Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі қоғам үшін ең күрделі әрі ауыр тақырыптардың біріне айналғаны ақиқат. Бұл – құр статистика емес. Әр көрсеткіштің артында бір тағдыр, бір отбасының қайғысы, естілмей қалған бір жанайқай тұр. Мәселенің тамыры көбіне көзге көрінбейтін психоэмоционалдық жарақаттарда, отбасылық ахуалда, әлеуметтік қысым мен цифрлық кеңістіктегі жасырын зорлықта жатыр.
Өзекті мәселе төңірегінде психоаналитик Жанар Оспанова суицидалды мінез-құлықтың ішкі табиғатын, оның бала психикасында қалай қалыптасатынын және алдын алу жолдарын талдап береді.
Маманның айтуынша, суицид – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, ішкі ауырсынудың шектен шыққан көрінісі. Психоанализ бұл құбылысты көбіне бейсаналық үдерістермен байланыстырады. Яғни бала немесе жасөспірім сыртқа шығара алмаған ренішін, ашуын, әділетсіздік сезімін өзіне бағыттауы мүмкін.
Фрейд теориясында бұл – ішкі агрессияның өз «меніне» бұрылуы. Ал кейінгі зерттеушілер ішкі «жақсы» мен «жаман» бейнелердің қақтығысын айтады. Егер бала өзін сүйікті әрі қажет адам ретінде сезінбесе, оның санасында «мен лайық емеспін», «мен артықпын» деген қауіпті тұжырымдар қалыптасуы ықтимал. Осындай ішкі қайшылықтар шешілмеген күйінде ұзақ сақталса, суицидалды ойларға негіз қалайды.
Жасөспірім кезеңінде эмоцияны сөзбен жеткізу қиындай түседі. Ұят, кінә, жалғыздық, қабылданбау қорқынышы іште жинала береді. Бұған жас ерекшелігіне тән «туннельдік ойлау» қосылады: уақытша қиындық мәңгілік трагедия болып көрінеді. Балама жол бар екенін көру қабілеті әлсірейді.
Психоанализ балалық шақтың рөлін ерекше атап өтеді. Ерте жастағы эмоционалдық салқындық, немқұрайлық, шектен тыс бақылау немесе зорлық-зомбылық баланың өзіндік бейнесін бұзады. Мұндай жағдайда бала өзін кінәлі, қажетсіз, махаббатқа лайық емес сезінуі мүмкін.
Бұл сезімдер бірден суицидке әкелмейді. Алайда олар тұлғаның іргетасын әлсіретеді. Жасөспірімдік кезеңдегі экзистенциалды дағдарыс – «Мен кіммін?», «Өмірімнің мәні неде?» деген сұрақтар – дәл осы әлсіз іргетасқа түскенде, күйзеліс күшейе түседі. Егер осы сәтте түсіністік пен қолдау болмаса, үмітсіздік тереңдейді.
Ата-ана мен бала арасындағы байланыс стилі – шешуші факторлардың бірі. Тек талап қоюға құрылған, бірақ эмоционалдық қолдау жоқ қарым-қатынас баланың ішкі еркіндігін тұншықтыруы мүмкін. Ал керісінше, мүлде немқұрайлық таныту да баланың өзін елеусіз сезінуіне әкеледі.
Шектен тыс бақылау жағдайында бала өзін жеке тұлға емес, «жоба» ретінде қабылдай бастайды. Ал отбасындағы зорлық-зомбылық қауіпсіздік сезімін түбегейлі бұзады. Мұндай ортада өскен балада өмірдің мәніне күмән, болашаққа сенімсіздік қалыптасуы ықтимал.
Суицид көп жағдайда бір сәттік шешім емес, ұзақ уақыт жиналған ішкі ауыртпалықтың шарықтау шегі.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер жасөспірім өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда бұл кеңістік үздіксіз салыстыру мен бағалауға негізделген. Идеалданған бейнелер, лайк пен пікір арқылы өлшенетін «құндылық» баланың өзін-өзі бағалауына тікелей әсер етеді.
Кибербуллинг – ерекше алаңдататын құбылыс. Онлайн қорлау жасырын, тоқтаусыз және кең аудитория алдында жүреді. Бала өзін жалғыз қалғандай сезінеді. Бұл үрей мен оқшаулануға, ал ұзақ мерзімде үмітсіздікке әкелуі мүмкін.
Жасөспірім шақта дене мен жыныстық жетілу үдерісі де ішкі шиеленісті күшейтеді. Өзгерісті қабылдай алмау, сыртқы келбетке қатысты қысым, қоғамдағы сұлулық стандарттары қосымша стресс тудырады. Егер бұл кезеңде ашық әңгіме мен түсіндіру болмаса, жасөспірім өзін «басқаша», «қате» сезінуі мүмкін.
Суицидтің алдын алу тек психологтың емес, бүкіл қоғамның міндеті. Ең алдымен, ерте белгілерді тану маңызды: тұйықталу, қызығушылықтың жоғалуы, үмітсіздік туралы сөздер, өлім тақырыбына жиі оралу – назар аударуды қажет ететін сигналдар.
Екінші – бағалаусыз тыңдау. Бала өз мәселесінің кішкентай еместігін, оны шынымен түсінуге тырысатынын сезінуі тиіс. Ашық диалог – қауіптің алдын алатын ең қуатты құрал.
Үшінші – кәсіби көмектің қолжетімділігі. Мектеп психологының белсенді жұмысы, сенім телефондары, онлайн кеңес беру қызметтері нақты қолдау көрсетуі қажет.
Төртінші – медиа сауаттылық. Балаларды цифрлық қауіпсіздікке үйрету, кибербуллингпен жүйелі күресу – заманауи профилактиканың маңызды бөлігі.
Ең бастысы – құндылыққа негізделген тәрбие. Өмірдің мәнін түсіну, қиындықпен күресу дағдылары, эмоцияны басқару қабілеті жас тұлғаның ішкі тірегін қалыптастырады.
Мамандардың пайымынша, суицид – әлсіздік емес, бұл белгі көрінеді. Я,ни естірте алмаған сөздің, түсінілмеген сезімнің, қабылданбаған баланың үнсіз айқайы болса керек. Олай болса, әр балаға уақытылы көңіл бөліп, оның жан дүниесіне үңілу арқылы қайғылы статистиканы азайтуға болар еді деп ойлаймыз.
Сұлтан ҒАЛЫМБЕК