Мақсұт ЖҰМАЕВ: Қазақтың бүкіл жері – МЕНІКІ, оны ешкімге бермеймін!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №07 (278) от 19 февраля 2015 г.

 

Бейсенбідегі бетпе-бет

 

Мақсұт Жұмаев – жер бетіндегі ең биік 8-мыңдық 14 шыңның бәрін қосымша оттегін пайдаланбай бағындырған әлемдегі он төрт альпинистің бірі. Он бес жыл бұрын шетелдік альпинистердің жүгін ғана көтеруші болған қазақ баласы бір кездері «Жер тәжін», яғни, әлемдегі барлық 8-мыңдық құзар шыңдарды бағындырып, дүниежүзіндегі әйгілі спортшы боларын білген жоқ.

 

–Мені кезінде өзім сияқты ауылда қора тазалап жүрген бала естісе деп армандаймын

– Сіз жиырмадан асқан шағыңызда портер (альпинистер жүгін тасушы) едіңіз, енді, міне, бірден Гималайдың 8-мыңдық шыңына өрлеп, Қазақстанның альпинистер құрама командасына алындыңыз. Бұл не еді: сәттілік пе, дарын ба, әлде геннің мықтылығы ма?

– Расында, мен тауды алғаш Алматыға келгенде көрдім. Студент кезімде жазда әпкеме Оралдан қонаққа келіп, жүк тасушы болып, ақша тауып жүрдім. Шетелдік туристердің жүктерін тауда арқалап жүретінбіз… Ал Гималайға шығуға келсек, кеңес дәуірінде альпинистің шетелге экспедицияға шығуы сирек жағдай еді. Командаға өту үшін 10–20 жеті мыңдық шыңдарды алу керек болатын. Спортшының кемінде спорт шебері дәрежесі болуы тиіс. Ал 2000 жылы да бұл оңай шаруа емес еді. Қазірдің өзінде төменгі разрядтағы спортшының Гималай шыңына шығуын елестету қиын.

Иә, сәтін салғаны рас. 1999 жылы америкалық альпинистермен жұмыс істеген кезде ең төменгі буын санатында – кіші портер едім. Төрт спортшының арасындағы ең жасы кішісі, біліктілігі жағынан төмені болдым. Мен олармен жүрген кезде тек төрт мыңдық биіктікке шықтым. Бұл – лагерь орналасқан жер, биік таудың өзі емес. Сол кезде анам қатты ауырып, үйге қайтып кеттім. Сондықтан сегіз мыңдық шыңға көтерілу – мен үшін мыңнан бір ғана берілетін мүмкіндік еді. Бірде альпинистердің бірі хабарласып, Гималайдың Шишабангма шыңына шығуға дайындалған екі қазақстандық альпинистің – біреуі тәжірибелі жаттықтырушы, екіншісі – спорт шеберінің аяқ астынан бара алмайтынын хабарлады. Егер қаласам, жолымды өзім төлеп, америкалықтардың тобына қосылуға болатынымды ескертті. Менің спорттағы дәрежем – бар-жоғы 3-разряд. Ағылшын тілін де жөнді білмеймін. Жолға билет алар ақшам да жоқ. Бірақ барғым келді. Бірден тегін таратылатын газеттерді ақтарып, компанияларға хабарласып, көмек сұрай бастадым. Ақыры қазір бар-жоғы белгісіз шағын фармацевтикалық фирманың басшысы, өзі бұрынғы спортшы, жолыма қаражат беруге келісті. Тіпті бұл ақша альпининистердің ескі бәтеңкесін сатып алуға да жетті. Арада көп жылдар өткеннен кейін, командадағы бір жігіттер Гималайға шығуға құқым болмағанын, өйткені сол кездегі дайындығымның төмендігін еске салды. Әрине, Гималайға шығу – «күн астындағы Күнекей қыз» немесе «Ақ боз ат мінген ханзада» ертегісі емес.

– Қалай болғанда да, сол кезде басыңызды бәйгеге тіктіңіз ғой?

– Неге бара жатқаныңды білмеген де жақсы. Қауіп-қатерді дұрыс бағалай алмайсың. Үш америкалықтың артынан еріп, тауға өрмеледім, қайта-қайта артта қала бердім. Өйткені дайындығым, тәжірибем олардай емес еді. Шыңға жақындай бергенде, қиналып кеттім де, үлкен мамықтан жасалған сырт киімімді шешіп, жолда белгіленген жерге тастай салып, әрі қарай жеңіл күртешемен кеттім. Қазір дәл солай ешқашан жасамас едім. Өйткені егер сырт киімімді жел ұшырып әкетсе, оны қайта таба алмай, 3-4 сағатта суықтан мерт болуым мүмкін еді. Қазақстанның туын бүктеп, жан қалтама салып, әрі қарай өрмелей бергенім есімде. Шыны керек, әбден шаршағаным сонша, шыңға шыға салып, қайта бұрылып, төмен түстім.

Кейін Гималайдан оралған соң, дәрігерлердің тексеруінде болғанымда, олар денемнің гипоксия (оттегі жетіспеушілігі) жағдайына бейімделгіштігі феноменді дәрежеде екендігін айтты. Яғни, бұл – туа біткен қасиет. Оны тәжірибе арқылы дамытып отыру керек.

Егер менің бойымда биіктерге ұмтылушылық қасиет болса, ол әкемнен берілген болар. Әкем – аудан басқарған абыройлы азамат еді. Бар тапқан ақшасын кітапқа, біздің білім алуымызға жұмсады. Жеке меншік көлігіміз де, үйіміз де болған жоқ. Ешқашан дүние жимаған, өз жұмысына адал адам еді.

– Әке-шешеңіз сіздің қазақтар үшін жат – альпинизммен айналысқаныңызға қалай қарады?

– Құптаған жоқ. Бұл баласын соғысқа жібергенмен тең. Жаттықтырушы да, командадағы жігіттер де, сақтандыру компаниялары да альпинистке үйіне аман-есен оралатынына кепілдік бере алмайды. Біз ешқашан өмірімізді сақтандырған емеспіз. 2005 жылы Пәкістанда «тірідей көмілген кезімізде» үйдегілер қандай күйге түсті?! «Батарейка» өшіп, күшті дауылға тап болып, үш күн із-түссіз жоғалып кеттік. Бізге тікұшақ, құтқарушы бригада жібермекші болды. Сол бір сәтті ұмыта алмаймын. Есіме алсам, көзіме жас келеді. Жаз кезі еді. Қайтар жолда Карачиде бір тәтті нәрсе жеп, қатты уланып қалдым. Тіпті жап-жасыл болып кеттім. Әбден қажып, әлсіреп, үйге әрең оралдым. Ұшақтан түсіп келе жатқан кезде, алыстан қарсы алып тұрған адамдардың арасынан әке-шешемнің жүзін көргенде, жүрегім лүпілдеп, қатты толқыдым. Аман-есен елге жеткеніме қуанып, жыладым.

– Альпинист үшін қатер көп: күн өтіп кетуі, суықтан қатып қалуы, құзға құлауы, төбеден тас түсуі мүмкін. Ал шынайы қатерді, яғни, ажалдың «демін» сезінген кезіңіз болды ма?

– Үнемі. Альпинизм – ең қатерлі спорт түрі. Спортшылар арасына өлім көрсеткіші өте жоғары. Мәселен, 1991–2011 жылдар аралығында 14 сегіз мыңдық шыңдарға шығу бағдарламасын орындауға қазақстандық альпинистердің үш буыны қатысты. Сондағы 50 адамның оны арамызда жоқ. Барлығы тауда қалды. Бұл нені білдіреді? Альпинизмде тәуекелдің құны жоғары: ол – адамның өмірі. Мәселен, альпинистер арасында «жолдасың үшін өміріңді қиюға даярсың ба?» деген де сауал бар… Біз тәуекелдің не екенін түсінеміз…

– Ал альпинист үшін қорқыныш деген не?

– Менің жаттықтырушым, әйгілі альпинист Ерванд Ильинский бір жолы парашют спорты жаттықтырушысымен кездесіпті. Сонда ол парашютистердің тәуекелге баратынын, 3 мың шақырым төменге құлдилап секірудің қорқынышты екендігін айтыпты. Ал біздің жаттықтырушы: «Секірер алдында бір рет қорқу қиын ба, әлде құзар шыңға шығып, қайта лагерьге оралғанша бір ай бойы әр сағат сайын қауіпті сезіну қиын ба?» – деп сұрапты. Альпинист айлап ішкі арпалыста, ішкі ширығуда жүреді. Жылдап жаттығып, енді тауға шығып бара жатқанда, мәселен, 2006 жылы Дхаулагири шыңына 100–200 метр қалғанда, қалың қар жауып, айнала бұлыңғыр тартып, оған қоса найғазай ұрса, «мұның барлығы қажет пе?» деген ой келеді. Қажет!

– Сізбен кездесуге келе жатқан кезде таумен теңестірілетін сөздер есіме түсті: «таудай бол», «тауың шағылмасын», «таудай талап»… Ұлы даланың қазағы тауды неге соншама дәріптеген деп ойлайсыз?

– Қазақ таудың алыптығын түсінген. Мәселен, «Хан тәңірін» қастер тұтқанда, оның Қазақстанның ең биік нүктесі екенін білген жоқ қой. Нарынқол жақтан келе жатқанда, қасқырдың тісі сияқты ақсиып, күн батқанда қан қызыл түске боялады. Өте әдемі! Гималайда тұрған үндістер, непалдықтар «таудың басында құдайлар өмір сүреді, олардың шырқын бұзуға, шыңға шығуға болмайды» дейді.

– «Жамандық – аяқ астында, жақсылық – таудың басында» деп те қазақ тегін айтпаған ғой…

– Таудың басында не жақсы дейсіз ғой? Онда құдайға жақындық бар. Онда өзіңді адам емес, көктің тұрғынындай сезінесің. Өмірде бір елеулі биікке қол жеткізген достарым, таныстарымды алып қарасам, олардың көбі – рухани жағынан мықты адамдар. Ал альпинистерде басқалар үшін адам төзгісіз жағдайларға, тұрмыстық келеңсіздіктерге жеңіл қарайтын бір ерекшелік бар. Біз бір жұтым суды, жылуды, күнді бағалаймыз. Қарды ерітіп, ыстық сумен өмірімізді сақтаймыз. Бізде өмір сүргенің үшін, жақындарың қасыңда болғаны үшін бақытты болу сезімі бар. Әркім осы өмірде өз қадамын жасауы керек. Маған оны айту оңай. Өйткені мақтан тұтар жетістіктерім бар. Олар мені таулардан да биік мақсаттарға жетелейді. Мені кезінде өзім сияқты ауылда қора тазалап жүрген бала естісе деп армандаймын. Оның өзіне деген сенімін жоғалтпауын тілеймін.

– Сіз ырымшылсыз ба?

– Иә, сондаймын… Альпинизмде орыстардың көбірек екені рас. Бірақ менде оларды шаң қаптырып кету ойым болған жоқ. Бұл жерде мәселе басқа. Қазақ екендігім мені үнемі қамшылап отырды. Менде «алғашқы қазақ» атану сияқты менмендік те болған емес. Менің қолымнан бұл іс келетініне ғана қуанам. Мақтан тұттым! Балалық шағымда бір оқиға болған. Бірінші сыныпты үздік бітірген кезде біреулер мақтау қағазын әкем ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы болған соң алғанымды айтты. Сол күні мақтау қағазын өрттеп, енді оқу озаты болмауға серт бердім.

Спортта да сегіз мыңдық шыңға шығу мүмкіндігін елдегі титулды ұлттың өкілі болғаным үшін берілгендігін айтқандар табылды. Әрине, бұл менің көңіліме келді. Сондықтан үнемі өзіме және командаға жайдан-жай алынбағанымды дәлелдеуге тырыстым. Бүгінгі күнге дейін солай істеп келемін. Ал қазақ болып өмірге келгеніме ризамын.

Мені жақында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған спорттық жиында еліміздің абыройлы азаматтарымен қатар тұрып, сөз сөйлеуге шақырды. Мен біреуге ақыл айтатындай сонша кіммін? Десек те, бір-екі нәрсе бойынша ой бөліскім келді. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – мемлекеттігімізді жоққа шығарғысы келген Путиннің мәлімдемесіне байланысты дейтіндер бар. Ол өзі кім? Олардың өздері кімдер?! Өздерін «великоросс» дей ме, «шовинист» дей ме, тағы кім деп көкірек керетіндері мені толғандырмайды. Мұның бәрі – алыпсатарлық әңгімелер. Менің білетінім: адам қайықты алып, ашық мұхитқа шығуы керек. Содан кейін сол әлемге сіңісу… Жер шарының ең үлкен сахараларын жалғыз өзі жүгіріп өткен Марат Жыланбаев солай істеді. Ол – әлем адамы. Мен де сол әлемге сіңістім. Бірақ бойымдағы нөл бүтін миллиондаған бір түйір бөлшек – қазақтығым қалған пайыздарды жеңіп, қазақ екенімді мақтан тұттым. Катмандуда, Альпы дүкендерінде: «кәріссің бе, әлде жапонсың ба?» деп сұрайтындар бар. Мен үнемі: «Қазақпын!» деп жауап беремін. Әлемге өзімнің қазақ екенімді мақтанышпен көрсете аламын. Әркім құрметке ие. Бәріміз бір клеткадан жаралған Жердің баласы екенімізді түсінеміз. Соны біле тұра – қазақ екеніңді ұмытпау… Мұны Қазақстанда туып-өсіп, осы жерде тұрған кезде толық сезіну қиын.

Өзіңді қазақпын деп сезініп, өз ісіңді бәрінен де жақсы істеу – патриоттық. Не істесең де: киім тік, адам емде – басқалар ісіңе дән риза болып, шын ниетімен: «рахмет!» десе, патриоттық деген – осы. Сонда адам өз жеріне, қоғамға, ұлтына қажеттігін түсінеді. Базардан «Қазақстан құрамасы» деген жазуы бар куртканы сатып алу – бір бөлек, ауыр жаттығу арқылы Қазақстан құрамасына еніп, олимпиада ойындарында алтын медаль алу – екінші басқа. Тоқтар Әубәкіров үлкен өмірлік жолдан өтіп, ғарышқа ұшты. Ол ұлттың ұрпақ жалғастығын жақсы түсінді. 550 жылдықтың, менің ойымша, одан да көбірек жылдардың мәнісін, ұрпақ арасындағы тарихи байланыстың бар екенін шын жүрегімен ұғыну маңызды.

– Дәл қазір қазақтың мақтан тұтар несі бар?

– Қазақтың баласы болғандығы, ата-бабамыз қазір Қазақстан деп аталатын осы жерді сақтап қалғаны – мақтаныш. Менің астымдағы мәшинемнен өзге ештеңем, меншігімде ұлтарақтай жерім де жоқ. Бірақ қазақтың бүкіл жері – менікі! Оны ешкімге бермеймін! Оған ауыз салғысы келетіндердің желкесін үзуге даярмын. Өйткені оның құнын жақсы білемін. Оны менің бойымдағы аталардың рухы айтады. Қазақтар үшін атамекен, әулет, отбасы – ең қастерлі ұғымдар.

Бұл – менің жаратылысым, ұлтыммен өзімнің тоғысуымның, бірлігімнің көрінісі. Менің патриоттығым – осында шығар.

Үй салғым келеді. Өйткені екі балам бар, үшіншісін күтіп отырмыз. Тамырын тереңге салған – биікке қарай өседі. Адам таудың басында тұрып, үлкен мақсаттар қойып, өзі содан қорықпағанда, тағдыр соған жетуге мүмкіндік береді. Адамдар отбасымен, жерімен, тарихымен үйлесімді тіршілік кешкені абзал. Біз жақсы ұлтпыз! Ешкімнен кем де, артық та емеспіз. Өйткені, бәріміз бірдейміз.

Бірақ біздің өзгешелігіміз де бар: көзіміз қысыңқы, қазақ тілінде сөйлейміз, өз тарихымыз бар. Қанымыз бен генімізге құлақ салуымыз керек. Дәл қазіргі таңда әлемге қазақ екенімізді көрсетуіміз маңызды.

Сұхбаттасқан –

Айжан КӨШКЕНОВА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн