ЕСКІ ЖЫЛ ЕСІРКЕДІ МЕ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 47 (271) от 25 декабря 2014 г.

 

Жұлдыздардан жоралғы

 

Мақпал ЖҮНІСОВА, ҚР халық әртісі:

«Халық Зәкең екеумізді кезінде қалай қарсы алып жүрсе, қазір де сондай қызмет көрсетіп жүреді. Тек бастықтар ғана алдымнан шықпайды. Оған бола налымаймын. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» дейді ғой, бар тілерім – солардың жүрегі халқы үшін елжіреп тұрса деймін… Қазір, Құдайға шүкір, концерт беруге барған жерлерден еш кедергі жоқ. Бірақ есесіне телеарналардан мықтап шеттетіліп жатырмын. «Хабар», «Қазақстан», «Астана» сияқты арналардың бағдарламасына шақырылмайтын болдым. Кейде өзімді Қазақстанда тұрып жатпағандай сезінемін…».

№24(248)

 

Алпысбай ҚАЗЫҒҰЛОВ, суретші:

«Өнер мен әдебиет туралы заң талқыланып жатқанын ақпарат құралдарынан естіп жатамыз. Әйтсе де сол заңнаманы қабылдау барысында бізбен ақылдасып жатқан шенеуніктерді көрмедік. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген, шығармашылықта болып жатқан құбылыстан мақұрым министрлік өнер мен мәдениеттің шаруасын қалай шешеді?…».

№35 (259)

 

Қарақат ӘБІЛДИНА, әнші:

«Жастар ата-анасының соқыр тиынына дейін салып, жоғары оқу орындарынан білім алады. Бірақ оны бітірген соң, қызметке орналасулары екіталай. Консерваторияны бітірген талай түлектер жұмыс таппай, сандалып жүр. Асып бара жатса, оркестрге орналасады. Не болмаса, мектепте әннен сабақ береді. Ал ол жерден алатын еңбекақы мөлшерімен бүгінгі нарықтың мөлшерін өлшеп көріңізші… Сол сияқты медицина мен білім саласы да өзекті өртеп тұр…».

№05(229)

 

Шұғыла САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, биші:

«Қазір қандай концерттік жобаны алсақ та, олар бишілерсіз өтпейді. Тіпті, сахнаға жалқы шыққан әншілердің де соңында бишілер билеп, әртістің өнеріне әр беріп тұрады. Бұл біздің елде бишілер қатарының аз еместігін көрсетеді. Алайда осы өнер иелеріне деген насихат пен қолдаудың жоқтығы сол – олар «еңбегі адал, еті арам» күйге түсті. Олардың еңбегі еленбей, тасада қала береді».

№16(240)

 

 

МИРАС пен ҚҰРАЛАЙ, әнші жұп:

«Негізі өнер мен медицинада жемқорлық болмауы керек. Бұл басқа сала іріп-шіри берсін деген сөз емес. Мемлекет осы аталған орындарды тікелей өзі қадағалауы қажет. Өйткені біреу халықтың тәнін емдесе, екіншісі – жанын емдейді. Осылардағы былықтың салдарынан бүгінгі халықтың жаны жаралы, шипа таппай жүргені рас..».

№18-19(242-243)

 

 

 

Рахман ОМАР, актер:

«Мен гендерлік саясатты аса қолдамаймын. Жалпы бұл ата-бабамыздан бері болмаған дүние ғой. Бірақ Батысқа еліктеушілікті, сол «мәдениеттің» дүниеге кең таралғанын мойындауымыз керек. Егер гендерлік саясаттағы әйелдердің пікіріне құлақ аса берсек, еркектің құны көк тиын болып қалады. Саясатпен әйелдің айналысқаны дұрыс шығар, бірақ сол әйел заты еркектің қабырғасынан жаратылғанын ұмытпай, өз орнын білсе деймін».

№45 (269)

 

 

Ақмарал ҚАЙНАЗАРОВА, биші, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

«Қазір өнер саласы бойынша білім алып жатқан жастар көп. Бірақ соларға мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Жанып тұрған жеткіншектерді өздігінен демеп жатқан меценаттар да шамалы. Әсіресе қазіргі қымбатшылықта елдің бәрі экономист пен заңгер болып жатқанда, би өнерін таңдаған жастардың ісін көзсіз ерлік деуге болады. Дей тұрғанмен, осы ұлттық би өнеріне мемлекеттік тұрғыдан статус берілмейінше, ол жетім баланың күйін кешіп жүре бермек. Би өнерін насихаттайтын еңбектер де аз. Ұлттық бидің көсегесін көгерту мақсатында қазақ би өнерінің театрын ашатын уақыт жеткен сияқты. Шетелде алдымен ұлттық жобалар қолға алынады. Өкінішке қарай, біздің елде бәрі керісінше болып тұр».

№08(232)

 

 

Өмірқұл АЙНИЯЗОВ, әнші:

«Әлі қазақша сөйлегісі келмейтін адамдарды көргенде, жүрегім ауырады. Дін жағы да оңып тұрған жоқ. Бір исламның өзін бірнеше жікке бөліп тастады. Осындай екі түрлі көзқарастың салдарынан жастар түсінік таппай, қаншама отбасы ажырасып жатыр. Осылайша тірі жетімдерді қолдан жасап отырмыз… Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілдерін қазақша сөйлеуге міндеттейтін уақыт жеткен сияқты. Кезінде ісқағаздар қазақша жүргізілетін болады деген еді, алайда сол қалпында қалды. Мұның негізі жоғары билікте отырғандардан басталуы керек. Егер шенеуніктерді мәжбүрлейтін болса, қызметінен айырылып қалмау үшін, тырысып бағар еді. Оған Қазақстанның толықтай күші жетеді. Бірақ неліктен қамсызбыз – соған таңым бар…».

№12 (236)

 

 

Дина ТӨЛЕПБЕРГЕН, тележурналист:

«Тележурналисті көрермен алдыңдағы жауапкершілік деген сезім әрдайым жетелеп жүруі керек деп ойлаймын. Ол сезім тұншыққан күні кәсібің де кері кете бастады деп есептей бер. Мен үшін көрермен махаббаты – қымбат қазына. Оны әрқашан да қадірлей, қастерлей білу керек!».

 

 

 

 

 

Айжан НҰРМАҒАМБЕТОВА, әнші:

«Бүгінгі әндердің басым көпшілігі махаббат тақырыбын күйттеп кетті: күйдім-сүйдім, өлдім-талдым, іздедім-таппадым… Оның өзінде барлығы бір сарында. Жалғыз мазмұнда, жұтаң тақырып төңірегінде айтылады. Патриоттық әндерге түсірілген бейнебаяндарды көрсең, сол баяғы киіз үй мен сайын далада әрлі-берлі шауып жүрген атты адамды көрсетуден аса алмайды. Жаңашылдық жоқ. Қазіргілер ұлттық киімнің де етек-жеңін шолтитып, сүйкімін кетірді. Стиль қалыптастыруда да ұлттық мұраны сақтаудың шекарасы болуы керек шығар…».

№32 (256)

 

 

 

Жайна СЛАМБЕК, журналист:

«Мықты журналист болу үшін журналист болуды армандау және журналистика факультетін бітіру жеткіліксіз… Қарапайым қағидалардан мақұрым журналистердің көбейіп бара жатқаны рас. Поп-культураның ең төменгі сатысы бар ғой: сол сияқты поп- журналистика пайда болды…»

 

 

 

 

 

Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, ҚР Халық әртісі:

«Мемлекеттік «Ақ бұлақ» таза су бағдарламасына бюджеттен миллиардтап ақша бөлініп еді. Бірақ ауыл халқының дені мал ішетін суаттан су ішіп отыр. Бұл деген масқара ғой. Кезінде «Ауыл жылы» дегенде игі істер атқарылар деп үміттенген едік. Сол Ауыл жылына он-он бес жылды арнап, мал шаруашылығы мен егіншілік, бау-бақша өнімдерін қолға алғанда, жағдай бұлай болмас еді ғой. Ақырында өзгенің сүтін ішіп, сырттың шұжығын жеп отырмыз. Сонда өз өнімімізге негізделетін азық-түлік қауіпсіздігі деген саясат қайда қалды? Жердің астын үңгіп, содан түскен пайдаға мәз болып жүрміз. Ертең ол таусылғанда қайтпекпіз?… Болашағымыз да, тарихымыз да ақшаға салынып бітті. Елдің ертеңі не болады?»

№11 (235)

Республиканский еженедельник онлайн