Бір өкініш, БІР ҮМІТ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 01 (272) от 08 января 2015 г.

 

СПОРТ

 

Бүгінгі қазақ спортын бозкілемсіз, былғары қолғапсыз, зілтемірсіз елестету қиын. Бұл қатарға теңбіл допты қосуға талпынып жүрміз. Бұрын оң жамбасымызға келе бермейтін өзге спорт түрлерінен де бүгінде қыр баласының дәмесі бар. Тарих қойнауына енген 2014 жыл ел спортына қандай сыбаға тартты, нендей өкініште қалдырды? Бәрін бірдей жіпке тізу мүмкін болмас. Сіз бен бізге етене жақындарға шолу жасап көрейік.

 

Әуелгі сөздің басы – қазақ күресі. Қазан айында Павлодарда өткен «Әлем Барысы» бәсекесіндегі үкілеп қосқан Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Асыл Барменов, Руслан Әбдіразақовтардың жеңілісі елдің есінен шыға қойған жоқ. Ақтық сынға әупіріммен іліккен Нұғымаровтың аяғы көктен келгенде, жанкүйер біткен көзімен жер шұқыды. Жеңіс мұхиттың ар жағынан келген кубалық Оскар Брайсонның қанжығасында кетті.

Оскардың осал тұсын финалға дейін Асыл мен Бейбіт те таба алған жоқ. Талай аламанда атой салып жүрген төрт балуанның төртеуі де қазақ күресінің исі мұрнына енді-енді жетіп жүргендерден жығылғаны қалай? Іргедегі моңғолдардың десі тіпті басым. Таразда өткен «Еуразия Барысының» финалында ойсырай ұтылғанымызды қайда қоямыз?

Енді ел ішіндегі «Қазақстан Барысынан» шыққан дауға құлақ түрмеске тағы лаж жоқ. Көзбен көрген көпшілік 2014 жылдың барысы атанған Мұхит Тұрсыновтың жеңісін әділетсіз деп шуылдасты. Алдын ала келісім бойынша, төрешілер жеңісті Тұрсыновқа бұра тартқан. Егер бұл шындыққа жанасса, дүниежүзілік деңгейге шықты деп, марқайып жүрген төл спортымыздың ертеңі қалай болмақ? Ел сеніп жүрген апайтөстеріміз Қажымұқанның қарымын қаншалықты таныта алмақ? Қазақ бозкілеміне ауадай қажеті – қайнаған намыс!

Ал футбол ше? 2013 жылы еуро ойындарда талайды таңдай қақтырған қарағандылық «Шахтерге» былтырғы жыл ауыр соқты. Чемпиондар лигасындағы «кеншілердің» жолы үшінші кездесуде-ақ кесілген. Жалпы есепте 4:5 нәтижесімен басым түскен хорватиялық «Хайдук» «Шахтерге» плей-офф сындарына өткел бермеді. Жарысты ерте аяқтаған аяқдопшылар ел біріншілігінде де жарытып ойнаған жоқ. Виктор Кумыков шәкірттеріне премьер-лиганың алтыншы орыны әзер бұйырды.

Есесіне ежелгі титулына қайта қол созған «Қайрат» біріншілік мәресін үшінші болып кесті. Ел кубогының жеңімпазы атанды. Кубокты алматылық клубтың 60 жылдық мерейтойына жасалған арнайы «сый» екен десті ұзынқұлақтар. Дегенмен Бауыржан Исламхан бастаған ұжымның озық ойындарын жоққа шығаруға да болмайды. Бұрын көш соңында жүретін шымкенттік «Ордабасы» мен Қызылорданың «Қайсары» да ерледі. Әуелгісі аламаннан төртінші, кейінгісі бесінші келді.

Көк ту желбіреген тұғырлы сәттер – қазақ боксының бай дәстүрі. Кәсіпқой тарлан Геннадий Головкиннің есімі әлемді теңселтіп тұр. Жыл бойына үш рет шаршы алаңға шыққан ол өзіне қарсылас шақ келтірмеді. Қандасымыз Қанат Ислам екі кездесуін де нокаутпен аяқтап, WBA тұжырымы бойынша әлемдік рейтингте 7-орынға көтерілді.

Ал ұлттық құраманың былғары қолғап шеберлері Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында қазақ әнұранын алты мәрте шырқатты! Бұрын-соңды болмаған көрсеткіш! Әйелдер боксынан Назым Қызайбай әлем чемпионатын ұтты.

Ұлттық құраманың бес бірдей саңлағы АІВА-ның (Халықаралық бокс қауымдастығы) АРВ жобасына қатысуда. Бұл АІВА тарапынан қолға алынған үшінші жоба. АРВ жобасына қатысушылар жақсы пайда тауып қана қоймай, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама иеленеді.

Хош, сонымен жобаның 2014/2015 жылғы маусымында елімізден Біржан Жақыпов (49 келі), Ілияс Сүлейменов (52 келі), Берік Әбдірахманов (60 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) және Антон Пинчук (90 келі) бақ сынап көрді. Ақтық бәсекелер 2015 жылдың қаңтар айында сарапқа салынбақ. Біздіңше, финалға өтетін бірден-бір боксшы Берік Әбдірахманов. Ол үш жекпе-жектің үшеуін де өз пайдасына шешкен. Біржан, Ілияс және Антонның нәтижелері бірдей: бір жеңіліс, екі жеңіс. Сүлейменов жартылай финалда сүрінгендіктен, жобаны жалғастыра алмайды. Әділбек те алғашқы кездесуде-ақ жарақат алып, жарысты ерте аяқтады.

Біржан Жақыповтың ұлттық құрамада жүргеніне біраз уақыт болды. Рио Олимпиадасы оның соңғы мүмкіндігі екені анық. Әйтпесе шау тартқан Біржанға бокс десе ішкен асын жерге қоятындардың басым көпшілігі наразы. Алайда 49 келідегі жерлесіміз AIBA-ның рейтингі бойынша көш басында.

Дзюдо шеберлері ерлеп тұр. Инчхонда өткен Азия ойындарында Ермек Имамбеков шәкірттері жасындай жарқылдады. Елдос Сметов алтын, Максим Раков күміс, Азамат Мұқанов қола жүлдегер. Елдос Сметов Азия ойындарында қазақ дзюдосының тарихында болмаған жүлдені еншілеп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Тәуелсіз ел ретінде Қазақстан жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысатынын ескерсек, Елдостың бұл жетістігінің бағасы қаншалықты екенін есептей беруге болады.

100 келіде сынға түскен Максим Раков финалда моңғолиялық Тувшинбаяр Найданға есе жіберді. Челябіде өткен әлем чемпионатында да Раков Найданнан жеңілген еді. Инчхон татамиінде біздің спортшы үш «шидо» алып, алтын қолдан сусыды. Бұл монғол балуаны 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындарында Асхат Жіткеевтен де айласын асырған.

Ауыр салмақта Раковтан басқа абырой-беделімізді қорғап қалатын балуан жоқ екен бізде. Аса ауыр салмақтағы Ержан Шынкеев ел біріншілігінде ылғи үздік шығып, халықаралық жарыстардан жығылып қайтады. Ержанның орнына баратын балуандар жоқ емес. Тек сол мықтылар «Қазақстан Барысын», соның қомақты қаржысын аңдып жүргендей. Амалдың және күресетін балуанның жоқтығынан төрткүлдік татамиге Шынкеев шығып жүр…

Тау көтерген толағай атлеттерімізге ойыссақ. Күні кеше ғана Алматыдағы Әлем чемпионатында қоржынымызға үш алтынның бірін салған Жасұлан Қыдырбаевты бірінші атағымыз келеді. Қандасымыздың жеңісіне алты алаш болып қуандық! Әйелдер арасындағы бәсекеде тағы бір қазақ қызы Жазира Жаппарқұл күміс медальмен мерейімізді және үстем етті. Жасұлан мен Жазираның жеңістері мамандар тарапынан күтілмеген нәтиже еді.

Керісінше, есімдері ел-елге танылып қалған Алмас Өтешов пен Владимир Седовтың жолы ауыр болды. Дегенмен, Седов бабында. Күміспен күптелді. Ол Жасұланмен бір салмақта (94кг) сынға түскен болатын. Ал Лондон Олимпиадасының чемпиондары Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло туралы әңгіме қашанда бөлек. Екеуі де әлем чемпионы атанып қана қоймай, жаңа әлем рекордын орнатты.

Бір өкініштісі – бұл аламанға тағы бір чемпион қызымыз Светлана Подобедова қатыса алмады. Жарақатына байланысты. Светлана бір сұхбатында: «мен сынға түсетін 75 келіде ҚХДР спортшылары мықты. Ресейде де қарсыластарым бар. Лондонда көтерген салмақпен енді әлем чемпионатында жүлде алу қиын. Сондықтан сол нәтижемді көтеру керек» деген екен. Соған қарағанда, Олимп тұғырын 69 келіде бағындырған ол 75 келіде іштей қаймығатыны белгілі. Кез келген спортшыны жеңіске жетелер із – рухани мықтылық.

Өткен жылға есесі кеткен қазақ спортының жайы осылай. Есік ашып келген жаңа жыл кеткен есені қайтара ала ма? Жұртының сеніміне ие болып жүрген марқасқаларымыз өзіне артылған салмақты намысымен көтере білсе игі еді…

Еркебұлан КЕНЕХАН,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн