Бақыт Беделхан: АҚЫН БОЛУ – ұйқас жаттау емес

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №08 (279) от 26 февраля 2015 г.

 

Бейсенбідегі бетпе-бет

 

Мектеп кезінен өлең жазып, айтыскерлік қабілеті барын да байқаған. Алайда бойына берген өзіндік миссиясын орындаймын деп, жазба поэзияға оралған. Бұл – бүгінгі «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдарында ой бөліскен Жазушылар одағы «Әдебиетшілер үйінің» директоры, дарынды ақын Бақыт мырза Беделханмен болған сұхбаттың қысқаша лейтмотиві.

 

– Бақыт мырза, сіз шығармашылығыңызды ақындықтан бұрын айтыскерліктен бастаған екенсіз…

– Жалпы шығармашылықты айтыскерліктен бастаған жоқпын. 1986 жылдан кейін айтыстың дүркіреп шыққан кезі: ауыл-ауылдан таланттыларды іздеу, айтысты дамыту, айтысқа жаңа толқын әкелу процесі қазақ қоғамында қатты жүрген үлкен шаруа болды. Соның арасында өлең жазатын, домбырамен ән шырқайтын таланттыларды айтысқа тартты. Ол кезде менің өлең жаза бастаған кезім. Өзімнің шешем бесаспап кісі болған: суырып салма айтысатыны, бес түрлі тілде ән шырқайтыны бар. Сол кісімен дайындалып, алғаш рет айтысқа шықтым. Сөйтсем, айтыскерлік қабілет менде де бар екен. Мектеп бітіргенше айтыстым. Бірінші орын алған емеспін, өйткені марқұм айтыскер ақын Оразалы бар болатын. Оразалы екеуміз облыстық айтыста 9 рет финалда айтысқан едік. Бір жағынан Оразалы маған немере ағайын, бауырым болып келеді. Бір атаның баласымыз, республикалық айтыста бірге айтысып қалсақ, ұят болар деген оймен, өз миссиямды орындаймын деп, айтысты тастап, поэзияға оралдым. Айтыста бірге дайындалатын Оразалының кеңесшісі, ақылшысы, көмекшісі болдым. Айтыскерлігімнің айналасы осы ғана.

– «Жігітке жеті өнер де аз» деген халықпыз ғой. Сізді тек ақын ғана емес, сценарийші, тележүргізуші ретінде де жұрт тани бастады. Бұлар қосымша кәсіп пе, әлде бір жерден «тесіп шығудың» амалы ма?

– Мектепте өнерпаздар үйірмесінде әнге де, биге де қатыстым, қойылымдарда актерлік қырымды да көрсеттім. Мектеп бітірген соң, Абай атындағы ҰПУ-де филология факультетін бітірдім. Кейін философия кафедрасының аспирантурасына түстім. Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы театр факультетінде «театр режиссері» мамандығы бойынша білім алдым. Жиналып келгенде, осының бәрінен нәтиже шығаруға тура келеді. Мен режиссер боламын деп емес, «драматург», «»сценарист» боламын деп оқыдым. Драматург болу үшін, режиссерлік білім болу керек. Режиссерлік шешімді, заңдылықты көріп тұрмаған адам драма жаза алмайды. Сондықтан біздегі қаламгерлердің көбісі драматургияға бара алмайды. Қабілет-қарымы мен тілі, ойы жетіп тұрса да, драматургияның өз заңы ауыр, қиын. Бұл арманыма да жеттім деп ойлаймын: «Махамбет» драмасын жаздым. Ол Маңғыстауда, Астана қалаларында қойылды. Бір-екі пьесаға аударма жасадым.

Телеарнаға бару себебім: театралдық қабілетім, сөйлеу мәнерім, жаман-жақсы түрім бар дегенім ғой… Өзім ұмтылып барған жоқпын, телевидение саласының мамандарының шақыруымен бардым. Қарап отырсам, 10 шақты бағдарламаның бас-аяғын реттеп, елдің назарына ұсынған екенмін. Біразы өзімнің авторлық жобаларым, сценариін жазған, редактор, жүргізуші болған бағдарламалар. Бір жерді «тесіп шығудың» амалы емес, ойдағы бар дүниені елдің қажеттілігіне жарату. Мысалы, Ұлттық арнада Бейсен Құранбек жүргізетін ток-шоуының атауын таппай жүргенде, «Айтуға оңай» деп мен қойғанмын. Ең бастысы – халықтың игілігіне жарады…

– Айтпақшы, сіздің бойыңызда әртістік қабілет те бар екен: бір деректі фильмде Бауыржан Момышұлының рөлін сомдаған екенсіз…

– Әртістік қабілет кез келген сөз ұстаған адамның бойында болады. Кезінде Мұхтар Әуезов өзінің «Еңлік-Кебегінде» ойнаған. Біздің қаламгерлердің көбі актер болып көрген. Ол кәсіби маман ретінде емес, бір образды шығарып, қабілетін көрсету үшін немесе қажеттіліктен туған әртістік. Ал батыр Бауыржанның деректі фильміндегі рөліне мені актерлік қабілетім үшін алған жоқ: Бауыржан атамызға ұқсағандықтан алды. «Қоңыр» тобындағы Мархабат деген бауырым Бауыржан атамыздың ауылынан. Жамбыл облысының мұражайында Баукең атамыздың 1943 жылы ауылына демалысқа келген кездегі суреті бар екен: «Бақыт, екеулерің бір-біріңнен айнымайды екенсіңдер, Бауыржан ба, Бақыт па, ажырата алмайсың», – дегені бар. Соның бәрін көңіліме сақтап жүретінмін. Телеарнаның жігіттері: «Бақыт, сен Баукең атамызға ұқсайсың, міндетті түрде киноға түсуің керек», – деді. Түсірілімде күнделікті жігіттердің өзі форма кигенде, адам танымай қалды. Кейінірек Еркебұлан Дайыров Бауыржан туралы көп сериалды кинода басты рөлді сомдады. «Сен көбірек келесің» дейтін жігіттер болды. Бірақ мен бас тарттым. Себебі мен – кәсіби актер емеспін. Әр саланың өз маманы болады. Еркебұланның да түр-әлпеті Баукеңнің жас кезіне келіп тұр.

– Ал асабалық қырыңыз серілік тірліктің түрі ме, әлде күнкөрістің қамы ма?

– Мына заманда тегін сөйлейтін адам қалмады. Асабалықты жүргізгеніме 25 жыл болыпты. Алғашқы асабалықты 9  сыныпты бітірген кезде бастадым. Мұрат Шынбатыров деген сыныптасым екеуміз домбырамен ән айтып, дуэт болғанбыз. Ол да айтысқа қатысқан, менің де суырып салмалығым бар. Тойдың асабасы келмей, 300 адам шақырылып қойған соң, беташар айтқанымыз бар. Өзіміздің ауыл – қысылғанымыздан қолымызға микрофон алып, арнайы жоба-жоспар жоқ, таза импровизациямен алып шықтық: бүкіл халық риза болған. Сөйтіп жүріп, халықтың сұранысымен сол жолға түстік. 90-жылдары қиын-қыстау заманда ол кәсіп бізге көп көмек болды. Қалтамызда көк тиын жоқ, бірақ бақытты өмір сүрдік. Соның бәрі өнердің арқасы. Ол кезде «менің ставкам бәленше», «менің деңгейім мынадай» дейтін әңгіме жоқ. Кез келген ақынға атам қазақ есек емес, ат мінгізеді ғой: берсең – көңіліңмен бер, бермесең – ренжімеймін, құр қол қайтарсаң да,еркің дейтінмін. Содан амал жоқ: қой берсе де, тай берсе де, барыңды алып қайтасың. Асабалықты ақша табу кәсібіңе айналдырған жоқпын және өз шығармашылығымдағы бір сөзді асабалық жолда еш араластырған емеспін. Әйтпесе шығармашылығын – тойда, тойдағысын – кітабына қосып жіберетін ағайындар бар.

– Айтпақшы, сіз басқарған той ерекше ұлттық нақышта, салт-дәстүрді сақтап, жөн-жоралғысына сай өтетінін естідік…

– Мен өте ұлтшылмын. Халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын барынша сіңіргім келеді.Тойға біраз жаңалықтар да енгіздім. Той – ұлттың бір идеологиясы. Ести алмайтын қысыр сөз, әпербақан әзілдерге қарным қараяды. Әдет болып қалған ба, білмеймін, тойда қонақ болып отыра алмаймын. Бір асаба той басқарып тұрып, 1–2 сөзден шатасса немесе артық кетсе, тоқтатып, қолыма микрофонды алып, өзім ары қарай жалғастырып кетемін. Себебі халықты арзан дүниемен, әжуамен қорлауға болмайды. Ал халықтың мойнын бұрып, өзіңе қарата алмасаң, қақсағаннан қаймақ сөз шықпайды. Осыны түсіндіріп айтайын десең, біреудің нәпақасын қағып, көре алмайтын біреу болып қаласың. Асаба деген – ел басқарудың бір түрі.

– «Бүгінгі күннің ақындары шоуға көбірек көңіл бөліп, ақындықты шоу-думанға айырбастап кетті» деген пікірге не айтасыз?

– «Ақындықты шоу-думанға емес, ақын болуды кәсіп етіп алды» деген дұрыс болар. Ақындықты шоуға айналдырған дұрыс, егер нағыз ақын болса. Өткенде менен біреу сұрайды: «Бақыт аға, ақын болу үшін не істеу керек?» – деп. «Түк те істеме», – дедім. «Ақын болу – спортқа барып немесе кітап оқып, ұйқас жаттау емес» дедім. Ақындық деген – тағдыр, ақындық сенің мінезің, ақындық – болмысың, ақындық – көңіл-күйің. Қаптаған қалам ұстағандардың бәрі қазақтың қабырғалы ақыны болады деп айта алмаймын. Енді мұны Бақыт емес, уақыт айтатын нәрсе.

– Ал енді айтыңызшы, бүгінгі дағдарыс жағдайындағы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сізді қаншалықты ойландырады?

– Біріншіден, мен саясаткер де, саясаттанушы да емеспін. Көп жағдайда ақындарды саясатқа араластырып, өлтірген халықпыз. Абай мен Шоқанды болыс қыламыз дегендер болды. Кешегі алаш азаматтарының ішінде Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан, Міржақыптың не жазығы бар еді? Осындай қаламгерлердің шығармашылығы сол кездегі саясатқа ықпал ете білді. Бірақ саяси бағытта емес, рухани ішкі-дүниеге әсер етті. Ал қазіргі халықтың әл-ауқаты, дағдарыс кезіндегі жағдайы, рухани жетімдігі жоғалып бара жатқаны біз күресетін шаруа екенін білемін. Сыртқы материалдық, әлеуметтік жағдайына араласатын билік бар. Біздің жұмысымыз – рухани жағынан қамтамасыз ету. Әңгіменің бәрі дұрыс сөйлеуден шығады. Қынжылып, ішім күйетіні – ауылда айтылатын қысыр сөз «квн»-ге шықты. Сол «квн»-ді ел болып, жұрт болып, мемлекет болып қолдап жатыр. Оған қоса Ұлттық арна аптасына 2–3 сағат көрсетеді. Құдай-ау, осынша неге құлдырадық?! Және олар өздерін «сатиралық театр» деп атайды. Олар сатиралық емес, қысыр сөз театры. Өздерін халықтың бетке ұстарларына айналдық деп есептейді. Бүгінгі жастар рухани әңгімеден гөрі, жеңіл әзілге жақын. Ұлттық арна – біздің айнамыз. Ұлттық арна мен «Хабардан» басқа бізде қандай арна бар? Біз тек қалалықтарды ғана ойлаймыз, қалалықтар бұл арналарды қарамайды. Өйткені қалада жүз кабельдік арнаны ауыстырғанша, бір күнің өтіп кетеді. Ал осы екі арнаны көретін бүкіл ел – ауылдағылар ғой. «Ауылдың балаларын не үлгіге тәрбиелеп жатырмыз?» дегенге ешкім ойланбайды.

– «Саяси тұрақтылықты сақтау» деген түсініктің керімен басқа ұлыстарға есесі кетіп жүрген «қазақ мәселесі» төңірегінде не айта аласыз?

– Шыдамдылыққа жететін дүние жоқ. Бір айтыста бір ақын: үкімет шыдамдылықты ұнатады деп айтқан. Ел иесіз, жер киесіз болмайды ғой. Бәрібір татулыққа өзіміз себепкер болуымыз керек. Жарайды, жеңілейік, өзгенің алдында есебіміз кетті дейік, ең бастысы сол кілтипанның жолдарын табатын дүние – өнер мен руханият. Қазір ұлт пен ұлттың, қазақ пен қазақтың, халық пен халықтың арасындағы кикілжіңнің бәрі білімсіздіктен орын алуда. Сауда мен ақшадан басқа түк білмейтін, дүниенің қажеттілігі ақша деп санайтындар ғана қырылысып жатыр. Ақша мен дүниенің артында жүрген адам өнегелі тірлік көрсете алмайды. Абай «дүние – боқ» деген ғой. Сондықтан бақты кейде боқтан іздейтіндер бар. Бақ деген – сөз ғой. Өзгелер байлығын сандығына, үйіне жинаса, қазақ байлығын тіліне, сөзіне жинаған. Қазақтың сөз құдіреті – өз құдіреті.

– Бақыт аға, қазақ жүрген жерде жікшілдік ере жүретінін білесіз: мәселен, Жазушылар Одағын албандар басып алды деген сөзге не дейсіз?

– Бұл архаизм болып кеткен сөз. Күншілдік деген жаман қасиет. Ол адамның бойында болады. Оның ең асқынған түрі, әсіресе өнер адамдарында, өте таланттылар мен дарындыларда болады. Күншілдіксіз тіршілік қозғалмайды. Жер бетінде алғаш күншілдіктің өзі Қабыл мен Әбілден басталған. Бұл өресі жетпейтін, төмендегі адамдардың әңгімесі. Осындайларға анда-санда жоғарыдан қарап, үндемей қоюға болады.

– Айтпақшы, өткен жылы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы: «Қазақстан Жазушылар одағын Алматыдан Астанамызға көшіру – жаңа сергек ойлайтын әдеби элитаның қалыптасуын және оның елордаға шоғырлануын қамтамасыз етер еді», – деген пікір айтып еді. Осы бастама қаншалықты көңіліңізге қонады?

– Жазушылар одағын көшіру үлкен шаруа емес, оның керегі де жоқ. Себебі осы жерде туы тігіліп, бүкіл қаламгерлердің алтын қазығына, рухани қара шаңырағына айналып кеткен дүние ғой. Бұл жерде қаншама әруақ жатыр. Алматыдан Астанаға көшіру ақылға қона ма, қонбай ма – білмеймін…

– Бәлкім, «әдеби элитаны қалыптастыру үшін Астанаға көшу керек» деген ұранның астарында билікке жақындаудың, шекпендіге жағымпазданудың ишарасы жатыр деп ойламайсыз ба?

– Ешкім одақ елордаға көшіп келді деп, ақын-жазушыны маңдайынан сипамас. Мына тұрған үлкен қасиетті, киелі шаңырақ та сонау алаш азаматтарынан бері қарай бүкіл әруақтардың табаны мен ізі жатыр. Алматыны аласартып, жаутаңдатудың, жетімсіретудің қажеті жоқ. Бір ғасырлық тарихы бар үлкен шаһар. Тәуелсіздіктің туын желбіреткен, Желтоқсанда қан төккен, ұлыларды ұлықтаған да – осы шаһар. Алматының орны бөлек. Сол сияқты жаңа астананың рухы, руханияты, қаламгерлері мен тарихы өзімен бірге біте қайнасса, сол мәңгілік болады. Және біздің екінші тынысымыз сияқты рухымызды асқақтатпаса, я күшімізді ұлғайтпаса, азайтпайды.

– Сіздің соңғы кітабыңыз қашан шықты? Биыл оқырманыңызды немен қызықтырар едіңіз?

– 2011–2012 жылдар аралығында екі кітап шығардым. Өлең мәселесін екі кітаппен түйіндеп қойдым. Қазір драматургиямен айналысып жатырмын. Шығармашылық деген ұзақ процес: бір поэмам 9 ай жазылған. Бір өлеңнің өзі екі ай жазылуы мүмкін. Себебі миымда пісіп жүреді: бір шумағын қалдырып, кейін сол көңіл-күйге түспей, ары қарай жалғастыра алмаймын. Кейде жұрттар бір сәтте жазылған өлең дейді. Қазір екі драма бастадым. Оны тәмамдауға үлкен күш керек боп тұр. Күш болу үшін көңіл-күй дұрыс болу керек. Көктемде Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында бір дүнием шығып қалуы мүмкін. Танымал әртіс Бекжан Тұрыстың 50 жасқа толуына орай жазылған дүние. Жаңаша бағыттағы, бір жарым сағаттық қойылым. Қандай дүние екеніне көрермен өз бағасын берер…

Сұхбаттасқан –

Жансая ЕРТАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн