«Общественная позиция»
(проект «DAT» №07 (278) от 19 февраля 2015 г.
Сауалнама
Кеше парламент мәжілісінің спикері Қабиболла Жақыпов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мерзімінен бұрын президент сайлауын белгілеу туралы мәселені қарау жөнінде жүгінді. Яғни, парламент «мысықтабандап отырып алса», президент қайда қашар дейсіз – сайлаудың болатыны ақиқатқа айналды деген сөз.
Жақыповтың жоғарыдан түскен саяси тапсырманы парламенттің «пакетіне орап», кейін қайтаруына қарағанда, «дәл осындай ұсыныстар елдің барлық өңірлерінде тұратын сайлаушылардан парламентке бірнеше мәрте келіп түсіпті» (ҚазТАГ). Бұл халық мерзімінен бұрын сайлау өтпесе, қырылып қалайын деп жатыр екен…
Ал дәл осы жасанды науқан туралы біздің сарапшылар не ойлайды? Біз де Қабиболла сияқты мынадай сауалдармен жүгінген едік:
1.Қазақстан билігіне президенттік сайлауды кезекті рет неге кезектен тыс жариялау қажеттігі туды деп ойлайсыз?
2.Демократиялық оппозиция мен тәуелсіз азаматтар тарапынан президенттік сайлауға түсу қажет пе? Қажет болса, сіз кімдердің үміткер болғанын қалар едіңіз?
Серікболсын ӘБДІЛДИН, мемлекет және қоғам қайраткері:
1.Ата заң бойынша, белгіленген президенттік сайлауға дейін әлі екі жылдай уақыт бар. Назарбаевтың осы уақыт аралығында біраз жұмыс жасауына мүмкіндік көп. Ал кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде маңайында жүргендердің өз бетінше бастама көтеруге дәрмені жетпейді, сондықтан бұл – президенттің қалауы бойынша жасалған ұсыныс. Назарбаевтың әрекетімен бірде-бір сайлау өз мезгілінде өтпеуі әдетке айналып кетті. Биылғы сайлауды қандай негізде жарияласа да, оны мен сайлау деп санамаймын, өйткені қортындысы алдын ала белгілі. Осы бастаманы «көтерді» деген ассамблея – президенттің шашбауын көтеруші жанама орган.
Назарбаевтың айналасындағы «ақылды» азаматтар биыл кезектен тыс сайлау өткізудің себебін өздерінше түсіндіріп әлек: келесі жылы парламент сайлауына бөгет жасамау үшін, әрі дағдарыстың шарықтау шегінде оның қымбатқа түсетінін айтуда. Бұл – ақымақтың ойлап тапқан сөзі дер едім. Себебі Конституцияны қабылдаған кезде президент пен парламент сайлауының мерзімін әр жылдарда өткізу тәртібі қарастырылған. Шындыққа жүгінетін болсақ, 1999 жылы қаңтардың 9-ында президент сайлауы өтті, сол жылы қазанның 10-ында парламент сайлауы өтті. Бір жылда өткізілген екі сайлау ешкімге де қиындық әкелген жоқ. Президенттің айналасындағы адамдардың ерік-жігері жетсе, олар сайлау атаулыдан мүлде бас тартар еді. Ал биліктің осы жолы ойда жоқта тапқан сайлауы – келер жылы дағдарыс ушыға түсер болса, Назарбаевтың сайлану-сайланбауы неғайбыл болып қалатынын ескерген қитұрқы амал.
2.Осы сайлауға қатысамын деп ниет білдіретін азаматтар таққа отырамын деп ойламайтыны анық. Елдің келешегіне алаңдайтын, саяси партиядан шыққан үміткер халықтың арасына барып, саяси науқан алаңын пайдаланғаны жөн деп санаймын. Демократиялық оппозицияның қатарында жүрген азаматтар сайлауға түсуге талпынған тәуелсіз үміткерді қолдауы тиіс. Мәңгілік ештеңе жоқ: бірінші президент те өмірлік лауазым емес екені белгілі, халықтың қамын ойлайтын азаматтар дәл осы сайлауда жеңе алмайтынын білсе де, науқан кезінде елге шын жағдайды жеткізу үшін, ақиқатты насихаттау үшін қатысқаны дұрыс болар еді.
Зәуреш БАТТАЛОВА, экс-сенатор:
1.Кезектен тыс өтетін сайлау – президент Назарбаевты қайта сайлау екенін жұрттың бәрі біледі. Осы кезексіз науқан бүгінгі президенттің өкілеттілік мерзімін тағы да ұзартуға арналған. Бұл – бүгінгі биліктің қауқарсыздығының көрсеткіші. Мемлекетте тұрақтылық жоқтығының белгісі. Зайырлы мемлекетте заңдылықтың сақталуына ерекше мән беріледі. Ал Конституцияның кепілі саналатын адам осы қағиданың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс, сондықтан кезектен тыс сайлау өткізу – халықтың пікірін, Конституция мен, Сайлау заңының мәртебесін жоққа шығару деп санаймын.
Президенттік және парламент сайлауы бір мерзімде өтпейді деп, елдің көзін байламақ болған дәлелдері де дәйексіз. Бір күнде екі сайлауды қатар өткізбеу ережесі қарастырылған, бір жылдың ішінде екі сайлауды да өткізуге болады. Сайлау заңында былай деп көрсетілген: «Президенттiң кезектi сайлауы бес жылда бiр рет тиiстi жылғы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс».
Сондықтан келесі 2016 жылдың басында парламент депутаттарының сайлауы, ал жылдың аяғында президент сайлауы болуы тиіс еді. Заң жобасын жасап және оны қабылдап отырған ерекше өкілеттілікке ие болған екі палаталы парламент осындай заң шеңберіндегі «сауатсыздыққа» қалай жол береді? Демек, олар өздерінің «жеп отырған» нанын да ақтай алмауда. Осындай жағдайдан кейін халық қалаулылары күрделі мәселелерге мән бере алады дегенге қалай сенуге болады? Осындай «сауатсыздықты» қолдап отырған депутаттарды еліміздегі салық төлеушілер асырап отырғаны өкінішті жағдай.
- Қазақстандық демократиялық қауымдастықтың бүгінгі билікке қарсы тұра алатындай күші де, мүмкіндігі де шектеулі. Оның себебі де елге мәлім: тәуелсіздіктің жиырма төрт жылының ішінде билік саяси алаңда көш бастап жүрген, азаматтық ұстанымына берік азаматтарды қуғынға түсіріп, абақтыға қамап, кейбірін атып өлтірді. Ал Қазақстан азаматтарының конституциялық құқын белден басатын саяси науқанға демократиялық оппозицияның, азаматтық қоғамның өкілдері қатысуы керек пе деген сауал – күн тәртібінде тұрған өткір мәселе. Кімнің жеңетіні алдын ала белгіленіп қойғандықтан, халықаралық қауымдастық алдында еліміздің беделін түсіретін сайлауға қатысудың қажеті жоқ екені анық. Бірақ саяси науқан кезінде елдің көзін ашу үшін, ақиқатты айтуға бел буатын шараларды жасау керек. Бұл сайлау заңының 27-бабында былай деп көрсетілген: «Сайлау алдындағы үгiт – сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет».
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
1.Кезектен тыс сайлау өткізу Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңалық емес, дәл осы жолы да әдетке айналған үрдіс жалғасуда. Осы күнге дейінгі айтылып жүрген дәйектемелер қайталануда: алда – дағдарыс, соған бес қаруымызды сайлап алуымыз керек, осы жылы сайлау өткізбесек, келер жылы қисыны келе қоймайды деген дәйек қазақстандықтарды сендіре ала ма, жоқ па – оның байыбына барып жатқан ешкім жоқ. Жағдайдың түпкі негізінде – 2016 жылы экономикалық әлеуметтік мәселе тығырыққа тірелетіні, әлемдік дағдарыстың ықпалы, мұнай мен газ бағасының арзандауы, рубльдің құнсыздануы, осы екі арада Қазақстанның Ресейге тәуелділігі елдің әлеуметтік тұрмысының нашарлауына әкеліп тіреуіне байланысты ел азаматтарының билікке деген сенімі жоғалып, қарсылық шараларына әкелуі мүмкін. Сол себептен де билік істі насырға шаптырмай, президенттік сайлауды биыл өткізуге кіріспек.
2.Сайлау – демократияның көрсеткіші, азаматтардың саяси шешім қабылдауға араласып, оған қатысуы. Сондықтан сайлауға бойкот жариялау туралы шешім қабылдау дұрыс тәсіл емес дер едім. Ел ішінде «мемлекет ісін басқаруға қабілетті, ұлт көшбасшысы бола алатын тұлға жоқ» деген сөздерге сенбеймін. Сол себептен де жаңа тұлғалар топты жарып шығып, осы сайлауға қатысқаны дұрыс болар еді.
Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ, заңгер:
1.Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1 тармақшасында «Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі» деп жазылып тұр. Бұл бапқа 02.02.2011 жылы Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы қол жеткізілген болатын.
Ал Констиуцияда да, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында да Қазақстан халқы ассамблеясы туралы бірде-бір сөз жоқ. Сондықтан бұл заңсыз органның бастамасын қабылдау – елдегі заңсыздық пен әділетсіздікті одан ары ушықтырады деп ойлаймын.
Екіншіден, ҚР «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңына сәйкес, Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясына да, кеңесіне де мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс жасау құқығы берілмеген. Демек, Қазақстан халқы ассамблеясының мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс жасауға құқығы жоқ.
- «Жеңімпазы» алдын ала белгілі болатын науқанға үміткер ретінде түсу-түспеу – ел азаматтарының пайымы мен түсінігіне сай болатын шешім деп ойлаймын.
Сауалнаманы жүргізген –
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»