МЕНДЕ ЗӘРЕ ЖОҚ…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №10 (281) от 12 марта 2015 г.

 

Уақыт уыты

 

  • Сәуірдің 26-сы күні Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы өткізіледі. Ол сонау бір жылдары «Қазақстан халықтарының ассамблеясы» делінген, кейіннен ғана «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деп өзгертіліп аталған мемлекеттік ұйым Кеңесінің ұсынысымен, президент Н. Назарбаевтың құптауымен жүзеге аспақ.

 

Енді сәл кідіріп, өзімнің Ассамблеяны «мемлекеттік ұйым» дегенім дұрыс па, жоқ па – соны біліп алайық. «Ассамблея (фр. asemblee) – 1) бал, собрание в эпоху Петра I; 2) название некоторых руководящих органов в международных организациях; Генеральная Ассамблея Организации Объединенных Нации (ООН) – один из главных органов ООН, состоящий из представителей всех государств – членов ООН; 3) в некоторых буржуазных странах – составная часть наименования парламента или одной из его палат».

Сонда біздің Ассамблея бұл үшеуінің қайсысы? Азиялықтарды (әрине, қазақтарды да) қара жұмысқа жегіп, мылқау етіп ұстау керек деп көкіп өткен І Петрдың ойын-сауық кешінің, жиналысының сақталып қалған сарқыны ма? Әлде халықаралық басшы органдардың бірі ме? Немесе бүгінгі Қазақстан буржуазиялық ел ме?

Сонымен, құрметті оқырман, сіз бен біз оның не екенін түсінбейміз, себебі: Біріккен Ұлттар Ұйымынан басқа жерде, басқа елде «ассамблея» барын естіген жоқпыз. Біздің ойлап тапқыштар ойлап тапқан шығар, парламентіміздің мәжілісі де, сенаты да шеше алмайтын мәселелерді шешіп отырсын деп. Әнеки, ол Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу мәселесін шеше салды да, парламенттің қос палатасы «шегінер жер жоқ, артымызда…» дегендей, қостап қол көтеруге тиіс болды.

Жә, оны қойшы, сайлауға президенттікке кімдер кандидат болып қатысады деп ойлайсыздар? «Егемен Қазақстан» газетінің екшеуінше, әзірше бір ғана лайықты кандидат – қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев мырза. Әрине! Талай сайлауда тасы өрге домалаған Нұрекеңнің бұл сайлауға да қыңқ етпес кандидат болып қатысуы қажет!.. Алайда кейбір замандас сайлаушыларымыз «шын жүйрік өрге шапса – өршеленерді» ұмытып, «Нұрекең кандидатурасын ұсынбай қоя ма?» деп қауіптенеді екен. Мысалды «алыстан арбаламай-ақ», «Егемен Қазақстан» газетінің 28 ақпан күнгі санынан ала салайын:

…Нұрсұлтан бауырым! Сайлауға түс. Елді басқару жауапкершілігін тағы да өз иығыңа жүкте. Өзің құрған мемлекетіңді мына қиын өткелден өзің өткіз. Көздеген межелеріңе өзің жеткіз. Бір сөзіңде Әбубәкір Кердері бабамыздың: «Жігітке ерлік те оңай, елдік те оңай, әгәрәки қабырғалы болса халқы» деп айтқанын келтіріп едің ғой. Қабырғалы халқың саған тағы да азаматтың ауыр жүгін артқысы келеді. Халқыңа сен. Халқың саған сенеді. Алға тарт, Азаматым!

Әкім ТАРАЗИ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 

…Енді жоғары мәртебелі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының президенттік сайлауға түсуіне келісім беруін ел атынан сұраймын.

Әнес САРАЙ, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

…Еліміз азаттығын алған күннен бастап, іргесін қалап, керегесін мықтап, шаңырағын биікке көтерген, қазақ халқы мен қазақстандықтардың мәртебесін асқақтатқан ел тұтқасы – тұлға тағы да халық тілегін қабыл алып, жұрт жүктеген сенім биігінен көрінеді деген ойдамын.

Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 

…Осы күндерде ел халқы президенттікке кандидат ретінде ең алдымен Елбасының есімін атайтыны – шығар күндей шындық. Егер Елбасы, өзінің кандидатурасын ұсынушы көпшіліктің тілегін қабыл алса, бәріміз де ұтар едік.

Сұлтан ОРАЗАЛИН, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

…Осы жерде атап көрсететін бір жайт бар. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 26-сәуірге белгіленген президенттік сайлауға өзінің кандидатурасын ұсыну мәселесі. Бұл – барша қазақстандықтардың көкейіндегі мәселе.

Бекболат МҰҚЫШЕВ, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасының орынбасары.

 

…Қазіргі кезде қазақстандықтардың ойын бір ғана мәселе мазаласа керек. Ол – Елбасының өз кандидатурасын президенттікке ұсынуы. Президент халық қалауына түсіністікпен қарайды деп үміттенеміз.

Бақытжан ЕРТАЕВ, Парламент мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы.

 

Үлкен газеттің аты – «үлкен газет», ол осыншама пікірді тоғыстырып беруге, жалпы осы кезектен тыс сайлаудың Қазақстан мен қазақ халқының тағдырындағы аса жауапты шара екенін, елбасымызды қалайда қайтадан президент етіп сайлап алуымызға қол жеткізбей болмайтынын жұртқа түсіндіруге үлкен күш жұмсап отыр. Газеттің әрбір санының алғашқы 4–5 беті жоғарыдағыдай ойға толы. Ал газеттің басшысы Сауытбек Абдрахманов мырзаның «Ел тілегін ескеріңіз, Елбасы!» деген шағын мақаласын қарасөзбен жазылған дастан деуге болады.

Айтпақшы, сол сияқты пікір иелерінің бірі – Абылай Мырзахметов мырза биліктің маңайындағы екі-үш Мырзахметовтің қайсысы екен деп, интернетке сұрау салып едім, өмірбаянының орысшасында былай деп тұр:

 

 С 1998 по ноябрь 2001 года — президент РГП «Қазақстан темір жолы». В ноябре 2001 года Указом Президента РК назначен министром транспорта и коммуникаций. С 14 марта 2002 года временно отстранен от должности в связи с началом расследования финансовых нарушений в период нахождения на должности директора «Қазақстан темір жолы». В апреле 2002 г. окончательно снят с должности министра указом Президента. Генеральной прокуратурой РК Аблаю Мырзахметову предъявлено обвинение в руководстве преступным сообществом и совершении хищений на сумму более 3,3 млрд тенге. По приговору Верховного суда Республики Казахстан был приговорён к 5 годам лишения свободы условно…

Есіме түсті: 3,3 миллиард теңгеге жуық қазынаның қаржысын қымқырды деп, сотталған Мырзахметов екен. Бірақ миллиардтарды қылғытқан Абылай аман қалады да, Павлодар облысының экс-әкімі Ғалымжан Жақиянов облыс бюджетінің бір тармағындағы соманы екінші тармағына ауыстырып, «мемлекетке 2 миллион теңге зиян келтіргені үшін» 7 жылға түрмеге жабылады. Сол «қылғытқыш» Мырзахметов енді Назарбаевқа жата-жалына тағы да президенттіке түс деп жалбарынады. Әрине, анадай қылмыстан шыбын шаққандай құрлы құтқарған адамына жалынбағанда – қайтсін?!

Газеттің бұдан бұрынғы сандарының бірінен мынаны оқығанымды да айта кетейін:

«…Шынтуайтына келгенде, Н.Назарбаев – білгір, дана, көреген, алдын болжай алатын, ешкімді бөліп-жармайтын, баршаның баласын бауырына басқан қазақ болса, сол қазақтық рухтағы бүгінгі таңдағы Көшбасшымыз». (Асылы ОСМАНОВА, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері). Нұрекеңді қайтадан сайлап алмай болмайды деп алаңдаған ойының түйіні. Мұндай тұжырымның «бірегейі» мынау:

 

«Жақында мен Елбасының аузынан бір жақсы сөздерді естідім, – оның дуалы аузынан кіл өңкей жақсы сөздер шығатынын өздеріңіз білесіздер, дегенмен, дәл сол сөздер маған әсіресе қатты ұнады. «Қазақстан – дүниенің бір бөлігі, сондықтан дүниеде болып жатқанның бәрі бізден көрінеді», – деді ол. Біздің жергілікті ұлтшыл-патриоттар, отаншылдықтың сойылын соғушылар осы сөздерді жақсылап ұқса ғой, таза-тақыр тәуелсіз Қазақстанның немесе 17 миллион адамның ішінде 10 миллион мүлдем тәуелсіз қазақ этносы дейтін даралықтың болмайтынын түсінсе ғой. Ол мүмкін емес және қажеті де жоқ, біз үшін ол әрі зиянды, әрі қауіпті.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,ақын.

(«Қазақ әдебиеті» газеті, 27. 02. 2015 ж.).

 

Ойын қазақ тілінде еркін айта алмайтын, қазақ тілінде мүлде жаза алмайтын ақын «таза-тақыр тәуелсіздік» (бұл – аудармасы, орысшасында қалай екенін білмеймін) – Қазақстанға қатер екенін осыдан бір ай шамасы бұрын өсиеттеп өркештеніп еді, міне, тағы түсіндіріп, әдетінше өзі бәрін біліп, ештеңе білмейтін өзгелерді «ұқса ғой… түсінсе ғой» деп іліп-шалып, қазақ зиялыларына тағы да ақыл айтыпты…

Сонымен, Нұрекең өзінің кандидатурасын ұсынбай қоя ма деп уайымдап жүрген белсенділердің сөздерін тізгенді доғара тұрып, өзімде неліктен зәре жоғын айтайын: мен Нұрекеңнің президенттікке бұл жолы да өзін ұсынуға келісетініне, жеңіп шығатынына шүбәланбаймын, тек сайлаушылар дауысының мен долбарлап отырған 99, 8 пайызының орнына 99, 7 пайызын алып қалар ма екен деп уайымдап жүрмін. Зәрем ұшып жүргені – содан.

Серікбай МАРАТ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн