«Общественная позиция»
(проект «DAT» №06 (277) от 12 февраля 2015 г.
Пайым патшалығы
- Қазіргі заманғы қоғамдық-саяси ой-пікірде исламофобия, антисемитизм, синофобия, антиамериканизм, американофобия, НАТО-фобия сияқты түрлі фобиялар, яғни қорқыныш ұялататын ұғым-түсініктер мен жеккөрушілік сезімдер туындап отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар антиглобалистік, евроскептиктік, антиеуразиялық пиғылдар да, ұлтшылдықты фашизмге теңеуші антиукраиналық көзқарас та белең алып тұр.
Осындай фобиялардың бірі – Исламофобия мәселесі жан-жақты талқыланып, оның мән-жайы мен ақ-қарасы ашылған еді. Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары үстемдігін жүргізіп отырғандықтан, қазір антиукраиналық ұстаныммен бірге «модаға» айналған «фобиялардың» бірі – американофобия немесе антиамериканизм болып отыр.
Идеологиялық бұрмаланған саяси үгіт-насихат салдарынан қоғамдық пікірдің де сыңаржақ болып қалыптасуы заңдылық. Сондықтан қазіргі қоғамда Америка десе, аза бойы қаза болатын, АҚШ-қа қарсы жағымсыз ой жетегінде жүргендер жетіп артылады. Ал Америкаға барып, ондағы өмірді өз көздерімен көріп, білімін алып, жұмысын істеп, ақшасын тауып келіп жатқандардың пікірі мүлдем бөлек – олар АҚШ-тың жақсы жақтарын айтып, жаппай мақтайды. Америкаға қатысты қоғамдық пікір амбивалентті (екіұшты) болып тұр. Осыдан келіп: «Ау, сонда бұл фәнидегі демократияның эталоны саналатын АҚШ шын мәнісінде зұлым ел ме?» дейтін, көпшілікті ойландыратын сұрақтардың бірі туындайды.
Бұрын да, Кеңестер Одағы дәуірінде АҚШ құбыжық, соғысқұмар, отаршы, адамды қанаушы ел ретінде насихатталатын. Себебі түсінікті, ол кездегі әлем екі полярға бөлінді: бір жағында – дүние жүзін тоталитарлы коммунизмге айналдыруды көксеген, КСРО ықпалындағы, Варшава шарты ұйымына кірген социалистік лагерь елдері; қарсы жағында – демократия мен либерализмді ту еткен, АҚШ бастаған НАТО-ға мүше елдер тұрды. Биполярлық теке-тірескен «Қырғи-қабақ соғыстан» соңғылардың мерейі үстем болып шықты. Осылайша «Ядролық паритет», «Айға ұшу жарысы», «Кариб дағдарысы», «Жанталаса қарулану» сияқты саяси-тарихи процестер мен ғаламдық ауқымдағы геосаяси, идеологиялық, әскери, экономикалық конфронтацияға арқау болған екі полярлы әлем құрылысы ыдырап, жаңа әлемдік тәртіп қалыптасты. Ал оның басты ерекшелігі – алып державаға айналған АҚШ-тың әлемдік саяси аренадағы үстемдігіне (гегемондығына) негізделуі.
Кезінде «темір леди» атанған Маргарет Тэтчер «Мемлекетті басқару өнері. Өзгеріс үстіндегі әлем үшін стратегиялар» атты еңбегінде қырғи-қабақ соғыс пен Американың жеңісі туралы ой толғай келе, АҚШ қана әлемдік лидер болудың моральдық құқығына ие және оған материалдық негізі де бар деп қорытынды жасайды. Оның ойынша, АҚШ пен НАТО ғаламшарда демократиялық құрылыс орнауын, адамның құқықтары мен бостандықтары қорғалуын бақылаушы «әлемдік жандарм» рөлін ойнауы уақыт талабынан туындап отыр. Өйткені көптеген мемлекеттерде адам құқықтары аяққа тапталуда, авторитарлы немесе тоталитарлы билік орнауда, ксенофобия, геноцид, терроризм, азаматтық соғыстар, әскери агрессия сияқты адамзатқа қарсы әрекеттер мен әскери қылмыстар жасалуда. Бұлардың бәрін халықаралық деңгейде реттемесе, жеке-дара мемлекеттер мен ұлттардың шамасы жетпесі анық. Алайда М.Тэтчер АҚШ-ты егеменді елдердің ішкі ісіне қол сұғатын, яғни гуманитарлық көмек берумен бүркемеленген күш қолданудан сақтануға шақырады.
Саясаткер ретінде өзінің ұстанымшыл қаталдығымен қатар, прагматикалық көрегендігімен де ерекшеленген марқұм М. Тэтчердің әлемдік саясаттағы АҚШ-тың рөлі туралы пікірінде ақиқат бар екені даусыз. АҚШ пен НАТО блогының қырына ілігетін мемлекеттердің тізіміне көз салсақ, олар негізінен демократиялық құндылықтарға пысқырып та қарамайтын авторитарлы, тоталитарлы немесе деспоттық саяси билік орнаған, ғаламдық қауіпсіздікке қатер төндіретін жаппай қырып-жоюшы қаруға құмар, экстремизм мен терроризм қозып тұрған, адам құқықтары мен бостандықтарын бұзатын, ксенофобия, дискриминация, геноцид, әскери қылмыстар белең алып отырған елдер. Яғни, АҚШ экс-президенті, кіші Дж.Буштың тілімен айтсақ, бұлар «зұлымдық шығыршығында» (ось зла – Ред.) орналасқан Солтүстік Корея, Ирак, Иран сияқты мемлекеттер. Кейінірек АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Болтон бұл тізімді Куба, Ливия, Сирия сияқты антидемократиялық елдермен толықтырды. 2005 жылы Кондолиза Райс ең антиамерикандық режимдер деп Куба, Иран, Солтүстік Корея, Беларусь, Зимбабве мен Мьянманы атады.
Екі полярлы әлемнің қалыптасуы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бастау алса, геосаяси гравитациялық тартылыстың күшті әсерін бірінші болып сезген Германия болды. Потсдам конференциясы негізінде екіге бөлінген неміс елінің Батысы АҚШ бастаған батыстық елдердің ықпалында қалса, Шығыс бөлігі – КСРО жетегінде кетті. Фашистік фюрермен империя құруға дәмеленген, ариялық ұлт саналған немістер екіге айырылып қоймай, ортасынан қыл өтпейтін Берлин қабырғасы арқылы қақ бөлінді. Қырық жылдан астам уақыт бір ұлт екі түрлі тәртіппен өмір кешті: елдің батысындағы немістер евроамерикандық демократия принциптерін, ал шығыс немістері коммунистік идеологияны басшылыққа алды.
1980 жылдардың ортасында Шығыс Еуропада «шошытып емдеу», «барқыт төңкерістер» жүріп, антикеңестік көңіл-күй өрістеді. Оған қоса, КСРО-да билік басына Михаил Горбачевтің келуі, «қайта құру», «жариялылық» сияқты саяси өзгерістер социалистік лагерь елдерін дүр сілкіндірді. 1989 жылы 9 қарашада Берлин қабырғасы құлатылып, Германия бірікті, екіге айырылған ұлт қайта табысып, біртұтас ел-жұртқа айналды.
Міне, сол кезде әлемдік қауымдастық қатігез саяси эксперименттің нәтижесін көріп, қайран қалды. Қырық төрт жыл екі түрлі саяси жүйеде бөлектеніп өмір сүрген бір ұлттың өкілдерінің саяси санасы мен мәдениеті, психологиясы мен менталитеті бір-біріне мүлдем ұқсамайтын дәрежеге жеткен. АҚШ ықпалындағы батыс немістері қай жағынан алсаңыз да, әлдеқайда дамып кеткен, ал КСРО «тәрбиесіндегі» шығыс немістері мешеу күйде қалып қойған. Содан бері де ширек ғасыр уақыт өткенімен, бұл ерекшелік әлі күнге дейін теңеспей келе жатқан көрінеді. Егер де АҚШ жаман болса, батыс немістері соғыстан қираған қалаларын қалпына келтіріп қана қоймай, одан сайын гүлденіп, жан-жақты дамып, еуропалық бетке ұстар елдің деңгейіне қалай жеткен?
Тура осындай аналогияны (теңеуді) корей ұлтына қатысты қолдануға болады. Екінші дүниежүзілік соғыста гитлерлік Германияның одақтасы болған жапон милитаристері жаулаған Кореяны азат етуге екі дүлей саяси күш – КСРО мен АҚШ білек сыбана кірісті. Бірі елдің солтүстігінен, екіншісі оңтүстігінен Корей еліне көмек қолын созып, жапон басқыншыларын қуып шықты. Кеңес Одағына Қытай жақтас болды, АҚШ-қа Ұлыбритания, БҰҰ бітімгершілік күштері мен НАТО блогы қолдау жасады.
Жапон басқыншыларынан құтылған соң, одақтастар уақытша басқару режимі туралы келісім жасап, Кореяны қақ ортасынан бөліп жатқан географиялық 38 белдеу (параллель) бойымен КСРО ықпалындағы Солтүстік Кореяға және АҚШ ықпалындағы Оңтүстік Кореяға бөлуді ұйғарады. Уақытша басқару режимі біткен соң, екі тарапты біріктіру көзделді. Солтүстік Кореяны басқаруға коммунист Ким Ир Сен тағайындалса, Оңтүстік Кореяны басқаруға Ли Сын Ман сайланды. Бірақ көп ұзамай, Корея екі алып державаның саяси ойыншығына айналып, корей ұлтының тағдыры тәлкекке түсті. Екіге жарылған корейлер бірікпек түгілі, бір-бірімен соғысып кетті. 1950 жылы 25 маусымда басталған Корей соғысы 1953 жылғы 27 шілдеге дейін жалғасты, ал соғыстың бітімі туралы ресми келіссөз әлі күнге дейін жасалмаған. Корей соғысының зардабы орасан зор болды: түрлі деректер бұл соғыста жалпы саны 5–6 млн. адам қаза тапқанын көрсетеді, мыңға тарта ұшақ жойылған, атылған оқ-дәрі мен қаржы-қаражат шығынында қисап жоқ. Корей соғысынан кейін екі полярлы әлемдік саясаттың құрбанына айналған бір ұлт екіге бөлініп, КСРО мен Қытай коммунистік партияларының ықпалындағы Солтүстік бөлік — Корей халық демократиялық республикасы (КХДР), Оңтүстік бөлік АҚШ ықпалындағы Корей Республикасына айналып шыға келді.
Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, коммунист корейлер мен демократ корейлердің басы бірігер емес, бір-бірін жаудай көреді. Дамуына келсек, тағы да сол – КСРО ықпалында болған Солтүстік Корея артта қалды, билігі әскери авторитаризм болғандықтан, өмірлері жанталаса қаруланумен, ықтимал соғысқа дайындалумен өтуде. «Тентек шоқпар жинайды» деген сөз тегін айтылмаса керек.
Ал АҚШ ықпалына өткен Оңтүстік Корея демократиялық жолға түсіп, қарыштап дамып, өркениетті елге айналды. Қазір оңтүстік корейлік ғылым мен техника дамуы жағынан әлемдегі алдыңғы орынға шықты, басқасын айтпағанда, корейлік Samsung компаниясы америкалық Apple компаниясымен ашық бәсекелесетін деңгейге жеткен. Бұдан басқа да бәсекеге қабілетті брендтері жетіп артылады. Корейлік электроника мен тұрмыстық техника әлемді жаулап барады, авто-мото, ауыр машина жасау, жеңіл өнеркәсіп те күшті дамуда. Оңтүстік Корея кеме жасау саласында да әлемдік лидер. Сауда-экономикалық бағыттағы портты қала Пусанда әлемдік жиындар мен спорт додалары өтсе, астанасы Сеул – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ірі қаржылық және мәдени орталыққа айналған.
Осы жерде тағы да орынды сұрақ туындайды: АҚШ жаман болса, оның ықпалындағы Оңтүстік Корея қалай жақсы ел болып отыр? Немесе АҚШ-ты жау көретін Солтүстік Корея неге артта қалып қойды?
АҚШ-тың әскер қолданып, бөгде мемлекеттің ішкі ісіне қол сұққан кездері көп-ақ, мұны антиамериканизм өкілдері үнемі бетке басады. Бірақ АҚШ бет-албатты, ешбір себепсіз басқа елдерге қатысты әскер күші мен қаруды қолданып отырған жоқ. Біз АҚШ-ты ақтағалы немесе жақтағалы отырған жоқпыз. Әйтсе де, фактының аты – факт.
Объективті жазылған арнайы әдебиетке талдау жасау арқылы АҚШ немесе НАТО әскері көп жағдайда амалсыздан, кейде өткір қажеттіліктен түрлі жанжал ошақтарына қатысқанына көз жеткізу қиын емес.Мысалы, Гренада жерінде АҚШ қарулы күштері 1983 жылы «Urgent Fury», яғни «Қаһарлы ашуға булығу» деген шартты атаумен әскери операция ұйымдастырып, қарулы күштерін ендірді. Мұндай қадам жасауға қолқа салып, өтініш білдірген Америкалық мемлекеттер ұйымы болды. Себебі 1979 жылы 13 наурызда Гренада қарулы төңкерісті бастан өткерді. КСРО қолдауымен Морис Бишоптың «New Jewel Movement» атты қозғалысы Гренаданы басқарып отырған Эрик Гейридің үкіметін құлатып, әскери авторитарлық билік орнатты. КСРО, Куба мен КХДР сияқты социалистік елдердің берген $100 млн. жуық қаржылық көмегі мен озық қару-жарағының арқасында М.Бишоп гренадалықтарды бақайшағына дейін қаруландырып, 1983 жылға таман Кариб теңізі бассейніндегі ең мықты қарулы күш жасақтады. КСРО Гренадамен ғана шектелмей, Никарагуадағы сандинистер мен Сальвадордағы солшыл партизандарға да жан-жақты қолдау жасауға тырысты.
Осылайша, Орталық Америкадағы жағдай күрт шиеленісті. Бастапқыда АҚШ Гренадаға байкот жариялаумен шектелді. Бірақ КСРО-ның Гренада арқылы аймаққа өз ықпалын арттыруға дәмелі екені анық сезіле бастауы, қандықол М. Бишоптың өз оппоненттерін қатаң жазалап қоймай, қырып-жоюы, американдық туристердің өміріне қауіп төндіруі, жалпы Кариб теңізі аймағындағы тұрақсыздықты шайқалта бастауы Америкалық мемлекеттер ұйымын ойландырып, жоғарыда айтылғандай, аяғы АҚШ-тан көмек сұрауға алып келді. АҚШ көп ойланбастан әскери операцияны бастап, М.Бишоп тиісті жазасын алды. Осылайша, 1984 жылдан бастап Гренаданың қоғамдық-саяси өмірі тұрақтанды. Бүгінде Гренада Ұлыбританияның құрамындағы конституциялық монархиялы мемлекет. Туризмі дамыған, аграрлы ел, Кариб теңізіндегі қауіпсіз өмір аймақ саналады. Егер АҚШ араласпаса, М. Бишоптың әскери режимі Гренадамен қоса, Орталық Америка аймағын қан қақсатар еді.
Американы жек көрушілердің АҚШ-қа қарсы шүйлігетін тұсы – Балқан дағдарысына қатысты. КСРО тұсында Югославия деген атауы бар дардай мемлекет Кеңестер Одағымен бірге ыдырап, тоз-тозы шықты. Югославияның территориясында 1991–2001 жылдар аралығында этникалық және діни жанжалдар негізінде тұтанған қарулы қақтығыстар серия-сериясымен жүрді. Ресейдің қолдауына ие болған сербтер (негізінен – православтар) бір жақ, хорваттар (католиктер), босниялықтар мен косоволық албандықтар (негізінен мұсылмандар) – қарсы жақ болып, бір қырылды. Онымен қоймай, хорваттар мен босниялықтар өзара қырылысты. Бұл аздай, албандықтар мен македондықтар бір-бірімен атысып-шабысты.
Осылайша Югославия соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі Европада болған ең үлкен соғысқа айналды. Слободан Милошевич бастаған Югославия ұлттық армиясы сербтерді қолдап, жүгенсіз әрекеттерге барды. Этникалық тазалау, атып-асу, геноцид, зорлық-зомбылық жаппай орын алып, айуандық әскери қылмыстар жасалды. Әсіресе Сараево мен Сребренице қалаларында адамзатқа жат, жан түршігерлік қанды қырғындар болды. Әлемдік қауымдастық араласып, ара-ағайындық етпесе, тым ұзаққа созылған Балқан жанжалы өз-өзінен шешілмейтіні анық еді.
АҚШ-тың ара-ағайындық етуімен 1994 жылы Вашингтон келісімі жасалып, Босния мен Герцеговина Федерациясы құрылды. 1995 жылы босниялық сербтердің қанқұйлы армиясына қарсы НАТО әскерін енгізуге тура келді. 1995 жылы 21 желтоқсанда АҚШ-тың Огайо штатында, Дейтон қаласында кезекті бейбіт келіссөздер өтіп, жанжалды реттеуге мүмкіндік туды: ол тарихта «Дейтон келісімі» деген атпен қалды.
Осы сұрапыл соғыста адамзатқа қарсы жасалған әскери қылмыстарды тергеу мақсатында Бұрынғы Югославия жөніндегі халықаралық трибунал құрылды (Гаага трибуналы). Бұл әскери сот 2008 жылға дейін 45 сербті, 12 хорватты, 5 босниялықты әскери қылмыскер ретінде соттады. Олардың қатарында С. Милошевич те болды. Жалпы, Балқан конфликтісінде қайтыс болғандар саны 130 мың адамнан асып кетті, жапа шеккен 2,2 млн адам босқынға айналды, ондаған миллиард доллар материалдық шығын шықты. Егер де жанжалды шешуге АҚШ пен НАТО араласпаса, БҰҰ атсалыспаса, Балқан соғысының зардаптары бұдан да қайғылы, шығыны әлденеше есе көп болар еді…
Сейілбек МҰСАТАЕВ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
саясат ғылымдарының докторы
Abai.kz
(Жалғасы келесі нөмірде)
Comments
Есенғали, Антакиядан:
Совет дәуірін көрген бұрынғы қызылкөз-коммунистер мен көзқаман-мәңгүрт қараорыстар үшін, «США – ВРАГ № 1».
Мен секілді көзі қарақты, көкірегі ояу қазақ үшін, АҚШ – әлемдегі балансты сақтап тұрған, экономикасы мен демократиясы дамыған (біздің «многовекторный» көсекеңнің қағидасы бойынша – әуелі экономика, ауысып бара жатса, демократия), әлемге сөзін өткізе алатын күшті ел. АҚШ мемлекеті болмаса, орысың одыраңдап, қытайың қодыраңдап кетер еді.
Ертең Қарабаланың орнына Хилари КЛИНТОН ханым АҚШ прзиденті болып келсе, қортық лилиПутинді «сортирде мочить» етіп, «Кузькина мать» кім екенін танытып қояды. Сонда үш диктатордың ЕАЭО деген утопиялық «союздары» әдірем қалады.
Ермұрат Бапи:
Сейілбек бауыр, мен талай маман-ғалымға өтініш айтып, жаздыра алмай жүрген тақырыпты керемет қозғаған екенсің! Respect!
Айтпақшы, дәл осыған ұқсас тақырыпты біздің газетте белгілі ғалым ағамыз Қанағат Жүкешев те жан-жақты жазған еді. Ол да бір тұжырымды, тұщымды дүние болған-ды. Кейіннен, өткен жылдың соңында белгілі публицист Сергей Дуванов «Почему мы не любим Америку» деген мақала жазды.
Негізінде «антиамериканизм» деген ұғымның өзі лаңкестік, террористік мәнді білдіреді. Мәселен, АҚШ өзі барып, Саудияға, Эмираттарға, Оман мен Катарға немесе мұсылмандық Малайзияға килігіп отырған жоқ қой: олармен тең паритеттік дәрежеде қарым-қатынас жасауда. Ал адамзатқа қатер болған мұсылмандық-исламдық ошақтардың жанынан АҚШ тез табылады. Себебі АҚШ өзін ғана қауіптен қорғамайды, ол әлемдік қатердің алдын алатын заңды жандарм болғаны бүгінгі ала-құла әлемдік адамзат үшін өмірлік қажеттілік. Мәселен, соңғы мысал – егер АҚШ болмағанда, Ресей өткен күзде-ақ Украинаны жаулап алуы әбден мүмкін еді.
Рахмет, бауырым! Бұл тақырыпты тоқтатпай, дамыта беру керек. Бұл американдық саясатты дәріптеу үшін емес, әлемдік тыныштықты сақтаудың балансы үшін қажет тақырып. Оны біздің қазақтар да түйсіне түскені өте-мөте қажет.
Шалақазақ:
Россия ТВ-дан айтып едi: бiз Американы ядролық тозаңға айналдырамыз деп. Өзiңiз ойлаңызшы: есi дұрыс адамдар осылай айта ма? Орыстар ойлайды ғой деймiн – Америка аузын ашып, қарап отырады деп?! «Ақмақтардың талайын көрдiм, бiрақ дәл осындай ақмақты кездестiрмедiм» деген екен ата-бабам !!!
Қазақ үні: жм, 06/02/2015 — 12:29
Жақсы сараптама. Қарап отырсақ, әлемдегі соғыс ошақтары ЖАМАНДЫҚ ПЕН ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ АЯУСЫЗ АРПАЛЫСЫ екендігі даусыз. Бірақ адамзат арман еткен дейтіндей ДЕМОКРАТИЯНЫҢ өзі де адами азғындыққа өз қатарынан орын беретіні қынжылтады. Дегенмен, бүкіл адамзаттың рухани азығы Ислам дінімен таза сусындаған әрбір АДАМның жүрегі тек ізгілік пен мейірімге, адами асыл қасиеттерге толы болатынын өз заманының небір озық ойлы АБЫЗ ҒАЛЫМДАРЫ жазып та, айтып та өтті. Бірақ мұсылман-шариғат ұстанымдары басымдық орын алған Ирак, Иран, Алжир, Иордания, Египет, Йемен, т.с.с елдер басшыларының өз халқын қанауға түсіріп, Қасиетті Құран Кәрімде жазылған «басшының Жаратқанның жердегі көлеңкесіне» қарсы шығуға дейін апаруы нені көрсетеді. Ол ел билігінің халықты аяусыз жаныштап, сенімдерін тұл еткенінің айғағы. БАБАЛАРЫМЫЗ АЙТҚАН «ХАЛЫҚ ҚҰДАЙДЫҢ БІР АТЫ», ал оны жаныштауға ЖАРАТУШЫ ИЕМІЗ пендесіне мүмкіндік бермейді.