Дін мен ұлттық рух: ЖІГІ ҚАЙДА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №08 (279) от 26 февраля 2015 г.

 

Пайым патшалығы

 

Діннің төңірегінде дау көп. Ол – заңдылық. Себебі әр дін өзінің қағидаларын халықтың миына сіңіргісі келеді. Бұл – идеология. Сол арқылы қатарын көбейтіп, патшаларға ықпал етеді. Бұл енді саясат. Яғни, кез келген діннің түпкі мақсаты – халықтың санасын жаулап, мемлекеттің саясатын өз ықпалында ұстау.

 

Дәл қазір Қазақстан осындай қитұрқы саясаттың жол айрығында тұр. Конституцияда «зайырлы мемлекет» деп жазылғанымен, іс жүзінде еліміз бірте-бірте діни мемлекетке айналып барады. Қазақстанның түкпір-түкпірінде діни ғибадатханалар бірінен соң бірі бой көтеруде. Кезінде діни идеологияға ерік берген Европа мен кейбір Араб мемлекеттері өз халқын еңбекке икемсіз, тек біреудің тапқан табысына ортақтасып, масыл өмір сүруге үйретті. Сол себепті қазір осы мемлекеттерде таза еңбек жасайтындар – сырттан келген эмигранттар болып отыр.

Әлемдегі қасиетті орындар мен ғибадатханалардың бәрі бизнес көзіне айналған. Оны көзі ашық көкірегі ояу адамдар жақсы біледі. Дінді идеологияға айналдырғандар адамның өзі жеткен жақсылықтарына дінді жапсырып қояды. Бұл – адасушылық. Адам өмірде неге талап қылса, соған талмас еңбекпен ғана қолы жетеді. Ол мақсатына жетсе, оған құдай емес, өзінің ақыл-ойы, жігері көмек берді. Діннің адам психологиясына кері әсер беретінін түсінген Қытай мен Жапония мемлекеттері бүгінде өзінің ұлттық салт-дәстүрлерімен халқын тәрбиелеуде. Салт-дәстүрлерде діни ағымдағыдай қатаң тыйымдар жоқ. Ол адамның тағдырына, өмір сүру ортасына икемделген. Ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық салт-дәстүр – әр халықтың ажырамас құндылықтары. Оны кейбіреулер дінмен ұштастырып, дәстүрдің есебінен дінді санаға сіңірмек ойда. Дінді «имандылық» деген түйсікпен түсіндіретін олар өз ата-бабаларының кім екенін білмейді.

Тарихи тамырынан ажырап қалған сорлы халық қана басқаның тілімен әндетіп, дұға жасап, басқаның дәстүрімен киім киеді. Ерте ғасырларда біздің бабаларымыз асау жылқыны үйретіп мініп, тасты балқытып, болаттан қару жасап, әлемді дүр сілкіндірді. Еділ патша, Бумын қаған, Шыңғыс қағандардың данышпандығында шек жоқ еді. Олар адам санасында дінді емес, рухты биік қойды. Себебі дін рухты әлсірететін идеология екенін сол кезде түсінген. Рухы мықты жауынгер ғана әлемді өзіне бағындыра алатынын олар дәлелдеп кетті. Сол кездегі жауынгерлік туларда қасқыр мен шаңырақтың бейнелері желбіреп тұратын. Қасқыр – түркі халықтарының аңыздарындағы түп анасы.

Еділ патша Рим империясын құлатқанда, европалықтар ғажайып көрініске куә болады. Еділдің жауынгерлері шабуыл жасағанда, жер әлем күркіреген дауысқа бөленеді. Римдіктердің әлгі дауыстан шошынғаны соншалық, қаруларын тастап қаша жөнеледі. Ол дауыстың бақсылардың тамақпен айтатын әуені екенін римдіктер қайдан білсін. Ол заманда қағандардың кеңесшісі бақсылар мен билер болатын. Жауға шабар алдында бақсылар жауынгерлерді зікірмен рухтандыратын. Сосын қаған жауынгерлер алдында жалынды сөздер айтатын. Жігері әбден қайралып тұрған жауынгерлер кез келген қамалдың тас талқанын шығаратын. Яғни, біздің бабаларымыз психологиялық тренингтерді сол кездің өзінде өте шебер меңгерген.

Оныншы ғасырдан кейін, Ұлы далада жаппай діни идеология күш алды да, халықтың рухы әлсірей берді. Рухы өлген халық діншіл болады. Себебі ашық тіресуге рухы жетпейді. Алдап-арбап, өзінің идеологиясын санаға сіңіріп, өзіне жақындатып алып, адамның рухын тонай бастайды.

Діншілдердің бәрі адамгершілікті діннен іздейді. Бұл үлкен қателік. Дін – беріде пайда болған идеология. Ал оған дейін адамда адамгершілік құндылықтар болмаған ба? Әрине, жоқ! Тіпті әріге бармай-ақ, атеистік совет заманында да адамдар бір-біріне деген мейрімін, адами қасиеттерін сақтады. Оған діннің ешқандай қатысы болған жоқ. Бүгінгі Қытай сол саясатты ұстанып отыр. Әлемдік державаға айналды. Миллиардтаған халқына жұмыс пен тамақ тауып беріп отыр.

Неге? Себебі бірде-бір қытай құдайдан несібе сұрап, алақан жаймайды. Тек өз еңбегімен нан табатынына сенеді. Еврейлер мен кәрістер де сондай. Адамға тәрбие беретін дін емес, адамның рухы. Кейбір әсіре діншілдер бала-шағасын өз ұлтының құндылықтарынан алшақтатып, санасын улауда. Бұл өз ұрпағын өзі адастырып, жоюмен бірдей.

Шектен шыққан діншілдік адамды масылдыққа үйретеді. Масылдықтың соңы біреудің еңбегін тартып жеуге бейімдейді. Соның нәтижесінде бүгінгі азиялық бірқатар елдердегі сияқты соғыс тұтануда. Біздің халық Қытай, Жапония, Финляндия, Сингапур секілді еңбекқор халық болсын десек, рухты ояту керек. Ол үшін ежелгі дәстүр мен батырлар жырын, тарихты дәріптеу қажет.

А.Дмитриева деген тарихшы 1930 жылы былай деп жазды: «Бізге Византиядан келген православие ержүрек, еркін өскен халқымыздың рухын сындырып, табиғи дәстүрлерін жойып жіберді. Адамдарды екіжүзді, жасқаншақ, жігерсіздікке үйретті».

Мойындасаң да, мойындамасаң да, бұл – шындық! Мұстафа Кемал Ататүрік 1923 жылы Түрік Республикасының президенті болып сайланды. Ол ашық түрде исламшылдарға қарсы шығып, сұлтанат, халифат, шариғат министрліктерін жойды. Түрік мемлекетін зайырлы мемлекетке айналдырып, өркениетке жетеледі. Мешіт, шіркеулердің біршамасын жауып, музейге айналдырды. Өйткені ол діннің халық рухын сындыратын, бөтен құлдыққа тәрбиелейтін құрал екенін білді. Соның нәтижесінде Мүстафа Кемал нағыз ұлт жанашыры ретінде тарихта есімі алтын әріппен мәңгілікке жазылды.

Дінді ойлап тауып, дүниеге таратушы мемлекеттердің халқын көрсеңіз, олар соншалықты діндар емес. Олардың мешіт, шіркеулерін сырттан келетін әсіре діншіл эмигранттар толтырады. Қасиетті орындарында сиынып жатқандар да солар. Діннің есебінен ол мемлекеттер гүлденіп жатыр. Мысалы, уахабизм мен салафизмнің тарихына үңілсең, Еуропа барлау қызметінің басы қылтияды. Сонда кім ақылды, кім ақымақ?

Қазір қарасаңыз, бабалар дәстүрінен тым алшақтап бара жатқанымызды байқау қиын емес. Бұрын «Армысыз!» деп амандасқан қазақ қазір «Ассалауғым аллейкум!» деп, тілін бұрайтын болды. Бұрын «Тәңір жарылқасын!» десе, қазір «Алла разы болсын!» дейді. Бұрын «Тәңір қаласа» «Құдай қаласа» десе, қазір «Алла қаласа» дейтін болды.

Бұл ненің белгісі? Бұл біздің тарихи тамырымыздан ажырап, құлдық санаға бейімделіп бара жатқанымыздың белгісі. Қазақтың рухы әлі өлген жоқ. Тек оған жігер беру керек. Мешіт салуға жұмсалып жатқан миллиондаған қаржының бір бөлігіне ежелгі түркі мәдениетінің жәдігерлерін іздеп, соны тірілтіп, ұлтымыздың рухын қалыпқа келтіруге болар еді. Әлемді дүр сілкіндірген қағандардың ұстанған Тәңіршілдік мәдениеті мен «Алтын білік» кітабының қағидаларын түсіне білуіміз керек. Тәңіршілдік санада адамды дініне, нәсіліне, ұлтына қарап бөлмейді. Оның негізгі қағидасы – адамгершілік қасиет.

Сұлтан ҚАҒАН

 

 ТӘҢІРГЕ ТАБЫНУ

Осыдан біршама жыл бұрын «Тәңірге табыну» деген жазбаға кезіктім. Бірақ ол орыс тілінде болатын. Маған қатты әсер етті. Соның негізінде мен оның мағыналық нұсқасын қазақ тілінде «еркін аударма» түрінде жазып шыққан едім. Ол мынау:

«О, Тәңір! Менің бабаларымның аруағын қолда,

Жақындарым мен туғандарымды жаман көзден қорға!

Ауасы кәусар туған жерімді – жер жәннаты ет!

Тулаған киелі Теңіз суымды – елімнің ырысы ет!

Көк аспанның иесі – Жаратушы Тәңірім менің,

Мен саған басымды идім, Жолыңды қаладым!

Сенің ізгі жолыңмен жүруге маған қуат бер,

Өзің көрсеткен бақытқа жетуге шуақ бер!

Менің жүрегім де – Сенің құдіретіңмен соғады,

Басымдағы бағым да – Сенің қалауыңмен қонады!

Тәңірім! Сен менімен бірге болсаң:

Жауыма сілтер қылышым – алдаспан!

Тізем – бүгілмес, намысым – тапталмас!

Тәңірім, қабыл алсаң – аспанды идір,

Хан Тәңірі тауымның бауырын сүйдір!

Отыңды ойнат, тауымды асқақтат,

Халқыңды құшағыңа сыйдыр!

О Тәңір! Халқымды арам пиғылдан сақта!

Халқыма ажал уын сепкенді жазала!

Тәңірін таныған халықтың еңсесі биік!

Тәңірін таныған халықтың – болашағы мәңгілік!…

Осыны оқығаннан кейін, бабаларымыздың Тәңір дінін «пұтқа табыну» деп айтуға кімнің аузы барар екен?

(Белгілі ғалым-публицист, фәлсафашы

Әбдірашит Бәкірұлының «Фейсбук» парақшасынан алынды)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн