Өмірден кім өткенін БІЛЕСІҢ БЕ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №06 (277) от 12 февраля 2015 г.

 

Темірқазық

 

Бұрын қай қазақ ойлапты: Гер-ағаның құдіреті («феномен» дегеннің қазақшасы қалай еді?) неде деп? Енді ол өлген соң, күлбілтесін күмілжітіп отыр: апыр-ау, аузымызға құм құйылып жүргенде, бұл марқұм біздің жайымызды қалай ашық айта білген? Өзі аузын ашса, өліп қалардай қорқады ғой «сорлыбаюшкалар» (Герольд Карлұлы Бельгердің сөзі).

Расында, ол неге айта алды, мыналар неге мыңқиып жүр? Қазағын қазіргі күйге түсірген билікті сынады – ол билігі марапатты үйіп тастады: №1 «Парасат» ордені, ІІ дәрежелі «Достық» ордені, Қазақстан президентінің «Бейбітшілік және рухани келісім» сыйлығы…

Әкімдердің әкесін танытар сөз айтты: Иманғали алды да үш бөлмелі пәтердің кілтін бере салды… Қыңқ деп, қыңыр сөз айтпады. Райыңнан қайт демеді.

Елдің есесін бұрын қарпып, байынып, тойынып алған «толстосумдарды» (Бельгер) быт-шыт қылды: олар он мың долларлық «Тарлан» платина сыйлығын таға салды. Сыналып, мінеліп жүргендерінің ақысы…

Жалқау, бойкүйез «қазақбаюшкаларды» (тағы да Бельгер) екі жазбасының бірінде сылқита сынады: сол қазақтан шыққан ұлт жанашырлары алды да «Алмас қылыш» сыйлығын бере салды. Біздің ұлтты қор қылдың дегенін естімедік.

Осыншама марапатты өзінің атақшыл қазағы сияқты араға «біреуді салмай» алды. Өздері әкеліп берді. Жамыраған «жалбаңбаюшкалар» (сол Бельгер) сияқты алақан жайып, көр-жерге сұрамшақ болмады. Алған орденінің өзін тас-талқан сынап тастаған кезін көрдік: «І дәрежелі «Достық» – толық достық, ал орденнің ІІ дәрежесі жартылай ғана достық па» деп жазды. Ондағысы – достық атаулыны дәрежеге бөлуге болмайды дегені еді. Расы сол: достық – не бар, не жоқ.

Оңын да, солын да оңдырмады: сол үшін оған одырайған бірі болмады. Айтарын да айтты, бұйыртқан сыйлығы мен марапатын да алды.

Феномен бе?

А как же!

Егер біздегі 800 жазушының тым құрығанда бір ширегі дәл осы Бельгердей болса, бәлкім, бұл билік бізге ойына келген экспериментін жасап, халқын тақырға отырғызып кетпес пе еді? Гер-ағаңның «чепухасында» бір жазғаны бар – жолма-жол не дегені есімде емес, мазмұны мынадай: бүгінгі элита деп жүргендер – өңшең көди-сөдилер, қазақтың элитасын 40-жылға дейін қырып тастаған; бүгінгі халықтың трагедиясы да содан – қаймақсыз сүтте дәм болмайды.

Қатты айтқан, бірақ – нақ. Одақта одыраңдап жүрген 800 «элитаны» еске алсаң, Бельгердің дегеніне дау айта алмайсың. Құдай-ау, 800 адам деген екі батальон әскер ғой: Ислам мемлекетін құрамыз деп, бүгінде бүкіл дүниені дүрліктіріп жүрген сол «содырлардың» саны мынау 800-ден көп артық емес…

Сонда деймін-ау, биліктің бей-берекет тірлігін сынағандардың алды сотталып, арты – шөміштен қағылып жатқанда, Бельгер неге бәлелі болмады? Себебі – ақиқатта аршып алатын қабық болмайды: оны не аңырайтып айтасың, не – қысарыңды қымтап жүресің. Айтарыңды айтқан соң, «менің юбилейім келіп қалып еді…», «президенттік стипендияға кіруім керек еді…», «кітабым шықпай жатыр еді…» деп, мемсыйлық пен жемсыйлықтан дәмелі екендігіңді ешкімге міндет қылмайсың. Гер-ағаң дәл осындай – «не верь, не бойся, не проси» қағидасын қатаң ұстанған Ақсақал болды.

Ақиқатты айта, жаза жүріп, сонымен бірге қарапайым болу – бұл қазақтың қолынан келмейтін қиямет шығар. Ал тегі – неміс, жаны – қазақ Гер-ағаның мына қарапайымдығын қараңыз: «Бүгінде менің әріптес-достарым көптомдық кітаптарын шығарумен әуестеніп кетті… Мұндай жынды ой менің есті неміс кәлләмді де шарпып өтті… Бірақ сол басыма күдік келді: бұл кімге керек, бүгінде кім өзінің үйінде 14 том Бельгерді ұстағанды ұнатар дейсің? Қажет емес…».

Бұны Гер-ағаң өткен желтоқсан айында, көзі тірісінде шыққан соңғы кітабында жазыпты: «Все, что смог» деп аталады екен (ғажап – 80 жасында 75 кітап жазған). Ақтарып шықтым: ішінде не Астана, не Бәйтерек, не құлақты сасытқан тұрақтылық, не көсемнің көреген саясаты туралы бір ауыз сөз жоқ. Жәй ғана «қолымнан келгені – осы» депті.

Деді де – кетті. Енді біз «сорлыбаюшкалар» отырмыз: өмірден кім өткенін білмей, дал-дұл боп.

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн