«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 47 (271) от 25 декабря 2014 г.
Жаңадан қабылданған «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» талабы бойынша, қалаға ауылдан жөңкіле көшіп келген, тұрақты тіркеу-тұрағы жоқ қазақты қойдай қуу басталады. Осы кодекстің 377-бабы бойынша: «Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша күнтізбелік он күннен астам мерзімде тiркеуден өтпей тұруы» себепті ескерту жасалады немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұл, бәлкім, мемлекеттік тұрғыда дұрыс талап шығар. Бірақ әлеуметтік-тұрмыстық мәселесі шешілмеген ауылдан қалаға көшіп келген қазақтар үшін бұл нағыз қуғынның көкесі болады. Себебі құнығуы заңмен «реттелген» миграциялық полицияның күні оңынан туады.
Қысқасы, «тұрғылықты жеріңде тіркеуің болмаса, айыппұл төлейсің» деген заң алдағы жылдан бастап күшіне енетін болды. Мұның екінші мағынасы – кез келген азамат тіркелген жерінде тұруы керек. Олай болмаған жағдайда, яғни, тұрып жатқан жерінде тіркеуі жоқ азаматтар енді Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген өзгеріс бойынша жауапқа тартылып, айыппұл төлейді. Ал көші-қон полициясы ойран-таяқ ойнатқан айыппұлдан қашқан қазақ қуғынмен күн кешеді.
Яғни, 2014 жылғы 1 айлық есептік көрсеткіш 1 982 теңге десек, айыппұл көлемі: 1 982 × 5 = 9910 теңге болады. Егер бұл жағдай бір жылдың ішінде екінші рет қайталанатын болса, оның мөлшері 19 820 теңгені құрайды.
Бұл – тек бір адамға ғана қатысты айыппұл. Ал отбасымен түгелдей тіркеуі жоқ қазақтың жанын шыңғыртатын айыппұлдың ауқымын есептей беріңіз! Яғни тұрақты жұмысы болмаса, қуғындау мен қашудың көкесі сонда болады.
Үлкен қалалардың бәрінде жағалай пәтер жалдап тұрып жатқандардың дені қазақтар болғандықтан, тайлы-таяғымен, отбасымен көшіп келіп, күн көріп, балаларын оқытып жатқандардың ресми саны жоқ. Егер қазақ отбасында мөлшермен алғанда, үш адамнан кем болмайды десек, олар төлейтін бір реткі айыппұл – 29 730 теңгені, егер бес адам болса – 49 550 теңгені құрайды. Енді мұндай жағдай қайталанар болса, бұл есептің екі еселенетінін назарға алыңыз. «Елім» деп келіп, азаматтық ала алмай жүрген қазақтар да осы «айыппұл төлейтіндердің» қатарын толықтырмаса неғылсын?!
Сонымен, қоғамда «тіркелмегендер» деген әлеуметтік топ ресми түрде пайда болып, олар әркімнің есігін жағалап, баспана іздеп, күн көріп жатқандары үшін – «осындай күнкөрістері мен босып жүргендері үшін» мемлекетке айыппұл төлемекші.
Сонда олар кімнің кінәсынан босып жүр десеңізші?
Ал азық-түлік күн сайын қымбаттап жатқан мына заманда бала-шағаның аузынан жырып, айыппұл төлеу – жаттың босағасында жаутаңдаған отбасы үшін оңай салмақ емес. Қыс болса, қаптап көмір сатып алатындарын және қосыңыз!
Жұмыссыздықтан басын тауға да, тасқа да соғып, бала-шағасын асырау үшін үлкен қалаларды жағалаған тұрғылықты халықта не кінә бар? Егер мемлекет қандай жағдайда да адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп, әр отбасын баспаналы етіп барып осындай заң шығарып, талап қойса, бір жөн емес пе?
Енді қара халық бар тапқан-таянғанын пәтер иесіне төлей ме, болмаса мың-мыңдап айыппұл төлей ме, жоқ әлде полицияға пара бере ме? Сонда адамдар айыппұлды – өз қаржысымен көшіп-қонып, өз-өзін жұмыспен қамтып, мемлекетке салмақ салмағаны үшін төлемек пе? Халықты ай мен күннің аманында, соғыссыз-ақ тентіреткені үшін жауапты болудың орнына, ішкі миграция мәселесін әлі күнге бір жүйеге келтіре алмай отырған билік үшін неге халық айыпты болуы керек? Онсыз да жанын жалдап күн көріп жатқандарға қатысты енгізілген өзгеріс, тура мағынасында айтқанда, оларды басыну – адами құқын шектеу болса керек…
Гүлмира ТОЙБОЛДИНА,
«D»