«Общественная позиция»
(проект «DAT» №11 (282) от 19 марта 2015 г.
Тураби тұғыры
Болат Жетекбай:
Белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик Серік Қирабаевтың мерзімінен бұрын өткізілетін президент сайлауын қолдаған, ел мен қазіргі елбасыны тұтастыра қараған пікірін естіп, ойланып қалдым…
Әңгімеміз Секеңе тікелей қатысты емес.
Кейбір адамдардың жасы ұлғайған сайын, күнәсі көбейе береді екен. Өйткені ол дағдыланған жаман әдеттерінен арыла алмайды. Бұл жөнінде Құранда да аят бар.
Өзім көріп жүрген коммунист-қарттардың әлі де даңқ-дақпырт, мақтан қуатынын, дәреже іздейтінін байқап, бұл да осы дүниеден басқаны ойламайтын қу пендешілік-ау деп қоямын. Жасы келгеніне қарамастан, әдетте ширақ, белсенді келетін, кітап жазатын, жиын-тойдан қалмайтын мұндай шалдарды жатқызбай, алға ұмсындыратын қандай күш? Қартайса да билікке, байлыққа, тіпті қыз-қырқынға да құмар адамдарды не жетелейді? Рух па? Шайтан шығар?!
Биліктегі, одан кеткісі келмейтін қарт адамның жайы белгілі. Алды – күмән, сондықтан артына алаңдайды. Ол үшін ешкім жауап бермесін біледі.
Меруерт Махмұтова:
Бізде Ұлттық қордың активтері доллармен саналып, АҚШ-тың құнды қағаздарында сақтап отырмыз. Жалпы экономикамыздың 70 пайыздан артығы шикізатқа тәуелді. Ал шикізат өнімдері халықаралық нарықта доллармен сатылып отыр. Біздің биліктегілердің дедолларизация жасау туралы ойы Ресейдің дедолларизация деген ойын қайталау. Ресей қазір дамыған елдермен қарым-қатынасын бұзып, санкциялардың астында қалды. Дедолларизация жасау арқылы АҚШ-тың долларына деген тәуелділіктен құтыламыз деп ойлайды. Алайда АҚШ экономикасы – әлемдегі ең ірі экономика болғандықтан, ол оңай шаруа емес. АҚШ-қа Ресей дедолларизация жасай ма, жасамай ма – одан келіп-кетіп жатқан еш зиян жоқ.
Мұхтар Тайжан:
Егер де ол (Олжас Сүлейменов – Ред.) 20 жылдан бері Римдер мен Париждерде тұрып жүрген болса, қазіргі ауыл қазақтары жайлы айтуға қалайша дәті барғанына таң қаламын?! Сонымен қоймай, тек «өзімен одақтасуға бізді душар еткен» Ресейден басқа қанішер көршілердің бәрінен қорқатын сыңайлы. Ол қазақтардың бөле-жарылуға және трайбализмге жақын екендігіне, әрі бір-біріне жау секілді көрінетініне, сөйтіп бізді өз-өзімізден тек орыстар және басқалар сияқты «төртінші жүз» немесе тек еуропалану ғана құтқара алатындығына сендіргісі келеді. Неткен былжырақ!..
Талай жылдан бері Еуропада өмір сүріп, оның үстіне, мысалы, біздің елдің Италиядағы өкілі бола тұрып, солтүстік итальяндықтар мен оңтүстік итальяндықтар бірін-бірі түсінбейтінін оның білмеуі мүмкін емес. Оңтүстік итальяндықтар неше жерден жұмыссыз жүрсе де, жұмыс орны көп Солтүстік Италияға барғылары келмейді, өйткені олардың тілі мен ділі мүлде басқа. Осы секілді чехтар мен моравтықтар да, ағылшындар мен шотландиялықтар да, оңтүстік және солтүстік қытайлықтар да (кантон және мандарин қытай тілінде) әртүрлі тілде сөйлейді. Бұл жерде Индия туралы айтудың өзі артық деп ойлаймын.
Біздің халықта тіпті ешқандай бөле-жару деген жоқ қой! Барлық қазақ бір-біріне жақын туыс, құда-жекжат, жиен-нағашы, қайын жұрт немесе тағы басқа! Ал ол болса, өзі үйіне анда-санда ғана қонаққа келетіні ойында жоқ, сөйте тұра, бөле-жарылу секілді былжырақ бірдеңені біздің санамызға сіңдірмекші!
Интервью (О.Сүлейменовтің – Ред.) негізінен қазіргі дүниежүзілік саясат пен экономиканы ұғынудан емес, керісінше, ойдан шығарылған шексіз, бітпейтін бір олқылықтардан, қорқыныш пен үрейден, түсінбеушіліктен және өз халқынан алшақтықтан тұрады. Келтірілген барлық қисынды да, қисынсыз дәлелдердің көздегені тек біреу ғана – ол Еуразиялық одақты ақтау, оған кір жұқтырмау.
Себебі де біреу ғана – тек Еуразиялық одақта ғана, баяғы СССР-дегі сияқты, орыстілді қазақтар – оның мақсатты аудиториясы ретінде сақталып қалады. Егер ЕАЭС болмаса, бұл аудитория да болмайды. Өйткені орыстардың өздері үшін ол үнемі түкке тұрғысыз, түк түсінбейтін мақау (чурка) болып қала береді, ал қазақтілді қазақтар үшін – алабөтен, түсініксіз қонақ болады.
Мадали Найманбаев:
Өкінішке қарай, Олжас (Сүлейменов – Ред.) баяғы «АЗиЯ» арқылы халықтың есінде қалған Олжас емес. Оқыған, көзі ашық жұрт ондайлар туралы классиктердің сөздерін келтіре отырып, былай дейді: «Халықтан қаншалықты алыстап кеткен…». Оған таңқалуға да болмайды, өйткені еліміз тәуелсіздік алғалы, ол барлық ғұмырын шетелде өткізді. Егер де Олжас ядролық полигонды жабу мәселесіндегі Кешірім Бозтаевтың ролі туралы, Балқаштың мысын «Невада-Семей» АҚ-ның эскпорттағаны туралы, қазақстандықтар үшін сонау 90-жылдарғы аласапыран тұсында өзінің Италияға өкілдікке не себептен кеткені туралы (өзі елде болмағаннан кейін, сол кездегі қиыншылықты түсіну оған өте қиын) бар шындықты ағынан жарылып айтып беретін болса, халқы да оны түсінуге тырысады. Осы ширек ғасыр уақыт аралығында ең құрығанда туған тілін дұрыстап үйреніп алмады ма екен?! Өзінің қарсыластарына тым құрығанда ана тілінде жауап беретін еді ғой. Ал халық бәрін де біледі, бәрін түсінеді, әрі кешіре де біледі. Бәрі халықтың есінде. Халық әрқайсысының еңбегіне қарай өзінің тиесілі бағасын да береді…
Сабыржан Махметов:
…Не өздері сөйлемейді, не халықты сөйлетпейді! Енді көзбен арбаған бикештей жанарлары жылтырап, Ресейдің қолтығына кіріп барады. 45 миллион халқы бар Украинаны оңдырмаған Ресей ат төбеліндей қазақтың маңдайынан сипайды деп ойлай ма?! Алыстан сыйласайық. Әлемдік үрдіспен геосаяси қарым-қатынас орнатуымыз керек. Тақырбастарын айтақтатып, ел шетін арандатса – қазақ жігіттері баршылық. Жүз қорқаудың бір көкжалдан ығатынына шүбәм жоқ. Ешкім шүбәланбасын! Атой салса, қан оянады! Бұл үшін қазақ ауызбірлікті болуы керек. Бірімізді-біріміз тірі күнімізде сыйлайық. Мысалы, мен – бақытты адаммын! Қазақты бөлмеймін. Өйткені осы жерді бар қазақтың ата-бабасы бірлесе қорғаған. Өзім қазақты жамандап көрмеппін, өзгеге де айтқызбаймын! Осы ұстанымымыз бәрімізге ортақ болса, бар қазақ бақытты болады деп ойлаймын! Айтпақшы, анау «қазақта ел жоқ, жер болмаған» деп жүргендермен кездеспей жүрмін. Кездесіп қалса, …обалдары өздеріне!
- (Пікірлер «Фейсбук» желісінен алынды)