып тағылды ма?
3) Ә.Мұсаевқа саяси баспана берілмегенін және ҚР азаматы екенін ескере отырып, оны Қазақстанға экстрадициялау әрекеттерін қайта жандандырып, күшейтуді сұраймыз.
4) Жәбірленуші тарапқа Ә.Мұсаевтан жауап алу кезінде мүдделі сұрақтарды енгізу арқылы тергеу әрекеттеріне барынша қатысу мүмкіндігін беру.
5) Сотталған Ибрагимовпен бұл «интервьюді» кім және қандай мақсатта ұйымдастырып, жариялағанын, осы «медиа-ресурстың» құқықтары кімге тиесілі екенін және құқық қорғау органдары қандай шаралар қабылдағанын түсіндіру.
Алматы қаласы прокурорының орынбасары Асхат Шәріповтың бізге берген жауабында: «Қазіргі уақытта ҚР Бас прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің өндірісінде №14001901100001 қылмыстық іс бар. Онда Ә.Мұсаев пен Р.Әлиев ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында А.Сәрсенбайұлы, Б.Байбосын және В.Журавлевті өлтіруге қатысы бар деп күдіктеледі. Тергеу ҚР ҚПК-нің 45-бабы 7‑бөлігінің 2‑тармағына сәйкес, яғни күдікті Ә.Мұсаевтың ҚР аумағынан тыс жерде болуына байланысты тоқтатылған. Соттың санкциясымен Ә.Мұсаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған және осы уақытқа дейін өзгертілмеген, ал оның әрекеттері ҚР ҚК-нің 99-бабы 2‑бөлігі, 262-бабы 1‑бөлігі бойынша сараланған», – деп көрсетілген.
Жоғарыда келтірілген фактілер ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеттерін ҚР ҚК-нің 233-бабы 4‑бөлігі (ескі редакцияда, қазіргісі – 255-бап 4‑бөлік), яғни терроризм актісін ұйымдастыру және жасау ретінде қайта саралау қажеттігін айқын көрсетеді. Біз бұл қылмыстық іс бойынша басты күдіктілер қатарына экс-президент Н.Назарбаевты, оның бұрынғы күйеу баласы Р.Әлиевті, қызы Д.Назарбаеваны, Н.Әбіқаевты қосуға толық негіз бар деп санаймыз.
Сондай-ақ қылмыстық істер қозғап, қылмысты жасырып, тергеуді жалған жолға бағыттаған төмендегі тұлғаларға қатысты мұқият тергеу жүргізу қажет (2006 жылғы лауазымдары бойынша):
1. Рашид Төлеутайұлы Түсіпбеков – ҚР бас прокуроры,
2. Бауыржан Әлімұлы Мұхамеджанов – ҚР Ішкі істер министрі,
3. Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары,
4. Владимир Карпович Божко – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасынын орынбасары,
5. Ерғали Серікбайұлы Мерзадинов – ҚР бас прокурорының орынбасары,
6. Гаши Суалиевич Машанло – ҚР ІІМ-нің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі,
7. Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаев – ҚР Сенат төрағасы.
Іске қатысты прокурорлар:
1. Владимир Кириленко
2. Ғалымжан Тілеубаев
3. Күлзия Күйікова
4. Ильяс Бақтыбаев
5. Андрей Кравченко
6. Талғат Бектұрсынов
7. Анатолий Смолин
Судьялар:
1. Мерекенов Лукмат Тәуірбекұлы
2. Бейімбетов Асқарбек Адайбекұлы
3. Мәми Кайрат Әбдіразақұлы
4. Рақымбеков Ербол Мұқажанұлы
Сотталғандар, олар 2006 жыл, 11 ақпандағы қылмыс туралы жасырған деректерін, шындықты айтуға міндетті.
1. Рустам Ибрагимов,
2. Виталий Мирошников,
3. Еділ Әбікенов, «Арыстан» арнайы жасағының командирі, майор,
4. Нұркен Едігеев, 6‑басқарманың 2‑бөлімі бастығының орынбасары,
5. Разхан Еспембетов, осы бөлімнің прапорщигі,
6. Ерлан Ералиев, 5‑басқарманың 3‑бөлімі прапорщигі,
7. Асылхан Тажи, 5‑басқарманың 3‑бөлімі прапорщигі,
8. Ерғали Қасымов, жедел кезекші, подполковник,
9. Алымжан Газиев, Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің 7‑басқармасында қызмет еткен.
ҚР ҚПК-нің 183-бабына сәйкес, масс-медиа мен онлайн-платформаларда жарияланған қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарлама сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға негіз бола алады. Өз кезегінде, мұндай хабарламаны жариялаған масс-медиа немесе онлайн-платформаның басқару функцияларын атқаратын тұлғалар, құзырлы органның талабы бойынша өздеріндегі құжаттар мен өзге материалдарды беруге, сондай-ақ бұл мәліметтерді ұсынған тұлғаны атауға міндетті.
Біз жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қылмыстық іс жүргізуді қозғау, тергеу жүргізіп, нәтижесі бойынша істі белгіленген тәртіппен сотқа жолдау қажеттігін мәлімдейміз.
Тергеуді жасанды себептермен қайта жандандыруды созуды біз қазіргі биліктің қылмысты жасыруға мүдделілігі ретінде бағалаймыз және бұл, сөзсіз, экс-президент Н.Назарбаевтың, оның отбасы мүшелерінің және биліктің жоғары эшелондарындағы сыбайластарының осы қылмысқа қатыстылығы туралы нұсқаны растайды.
Қазақстан қоғамы экс-президент Назарбаевтың тікелей басшылығымен Ақорда қабырғасында ойдан шығарылған ресми нұсқаны қабылдаған жоқ. Уақыт қылмыстың нағыз тапсырыс берушілері мен ұйымдастырушыларын анықтауға деген ұмтылысымызды бәсеңдеткен жоқ. Уақыт Алтынбек Сәрсенбайұлының, Бауыржан Байбосынның және Василий Журавлевтің қазасын ұмыттырмайды. Уақыт қанды қылмысқа қатысқандарды сөзсіз келетін жазадан құтқармайды. Қылмысты жасырып, тергеуді жалған жолмен жүргізген адамдардың жазасыз қалуы мемлекеттік негіздерді шайқалтып, ұлттық қауіпсіздікке және қоғамдық мүдделерге қатер төндіріп, болашақта осындай қылмыстардың қайталануына жол ашады.
Бұл қылмыстың ашылуы үшін жауапкершілікті мен Қ.-Ж. Тоқаевтың мойнына жүктеймін. Ол ақылға қонымды саяси шешім қабылдауы тиіс, немесе тарихта жоғарыда аталғандармен бір қатарда қалуы мүмкін.
Назар аударамыз: ҚР ҚК-нің 71-бабы 6‑бөлігіне сәйкес, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар, террористік және экстремистік қылмыстар, азаптау, сондай-ақ жеке адамға, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауіпсіздігіне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы аса ауыр қылмыстар үшін ескіру мерзімдері қолданылмайды.
Рысбек СӘРСЕНБАЙ, 10.02.2026 ж.