Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.ТОҚАЕВҚА
Құрметті Қасым-Жомарт КЕМЕЛҰЛЫ! һәм Жаңа Қазақстан құру туралы кең ауқымды, аса күрделі мұрат-мақсатты алға нақты қойып отырған Сізге арнайы хат жазуымның өзіндік себебі болып тұр. Тәуелсіздіктің отыз төрт жылында мыңдаған жылдық тарихы бар, әлемдегі іргелі елдердің бірінде ана тілдік алаңымызда құқықтық жағынан да қайшылықты жайлар қалыптасты. Ол жойылса – жоғарыдағы идеялардың мазмұнын байыта түсіп, шынайы әділеттілік те, тосын жаңалық та болар еді.
1995 жылы қабылданған Ата заңымызда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп, содан алты жыл бұрын мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тілімізді конституциялық тұғырлы еттік. Бұл өте дұрыс болды. Бірақ жиырма жеті бабының он бесі орыс тілінің қамын қарастырған, қазақ тілі жөнінде табан тірейтін бірде-бір қағидатты мәселе қарастыра алмаған 1997 жылғы 11 шiлдеде қабылданған «Тіл туралы» (бұл орысшасында «О языках») заңда ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейте алатын, оның мемлекеттік мәртебесін арттыра түсетін құқықтық нормалар қабылдай алмадық. Мұндай әрекет арада отыз жылдай уақыт өтсе де болмай тұр. Сол себепті 2017 жылға қарай елімізде мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың саны 80, ал 2020 жылға қарай кемінде – 95 пайызды құрауы тиіс деген сөздерді қазір тіпті еске де ала бермейтін болдық.
Мұның себебі мен салдарларын мүмкіндігінше түсіндіргім келеді. Бәлкім, қателесермін. Алайда соңғы отыз жылдан астам уақыт бойы тіл мәселесімен тұрақты айналысып келемін, мақалалар жазып, кітаптар шығардым.
Ана тілі азат болмаған елдің тәуелсіздікке жете алмайтынын терең түсінген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның сонау 1905 жылдары сахна төріне шыққан ұлттық қозғалыстың басында ана тіліміздің азаттық алуын алға қоюы жайдан-жай емес еді. Осыдан хабардар, қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайға сын көзімен қараған халқымыздың алдыңғы қатарлы ұлтшыл азаматтары кеңестік жүйедегі «қайта құру» саясатын ең бірінші туған тіліміз үшін күреске айналдырып, халықтың рухын көтеруді қолға алды.
Сонау 1989 жыл еске түседі. Мен ол кезде Қызылорда облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімін басқаратынмын. Алматыдан Қ.Мұхамеджанов, Ә.Қайдар, Ө.Айтбаев, республикаға белгілі т.б. жазушылар, тіл мамандары келіп, қаладағы Н.Бекежанов атындағы театр ғимаратында үлкен жиын өтті. Облыста «Қазақ тілі» қоғамы құрылады дегеннен соң, халық көп жиналды. Ертеден қордаланған ойлар мен пікірлерге есік ашылып, ортаға салынды. Үлкен үзіліске дейін де, одан кейін де Қалекеңнің – Қалтай Мұхамеджановтың шабыттана сөйлегені әлі есімде. Сол кездері орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе беру керек деген ақсақал академигімізбен де белбеуді тартыңқырап жіберіп, күрескен қайран Қалекең еді.
Осылай «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымы кеңестік дәуірден бастау алып, барлық елді мекендерде оның филиалдары, мекемелерде бастауыш ұйымдары құрылды. Олар тәуелсіз ел болып жарияланған 90-жылдардың алғашқы кезіндегі қажеттілікке орай белсенділік танытып, қызу жұмыс жүргізді. Халық көтеріліп, ерекше еркіндік етек алды. Әуелгі кезде Үкімет тарапынан да бірсыпыра тиісті қолдау болды. Осының арқасында өз жері мен елінің иесі қазақ 39 пайыз ғана бола отырып, 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Тіл туралы» заң қабылданды. Қызу тартыс, көсем сөздерден кейін қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, оның қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған бүкілхалықтық қозғалыс басталды. 1990 жылдың наурызында ұйымдастырылған, ұлттық тіліміздің туын берік ұстап келе жатқан «Ана тілі» газеті тілімізге қатысты талай толағай толғаныстар мен тамаша ойларды көтеріп келеді. Алайда оны ескеріп жатқан ешкім жоқ деуге болады.
Ең өкініштісі – сол кездері жер-жердегі рухани өрісті, шынайы ұлтшыл үдерісті тиімді пайдалана алмадық. Саяси санасы жоғары халықпен жұмыс істеудің күрделі екенін сезінген, жан-жағына алаңдаған билік бұл ізгілікті қозғалысқа деген көзқарасты күрт өзгертіп, бұрынғы бағытынан айныды. Содан тілімізді төрге шығару жолында қалың қазақты оятуға бағытталған, біршама батыл қадамдар жасаған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірте-бірте әлсіреп, аты бар да, заты жоқ ұйымға айналды.
Ал 1995 жылғы Конституцияның 7‑бабының 1‑тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген құқықтық норма келесі 2‑тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген, бірінші тармаққа құқықтық және логикалық жағынан қайшы, қазір де қайталанып отырылған бұл бап ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін күрт төмендетті, әлі де төмендетіп келеді. Тіпті бұл тармақты «орыс тілінің ресми мәртебесі» дейтін болдық. Кезінде арнайы депутаттық сауалымызға Конституциялық кеңес бұл орыс тілінің қолданыс құқығы ғана деген еді. Шетелде тілдің «мемлекеттік мәртебесі» деген сөз жоқ, оны «ресми мәртебе» дейді.
Міне, осындай жайлардан ана тіліміздің тағдырын «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» арқылы шешеміз деген теріс тұжырым орыс тілін кешегі кеңестік кезеңдегідей қоғамда негізгі қатынас тіліне айналдырғаннан басқаға дәрменсіз болды. Сонан соң Тіл туралы заңның 4‑бабында«Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» дедік те, мемлекеттік мәртебесі болса да, міндеті дей алмадық. Араб сөзі «парыз» өз ішінде «айн» және «кифая» болып екіге бөлінеді: «Айн парыз» – әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, өтеуге борышты парыздар. Мұсылман бұл парыздарды жеке өзі орындауға тиіс. «Кифая парыз» – жалпы мұсылманға парыз бола тұрса да, кейбір мұсылмандардың іске асыруы арқылы барша мұсылманның мойнынан түсетін парыз. Біздің жоғарыдағы Заңымызда халқымызды топтастырудың аса маңызды факторы болып саналады деген мемлекеттiк мәртебесі бар тiліміздi меңгеру «кифая парызға» ұқсас күйге түсті. Сондықтан еліміз тәуелсіздікке жеткенмен, ұлттық рухымыздың әлсіздігінен мемлекеттік мәртебелі ана тіліміз қазіргі күнге дейін қоғамымызда өз мәртебесінде қызмет ете алмай келеді. Өз бала-шағасымен өз тілінде сөйлесе алмай жүрген ата-ана мен әжелер, болмаса өз тілін менсінбей, орыс тілін білгендеріне, азын-аулақ ағылшын, қытай тілдерінде сөйлегендеріне мәз болып, өздерін бақытты сезініп жүрген жастар қатары көбейді.
Тәуелсіздіктің өткен отыз жылында «қазақ тілін саясаттандырмайық» дедік те, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп халықты алдарқатып қойдық. Іс жүзінде «салмақты тіл саясатынан» аулақ болдық. Оның айқын айғағы – «Үш тұғырлы тіл» деп мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілімен қоса, орыс және ағылшын тілдерін, мектепті былай қойғанда, балабақшадан бастап үйретуге кірістік. Онсыз да орыс тілі кез келген балабақшаның негізгі қолданыс тілі болатын. Ал республикадағы қазіргі жеті мыңға тарта орта мектептердің 54 пайызы ғана, ал басқа қалаларға үлгі болуға тиісті Астанамыздағы 92 мектептің 35‑і ғана қазақ мектептері.
Аралас мектепте қазақ тілдік орта жоқ. Орыс сыныбында оқитындардың көпшілігі қазақтың ұл-қыздары. Отбасында ұлттық тәрбие ала алмаған, өзге тілдегі мектепте оқығандар өз ұлтына қызмет ете алмайтынын өмір көрсетіп келеді.
Ана тіліміздің абыройын арттыру бағытына жүйелі де батыл жұмыстың жоқтығына бұқаралық ақпарат құралдарынан да бір-екі мысал келтіре кетейік. Бас газетіміз – «Егемен Қазақстанның» 2025 жылдың 30 тамыздағы санында жарияланған «Павлодар: Қазақ мектебінінің жайы қалай?» атты мақалада білім беру басқармасының мәліметінше, өткен оқу жылында облыс бойынша мектеп табалдырығын аттаған 23,5 мың баланың 43 пайызы ғана қазақ сыныбын таңдаған. Ал биыл 11 мыңға жуық баланың таңдауы 45 пайыз болып отырған көрінеді. Мұндай жағдай облыстарымыздың барлығына дерлік тән деуге болады.
Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің 2025 жылғы 24 қыркүйектегі санындағы «Тіл тілді өлтірмейді, сөйлеуші өлтіреді» деген мақалада: «Зерттеулерде жойылып кететін тілдердің алғашқы белгісі – «тіл өкілдері өз тілінде бола тұра, сөз арасында үстем тілдердің сөздері мен сөз тіркестерін қосып сөйлейді» делінсе, соңғы белгісі – «өзге тілде сөйлейтін ұрпақ өз қоғамында өз тілінде сөйлеуге ұялатын, намыстанатын халге жетеді» деп жазылған. Бұл фактілер қазір де аз кездеспейді. Сонымен қатар: «Соңғы 10–15 жылдың көлемінде орыс және ағылшын тілдерінің әсерінен қазақ тілінің әдеби нормасына едәуір салмақты залал келгені тіл жанашырларын алаңдатып отыр» – деп жазылыпты. Осындай жағдайларда ұл‑қыздарымыздың келешегі не болмақ? Ана тіліміздің тағдыры не болмақ?
Бүгінгі күндері қазақ мектептерінің жетіспей отыруы жалпы мектеп санының аздығында емес, оларды негізінен аралас мектеп ету саясатымыздан туындап отыр. Бұған Астанамыздың өзінде мысалдар жеткілікті. Бірақ қалыптасқан жағдайды ретке келтіретін білім басқармалары жоқ.
Мен әсте орыс тіліне қарсы емеспін. Әңгіме қай тілді білмейік, оның ұлттық тілге негізделуінде болып отыр. Бұл – басты мәселе. Ұлттық тіл басқа тілдердің өзіндік ерекшеліктерін ұғындыра түсумен бірге өз ана тіліңе деген құрметіңді де арттырады. Осы сәтте Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болмайды», ал «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген тамаша пікірлерін еске сала кетсем, артық болмас.
Мемлекеттік мәртебесі осыдан қырық жылдай бұрын айқындалған ана тілімізге ең алдымен өзімізді толық ие ету үшін, бірнеше ұсынысым бар. Біріншіден, кешегі егемендіктің елең‑алаңында ұлттық рухымызды көтеріп, белсенді қызмет атқарған, кейін қайта құрылған «Қазақ тілі» қоғамдарының халықпен жұмыс істеуін жандандыру керек. Екіншіден, Өзіңіздің мемлекеттік мәртебесі бар ана тілімізді қоғамымызда ұлтаралық қатынас тілі етуіміз қажет деген ойыңызды жүзеге асыру үшін, оны 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңына арнайы құқықтық норма ретінде ендіру қажет. Үшіншіден, тіл туралы мекемені министрліктен алып, тіл саясатын салмақты жүргізетін, өз алдына белгілі құқықтары мен міндеттері айқын мемлекеттік агенттік етіп құрған дұрыс болар еді. Бұл өзгерістің өзі халықты жаңа ойға жетелейді. Төртіншіден, қазақ мектептерінде қазақ тілін бірінші және екінші сыныпта оқытып, орыс тілін үшінші сыныптан бастаған жөн. Бұл ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастауыш мектептің бес жылдық болуы, оның үш жылында тек қазақша оқытып, төртінші жылында орысша оқыту керек деген өсиетіне жақын. Ал ағылшын тілін бастауыш сыныптан алып тастау керек. Бұл тілге жастардың ықыласы жаман емес, оны кейінгі сыныптарда игеруге үлгіре алады.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сіздің халқымызды еркіндікке баулуыңыз, қоғам мен билік арасында сындарлы диалог орнатуға ұмтылуыңыз халқымыздың саяси санасын оятып, қоғамымызда саяси-әлеуметтік оң өзгерістерге бастайды дегім келеді. Осыдан бір ғасыр бұрын айтылған Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты ұранының ана тіліміз үшін күні туып тұр десем, кейбіреулер мұны артық санауы мүмкін. Тереңірек ойлансақ, тіпті артық емес, қайта қажет-ақ!
Мемлекеттік мәртебеге ие болған тілдің біздегі жағдайы еш мемлекетте жоқ екенін ескеріп, бар ұлттық рухымызды жиып, тиімді әрекетке баруымыз керек. Азаттығымыздың басты коды және Тәуелсіздігіміздің тұғыры – «Ана» атымен аталатынын тіліміздің терең мағынасын ұғынып, оны тұрақты ұстаным, бойымызға қуат, рухани әлеміміздің басты арқауы ете алсақ, ана тіліміздің жұлдызы жарқырай түсер еді. Бұл құдірет халқымызды өркениеттің жаңа биігіне көтерері сөзсіз!
Сізге деген ізгі ниет, үлкен құрметпен
Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдар докторы, профессор