«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 01 (272) от 08 января 2015 г.
Жетістік…
Ертеңін қайдам, кешесі мен бүгініне дейін тәп-тәуір құны болған доллардың да басынан бақ таюға таянды. Анығырақ айтқанда, ескі жылдың соңында «ұлттық» деп ұлттың түп-түгел ұпайын уысында ұстаған Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банк 2015 жылдың табалдырығын ел экономикасын доллардан арылту үшін әзірлеген бірқатар шараларды іске қосумен аттайтынын атап кеп жіберді.
Ол ол ма, бір басының жыры Жылқы жылының бүтін бүйрегін жайлаған Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қосылар алдындағы кешегі Мәскеудегі ақырғы жиында біздің президенттің: «Енді долларды өз кеңістігімізден шығарамыз» деп мәлімдеуімен бірге, қаржыгер-маман Ілияс Исаевтың: «Қаңтардың 1 жұлдызынан бастап, Еуразиялық экономикалық одақ іске қосылады. Ал оның артықшылығы неде? Оның басты артықшылығы – бүгінгі таңда күн сайын құбылып тұрған доллар бағамынан аузы әбден күйіп, қатты зардап шеккен мемлекеттерге мәселе шешімін ұсынатындығында», – деп көп өтірікті көсіп-көсіп айтқаны көптің күдігін көпке дейін сейілте алмағандай.
Сонда дүниенің қан тамырында донор болып, қаншалаған тарихтан тасы өрге домалаған долларды Қой жылында жылы орнынан жылыстату – бүгінгі біздің бүгежек билікке ғана бұйырған несібе ме?! Сол жаңағы Исаев тағы: «…Енді алдымызда үлкен бір мүмкіндік туып тұр. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуеті», – дейді (бүгежек екеніне дайын датымыз да жоқ емес – Қ.Қ.).
Мұндайда бәз біреулер «бәрекелдіден» бәленшесін айтып, бас шұлғысар, бармақ көтерер. Несі бар, көтерсін дейміз! Көтермесе, буы бұрқыраған демократиямыз қайда? Біз де білгенімізді бүкпей айталық!
Әуелде үш елдің (Ресей, Беларусь, Қазақстан) ошақтың үш бұтына ұқсап одақ құруға ниеттенгені былайғы елдің біраз мазасын қашырған еді. Ортаға ортақ қазан асып, ортақ құйқа салып, ортақ бөліп, ортақ жеу дейсіз бе, қойшы, әйтеуір қаптаған қалың «ортақ» бәтуәтұғын. Сол тұста сенбесек те, сенген кейіп танытқан едік…
Ал бүгін ше? Путин билігі былқылдаған экономикасымен, рең-басы қалмаған рублімен, санкциядан сарқылған, көтерем компаниясымен сол «қазанды» төкпей-шашпай көтерем дейді. Бәлкім, көтерер-көтермес. Оның бер жағында көтеру үшін де көп-көп әл керек дегендей. «От.от.от», осы арада манағы біздің билікке бұйырған «несібенің» мән-мағынасы ашыла түседі.
Яки, көк қағаздың ЕАЭО-ға байланған елдерде жолын кесу – Жолдыбай үкіметінің кезекті «керемет» пәрмені. Нақтырақ айтқанда, Мәскеудің біздің қолмен от көсеуі. Оның айқын дәлелі – осыдан аз күн бұрын Белоруссия президенті Лукашенко Ресейге тағы «қисық мінез» танытты: сол арқылы өз билігіне осы одақ аясындағы алыс-беріс атаулыны АҚШ валютасымен іске асыруды тапсырған болатын. Оның үстіне: «Ресейге қарап сиынатын жағдай жоқ» деп, өз ұстанымын ашық айтқан еді.
Бұл ретте Беларусь президентінің де «Қисайған жағына қисая түсуі» – оп-орынды. Неге дейсіз ғой? Дәп-дайын «Дайрабайдың көк сиыры» бұл арада сөз болып па?! Әсілінде, даудың басы Ресей басшысының Белоруссия еліне салған санкциясынан басталған. Сонда ғой әлгі Александр Лукашенконың: «Егер Ресей тауары қауіпсіз бе, әлде Белоруссия тауары қауіпсіз бе деген сұрақ туындаса, ол Беларусь халқының ғана емес, ресейліктердің де күлкісін келтірері анық. Маған ренжімесін, бірақ Ресей тауар қауіпсіздігі бойынша Белоруссиядан жарты ғасырға артта қалған», – деп шамырқана үн қатқаны.
Біз бұны не үшін айтамыз? Себебі Ресеймен Еуроодақтың арасын тауар айналымы бойынша қамтамасыз етіп келген Белоруссия үкіметі үшін доллардан бас тарту – Еуроодақтың майлы жамбасынан бас тартқанмен бірдей. Сол үшін де бұл жолы да Лукашенко Путиннің тілін алмауға тіптен қақылытын.
Біздің билік ше? Судан мұнайға дейін үнемдеудің тәсілін үйретумен әбігер боп жүрген сәтінде сәл-пәл ерсі болса да, Ресейдің жылы қабағын айнытпай, айтқанын екі етпей орындауға мүдделі. Яғни, ел сауда-саттығынан долларды шеттетуге келгенде түйткіл түгел шешіліп-ақ тұр. Оған манағы Назарбаевтың бір-ақ сөзі куә болатындай (өткен жылы нұротандық Бауыржан Байбек бір шелек судың өзін үш рет қолдануға болатынын айтса, биылғы жылы ЭМ басшысы Школьник бензин үнемдеу үшін, мінгесіп жүру керектігін айтқан еді – Қ.Қ.).
P.S.: Алда-жалда біздің биліктің бұл шешімі біз болжағандай сабан ақша – рубль ұстаған Ресейдің мүддесіне негізделсе, онда Мойынқұмда мойыны ырғайдай болып, мал баққан қазақтың айтқанын айдай ақиқатқа айналдырғаны: сол қазақ айтады ғой: «Олай сүйре, бұлай сүйре! Қазақта қазақтың игілігі үшін малдан басқа айырбас көріп тұрғам жоқ», – деп. Орайы келгенде ұқсап бағып біз де айттық: «Олай сүйре, бұлай сүйре! Әзірге өтіріктен басқа айырбас көріп тұрғам жоқ», – деп…
Қозыбай ҚҰРМАН,
«D»