Сезім-селдің жетегіне ерген бір жолы жіңішке күллі қазақ жайында – тұтас ұлттың «қасиетсіз» екені туралы үкім шығарыпты. Әттеген-ай. Шағалаша шулаған желікпе жұрттың жиынтық пікірі бойынша «ақиқат» осы екен және мұндай дүдамалды сол ғана жеріне жеткізіп айта алыпты-мыс. Қандай түлен түрткені белгісіз, тоқтай алмай, айналасын әлі шаңғытып жатқанға ұқсайды. Бір қайырып қоя салса, түсінуге болар еді. Жоқ, өйтпеді, үстін-үстін бұрқытыпты, қазақта өші кеткендей. Меніңше, дер кезінде тоқтай алмау – қасірет. Қалай десек те, ешкім атом бомбасын ойлап тапқан Роберт Оппенгеймер емес. Болған күннің өзінде солардың дені сау екеніне ғылым әлі күнге кепілдік бере алмай келеді.
Тұтас бір ұлттың ар-намысына тиіп, ойына келгенін айтатындай, онысын кейбіреулер тігісін жатқызып уәждейтіндей, мұндай «әдеби тәсілді» білмейді екенбіз. Шырын лебізге шыбын әуес. Сол үшін де қобыта қостаушының көбі күмәнділеу көрінді. Бұрын мұндай «науқас» түрі асқынып, айналаға уытын жайып кетпеу үшін бақсыға бақтырып, құшнашқа қақтырып алатын. Оның үстіне көктем келді, жер бусанып, марту өрді дегендей. Есірік әуенге ауыз ашып, көз жұмған әуейі топтың әрекеті осыны байқатты. Негізі, қай ұлттың болсын, жаһандану үдерісінен қаупі көп. Бәлкім, аталмыш әрекетті сол тұрғыда ақтап алуға болатын шығар. Алайда ақын-жүрек лепіретіндей, біз «жоғалған ұлт» болатындай Америка инкілері емеспіз. Осы сөз-әрекет арқылы ол былайғы бұратанаға қазақтың туын жығып беріп, табанға таптатып отырғанын біле ме екен? Мұндай пайымды қияли кәллә иесінің оңашада, өлең жазып отырып өзіне немесе нақты біреуге қаратып айтуға құқы бар шығар. Кешіріңіз, бірақ тұтас ұлтқа емес. Өйткені ұлтты жатқызып-тұрғызып, дегеніне жүргізу үшін, кім-кімге де біраз дүм керек. Естілер мәселенің осы жағын ойлануы тиіс еді. Амал қанша? Эмоция – шағын ғана психологиялық толқын үдерісі. Оның бүгінгі, бір сәттік отқа оранған күйі елдің ертеңіне азық болып жарытпайды. Тап сондай кезде әйелдікке салынудың жөні бар ма еді? Бәлкім, бар да шығар, ал оның салдары қалай болмақ, сол жағын ойладық па? Әй, бірақ ақылды ойланамын дегенше, ақылсыз шаруасын тындырып үлгеретін байырғы әдет еді ғой.
Қош, сонымен қиял көгінде қалықтап, «жеке әлемінде» шалықтап, қара жерге қона алмай жүрген «биші» көгершіннің ізгі ойының өзегіндегі түйінді ел түсінді, кейбірі жарым-жартылай болса да «қабылдап», қарық болып қалды делік. Жалпы, былайғы жұрттың бәрін ақымақ санаудың өзі – ақылдылық нышаны емес. Шынын айтқанда, жалын қаптырып пісірген бұл «аталадан» секем алыңқырап қалдық. Апырмай, мынау өзі елдің көкейіндегісін айту ма, әлде тұтас ұлтты күстаналап, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» тәсілмен қазақты қотыр атандай етіп күлдікке аунатып, арқыраған алтын басын нәжіске тығу ма? Бұлар баяғы атам қазақтың «Елді сөкпе, кенді төкпе, жерді теппе» деген өсиетіне пішту дегені ме? Қанша жерден қияли болса да, «алдырған анасының қойнын ашады» дегеннің керін келтіріп, сонша абына беруге бола ма?
Мен желі жайлаған жегіқұрттай жазбаларды бір шолып өттім. Қайрылып келіп қайта қарауға, шынымды айтсам, жиіркендім. Өйткені арыңа балануы тиіс ұлт жайындағы мына күстана мен былапыт сөз көзімді қарықтырып жіберді. Иә, ақиқат айтылу керек, бірақ мұндай жабайы формада емес. Қалай, қандай күйде, не ішіп-жеп отырып жазды екен мұны? Мәтіндегі мөп-мөлдір болып көрінетін судың сасығын-ай! Байламы жоқ құр қиялда дауа болмайтынына көзім сонда жетті. Бұрқ-сарқ қайнаған сезім-сел, өзін жоғалтып алып, сандал күй кешкен жанның есірігі. Ал түпқайнар ойға ақыл тамызық болмаған жерде қай сөздің де бұзылатыны ақиқат. Көптің құлағын көтеруге жарайды демесең, мұндай сөзде қасиет аз. Адам-пенде қиялын ерттеп мініп, бірыңғай сезім-сайтанның етегінен ұстар болса, онда мына жұмыр жердің бетінде тұрақтай алуы екіталай. Ондайларға бірден көкке көтеріліп кету керек. Ал жер басып жүру үшін ерекше ес-уыш қажет. Жалпы, сезім деген екіұдай, алақұйындау нәрсе. Оның ықпалында болу, иә жетегінде жүру – қауіпті. Күйіп қаласың, болмаса миыңды кептіріп жібереді. Сондықтан да сезім-жетектен абай болған абзал. Әрине, тап қазір қазақтың шекесі шылқып тұр дегенге ешкім де илана қоймас. Онсыз да құрсағымыз қанағатпен «тойып» жүрген ұлтпыз. Десе де, екі еліге төрт елі қақпақ һәм қарауыл қойып сөйлегенге не жетсін?
Ал енді тұтас ұлтты «өлді», «жетім», «басы жоқ», «мәңгүрт» деп үкім шығару «жаны ауыратын» адамның сөзіне ұқсамайды. Жалпы, осы біз ұлт деген ұғымды қойнымызда жатқан бір албастымен шатастырып алып жүрген жоқпыз ба, қиялымызға қиқым түскенде сөгіп, бетінен алып, олпы-солпы сөйлей беретін? Оны айтасың: «Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды» деген не сәуегейлік? Қыбы қанып, қышуы басылып отырғандар мына сөздің біздің мемлекеттігімізге нұқсан келтіретінін түсінбегені ме? «Жылатып» айтатын достың сөзі осындай болушы ма еді? Соған қарағанда бұрынғының «қызды жау да алады» дегені рас болғаны-ау. Санасын жауға алдырған екен. Егер дүниенің барлық кемшілігі плакаттық сипаттағы, эмоцияға толы ұран сөздерден жөнделіп кететін болса, бұрын да талай данышпандар уәлі уәждерін айтқан, елді сөкпей-ақ, абыройларын төкпей-ақ. Әйтпесе барған жерінен жеген бақа-шаянның дәміне мас болып, солардың қазақтар жайында айтқан сөзін уәждеп, ұлтына қаратып аузына келгенін бүрку – үлкен айып. Сезіммен «ашына» екенмін деп ойына келгенін көку – сөз ұстаған жандарға жарасар ма екен? Мәселенің осы жері де түйткілді.
Жалпы, дүбірлі дүниеде айыптың түрі көп шығар, әзірге мынау соның көз шығаратындай ең сорақысы болып тұр. Тіпті молдекеңдер айтып, қақсай беретін күнә да мұның жанында жіп есе алмай, адыра қалды. Әй, бірақ қазір өзінің айыбын түсінетін пенде бар дейсің бе? Ал енді желбуаз сөздің буына елітіп, қосыла жырлап, жырғап отырғандардан түңілейін дедік. Шынымен де, жадымыздан жаңылуға айналған екенбіз. Әйтпесе сезім иектегеннің бәріне ілесіп, соларды ғана «батыр» санап, әп-сәтте ессіз көбелекке айналып шыға келер ме едік? Мына күмілжі иіс қойын-қонышыңды аралап, жидімей тұрып есіңді жый, көзіңді аш, Қазақия! Бұл – сөзіңді сөйлеп, сойылыңды соғу емес. Осының бәрі не үшін айтылып отыр, астарында қандай пиғыл жатыр, білесің бе? Е, дүние-ай десеңші, сенің есейіп, ес жиғаныңды көре алмай-ақ кететін болдық қой ақырында.
Дәл қазір қазақтың санасын сан түрлі сырқат синдромынан азат ұстаудың өзі олжа. Иә, біз шешілмей тұрған шаруасы шаш етектен елміз. Солай екен деп, «Халық – жемқор, ала тайдай алауыз, даукес, құндылығы жоқ, өзгермейтін, принципсіз, тек жеу үшін жаратылған, бір-бірін жек көретін, можантопай, құл-құтан, дарақы, критикалық ойлау санасы қалыптаспаған, тасбауыр, бейқам, мақтаншақ, ұры», ал қазақ – нан танымас «надан, сапасыз, жағымпаз, өтірікші, екіжүзді, сатқын, намыссыз, фейк, псевдо ұлт» деуге бола ма? Негізі, сөз иесінің өзі айтпақшы, ол шынымен де «ауа жетпей», таза ауадан тарығып жүруі бек мүмкін. Көбіне бұл әйел баласының бойында кездесетін, бұйығы «кеселдің» түрі. Мына «таудан аққан тас бұлақ» былапыт соның нышанына келіңкірейді. Айыбы жоқ, мұндай «ерекше күй» көктем толық кіргенде өзі-ақ басылады. Олай болса, «өз ары өзін буындыру» себебін де тек өзінен, сана қатпарындағы орындалмай қалған арман-аңсарлардан, жанының жай таппай қойған жарты қобызынан іздегені жөн шығар. Басқа ешкімнен, соның ішінде тұтас ұлттан емес. Ал «Қазақ халқынан тізерлеп тұрып кешірім сұраймын» дегені – түстен кейін болса да, аздап ес ене бастағаны. Ендеше әрі қарай да «өлген арын аза тұта» берсе болғандай екен. Әсіре сезім иелерін білмедім, ал мен үшін қазақ, әсіресе рухты қазақ ұлт ретінде өлген жоқ, өлмейді де!
Берік ЖҮСІПОВ