«АНТИМАЙДАН» – арандатушылық әрекет!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №08 (279) от 26 февраля 2015 г.

 

Айқармада айтарым – қоғам қыжылы

 

Тәуелсіздік пен тәуелділіктің ара жігін ажырата білуге уақыты болмай, ертеңді-кеш Кремльге қарағыштап, баспасөзде паш етілгеніндей, иә, рас болса, көне дүние-мүлік жинап, дәретханасына дейін алтынмен аптатқан Виктор Януковичтің билігі кезінде Украинада дау-дамай басталды ғой. Билікте жік шықты. Мәскеушілдер мен киевшілдер есептесуге кірісті. «Есептескен ел болмайды» – ешқайсысының ішіне жақпады.

 

Уәйда, «майдан» басталды. Заманақырдан өзгенің бәрі болып, апталаған аласапыранның ақырында Петр Порошенко екі дізгін, бір шылбырды қолға алып, тарихи Крещатикті саяси қоқымнан тазартты. Сөйтіп, «уһ!» дей бергенінде, аспаннан аждаһа түсіп, Қырымды бассалды. «Әй! Бұл сенікі емес, менікі!» – деді ол.

Қырым ежелден Қырым хандығының елі мен жері еді. Патшалық Ресей «тоқаш пен тоқпақ» күшімен бодандыққа душар еткен. Ол «дәстүр» Кеңестік кезеңде сақталған. Билік басына алаяқ Никита Хрущев келгенше. Сол неме күндердің күнінде оны – Қырым түбегін Украина Кеңестік Социалистік Республикасына сыйлай салды. Балаға кәмпит бергендей. Сол сәтте маған мынадай бір ой келіп еді: «1938–39 жылдары Украинаны билеп-төстеп тұрғанында сондағы «Үштік соттың» егесі болған Хрущев 110 мың адамды «халық жауы» деп жазалауға қол қойған екен. Енді, «ары оянған» соң, сол қылмысы үшін бүгінгі украиндықтардан кешірім сұрауының қисыны етіп, Қырымды құшақтатып жіберді ме?».

Жұдырығымен ауаны түйгіштей алқын-жұлқын сөйлейтін сол сухит ағасының ол «жомарттығын» қате деп білген ресейлік президент В. Путин Қырымды үн-түнсіз басып алғанына апта тола бере «Қырым халқының референдумын» өткіздіріп, курортты түбектің «баяғыдан Ресейдікі» екенін «заңдастырды».

Содан кейін Путин бұл құрлықта қолын қағар ешкім жоғына көзі жеткен соң, Украинаны қара мылтықтың қарауылына ілді. Өйткені ол елде ондаған жылдар бойы тұрып келе жатқан орыстарға украиндар «күн көрсетпейді» екен, «соларды езгіден құтқару керек!». Қырымға ұқсатып, үндемей ұмарлап-жұмарлап алуға, біріншіден, дәрмен жоқ. Екіншіден, Ресей сияқты тәуелсіз ел – Украинаға бір өзінің бұйрығымен соғыс ашуын ішкі-сыртқы ешбір заң құптамайды, – гитлерлік тәсіл құрыған. Олай болса, бір жол табуы керек. «О, Мемлекеттік дума бар емес пе?!». Ол, Путин, Украинадағы орыстарды қорғау мәселесін Думаның алдына топ еткізді. Әрине, үкімет басшысы                   Д. Медведевпен келісіп алғаны сөзсіз. Екеуі ел билігін асықша қақпақылдап, біріне-бірі беріп келеді, яғни екеуінің көрпе-жастығы – біреу. Путин басасаулығы бар Украинаны ноқталау керек десе, Медведев жүген кигізу де керек деген шығар. Солайша алдына топ еткен ұсынысты – Украинаға әскер кіргізуді Ресей Федерациясының Думасы қыңқ етпестен қолдап, «демократиялық» шешім жасап берді. Президент талап еткенде табандап қарсы тұрып байқа, табақтан төгілген тарыдай боласың!

Дымы шықпайтын Дума Украинаға қарсы қарар қабылдаған сәтте сонау Путиннің сықпыты көз алдыма, суық сөзі құлағыма қайта келді.

Сіздердің де, құрметті оқырман, естеріңізде шығар, Путин алғаш президент болғаннан кейін қожалық түрмен: «Егер жер шарының қай нүктесіндегі болсын, орыс жәбір көретін болса біз оны қорғаймыз!» – деді емес пе?!.

«Өйдөйт! – дедім сонда, еріксіз таңданып. – Егер Америка Құрама Штаттарында ма, Қытай Халық Республикасында ма, Гренландияда ма, Жаңа Зеландияда ма… бір орыс: «Помоги-и-ите-е-е!» деп қышқырса болды, Путин әскер аттандыруға құқылы екен-ау?! Қышқырғанның қай елдің азаматы екенінде шаруа жоқ, тек орыс болсын, ә?!. Ал ондай құқты ол кімнен, қашан алды? Өзі пәленбай жыл портфелін тасыған Собчактан ба, өзіне бата берген Ельциннен бе?».

Міне, сол кеудемсоқтығы Украинаға қанжаңбыр болып жауды да, мыңдаған орыс пен украинды оққа байлады. Ағайынды екі халық атажаудай қырқысып жатыр.

Басқыншылық жасағанын дүние жүзінің АҚШ, Англия, Франция, Алмания бастаған ондаған елі айыптап отырса да, Путин ойланар емес. Ойлана қоймасының бірден-бір көрінісі кеше ғана Мәскеуде «Антимайдан» деп аталған қалың шерудің өтуіне жол бергені. Ондай арандатушылық шараның дайындалып жатқанын естігені, білгені сөзсіздей, оған тыйым салуға құлқы болмағаны да сөзсіз. Украина Майданын көзді жұмып, құлақты бітеп алып кіналағандар Путиннің айналасына топтануды ұрандап айтып, қызына түсті. Аталас екі халықты қантөгіске душар еткен кім, қандай күш екенін сұраған, оларға шара қолдануды талап еткен жан болмады.

Путиннің бұлайша «өзімбілемдігі» Ресейдің мәртебесін өсіріп отырған жоқ. Өсіру ойы болса, былай демес еді (түпнұсқасынан алынған үзінді):  «…На заседании Госдумы в 2012 году утверждали премьером тень Путина – Медведева. Представляя его, президент наговорил, как всегда, кучу несуразностей. Но одно из его заявлений телеофицианты с радостью терзали по всем каналам. А сказал Путин следующее: «В СССР ничего конкурентоспособного, кроме, разве галош, не производили» (Михаил Полторанин, «Злой дух России. Власть в тротиловом эквиваленте-2». Москва. АЛГОРИТМ. 2013 г.).

Дүние жүзін гитлерлік фашизмнің езгісінен сақтап қалған, ғарышқа алғаш адам ұшырған қуатты Кеңес Одағын ол ыдыратылғаннан кейін, 22 жылдан соң, орыстар айтатындай, «галошқа отырғызған» Путиннің кім болғаны?

Жалпы ТМД елдерін өзінің ауласына кіргізіп алып, тырп еткізбей ұстау үшін нешетүрлі одақты ойлап тауып, ау жайып, қақпан құрып жүрген Путин Кеңес Одағын тарихтан екшеп тастауды көксеуін бізге, Қазақстанға, 2010 жылы келгенінде: «Қазақстанда мемлекет болған емес. Нұрсұлтан Назарбаев мырза нөлден бастап, мемлекет құрды» деп бір байқатса, Ресей жастарының «Селигер – 2014» жиынында «шығыстанушы сәуегейлікпен» кірпік қақпастан тағы айтты.

Біз қазақ хандығының 550 жылдығын тойламақпыз. Путиннің бас мейман болары анық. Сонда ол Қазақстан туралы не дер екен? Әлде бізге «Антимайданы» жайында ағыл-тегіл дәріс оқып, келесі жиындарына қатысуға делегация жіберуімізді талап ете ме? Ол да мүмкін.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн