Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – мемлекеттік саясаттың басым стратегиялық бағыттарының бірі саналады. Мемлекет бұл мәселеге тек құқықтық тұрғыдан ғана емес, қоғамдық сананы өзгерту, азаматтардың жауапкершілігін арттыру және адалдық қағидаларын қалыптастыру тұрғысынан да ерекше мән беріп отыр.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жекелеген құқықбұзушылықтарды анықтау немесе жазалау шараларымен ғана шектелмейді. Бұл – қоғамның барлық саласын қамтитын кешенді, жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмыс. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы – осы бағыттағы негізгі құқықтық құжаттардың бірі. Аталған заңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның себептері мен салдарын жою, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру, сондай-ақ азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау мәселелері нақты көрсетілген.
Соңғы жылдары елімізде жемқорлыққа қарсы саясаттың мазмұны мен тәсілдері айтарлықтай өзгерді. Бұрынғыдай тек қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы ғана күресу тәсілімен шектелмей, қазір алдын алу, ашықтықты арттыру және қоғамда жемқорлыққа мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп отыр.
Қазіргі қоғамда сыбайлас жемқорлық – тек құқықбұзушылық қана емес, мемлекеттің дамуына зор қауіп төндіретін әлеуметтік құбылыс. Ол экономикалық өсімге кері әсерін тигізіп қана қоймай, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Сонымен қатар қоғамдағы әділдік пен теңдік қағидаларына нұқсан келтіріп, азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімін әлсіретеді. Егер қоғамда жемқорлық кең таралса, онда заң үстемдігі әлсіреп, әлеуметтік әділетсіздік күшейе түсер еді. Ал мұндай жағдай елдің тұрақты дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды.
Сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін түрлі факторлар бар. Олардың қатарында мемлекеттік басқару жүйесіндегі кемшіліктер, бақылау тетіктерінің жеткіліксіздігі, кейбір жағдайда заңнаманың дұрыс қолданылмауы немесе қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану сияқты мәселелер кездеседі. Бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезінде болатын кемшіліктер, мемлекеттік сатып алу жүйесінің жеткілікті деңгейде ашық болмауы, сондай-ақ әкімшілік және саяси лауазымдарды атқаратын кейбір азаматтардың заң талаптарын сақтамауы да жемқорлық тәуекелдерінің туындауына себеп болуы мүмкін. Осындай жағдайлар қоғамда әділетсіздік сезімін қалыптастырып, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне кері әсер етеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік құрылымдардың ғана міндеті болмауы керек дер едік. Өйткені бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Нақты айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді болуы қоғамның белсенділігіне тікелей байланысты. Егер азаматтар жемқорлық көріністеріне немқұрайлы қарамаса, заңсыз әрекеттерге төзбеушілік танытса, онда бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі де айтарлықтай болады. Әрбір азамат қоғамдағы әділдік пен заңдылықтың сақталуына өз үлесін қоса алады. Ол үшін алдымен заң талаптарын сақтау, адал еңбек ету және жемқорлық әрекеттеріне қарсы азаматтық ұстаным білдіру маңызды.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары туралы хабарлаған азаматтардың құқығы мемлекет тарапынан қорғалады. Қажет болған жағдайда мұндай азаматтарға арнайы ынталандыру шаралары да қарастырылған. Бұл – қоғам мүшелерін заңсыз әрекеттерге қарсы белсенді болуға шақыратын маңызды тетіктердің бірі. Сондықтан әрбір азамат жемқорлық фактілеріне тап болған жағдайда үнсіз қалмай, тиісті құзырлы органдарға хабарлауы тиіс.
Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда білім беру мен ақпараттық түсіндіру жұмыстары ерекше рөл атқарады. Адамдар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға қандай зиян келтіретінін толық түсінген кезде ғана оған қарсы күрес тиімді болады. Сондықтан жастар арасында адалдық, әділдік және жауапкершілік құндылықтарын насихаттау маңызды бағыттардың бірі саналады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – тек заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар адамның ішкі ұстанымына, моральдық қағидаларына негізделген құндылықтар жүйесі. Яғни, әрбір азамат жемқорлықтың қоғам дамуына кедергі келтіретінін түсініп, оған қарсы тұруды өзінің азаматтық парызы ретінде қабылдауға тиіс. Қоғамда адалдық пен әділдік қағидалары орныққан кезде ғана сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады.
Мемлекеттік органдарда да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру және қоғам алдында есептілікті күшейту. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этика нормаларын сақтау, қызметтік әдеп қағидаларын ұстану, азаматтармен қарым-қатынаста ашықтық пен әділдік таныту – жемқорлықтың алдын алудың маңызды факторларының бірі. Мәселен, жергілікті қазынашылық басқармалары тарапынан да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген. Бұл жоспар аясында мемлекеттік қызметшілер арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға және адалдық қағидаларын нығайтуға бағытталған түрлі ұйымдастырушылық және ақпараттық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, басқармаларда қызметкерлер үшін тұрақты түрде кездесулер, семинарлар және техникалық оқу сабақтары ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралардың мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарын түсіндіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаларын кеңінен таныстыру және қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар қызметтік әдеп нормаларын сақтау, азаматтарға сапалы қызмет көрсету, мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту мәселелері де кеңінен талқыланады.
Қазір мемлекеттік басқару жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу де сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға айтарлықтай ықпал етіп отыр. Цифрландыру үдерістері мемлекеттік қызмет көрсету кезінде адами фактордың ықпалын төмендетіп, қызмет көрсету үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Мысалы, қазынашылық жүйесінде қаржылық құжаттарды қабылдау және өңдеу толықтай электрондық форматта жүзеге асырылады. Бұл үшін «Қазынашылық-клиент» электрондық құжат айналымы жүйесі қолданылады. Аталған жүйе мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің уәкілетті өкілдері мен қазынашылық қызметкерлері арасындағы тікелей байланысты барынша азайтады. Нәтижесінде құжаттарды қабылдау және өңдеу үдерістері автоматтандырылып, қызмет көрсету сапасы артады. Сонымен қатар мұндай жүйелер ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын анықтау және азаматтардың өтініштерін қабылдау мақсатында түрлі байланыс арналары да жұмыс істейді. Олардың қатарында «Сенім телефоны» және азаматтардың өтініштерін қабылдауға арналған e‑Otinish электрондық сервисі бар. Бұл жүйелер арқылы кез келген азамат мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты өз ұсыныстары мен шағымдарын жолдай алады. Мұндай ақпараттық құралдар туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, мемлекеттік мекемелер ғимараттарында арнайы ақпараттық стендтер арқылы халыққа кеңінен таныстырылған. Бұл азаматтардың мемлекеттік органдармен кері байланысын күшейтіп, ашықтық деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелі болуы үшін мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен әрекеті қажет. Әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі ерекше. БАҚ арқылы жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау, адалдық құндылықтарын дәріптеу, қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру – маңызды міндеттердің бірі.
Ақпарат құралдары қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру арқылы азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Сонымен қатар журналистердің кәсіби зерттеулері мен жарияланымдары қоғамдағы әділдік пен ашықтық қағидаларын нығайтуға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмысты талап ететін күрделі үдеріс. Бұл бағытта заңнаманы жетілдірумен қатар қоғамның құқықтық санасын арттыру, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, жастар арасында адалдық қағидаларын қалыптастыру сияқты шаралар маңызды рөл атқарады.
Әрбір азамат ел болашағы үшін жауапкершілікті сезініп, қоғамдағы әділдік пен адалдық қағидаларын нығайтуға өз үлесін қосуға тиіс. Өйткені жемқорлыққа қарсы мәдениет – тек заң нормаларына негізделген талап емес, қоғамның моральдық және рухани дамуының көрсеткіші.
Қоғамда адалдық пен ар-ождан қағидалары басты құндылыққа айналған кезде ғана жемқорлықсыз мемлекет қалыптастыруға болады. Адал еңбек, әділ шешім және азаматтық жауапкершілік – өркениетті қоғамның негізі. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Адалдық пен ар-ұждан сатылмайтын құндылыққа айналғанда ғана жемқорлықсыз қоғам құру мүмкін болмақ.
Ерік ЕЛЕУСІЗ