Жүз мың зиялы, 40 мың филолог-мұғалім, соның ішінде мың дәрежеленген филолог, бірнеше миллион қолдаушы мен талап етуші ғасыр бойы дүрлікті, шулады, ыңырсыды…
Нәтиже жоқ.
Болмайды!
Себеп: бұлар өркениеттің даму сатысының төменгі басқышында – аграрлы қоғамда өмір сүріп жатқандар. Ал тіл мәселесі өркениеттің даму сатысының жоғарғы басқышында – индустриялы қоғам жағдайында, соған бейімдеп шешуді талап етеді.
Демек, түпкілікті себеп – формациялық артта қалуда.
***
Қазақ тілінің дағдарысы ХVIIІ ғасырда Батыс Қазақстанның Ресей империясына тәуелділікке түсуімен байланысты қазақ лексикасына «бодан» (подданный) деген сөздің енуінен басталған болатын. Кейінгі ғасырларда шетелге бағыныштылықтың салмағы арта келіп, КСРО құрылғанда, қазақтар орыс халқымен «мәңгі біргеміз» деп, шабыттана ән шырқап жүрді.
***
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАЗІРГІ КҮЙІ
Қазақ баласы ұлттық аурасы аңқып тұрған деп саналатын үйінен өз деңгейінде тіл біліп шықпайды. Балабақша да тіл үйрете алмайды.
Қазақтілді мектеп бағдарлама бойынша оқулықтар мен әдістемелік құралдарды пайдаланып, шәкіртті бағамен ынталандырып, оқыту үдерісін регламентпен реттей отырып, 12 жыл ішінде баланы қазақша сөйлете алмайды.
Жоғары оқу орнын ана тілінде бітіріп, өндіріске келген жас адам бірден орыс тіліне ауысып кетеді.
Жалпы қазақтілді орта қалыптаспады.
Кеңес билігі кезінде қазақ тілі мемлекеттік басқару мен экономикалық айналыста қолданылмады, стихиялы ағысқа жіберілді. Тек шектеулі тұрмыс шеңберінде бейпіл қолданыстың салдарынан тілдің синтаксистік жүйесі мейілінше бұзылды, ресми коммуникация құралы ретінде қызмет ету қабілетінен айырылды.
Қазақ тілінің контенті – педагогикалық әдебиеттің, БАҚ-ның, ғылыми-публицистикалық еңбектердің мәтіндері мазмұнды түсінуге мүмкіндік бермейтін, шашылған тіркестердің жиынтығы болып шығып жатыр. Мәтіннің синтаксистік қателіктерге толы болуы тілді игеруге мүмкіндік бермейді. Осыны сезбеген қазақтілді субъект енді орыстілді арналарды Конституция қолданып жауып тастап, қазақ тілін жөнге салып жібермек.
***
ТІЛ ДАҒДАРЫСЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ
1961 жылы КОКП-ның ХХІІ съезінде «адамдардың жаңа қауымдастығы – кеңес халқы» қалыптасқаны, келешекте «Кеңес адамдары бір тілде сөйлейтіні» жарияланды. Съездің шешімі бойынша компартияның тіл саясатын жүзеге асыруға қазақ филологтары жұмылдырылып, төмендегідей кешенді шаралар жүзеге асырылды:
– қазақ тілі мен әдебиеті мәселелері жарияланатын және зерттелетін ғылыми-әдістемелік журнал жабылып қалды;
– терминдерді аударуға рұқсат етілмеді;
– Ғылым академиясында тілдің сөздік қорын жинауға, бұл тілде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге тыйым салынды;
– тілді мемлекеттік іс басқаруда, экономикалық айналыста қолдануға тосқауыл қойылды (таза қазақтар қоныстанған мал шаруашылықты аудандардың өзінде іс орыс тілінде жүргізілетін болды);
– тіл қолданыс стихиялы ағысқа жіберілді.
Кеңес қазақ филологтары міндеттерін «абыроймен» орындады, ана тілін ресми қолданыстан ығыстырып шығарудың сұрқия амалдарын ұсынып отырды. «Академик» С. Аманжолов стилистика мен лексиканы шатастырып, оны 9‑сыныпқа арналған оқулыққа енгізіп қойды (А.: 1998. 99‑б.). 22 рет қайта басылып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы оқушының боқшасынан түспеген осы «оқулықпен» үш ұрпақ «білім алып» шықты. Нәтижеде қазіргі қазақтілді кеңістік стилистикалық талаптарды білмейтін, сөз саптаудың тек бейәдеби стилінде ғана сықпыртатындардың қойыртпағына толып тұр. Қазақ тілінің ресми стильдері орнықпады.
М.Балақаевтың, С.Исаевтың, Ә.Қайдаровтың, Н.Уәлиевтің… ғылымнан алшақ түсіндірулері монографиялардан, ұжымдық жинақтардан және оқулықтардан орын алды. Олар ойлап шығарған бірде-бір «тұжырым» тілдің дамуына серпін бермеді, пайдасыз, бос әуре болып шықты. Тілдің ахуалы жылдан- жылға нашарлай түсті.
Қазақтілді филологияны ғылым саласы ретінде дамытудан тайдырып әкетудің алғышартын академик Р.Сыздықова жасап берді. «Әдебиет терминiн Европа мен орыс филологиясы қалай таныса, бiздiң де солай тануымыз шарт емес» (Қазақ әдеби тiлiнiң тарихы. А.: 1993. 11‑б.) деген изоляционистік тұрғысын жариялауымен, бұл мадам отандық филологияны дүние жүзіндегі озық лингвистикаларда қабылданған теориялар мен практикалардан қара үздіріп тастады. Қазіргі қазақтілді филологтар Еуропаның жетілген филология ғылымы аясынан шығып, дүниежүзілік тенденциялардан жырақта, дрейфте қамалып отыр. Шынайылығында, бізде филология деген ғылым жоқ. Салада толығымен паранауканың үстемдігі орнаған. Қазақ тілінің қайта оралу нүктесінен асып түсіп, түпсіз тұңғиыққа бет алуы осы стратегиялық адасудан (адастырудан? – Авт.) бастау алған болатын.
***
КЕҢЕСТІК ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ ЖАЛҒАСУЫ
1991 жыл келді. Ел саяси тәуелсіздікке қол жеткізді. Рухани дамудың барлық бағыттары бойынша серпінді қимылдар жасау мүмкіндіктері пайда болды. Алайда қазақ филологтары кеңестік тіл саясатын дәріптеуін жалғастыра берді. Олар жаңа жағдайға сай ана тілін жетілдіру бағытын қабылдамады: тілді индустриялы қоғамға кіріктіру және оны әмбебап қолданысқа дайындау шараларымен айналыспады.
Тіл білімі саласындағы екі академиялық орталықтың (А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі ғылыми-зерттеу институты, Ш.Шаяхметұлы атындағы «Тіл-Қазына» ҒӘО) басшылары мен жауапты қызметкерлері – А.Фазылжанова, А.Әмірбекова, Ә.Асқаров, С.Омарова және М.Атабаева (оқулық авторы), т.б. – кеңестік тілдерді жою саясатын айыптамағаны, одан бас тартатынын мәлімдемегені былай тұрсын, керісінше, «кеңес кезіндегі қазақ филологтарын іргелі ғалымдар» деп атап, «олардың еңбектерін жоққа шығармайтынын» ашық жариялап, қазақ тілін көктетпеу шараларын да ашық іске асырып отыр.
Қазақстанға Батыстың жетілген филология ғылымы келген жоқ. Ғылым жоқ дегеніміз – ғалым жоқ деген сөз. Ғалым жоқ дегеніміз – қазақтілді филологияда тілді мемлекеттік мәртебесіне сай, индустриялы қоғамда әмбебап қолданылатын, барша жұрт меңгеріп кете алатындай нормаға түсірілген тіл ретінде дамытудың жолдарын көрсете алатын адам жоқ деген сөз.
Отандық филологтар Президент Қ.-Ж. Тоқаевтың тіл мәселесіне «ғылыми тұрғыдан келу… қазақ тіліне реформа жасау… тілді модернизациялау керектігін» ескерте келіп, бұл трендті жүзеге асыру үшін «Еуропа елдерінің тәжірибелеріне сүйену қажеттігін» қаперге алмады. Содан бері 5 жылдың жүзі болды, бұл бағытта қозғалыс болған жоқ. Өйткені отандық филологтар арасынан парадигманың мәнін түсініп, жүзеге асыру жолдарын білетін адам табылмады. Олар модернизация деген сөздің мағынасын түсінбеді. Ұсынылып отырған парадигманың және келтірілген терминдердің мәнін түсінбегендіктен, филологтар бұл трендке қол тигізбей қарап отырды.
Қазақтілді филологтар заманауи лингвистикалық зерттеу үдерістерінде қолданылатын ұғымдық аппараттың мағынасын түсінбейді. Салыстыра айтқанда, қазақтілді филологияның ғимаратын салушылар арасында топырақтан құмды, цементтен алебастрды ажыра алатын құрылысшы жоқ. Олар жалпыхалықтық тіл мен әдеби тілдің арасын ажырата алмады. Әдеби тіл мен көркем әдебиет тілінің де бір ұғымды білдірмейтінін түсінуге де зердесі жетпеді. Олар тіл стандарты, тілдің репрезентативтік қабілеті, денотативті-сигнификативтік анализ, ареалдық лингвистика, мәтінді фило-психо-нейробиологиялық зерттеу, мәдени лаг, тілден жеру (ор. – языковой сдвиг)… деген ұғымдарды естіп көрмегенін, тілдері келмейтінін көрсетті. Араларында индустриялы қоғамда өмір сүріп жатқан немесе дамудың осы басқышына өтіп жатқан қоғамдағы тілдік процестерді талдап, келелі ой айта алатын адам болмай шықты. Олардың арасынан қалыптасқан ахуалға сындарлы сипаттама бере алатын, саланы дұрыс бағытқа меңзеп жіберетін адамды іздеу Сахарадан айсберг іздеумен парапар.
Қанағат ЖҮКЕШ