БАНКТЕР арсыздықтан АРЫЛА МА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 01 (272) от 08 января 2015 г.

 

Халыққа қастандық

 

Тығырыққа тіреген банкілік несиенің жайы әупірімдеп күнелтіп отырған елдің берекесін жаңа келген Қой жылы кетіріп бітіретін түрі бар. Банктер халықты кенеше сорып жатқанын көзімізбен көріп жүрміз. Қарапайым халық кімге шағым айтып, кімге жүгінерін білмейді. Себебі мемлекет те, заңдар да банктер жағында. Қазақстандағы банк жүйесі бүгінде халықты қанаудың «мәдениетті» амалына көшкен. Үкіметті өз дегеніне көндіріп, халықты алаңсыз қанайтын заң тетіктерін бекіттіріп алған. Осылайша несиенің пайыздық үстемесін адам шошырлық деңгейге жеткізді. Ақшадан қиналған халық амалсыздан солар белгілеген тәртіпке көніп, бірнеше есе қайтарымы бар несие алуға мәжбүр. Қайтармасаң, кепілге тіккен үйіңе, тамағың мен жүріп-тұруыңнан артылмайтын айлығыңа ауыз салады.

 

Халық алған қарызын қайтармайын демейді, қайтаруға шамасы келмейді. Себебі нарық күн сайын қымбаттап барады. Үкіметтен жалақы-зейнетақыға кішкене ғана ақша қосылады десе болды, баға шарықтап шыға келеді. Ақырында сорлайтын – табысы төмен қарапайым халық. Ол жалақы үкіметтік мекемелер мен ірі компанияларда қосылғанымен, жеке кәсіпкерлікте жұмыс жасайтындарға қосыла бермейді. Байғұс халық тапқан айлық табысын коммуналдық қызметке, балаларының оқуына, тамағына жұмсай ма, әлде несиенің үстемесін жабуға бере ме? Емделу мен киім-кешегін айтпағанда.

«Несиені төлей алмасаңдар, неге аласыңдар, алмаңдар, сосын қарыз болмайсыңдар!…» деген еді елдің бас банкирі Қайрат Келімбетов мырза. Ол тажалды кім алғысы бар дейсің?! Сол несиені алып, өлмес күнін көруге халықты үкіметтің өзі мәжбүрлеп отырған жоқ па? Басыңа іс түсіп, мұқтаж болып отырсаң, қалай алмайсың? Ал банктер болса, қоғамдағы осы мәжбүрлік пен мұқтаждықты әділетсіз әрі арсыз түрде пайдаланып отыр.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 37 коммерциялық банк жұмыс істейді екен. Олардың әр аттам сайын ашып қойған бөлімдері де жетерлік. Әрине, олардың басты пайда көзі – несие. Олар соның жолында нанын әзер тауып жүрген байғұс кедейді соттатып та жіберуден тайынбайды.

Банк деген бәленiң тәбетiне таңданған бір кісі біздің кеңсеге келіп, мұңын шаққан болатын. Ол кісі «Каспий банктен» өткен жылы 300 мың теңге кредит алған екен. «Ашыққаннан құныққан жаман» деп қазекең қалай дөп басқан десеңiзшi! Кредит алғалы бергi он бiр айда 226,0 мың теңгенi банкке қайтарған ол, қарызын еңсерiп тастағанына нық сенiммен банкке келедi. Мiне, осы жерде ғой ол кiсiнiң шалқадан түсе жаздағаны. Сөйтсе, әлi де 215,0 мың теңге банкке берешек екен. Қайтарған 226,0 мың теңгесiнiң 85,0 мыңы ғана алған кредитiн жабуға жұмсалған. Қалған 141,0 мың теңге пайыздық үстеме арқылы банктiң пайдасына кеткен. Бұл жалпы төленген ақшаның 62 пайызын құрайды. Демек, банктiң қойып отырған нақты үстеме пайызы осы 62% болғаны ғой. Ал олар ел-жұртқа 16-17 пайызбен кредит беремiз деп жарнамалайды. Кредиттiң мәнiсiн бiлу үшiн банкке келген кiсiлерге де шамамен солай түсiндiредi. Жұрттың бәрi бiрдей экономист, не банкир емес: банкирлердің сөзiне сенiп, «16 пайыз болса, бiрдеңе етiп құтылармын…» деп ойлайды да, кредит алудың қамына кiрiседi.

Сөйтiп жүрiп, кредитке қолы әрең жеткен кiсi оның үстеме пайызын есептеп жатуға мұршасы болмай қалады. Бізге мұңын айтып келген кісі секілді есiн бiр жылдан кейiн жиып, не болды деп жан-жағына қарағанша, банктiң «түйесi көпiрден әлдеқашан өтiп кетеді». «Әлi пәлен қарызың бар» деп қарап отырады. Ал, билiк болса, «бiзде банк жүйесi жетiлдiрiлген, бiз көптеген елдердi бұл салада артқа тастап кеттiк» деп көкидi.

«Жетiлдiрiлген жүйесi» осылай халықты қанаудың қиял жетпес қаруына айналса, билiктiң мақсаты да осы емес пе деген орынды сұрақ туады. Олай болмаса, халықты шексiз қанауға жол бермейтiн Ислам банкi жүйесi елге неге көптеп ендiрiлмейдi? Не болмаса, халықты несиемен қаржыландырудың басқа да жолдардын қарастырып көрмей ме? Қарамағындағы халқын итке талатқандай, мұнысы несi?

Жиырма үш жыл болды, банктер елдi осылай тонап келедi. Ал билiк бұған жол берiп отыр. Тiптен банкілік тонаушылыққа жағдай жасауда десек те болғандай. Банктiң басында отырғандардың билiк басында болуы, немесе солармен туыс болып келуі де осы жағдайға итермелейтiн болар. Не де болса, осы сала оңбай тұр, дәлiрегi – оңбай тұрғандардың басында тұр.

Биліктің ең жетілдірдік деген саласы осы болса, оның экономикасы шынында да дағдарысқа ұшырағаны емес пе? Яғни, тек банк саласына емес, түгелдей билік жүйесіне өзгеріс керек, түпкілікті реформалар қажеттігі көрінеді.

Қызылордалық азаматша Г.Асанова да банк жүйесінен азап көріп отырғанның бірі. Енді сол кісіні тыңдап көрейік: «Мен 2007 жылдың мамыр айында «Альянс банктен» 300 мың теңге кредит сұраған болатынмын. Ол кезде халыққа кредит беру науқаны ендi басталып келе жатқан кезi. Қара халық ерiккеннен кредит алмайды.

Егемендiк алғалы берi ауырсаң да, бала оқытсаң да, туып-өскен үйiңдi заңдастыра алмай құжат дайындасаң да, отының бар, суың бар, жарығың бар, т.т. жан-жағыңнан қысқанда, кредит алмасыңа қоймайды. Қара халықпен ешкiм санаспайды. Оларды тек жұмысқа жегiп, «сүлiкше сору» үшiн арналған сияқты.

2007 жылы «Альянс банк» «15 пайызбен кредит беремiз» деп, жер-жерден бiр бөлмелiк қана кеңсесі бар орындар ашып қойып, халықты «сора» бастаған едi. Ағылған халық азанды-кешкiлi соның кезегiнде тұратын. Бiр бөлменiң iшiнде «престелiп», кредит алғандары қуанып, қол қой деген жердiң барлығына келісім-шартты оқымастан, қол қойып жатқанын өз көзiммен көрдiм. Берген қағазын оқиын десе, кезектегi адамдар шулайды, қағаз толтырып отырған қыз айқайлайды: «кезектi ұстамаңыз» деп. Сонымен, бәрiне қол қойып берген соң, қасыңызға бiр қызды ертiп жiбередi: «Банктен сiзге ақшаны алып бередi, сол үшiн осы курьерге де төлейсiз» деп. Қара халық бұған да көнеді.

Менде де дәл сондай жағдай болған. Қазiр ғой көшеге шықсаң, банктiң неше атасы бар. Ол кезде кепiлсiз кредит беретiн жалғыз «Альянс банк» едi. Сонымен, сұраған 300 мың теңгенiң 293 395 теңгесi берiлетiн болып, оны 42 айға, яғни 3,5 жылға деп белгiледi. 293 395 теңгеден банктiң есебiне ұсталғаннан қолыма алғаным 266 мың 989 теңге. Оның 6 мың 989 теңгесiн банкке ерiп барған курьер алып қалды, оған берген квитанциясы да жоқ. Сонда қолыма таза тигенi 260 мың.

Келесi күнi мен банкке ақшасын қайтармақшы болып бардым. Себебi, банктен алған 266 989 теңгенi 509 041 теңге етiп қайтарады екенмiн. Санап қарасам, 15 пайызбен емес, 96 пайыздан келiп тұр. Банкке барып, заңсыздықтарын айтып, счетты жабайын десем: «320 мың 400 теңге етiп қайтарасыз» деп қарап тұр. «Неге олай?» десем, «6 ай көлемiндегi қосымша пайызбен төлейсiз, ал 6 айдан бiр күн асып кетсе де, белгiленген 509 мың 041 теңгенi төлейсiз» деп шығарып салды.

Бұл нағыз тонау емей немене?! Банктiң осы iс-әрекетiн алаяқтық қылмыс деп ұғынып, артынша сотқа арыз да жаздым. Судья А.Қожаниязов «мән-жайды растайтын дәлелдемелер толық емес» деген ұйғару қағазымен қоса арызымды қайтарып бердi. Амал қанша, айтылған соманы төлеуге тура келдi.

Несиенің 101 695 теңгесiн төлегеннен кейiн, арада бiраз ай төлей алмай, тоқтап қалуға тура келді. Себебi жұмыс болмай, қатты тарықтық. Сол арада банк төлемеген айларға пайыз қосып, одан сайын көбейттi. Ендi не iстеймiн деп жүргенде, «банк банкрот болыпты» деп, жұрттың көбiсi төлеудi тоқтатып қойды. Менiң несием де сол кезде мүмкiншiлiгiм болмай, тоқтап қалған болатын. Ендi бірнеше жыл өткенде бiлiп отырмын: «Альянс банктiң» егесi ауысқан екен, бiздi сыртымыздан «Finance» Арнаулы қаржы компаниясына малша сатып жiберген екен. «Малша» дейтiн себебiм – бiздi адам баласы деп есептейтiн болса, бiр ауыз ескертiп, не болмаса бiр жапырақ қағаз жiберуге болмай ма? Ендi келiп, менi сатып алған компания менi сыртымнан сотқа берiп, үстемақы қосып, шешiм шығартып, ойына келгенiн iстеп отыр. Сонда бұл қандай ойын?

Менiң ол компаниямен ешқандай келiсiм-шартым жоқ, не олар «бiз сiздi сатып алғанбыз» деп, бiр жапырақ қағазын көрсетiп, ескертпеген. Мен келiсiм-шартқа отырсам, «Альянс банкпен» отырғанмын, ал үшiншi жақ туралы бiлмеймiн де. «Альянс банк» екеуара отырған келiсiм-шартты бұзып, менiң бүкiл мәлiметiмдi (мекен-жай, телефон, т.б.) үшiншi жаққа бере салуға құқылы ма? Құқылы болған жағдайда маған неге ескертпейдi? Неге айдаладағы бiр компания менi сыртымнан сотқа бередi, шешiм шығартады?

Мен «Альянс банкте» төленбей қалған қарызымды төлеуден қашпайтынымды, сыртымнан шығарылған шешімге наразылығымды білдіріп, салынған үстемақыны алып тастауларын сұрап, сотқа апелляциялық шағым берген болатынмын. Бірақ, өкінішке орай, сот менің арызымды қанағаттандырусыз қалдырды. «Альянс» банктен «Finance» қаржы компаниясы мені сатып алғаны заңды екен. Олар маған почта арқылы хат жібергенбіз деді. Сотқа да шақыртуды почта арқылы жіберген көрінеді. «Сонда хатты, сотқа шақыртуды алмаған менің не жазығым бар?» десем, «Оны почтадан барып біліңіз, бізге апарып бердік деген қағаз келді, көршісі Жаңагүлге берілді деп жазылып тұр», – дейді судья. Менің ешқандай Жаңагүл деген көршім жоқ дегеніме де сенбеді. Сонымен соттың шығарып берген шешiмi бойынша айлығымның 50 пайызын төлеп отыратын болдым», – деп күйінеді Г.Асанова.

Қызылорда тұрғыны К.Көбенова да «Каспий банктен» 2011 жылы ақшалай кредит алғанын айтады. Төлемдi банк карточкасымен автомат арқылы төлептi. Мезгілі біткеннен кейін, несиені жабайын деп барса, «әлі 100 мыңның үстінде төлейтініңіз бар» деп төбесінен таспен ұрғандай қылады. Сонан соң біздің партияға арызданып келген болатын. Ал біз бұрын банк саласында істеген азаматқа өтініш айтып, Көбенова алған несиенің есебін санатып көрдік. Сөйтсек, автоматтан төлейтін төлемді әдейі төмендетіп көрсетеді екен. Төлеп отырған ақшасының 90 пайыздай мөлшері банктің есебіне кетіп отырған. Бұл «аннуитетті төлем» деп аталатын көрінеді.

Мұндай жағдайлар әр отбасында кездеседі. Егер жауапты тұлғалар, депутаттар, билік басындағылар халық алдындағы өз міндеттерін адал атқарса, халық осылайша өз елінде өзі өгей болып жүрмес еді. Билік басында отырғандарға айтарымыз: біз тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, бар-жоғы 17-ақ миллион халықпыз. Неліктен билік қарапайым халқын қорғамайды? Банк жүйесі заңдарды өздеріне тиімді етіп, бұрып алуға қол жеткізген. Қаншама адамды банк баспаналарынан айырды, қаншамасы осы қиындықтан құтылу үшін өзіне-өзі қол салып жатыр. Билік бұл шиеленіскен проблемаға араласып, халықтың жағдайын жақсарту үшін, түпкілікті реформаларға баруы қажет деп санаймыз.

Абдулла ШАХАНОВ,

ЖСДП ҚОФ төрағасы

 

Республиканский еженедельник онлайн