«Общественная позиция»
(проект «DAT» №11 (282) от 19 марта 2015 г.
Редакцияға хат
Өзінің баспана мәселесін шеше алмай, жергілікті құзырлы орындарға сөзін жеткізе алмаған атыраулық тұрғын мұң-зарын айтып, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатының көшірмесін біздің газетке де жолдаған екен. Бәлкім, сайлау науқанымен жүрген ел президенті мүгедек мұңлықтың мәселесін сайлау науқанымен қабаттастырып, шешіп берер деген үміт бар.
Мен, үшінші топтағы мүгедек Рауан Тұрғантай, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, осыдан 8 жыл бұрын Атырау қалалық тұрғын үй бөліміне тұрғын үй кезегіне тіркелген болатынмын. 2012 жылы 6 қарашада облыс әкімі Бақтықожа Ізмұқанбетовтің жеке қабылдауына кіріп, денсаулығыма байланысты заңды үйге кезегім келгенше уақытша тұра тұруға баспана сұраған едім. Бұл ұсынысымды облыс әкімі құп алып, «СМП-163» микроауданынан №5 «б» үйден уақытша бір бөлме берді.
Бұл, расында да, жатақхана сияқты уақытша баспана еді: себебі ас бөлмесі небәрі 4 шаршы метр, ал бір бөлмесі тек 9 шаршы метр ғана еді. Қайталап айтайын, бұл тар баспананы маған облыс әкімі уақытша, «заңды үйге кезегің келгенше тұра тұр» деп берген еді.
Алайда 2013 жылы қалалық тұрғын үй секторының бастығы Марта Нәсіпқызы менің келісімімсіз мені заңды тұрғын үй кезегімнен шығарып тастады. Мен оны құжаттарымды жаңартуға барғанда, кездейсоқ естіп, Марта Нәсіпқызынан себебін сұраған едім. Сол кезде ол маған: «Сізді үй кезегінен шығарып жіберіңдер деп, облыстық әкімшіліктегі заңгер тапсырма берді. Бұған менің еш қатысым жоқ. Бәрі сізге қарсы шығып жатыр, не бүлдіріп қойып едіңіз?» – деді.
Шамасы, менің «бүлдіріп» қойғаным – 2013 жылдың басында Атырау қаласындағы «Ағатай» баспасынан менің «Қазақтың Мәдинасы» деген тұңғыш кітабым жарық көруі еді. Мәселе кітаптің кейіпкері – Мәдина Ералиеваның екінші некесіне байланысты болып тұрғанын да тез түсіне қойдым. Сөйтіп, сол 2013 жылдан бастап мені тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарып тастаған екен.
Ескерте кетейін, мен бұл кітабымда ҚР еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның творчестволық жолы туралы ғана жазған едім, әрі ол 2014 жылы аталып өтетін әншінің 60 жылдық мерейтойына арналған тартуым еді. Мен бұл кітабымда Мәдинаның жеке өмірі туралы мүлде жазған емеспін. Бірақ Атырау облыстық әкімшілігі өз көлеңкелерінен өздері қорқып, 2013 жылдан бері мені «сенімсіздер» тізіміне кіргізіп қойған сияқты. Маған қарсы психологиялық қысым, тіпті күш көрсету де қолданылды.
Ең қатты жаныма бататыны – менің 8 жылдан бері күтіп жүрген заңды тұрғын үй кезегімнен шығарып жібергені болып отыр. Мені күштеп психбольницаға тіркеп, тіпті зорлықпен жатқызуға да тырысты. Бұл баяғы коммунистік империядан қалған қолайлы әдіс қой. Осы заңсыздықтарды шешу үшін, облыс әкімі Б.Ізмұқанбетовтың жеке қабылдауына кіре алмай жүрмін.
Енді сайлау науқаны басталуына орай, олар мені уақытша қамауда ұстауы да әбден мүмкін. Алайда облыс әкімі Б.Ізмұқанбетовтың жеке қабылдауына кірмейінше, мен арыздана беремін. Бүкіл республика жұртшылығынан көмек сұраймын. Әкімнің қабылдауына кіре алмай жүргеніме 5 айдан аса уақыт өтті. Ал таяуда облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы И.Әубәкіровтен: «Сізді облыс әкіміне кіргізе алмаймыз» деген жауап хат алдым.
«Барлық деңгейлердегі әкімдердің азаматтарды жеке қабылдауы туралы» ережеге орай, өз облысымның әкіміне кіруге менің толық құқым бар. Олай болмаған жағдайда, бұл заңсыздыққа қарсы азаматтық наразылығымды «басқа» жолмен білдіруге мәжбүр болам. Ескерте кетем, мені қинап жүрген басты мәселем – баспана мәселесі.
Рауан ТҰРҒАНТАЙ,
үшінші топтағы мүгедек,
Атырау қаласы