«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың тарихында өтпелі кезеңдер аз болған жоқ. Соның соңғысы – тәуелсіздік алып, ел болып қалыптасуға кеткен, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан біршама күйзеліске түскен алғашқы онжылдық деп ойлаған едік. Алайда жеке билеп-төстеушілікке құрылған назарбаевтардың билік жүйесінің көбесі сөгіліп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел билігіне келуі – өтпелі кезеңнің бұл ғасырдағы соңғы түйіні бола ма деген ойға тірейді.
Тоқаевты «ескі жүйенің қалдығы және жалғастырушысы» деп білетіндер мен қарама-қайшы пікірдегі адамдар тобы пайда болды. Ол пікірдің ара-жігін саясаткерлер мен саясаттанушылардың және уақыттың еншісіне қалдыра тұрсақ болар еді. Бірақ ел Президентінің «Еститін мемлекет» деген қағидатына иек артқан жұрттың қаншама жылғы жүйенің қаһарынан тұншыққан ойлары оянып, тілдері ағытылып сала берді.
«Ұялмаған әнші болады» дегендей, саясат пен экономиканың иісі де мұрындарына бармайтын, өмірлік тәжірибесі аз, қоғамның дамуы үшін «бұта басын сындырмаған» небір керітартпа ойлардың иелері жаппай «диванбатыр-ұраншы, бәлегер, саясатшы, сынап-мінеуші» болып шыға келді. «Іштен шыққан жау жаман» дегендей, кешегі ел байлығын «әкесінен қалған еншідей» емін-еркін иеленіп-тонаған, Президентіміз сөзінде тиек еткен 162 алпауыт пен олардың жемтіктестері тек жатпайтындығы былай да түсінікті. Оларды қойғанда, сол жүйенің «қызығына масайрап» дәніккендер мен құныққандардың өзі бұрынғы ықпалдары мен қолда барларынан оңай айырылмауға жанталасады.
Айырылмаудың жалғыз жолы – мемлекеттің іргесін шайқалтуға әртүрлі тәсілдермен әрекет ету. Сол арам әрекеттердің бірі – фейк, хайпқа толы жалған, халықты арандатуға арналған, «Тик-Ток» сияқты әлеуметтік желілер арқылы теріс ақпараттар тарату. «Берекесіздік –жұқпалы дерт» деп орекеңдер айтпақшы, өмірге әртүрлі жағдайда өкпелі көзқарастағы пенделерді арандату да оңай.
Бізде дүниеге салыстырмалылықпен қарап, ақиқатына жетуге ұмтылудан гөрі, кінәмшылдыққа иек артып, бір-бірімізді жүндей түтіп, сынап-мінеу, дүниенің күңгірт жағын ғана көру басым. «Аузың қисық болса, айнаға несіне өкпелейсің?» демекші, мемлекеттік түрде сипат алып келген жемқорлық, парақорлық, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтықтың небір жетілген түрлерінің етек алуында бүкіл қоғамның да үлесі бар екендігі керек қой.
Жемқорлыққа батып, сапасыз білім беріп келген әртүрлі оқу орнын бітірген шала сауатты мамандар әр салада толып жатыр. Олардың бәрі өз балаларымыз бен ағайын-туыстарымыз. Былыққан жүйенің зардабын еш жазықсыз олар да тартып отыр. Солардың сапасыз қызметтері мен біліксіздігіне өкпелеп, әлеуметтік желілер арқылы бір-біріміздің балаларымызды жүндей түтіп, жүйкелеріне ши жүгірткеннен мәселе шешіле ме?!
Әлі де қаншама жұрттың ұл-қыздары жоғары және арнаулы орта мамандық беретін оқу орындарында білім алып жатыр. Сол балаларымыздың білімі мен біліктілік сапасы келген күннен бастап әркімнің көңілінен шығатындығына біз кепілдік бере аламыз ба?
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсам:
Әркім үйде жатып, не көшеде жүріп сыншы болып, көрінгенге мін таққанша, қоғамның кем-кетігін толтыруға, мемлекеттің саясатын қолдай отырып, әділ, өркениетті қоғам құруға, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, тізе қосып, береке-бірлікпен қызмет істейік! Барлық қоғамдық ұйымдар бірігіп, мемлекеттік және әлеуметтік мекеме қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасы мен біліктілігін арттыруға жәрдемші болайық!
Әрине, «сын түзелмей – мін түзелмейді», сынымыз әділ әрі дәйекті болсын…
Мектеп-балабақшадағы ұрпағымызға өнегелі тәрбие беріп, қоғамның сау-салауатты болуына қызмет етуге жасымыздан бастап, қарттарымызға дейін бейтарап қалмайық, ағайын!
Төлеген ҚАЛИМАЖАН,
ШҚО Тарбағатай аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы