«ӘДІЛЕТКЕ» – 25 ЖЫЛ

 

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Осы оқиғаға байланысты Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Әділет» қоғамына – 25 жыл» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Конференцияда салтанатты мәжіліспен қатар «Кеңестік модернизация және Қазақстан», «Кеңестік саяси қуғын-сүргін деректері және тарихнамасы», «Кеңестік экономика және Қазақстандағы аштық» деген тақырыптармен арнайы секциялар жұмыс істейді деп күтілуде.

Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы қарлығашы болып табылатын осынау қоғамның 25 жылдық мерейжасын мүшелерімен бірге тарихшы-ғалымдар өздерінің үлкен шаңырағында атап өтіп, аталған тақырыптарды ширек ғасыр бойы «Әділет» басшылыққа алып келе жатқан идеяларды дамыта отырып қарастырмақ. Бұл кездейсоқтық емес. Олар саяси репрессия құрбандары ұрпақтарының, әдебиет және өнер қайраткерлерінің өкілдерінен құрылған дайындық комитеті әзірлеген 1989 жылдың сәуіріндегі құрылтайшы конференцияда сталинизм қылмыстарын әшкерелейтін басты баяндамаларды жасап еді. Конференцияда құрылған қоғамға мүше бола жүріп және басқарма құрамында еңбектене келе, саяси қуғын-сүргін кезеңдерінің құпияларын жан-жақты ашатын зерттеулер жүргізген болатын.

Жекелеген ізденушілер саяси құғын-сүргінге ұшыраған алаштық және кеңестік қайраткерлердің өмір жолдары мен қызметтерін жаңғыртып, ғылыми диссертациялар қорғады. Зерттеушілік жұмыстар, публицистикалық мақалалар жазылып, деректі фильмдер түсірілді. Жазықсыз жазаланған қайраткерлердің мұралары іздестіріліп, жарық көруде. Арнайы қызмет мұрағатының көмегімен саяси қуғын-сүргін жылдары атылғандардың тізімі мен өмірдеректері келтірілген «Азалы кітап – Книга скорби» жинақтары шықты. «Әділет» идеяларын жұртшылыққа, жастарға жеткізуде қоғам мүшелері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының Саят Ілиясұлы Жансүгіров, Әли Оразұлы Жандосов, Қызғалдақ Құдайбергенқызы Жұбанова, Сәуле Рахымқызы Сүгірова-Айтмамбетова, Нәдір Әбдіқадырұлы Әзірбаев, Марат Садықұлы Нұрпейісов секілді ұл-қыздары, көптеген өзге де ұрпақтары осы күндері белсенді жұмыс жүргізіп жүр.

Біз үш дүркін ашаршылық кезінде тікелей төрт жарым миллиондай, сол шаққа ықтимал табиғи өсімді ойға алғанда, он миллиондай қандасымызды жоғалттық. Әйтпесе бұл күндері 45–50 миллиондай болып отырар едік. Сондықтан кінәлілерді атаудан, тарихи деректерді ашық айтудан жасқанбауға тиіспіз. Енді бүгінгі таңда қазақтың сонау қаралы тарихын жұрттың баршасына білгізу керек. Бұл ел бірлігін арттыруды идеологиялық тұрғыда қамсыздандыру үшін қажет. Себебі бір кездері түрлі ұрандар жетегімен келіп, жанама түрде болса да қазақ халқының құқықтары шектелуіне себеп болғандардың ұрпақтары қазір арамызда. Егер олар қазақтың қасіретке тұнған тарихын білсе, оған өздерінің жанама түрде болса да қатысы барын ұғар болса, тарихи әділеттілік тұрғысынан қазақ халқының шектелген құқықтарын қалпына келтіруге атсалысу қажеттігін ұғынар еді.

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамының ширек ғасырлық мерейтойы тарихшыларды өз идеясы айналасына тығыз топтастырып, халықты тарихпен тәрбиелеу жұмысына жаңаша тыныс берер деп үміттенеміз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты,

«Әділет» қоғамы төрағасының орынбасары

 

Республиканский еженедельник онлайн