Отан – бұл тебіренбей жай айта салатын сөз емес. Халқымыз Жер-Ана деп бекер айтпайды. Ана (Жер) – Отан, Әке – ұран, Ата – ту! Сол Жер-Анада гүл, шөп, жеміс өседі, су ағады. Сол Жер-Анада, Отанда дүниеге келесің. Сүтін еміп, нанын жеп, суын ішіп, гүлін иіскеп, жұпар ауасын жұтып өсесің. Қақаған аязы, мәңгілік мұзы бар жерде туып, мұзын жалап өссең де – ол сенің Отаның. Отанның қадірін одан алыста жүргенде білесің. Сағынасың, мұңаясың, көзіңе жас аласың. Нағыз адам Отанын ешқашан ұмытпайды. Ұзақта көп жүріп, туған жеріңе, Отаныңа келіп, топырағын иіскесең – мас қылады, суын ішсең – балдай сезіледі. Жатып көкірегіңді жерге тоссаң – шемен болып қатып қалған жүрегіңді жібітеді, қайғы-қасіретіңді ұмытасың.
Германияға көшіп кеткен бір неміс кемпір Қазақстанға қайтып келіпті. «Неге қайтып келдіңіз?» – деп сұрағандарға: «Қойдың қиын сағынып кеттім», – дейді екен. Ол негізінде Қазақстанды – Отанын сағынған. Қазақстаннан көшіп кеткен немістер кейде бас қосып, қой сойып, ет асып, қазақша ән айтып отырады екен. Бұл да олардың Отанын, туған жерін сағынғандығы.
Бірде соғыстан кейін Алматы әуежайында ұшақтан түскен полковник Бауыржан Момышұлы (Баукең) шөп үстіне құшағын жайып құлапты, аунап, шөбін иіскеп жатыр дейді. Оны көрген бір шал: «Е‑е, елін сағынған екен ғой!» – деп көзіне жас алыпты. Бұл да Отанға деген сағыныш.
Әлемге әйгілі геолог-ғалым Қаныш Сәтбаев бірде:
«О‑у, алтын бесік – туған жер,
Келе алмасам мен саған көп, кеше гөр!
Ақын болмай, тас болғанда мен егер
Тебіренбестен жер астында жатар ем», – деп ауыр күрсінген екен. Оны естіген қазақша білетін орыс шопыры: «Елін сағынған ғой!» – депті. Бұл – елдің, Отанның сағынышы.
Ежелде бір патша көрші патшаның жеріне көз салып, қалай аларын білмей, желеу іздеп, жақсы сәйгүлігін сұратыпты – оны беріпті. Кейін патшаның жақсы көретін әйелін сұратыпты, оны да беріпті. Бір күні «жеріңді бер» депті. Сол кезде ашуға мінген патша соғыс ашып, әлгі сұраншақ патшаны жеңіпті.
Осыны көзімен көрген уәзірлері: «Сәйгүлігіңізді сұрағанда бердіңіз, әйеліңізді сұрағанда бердіңіз, неге жерді сұрағанда бермедіңіз?» – деп сұрапты. Сонда патша: «Ат та, әйел де табылады, ал жер табылмайды. Бұл – біздің Отанымыз!» – деп жауап берген екен.
Осы ата-бабадан қалған жер үшін халықтың қаншама қаны, тері төгілді?! Егер алыста жүріп, Отанды сағынсаңыз, әйгілі поляк композиторы Михаил Огинскийдің сүргінге кетіп бара жатып жазған «Отанмен қоштасу» атты полонез әуенін тыңдаңыз. Ол онда:
«Қайран, туған жерім, тай-құлындай ойнақтап өскен жерім, бау-бақша, орман-тауларым, сарқырап аққан өзен, шөбі жайқалып, гүлінің иісі аңқыған Жер-Ана! Көзім толы жас, көкірігім толы қайғы. Артқа бұрылып қарауға мұршам жоқ, еңкілдеп жылармын деп қорқамын. Мен ораламын. Оралғанда: «Мен оралдым, Отаным!» – деп, барлығы есітсін деп, айқайлап лезде хабарлаймын. Көзім толы қуаныш жасы. Сен қандай сұлусың, Отаным! Күнделікті күйбеңмен байқамай жүрген екенмін, сағындым ғой сені алыста жүріп. Бірақ мен ылғи сенімен болдым, сен күндіз-түні ойымда болдың, түнде түсімде көріп, жылап-жылап алатынмын. Көкірегімді жерге төсеп, екі қолымды жайып жатамын. Жер-Ананың топырағын иіскеймін, мас қылады. Жайқалған шөпке барып аунаймын, гүлін иіскеймін әтірдей. Кеудемдегі мұңымды, қайғымды сен ғана тазарта аласың. Себебі сен – Жер-Анасың, ал Ана жүрегіңді жұбатып, қайғы-мұңыңды ұмыттырады. Езілген шөп ертең-ақ Жер-Ананың күшімен қайта тұрып, өседі. Сылқ-сылқ күлетін сұлудың күлкісіндей сыңғырлап ағатын бұлаққа барамын, балдай тәтті суын ішіп отырып, сырымды айтамын. Ол жағаға шолп-шолп ете соғылып, менің сөзімді қоштайды. Тасқа соғылған су толқындап маған көбігін шашып тұр, бар – Отаныңды өркендетуге үлес қос, – дейді. Мен барамын. Мен кіммін? Отанның бір түйір құмы не тасымын. Құмдар бір-біріне қосылса – тас болар, тастар бір-біріне қосылса – үлей дауылдан қорғайтын тау болар. Отан! Отан! Мен сол тастың бірімін. Мен енді сені тастап ешқайда кетпеймін, тек Жер-Ананың құшағында болмасам!» – деп тұрғандай сезіледі.
Отанға опасыздық жасауға болмайды, бұл – сатқындық! Отан ұлт таңдамайды.
Жер жүзіндегі барлық қазақтың жалғыз да ортақ Отаны – Қазақстан! Еліміз бүгін үлкен өзгерістер алдында тұр. Енді бірнеше күннен соң Отанымызды өркендетуге бағытталған Жаңа Конституция қабылдау жөнінде республикалық референдум өтеді, оған қатысып, өз таңдауымызды жасау да – Отанға, ата-бабаларымыз бізге аманаттап кеткен Ұлы Далаға деген шексіз сүйіспеншілік пен құрметтің бір белгісі болмақ!
Ұбайдолла ФАЙЗОЛЛАЕВ, Еңбек ардагері Алматы облысы, Іле ауданы,Ащыбұлақ ауылы